Тайга күнделігінен

(Баллада)

Тағдыр жолын –

жетектеген бір-бірін,

Баллада еттім:

үш өрімді – бір бұрым. 

Ұлылардың ұлты жоқ,

Текті деген – бір ұғым. 

Автор.

 

Бұл еңбегімді репрессия құрбаны – Ну-Кудай  рухы мықты азаматты өмірге әкелген молдаван халқына арнаймын.


1. Ну-Ку1

Бессарабиядан айдаған,

Азабын үміт жалғаған,

Колонияда бар еді,

Шешесі қыпшақ, молдаван.

«Элемент» деп қауіпті,

Әкесін «Үштік» қамаған.

Әйел, бала еріксіз,

Қазақстанға жер ауған.

Бауыр, туыс атылып,

Жалғыз қалған анадан.

Көтерген қара нардай-тын,

Ауыр жүкті шамадан.

Халқына қамқор, «жау» емес,

Жаралғандай жасыннан.

Тағдырлас достар сүйеуін,

Медет тұтты асыл жан.

Сол күні оны құлатты,

Дүлей Тайга, қара орман.

Әл-дәрмен кетіп денеден,

Нұр тайды отты жанардан.

Оралмасын білді енді,

Саяси сүргін-сонардан.

Бұйыртса  жазмыш,

не шара?..

Бедеу үміт, тұл арман.

2. Мырза қайың

Жол шетінде тұратын

жалба қайың,

Атандырған тұтқындар

мырза қайың.

Жонын тіліп,

діңіне түтік қойсаң,

Сөлін сығып беретін

арда қайың.

Ну-Ку оған мұң шағып,

сырласатын,

Қабығына сүйентіп

ер-маңдайын.

Жапырақтар жалбырап

сездіретін –

Қуат беріп,

қайғысын сорғандайын.

Арқа тіреп,

көзімен іздеуші еді,

Атажұрттың қылқанды

қарағайын.

Ана жұртын еске алса,

қиял кезіп,

Елестейтін жазира,

дала-сайын.

Шығыстың ертегісін

көп айтатын,

Анасы хаса сұлу –

Хорлығайым.

Енді міне, үш сағат құлағалы,

Ойлайтын мұршасы жоқ

өмір жайын.

Бойын сомдап, тербеліп

көз алдына,

Елестеді, жарықтық,

жалба қайың.

Есін жиып сұрады үш өтініш:

Тұрған соң, ақ сапарға

көші дайын.

- «Балди2, Саиб3, Ахали4,

тағдырластар,

Жалбырым енді маған

ана қайың.

Бәрімізге нәр беріп,

сая болған,

Түбіне жерлеңдерші 

мырза қайың.

Тірлікте ұмытпаңдар

жомарттығын,

Ана мейірім, құрсақты

сауын қайың.

Бұл өтініш, бірінші

тілге келген,

Асығады, демігіп

минут сайын.

Екіншісі – Балдиім

қойныңдағы,

Иткөйлекті бір иіскеп

дамылдайын.

Үшіншісі – басыма

белгі етіп,

Қойыңдар көк түріктің

ойып айын».

Жылап аспан қоштасты

жалт еткізіп –

Тіршіліктің соңғы ұшқын

найзағайын.

Қылбұраумен қазанат

өтті өмірден,

Тайғаның он жыл илеп

қара лайын.

Алты жігіт арқалап,

батпақ кешіп,

Жалбырына жеткізді

бұйымтайын.

Тапсырды түбіндегі

топыраққа,

Дегдарлы азаматтың

тұрымтайын.

Тұғыр етіп орнатты

бас жағына,

Тәкаппар, қарсы бұтақ

қарағайын.

Ұш жағына қондырды

өзі айтқан –

Ақ қайыңның безінен

ойып айын.

...«Хош, Ну-Ку, қасыңда  –

Ана қайың,

Жоғалмадың, сен енді,

ізім-қайым.

Осы орманда көктеген

барлық ағаш,

Топырақтас сенімен,

бәрі ағайын.

Хош, хош, Ну-Ку,

аяулы мырза қайың».

 

3. Бостандық

Қырандардың қанатын

қырықтырып,

Отыратын тасада шымшық

күліп,

Жылдар өтіп,

саяси тоң жібіді,

Кек қуаты ГУЛАГ-ты5

тұншықтырып.

Бостандыққа ұмтылған

жанкештілер,

Көтеріліс жасады 

күшті жиып.

Қан төгіп, азапталған

сол ерлердің,

Жасымады жігері, 

сағы сынып.

Қан-қасап, неше жылғы

жүйе шіріп.

Азаттықтың таңы атты,

күні туып.

Сол күнге жете алмаған

небір жайсаң,

Моласы, сұрауы жоқ,

кетті атылып.

Ахали, Балди еліне

сапар тартты,

Жазасынан ертерек

босатылып.

Тұлдыры жоқ Серыйы6

қалып қойды,

Сібірдегі Шор7 қызын

жары қылып.

Саиб пен Сережадан

кеш шешілді,

Жазмышына пішілген

азап-тұлып.

Ну-Ку елес береді

Тайгасынан,

Қайың шайқап,

рухын жел оятып.

Соловкиде8 талайдың

мүрделері,

Көмілмей суда ықты,

мұзда қатып.

Кесілген бас сүйектер

домалайды,

Бутугычаг9 дірілдеп,

қарғыс атып.

Колыманы 10 үрейлі

елес кезіп,

Қақалады аруақтар

алтын жұтып.

АЛЖИРдегі11 сәбидің

жан-даусына,

Періштелер жылаған

аза тұтып.

Магаданда12 соғылса

зар-қоңырау,

Рухтар жол кезеді,

сүйек тасып.

Адамдар, Бостандықтың

қадірін біл,

Тарихыңды зерделе,

оқы-танып.

Азаттық деп еңіреп

өткен ерлер,

Ұрпақтардың шырағы тұрған

жанып.

1, 2, 3, 4, 6 – тұтқындардың лақап аттары.

7 – Шор -Кемеров облысында тұратын  түркі тілдес халық.

8, 9, 10, 11, 12 – азап лагерлері орналасқан жер атаулары.

5 – ГУЛАГ – қуғын-сүргін кезеңіндегі қамау орындарының, еңбекпен түзеу лагерьлерінің, жер аударылғандар қоныстарының Бас басқармасы.

Эпилог

1969 жылғы «халық жауы» атамның әңгімесінен кейін са­намның санатында мұзбалаққа айналған ақүрпек сырдың көңіл түкпіріне қонақтағанына да 50 жыл толыпты. Атамның дү­ние­­ден өткеніне 10 жыл, ал, жа­дым­ның желісіне байланған  бей­нелер сойынан 11 жыл кейін кездескен бұл оқиға жан­дү­нием­­дегі орныққан дәнектің бөрт­кенін аңғартты. Оған да 40 жыл. Ол 1979 жыл еді ... Ал, бүгін, мұзбалақтың зердеден ұш­қаны, жетілген дәннің дәмі – та­рихтың тағылымы, ақи­қат­тың ақуызы, жылдардың же­мі­сі, парыздың парқы екенін ұқтым. Сонымен, үш өрімді, бір бұрымнан тұратын «Тайга күн­де­лігінен» атты балладаға арқау болған бұл оқиғаның өрмегі Гу­рьев облысының Қызылқоға ау­данында мемлекеттік нотариус қызметін атқарған кезімде өрілген болатын.

Сағыз станциясында өте ұқыпты, көпбалалы молдаван семьясы тұратын. Балалары Ке­ңес Одағының әр жеріне қо­ныс­танып кетіп қал­ған ерлі-зайып­тыларды  қай­тыс болғанда кәделерін өткізіп, жер қойнына жергілікті қазақтар тапсырды. Біршама уақыт өткен­нен кей­ін арттарында қалған мұра­ларын бөліп алуға барлық бала­ларының атынан Воркутада тұ­­ратын ұлы мен Ақтөбенің Ал­­ғасында тұратын Анна Мокану деген қызы келді. Заттай да, жи­­нақ кассасындағы ақшалай да мол мұрасын рәсімдеп, мұрагер ретінде танып, куәлік бердім. Олардың молдавандар екенін біл­­генде атамның дос болған тағ­­дырласы, шешесі қыпшақ, әкесі молдаван, 1958 жылы бос­­тан­дығына 7-8 ай жетпей қай­тыс болып, өздері ормандағы қайың­ның түбіне жерлеп кеткен, лақап аты – Ну-Ку есіме түсті. Атам репрессия, соғыс жөніндегі әңгі­мелерді сирек айтатын, бірақ алыстан әдейі іздеп келгендерге, сенетіндеріне айтатын, сырласатын. Солардың қатарындағы түйежүн шекпенімен қымтай қой­нына алып: «назаркердім, Сар­ғасқамның көшірмесі (зайыбы, репрессия құрбаны Зейфун ха­нымды руымен «Сарғасқа» дей­тін)» деп маңдайымнан иіс­кеп отыратын ең кішкентай тың­­даушы болғаным жадымнан ешқашан өшпейтін көрініс. Жаз­­балары мен күнделігі құ­пия­­ның құпиясы еді. 68 жыл өмі­­рінің 22 жылын елден жы­рақ өт­кізді. Соңғы 18 жылға сот­­талған мерзімнің 7 жылы  қыс­­қарып, Тайга колониясынан 1959 жыл­дың мамырында ел­ге оралған ол, МҚК бақылауындағы «қау­іп­ті эле­мент» болды. Соның нәти­же­сінде, колониядан өзімен бірге алып келген ағаш чемоданы, ел асып Тайгаға жеткізілген, тұт­­қындар сәбидің иісін иіскеп са­ғы­нышын басқан тұңғыш не­ме­ресі – менің иткөйлегім, оны кеу­де тұсына тігіп қойған қара-сұр көйлегі (екеуі де сақталған) өзі­не қалдырылып, номерленген түрменің жолақ көйлегі, күн­делігі, тағдырластарының көзі бол­ған естеліктері тәркіленді. Ақ­талғанын көрмей, білмей дү­ниеден өтті. Өзімде сақтаулы, атам қалдырған қыранның тұяғы мен арабша «Нұрнамасы» – оның жүрген жерлерін шарлатып қай­татын ғажайып құралым, сезім-қанатым екенін айтсам, артық болмас. Олар маған – сырғайып, нұрғайып, жырғайып дүниелер сыйлады. Уақыт жаңғырығы. Иә, жаңғырық...

Тағдырластарының есімде қалған лақап аттары: Ахали – ұлты түркімен, Мәріден; Саиб – Санаев Ибрагим, қазақ, руы қожа, Қызылордадан; Балди – Акжанов Балапан, қазақ, руы Айнық-Сарбас, Қазалыдан; Ну-Ку – молдаван, ұлтының екі фа­милиясының бір-бір буынынан құралған, бірі Мокану, екіншісі Чалиеску, әлде Илиеску,  Киши­невтен; Серый – ұлты неміс, Ста­линградтан.

Атамның «қайың сауып, чаганы бірге ішкен» тағдырлас дос­тарының түйсігім түйген бей­нелерін ой теңізі толқындай то­ғытып санама тірегенде, сөз деген құдірет  тізбектеліп түсіп жатты... Ол, менің қымбат сәтім, перзенттік парызымның өтеуі... Бәлкім, қоңыр күздің таңғы шы­ғы болар, мезгілі жеткенде ғана мөлдірейтін... Бәлкім, бала сезім суарған дәннің ғұмырымның жомарт күзінде берген жемісі болар... Бәлкім, атамның түрмеден туған еліне жетіп, вокзалда оны күткендер арасындағы үш жасар тұңғыш немересіне алғаш ерні тиген сәтте, кірпігіне кептелген тамшымен бірге тілінен түскен бір ауыз «дано» сөзінің құдіреті болар... Дегенмен де, сол Са­ғыздағы оқиғадан кей­ін Ну-Ку бейнесі көкірек қа­зы­намда 40 жыл жатты. 1989 жылдың мау­сым айында Румынияны, Мол­дованы аралаған 24 күндік са­парымда оның «қайың жанын, қарағай пішінін» жадым­ның жел­кені туған топырағына төр­кіндеткен-ді. Молдаван ұл­ты­ның ер адамдарынан Ну-Ку бол­мысын іздеп тұрғаным да есімде... Бірақ, ол – кеңестік бю­­рократтық жүйенің көбесі сө­­гілмеген, кемелденген социа­лизм дәуірі еді. Көзбен іздеп, көңілге тоқығаннан артық әре­кет мүмкін емес кезең. Атама, оның тағдырластарына деген құр­метім, гид донна Аглая­мен сыр­ласып кетуіме септігін ти­гіз­ді, оның құпиялап айтқан әң­гі­мелерінен кейін Ну-Ку тұл­ғасы одан сайын сомдана түсті. Бірге демалып, сапарлас болған Румыниядағы «TOMIS» аяқ киім фабрикасының тігіншісі Ау­релиядан да сыр тартып, мағ­­лұмат алдым. Винница кү­тіп, Тыргу-Муреште бір айға жу­ық ой-қиялыма серік болған Ну-Ку елесі мені Бакэуден ұза­тып, Жмеринкада қоштасты. Сон­дағы, тылсым тұтқындап тұ­ғырға қондырған бейне де қа­натын 30 жыл қомдапты ...Ол – ға­лым, дегдарлы, кесірлі қо­ғам­ның асыл өкілі.  Оның образы – тектілер образы. Тарих ұрпаққа ақиқаттан сыбаға тарт­ты.

Тәуелсіз ел болдық. Тек­тіден тілініп, жартыдан жарылып жалғастық. Тәубе дей­міз. В.Белинскийдің «Ақын об­разбен ойлайды, ол шын­дық­­ты дәлелдемейді, оны көзге елес­­­тетіп көрсетеді» деген қа­ғидасы – ұстанымым. Мен жур­налист те, жазушы да, ақын да емес, заңгермін, екі «халық жауының» немересімін. Ақын, жазушы болуды мақсат тұт­па­сам да, аталарымның, әкем­нің, Зылиха апамның, зиялы жа­қындарымның егіп кеткен рухани нәрі ой-жүйеммен астасып бұлардың ауылына да ат басын бұрғызғаны хақ.


Даража Балапан,

заңгер, Халықаралық 

ақпараттандыру академиясының 

корреспондент-мүшесі.

ӘДЕБИЕТ 23 қаңтар 2020 г. 543 0