Теңіздегі оқиға

Ги де Мопассан

 

Жақында газетте мынадай хабарлама пайда болды: «Булон-сюр-Мер, 22 январь. Бізге мынадай хабар келіп түсті: Соңғы екі жылда орасан шығынды кешірген біздің жағалау тұрғындарының көңіліне тағы бір сұмдық оқиға қаяу түсірді. Жавель басқарған балық аулайтын шағын кеме айлаққа кірер жерде жартастарға соғылып, апатқа ұшырады. Кемені толқын батысқа қарай апарып тастаған. Шағын қа­йықтағы құтқарушылар тобы қанша әрекет қылғанмен, еш нәтиже шыққан жоқ. Төрт балықшы, бір юнга қайтыс болды. Штормның әзір басылатын түрі көрінбейді. Булондықтар бұл жағдай тағы қайталануы мүмкін деп абыржулы».

Жавель деген кім өзі? Әлгі жалғыз қол, шолақ жігіттің ағасы емес пе екен? Егер палубаны толқын шайған кезде күл-паршасы шыққан кемесінің астына түсіп өлген адам мен білетін сол адам болса, онда ол – осыдан он сегіз жыл бұрынғы басқа бір қайғылы оқиғаның куәгері. Теңіз айдынында мұндай жағдайлар болып тұрады.

***

Үлкен Жавель ол кезде балық аулайтын баркастың қожайыны еді. Баркас – балық аулауға арналған көп ескекті қайық. Бүйі­рі дөңгеленген, қандай маневр жасауға да бейім. Небір сұрапыл дауылға төтеп беретін су көлігі күні-түні Ла-Манштан соғатын желге қарамай су айдынын тіліп жүретін. Желкені керіліп, жетегіне жегілген аумен су түбін түк қалдырмай, балық-шаянын сүзіп алып шығатын.

Әлсіз жел соғып, су бетін майда толқын басқан кезде баркас балық аулауға шығып жүрді. Ау темірге бекітілген ұзын, мықты ағашқа байланған еді. Ал бұл ауды қайықтың тұмсығына бекітілген екі тростың көмегімен суға түсіретін. Жел мен ағыс қайықты жылжытып отырады. Осы кезде ау жолындағысын тазартып, ілінген нәрсені ала кететін. Бірақ кенет соққан дауылдан баркас жылдам жүріспен ғана құтыла алатын еді. Ол осы жылдамдықпен ағылшын жағалауына таяп. Бірақ теңіздің долы толқындары жағалауды соққылап, айлаққа кіруге мүмкіндік бермеді. Енді кері бұрылып, ашық теңізге шықты. Сөйтіп, Франция жағалауына бет алды. Бірақ бұл жерде де дауыл тұрды, құтқаратын айлаққа кіру мүмкін емес-тін: айлаққа кіретін жердегі құрылыс, бір жағынан биік болып көтерілген толқындардың арасынан өту қауіпті еді. Борт үстінде Жавельдің өзінен басқа оның інісі, төрт матрос және юнга болды. Булоннан шыққан кезде күн шайдай ашық еді. Мұндай күндері тек ауды құру керек. Баркас желдің күшімен тағы да теңіздің ортасына қарай ығып кетті. Бірақ ол мұндай дауылға әбден үйреніскен. Біресе батып кетіп, аударылып-төңкеріліп, көрші екі елдің арасында бірде-біреуіне тұмсығын тірей алмай жүре берді. Ақыры дауыл толас тапты. Баркас ашық теңізде болғандықтан толқын әлі басыла қоймаса да, қожайын ау жабдықтарын дайындауға бұйрық берді. Енді бұларды суға түсіріп, төрт балықшы жігіт тросты бірте-бірте босата бастады. Ау батып, су түбіне әбден орныққанда үлкен толқынның соққысынан баркас бір жағына жантайып кеткен еді. Бұл кезде кіші Жавель баркастың тұмсық жағынан әлдебір бұйрық беріп тұрған. Әлгі толқын соққан кезде тәлтіректеп, сәл босаған арқан мен борттың арасына қолы қысылып қалды. Оны шығармақ болғанмен, ештеңе өнбеді. Өйткені ау су түбіне әбден жайғасып, трос қатты керіліп қалыпты.

Өңі құп-қу болып кетті. Жолдастарын айғайлап көмекке шақырды. Бәрі жүгіріп келді. Штурвалды тастай салып ағасы да келді. Бәрі жабылып тросты босатпақшы. Бірақ шамалары жетпеді.

– Кесу керек! – деді матрос­тардың бірі.

Сосын қалтасынан пышақ алды. Оны екі сілтесе, кіші Жавельдің қолын босатып алушы еді. Бірақ арқанды кесу аудан айырылу деген сөз еді. Ал ау бір жарым мың франк тұратын. Оның үстіне, бұл – дүниені желге шаша бермейтін үлкен Жавельдің мүлкі.

Жүрегі қан жылап тұрып, айғайлап жіберді:

– Тоқтай тұрыңдар! Мен қазір қайықты жел жаққа бұрамын.

Баркас тіпті орнынан қозғалған жоқ. Су түбіндегі ау жібере қоймады. Баркас ағыс­тың, желдің әсерімен тербетіліп тұрды. Бірақ ешқандай маневр жасау мүмкін емес еді. Кіші Жавель бұл кезде тізерлеп отырған. Өзінде еш ақыл-ес жоқ, дыбыс та шығармады, тістеніп алған. Ағасы інісінің қасына екінші рет жүгіріп келді. Ол матростар арқанды кесіп қояр деп қауіптенді.

– Тоқтаңдар, кеспей тұра тұрыңдар! Якорьді суға тас­таңдар!

Якорьді шынжырдың өн бойына реттеп да, матростар кабестанға (ауыр жүк көтеретін айналма білік) лап қойды. Сөйтіп, баркасты бұрып, әйтеуір, ақыры трос-арқан сәл босады. Қолын шығарды, түрі адам көргісіз, жеңі қаннан көрінбейді. Кіші Жавель меңіреу кейіпке енген. Курткасын шешкен кездегі көрініс мүлде басқаша. Қол сүйектері мыжылып, етпен араласып кеткен. Насоспен айдағандай қан атқылап тұрды. Бейшара оған қарап тұрып бір-ақ ауыз сөз айтты:

– Бітті!

Ал палубаның үстін қан басып, үлкен шалшыққа айналыпты. Матростардың бірі айғай салды:

– Ол қансырап өледі! Қолын байлап тастаңдар!

Біреу смола сіңген, жуан, қара жіп тауып әкеліп, жарақат болған жерден жоғары тұстан тас қылып байлап тастады. Қан бірте-бірте азайып, сап тыйылды.

***

Кіші Жавель орнынан түрегелді, қолы салбырап тұр. Сау қолымен ұстап көрді, олай-былай бұрып, сілкілеп қойды. Еті жырым-жырым, сүйектері ұсатылған, тек бұлшық еттің тарамыстарына ілініп тұр. Балықшы бұл қолына түнере қарап қалған, әлдебір қалың ой үстінде. Содан кейін қасындағы төрт бүктеп төселген желкеннің үстіне отыра кетті, жолдастары «суды құя бер» деп жатыр. Қасындағы бір шелек мұздай судан алып жарақатына құя берді.

– Төменге түссеңші, – деді оған ағасы.

Кіші Жавель төменге кетті. Бір сағаттан кейін қайтып келді. Төменде жалғыз өзінің мазасы болмады. Бір жағынан таза ауаға шыққысы келді. Тағы желкеннің үстіне отырды, сосын қолына су құя бастады.

Ауға балық мол түсті. Кіші Жавельдің айналасында үлкен, торсиған ақ балықтар шоршып жатыр. Ол бұлардан көз алмастан, жарақат қолына су құя берді.

***

Булонға таяп келген кезде тағы кенеттен сұрапыл дауыл (шквал) тұрды. Баркас шайқалған кездегі байғұстың түрін көрсеңіз.

Түн болды. Дауыл таң атқанша басылмады. Таңға жақын Англия жағалауы көрінді. Балықшылардың көңілі сәл көтерілді. Ал баркас галс (кемені желдің ыңғайымен жүргізу) әдісімен Францияны бетке алды.

Кешке қарай кіші Жавель жолдастарын шақырып, жарақатына түсе бастаған қарауытқан дақтарды көрсетті. Олар сау қолында еді. Бұл анық гангренаның белгісі болатын. Балықшылар тұс-тұстан ойларын айтып жатты.

– Талаураған секілді, – деді біреу.

– Теңіз суын құяйық, – деді екіншісі.

Біреу теңіз суын алып келді, енді біреуі жарақатқа су құйды. Кіші Жавельдің өңі құп-қу болып, тістерін шықырлатып, тұла бойы дірілдеп кетті. Бірақ үнсіз. Ауырған жері сәл басылған кезде ағасына қарап:

– Пышағыңды берші, – деді.

Ол алып берді.

– Енді менің қолымды көлденеңнен жоғары қарай сәл керіңкіреп ұстап тұр.

Ағасы тағы айтқанын істеді. Осы кезде кіші Жавель қолды пышақпен кесе бастады. Асықпай мұқият тамырларын, сіңірлерді біртіндеп ыждағатпен кесті. Сәлден соң оның орнында шолтиған тұқыл ғана қалды. Бейшара кең тыныс алды да былай деді:

– Осы дұрыс. Әйтпесе өліп кетуім мүмкін.

Шамасы жеңілдеп қалса керек. Демалысы біркелкі, әжептәуір өңі кіріп қалды. Содан кейін тұқылға қайтадан су құя бастады.

Түн тағы мазасыз болды. Жағалауға тақап келу мүмкін емес.

Таңертең кіші Жавель кесіп тастаған қолын зер салып қарап шықты. Бұзыла бастапты. Бұл қолды көруге бәрі келді. Кезекпен ұстап, аударып-төңкеріп тамашалауда. Иіскеп көргендер де болды.

Ағасы:

– Лақтырып тастайтын уақыт болды. Теңізге тастайық, – деді.

Бірақ бұған кіші Жавель қатты ашуланды.

– Жоқ! Жоқ дегесін жоқ! Бұл – менің қолым!

Ол қолды жұлып алды да, аяғының арасына салып қойды.

– Шіриді ғой, – деді ағасы.

Осы кезде інісіне ой келді. Теңіздегі сапар ұзаққа созылған кезде балықтарды тұз салған бөшкеге салып қоятын. 

– Сол бөшкеге салып қойса ше? – деді ол.

– Дұрыс! – деп шулады бәрі.

Балықшылар бөшкені босатып, қолды түбіне қойды. Тұзбен көміп, үстіне балықтарды тастады.

– Балықтарды сатар кезде қолды ұмытып кетіп жүрмейік, – деді біреу қалжыңдап. Ағайынды Жавельдерден басқасы түгел күлді.

Ал жел әлі басыла қойған жоқ. Булонға жақын қалған кезде желге қарсы бұлтара жүріп, келесі күнгі азанғы онға таяу жетті. Бірақ тұқылға су құюын тоқтатқан жоқ. Оқта-текте орнынан тұрып, палубаның ішінде адымдап ерсілі-қарсылы жүретін. Ал ағасы штурвалды ұстап тұрып, бұған қарап басын шайқайтын.

Ақыры баркас айлаққа кірді-ау! Дәрігер жарақатты көріп, қанағаттанарлық деп бағалады. Жуып, дәкемен таңды. Науқасқа тыныш қалып сақтау керектігін ескертті. Бірақ Жавель мұнымен келіспеді. Ол қолын қайтып алмайынша тыным таппайтынын айтты. Сол заматта айлаққа қайтып барып, өзі бормен белгі салып кеткен бөшкені тауып алды. Ішіндегісін төккенде қолының өте жақсы сақталғанын байқады. Оны қалтасына сала барған сүлгісіне орап, үйіне қайтты.

Әйелі, балалары әкесінің қолын ұзақ қарады, саусақтарын сипап, тырнақтың астына кіріп кеткен тұздарын шұқып түсіріп, мәре-сәре болды. Осыдан кейін ағаш ұстасын шақырды. Ол қолды өлшеп, оған шақтап жәшік істеп беруі керек болатын. Ертеңіне балықшылар түгел келді. Қол жерге көмілуі тиіс. Бұл процесті ағайынды екеу өздері басқарды. Қол салынған жәшікті шіркеудің күзетшісі қолтығына қыстырып алып келе жатты.

Кіші Жавель теңізге шықпайтын болды. Осы жерден же­ңіл-желпі жұмыс тауып алды. Теңіздегі оқиғаны біреуге айтса, баяу дауыспен былай дейтін:

– Егер сол кезде ағам ауды кесуге рұқсат бергенде менің қолым орнында болар еді. Ал ол – өзінің дүниесін далаға тастамайтын адам.


Аударған

Бақтияр МЫРЗАШЕВ.

ӘДЕБИЕТ 21 қаңтар 2020 г. 1 275 0