« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Өмір бойы жазған, қазір де жазатын жазушы-журналист туралы толғау әсте қиын-ақ. Мен оны қаншалықты жақсы білсем де не жазарымды, қалай келтіріп мақтан сөз айтуды білмей отырмын. Мен онымен ұзақ жыл көрші болдым. Талай рет үйінде болып, емін-еркін әңгімелесіп, өмір тарихымен біршама таныстым. Ғибратты әңгімелерін тыңдадым, кітаптарын оқыдым, туған ағамдай жақсы араластым. Бауырымдай болған сол ағам – Айжарық Сәдібекұлы тәуелсіздік күні қарсаңында сексенді толтырды.
Бұдан бір ай бұрын Қызылордаға жол түсіп, үйіне бардым. Ағам жазу столында отыр екен. Бұрындары телефон арқылы сөйлесіп, хабарласып, елдің амандығын, өзінің жағдайын сұрағанымда, «анау-мынауды жазып, ертеректе басталып бітпей қалған шимайларды, ойда жүріп жазылмай қалған дүниелерді толықтырып және қазіргі заманның қуқыл тіршілігінің өзім түйсіктеген кейбір түйткілдерін жазып жатырмын» дейтін. Бұл барғанымда да осы әдетінің үстінен түсіппін.
Иә, Айжарық аға өмір бойы жазып келеді. Осы барғанымда өзінің былтыр жарық көрген «Жұмыр жерде біз бармыз» және «Парасат майданы» деген екі кітабын сыйлады. Кітапқа кіріспе сөзінде Айекең «Өмірдеректе айтыла беретін еңбек жолым ә дегеннен аудандық газеттің редакциясында басталып еді. Уақыт өте келе бұл қызмет мені «таңдаған мамандығыма», дұрысы тапжылмас тағдырыма айналды. Әдепкіде жазушы-журналист болу ойыма келмепті. Тағдыр талайыма жоғары білімді мұғалім дипломымен журналист болу жазылыпты. Бұл өзі ой мен жазудан бас көтертпейтін кәсіп екен. Осы машақатпен айналысқалы әрбір күнім мен түнім ой кешумен өтіпті. Айтарыңыз не, редакцияның қызметіне бір жегіліп алғасын ойсыз, жазусыз күнің өтіп, таңың атып болмайды екен.
Осы күні мен өзімді ұшы-қиыры жоқ жазудан салынған қиыр-шиыр жолмен жүріп өткендей сезінемін... сегіз сағаттық өлшемге сыймайтын, уақытпен санасып жатпайтын, қалай, қанша жазсақ та, сол «шатпақтарымызға» өмір бойы көңіліміз толмайтын кәсібіміз болған екен. Көзіміз де, шашымыз да «жазу да жазу» дейтін көк бейнетпен ағарыпты. Не жаздық, қалай жаздық, нені келістірдік, нені келістіре алмадық, оны кім есептеп жатыр. Жылдар бойы жазғандарымнан өзгелер тұрмақ өзім де жаңылысып қалыппын... Сол жазғандарым басылым тігінділерінде сарғайып қалды. Сонымен болды» деп журналистиканың ауыр да, машақаты көп бейнеті туралы шындықты айтады.
Айжарық Сәдібекұлы алғашқы шығармашылық туындысын студент кезінде Жүсіпбек Арыстановтың Ғани Мұратбаев туралы жазған «Жалынды жүрек» повесіне рецензия жазудан бастайды. Тырнақалды туындысы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көреді. Бұл рецензияны жазуға пионерлік, комсомолдық патриоттық рухта тәрбие алған Айекеңе Ғани Мұратбаевтың жерлестігі де әсер еткен болуы керек. Өйткені сол жылдары өз өңірімізден шыққан батырларды, танымал тұлғаларды, жазушыларды жерлесіміз деп мақтан ететінбіз.
Осы туындысынан қуаттанған Айекең әңгіме жазуға бет бұрды. Алғашқы әңгімесі де көп күттірмей облыстық «Ленин жолы» газетінде жарық көреді. Осыдан кейін-ақ Айекеңнің өзі айтатындай «жазу, тағы да жазуы» басталады.
Арал теңізіндегі Көкарал түбегінде дүниеге келген Айжарық аға әріп танығаннан бастап кітап оқуға қызығушылық танытады. Өзі айтатындай қолға түскен кітабын оқиды. Осы қызығушылық Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына алып келеді. Екінші курстың соңына таман 1963 жылдың күзіне дейін Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде қызмет атқарады. 1964 жылдың басында әскер қатарына алынып, онда екі жарым жыл болады. Келгеннен кейін оқудың сырттай бөліміне ауысып Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетіне еңбекші хаттары бөлімінің меңгерушісі болып орналасады. Осылайша Айжарық Сәдібекұлының бейнеті мен тірлігі мол нағыз журналистік өмірі басталады. Ол кезде басылымдарда партияның әрқилы ұрандарына байланысты журналистерді шаруашылықтарға жіберетін. Онда партияның бесжылдық жоспарлары, олардың орындалуы туралы жазуды көбірек тапсыратын. Көркем шығарма жазуға бейім Айекең партияның тапсырмасын орындау үшін көп уақытын осы тақырыпқа арнайды.
Бұл туралы Айжарық аға «Көбіне атанның қомында, аттың жалында дегендей, асығып-аптығып жүретін тынымсыз жағдайымызбен газеттің қара мақаласын жазумен айналысқан адамдардың шығармашылық өмірінде қашан да, қайткенмен де бір бүйірі олқы соғып тұрады. Көркем шығарма жазуға біржола отыра алмай, партия мен өкіметтің жұмысы бүйірден киіп кеткенде, жазу үстіндегі ойы үзіліп қала беретін адамның көп күндері «әттең-әттеңмен» өтеді екен... Жазушының жазуымен, ғалымның ғылымымен бірыңғай айналысқанына не жетсін. Көптеген тұрғыластарымдай менің де жолым оңай болған жоқ. Газеттің бұрылуға мұрсат бермей баққан қара жұмысы жанымды жеп қойды. Менің бұл айтқанымның астарын көп жыл газеттің миашу жұмысымен айналысқандар ғана түсінер» дейді.
Рас. Сол жылдары шығармашылық адамына еркіндік берілмейтін. Цензура деген ит таппайтынды табатын. Бір кілтипан табылса болды, сергелдең мен зобалаң басталатын. Ал одан құтылу болмайтын. Әйтеуір бір шара қолданылмай басылмайтын. Алдымен партияның жұмысы алға қойылатын. Толып жатқан съездердің, пленумдардың, басқа да партиялық қаулылар мен шешімдердің, тапсырмалардың шегі болмайтын.
Француздардың «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деп айтатын айтулы сөзін Айжарық Сәдібекұлының шығармашылық еңбегі арқылы жоққа шығаруға болады. Айекең ешуақытта еңбегін бұлдаған емес, басқалар сияқты көрініп қалайын, мені де көтерсін деп өзін танытуға және атақ-даңқ сұрауға ұмтылған жоқ. Өңірде жүріп-ақ елге танылды, шығармаларын оқырман жылы қабылдады. Айекеңнің өзі айтатындай «бүгінгі қаламгерлердің ел ішіндегі беделі дегенде, мен не дейін? Ақын-жазушылар шығармаларын ол үшін жазбайтын шығар. Шығармалары сәтті туса, оны жұртшылық (қоғамдық орта) жылы қабылдаса, бедел деген сол. Қаламгерге одан артық не керек?» Иә, парасатты жазушының беделі де осыдан көрінеді.
Айжарықтың жазғандарының басым көпшілігі еңбек адамдарына, олардың жанкешті бейнеттері мен сүбелі сөздеріне, мінездеріне, рухына арналған, яғни, тәрбиелік мәні зор еңбектер.
Ол еңбек адамдарына көбірек орын бергенін былайша түсіндіреді. «Өз басым балықшылардың ауыр тұрмысын көріп өскендіктен бе, қаламды қару еткен ғұмырыда маңдай терімен күн көрген пенделерге іш тарта беретін едім. Қаратау мен Арал аралығын аралай жүргенде небір күндерім мен түндерім жүздерін күн қаққан диқандардың дала қостары мен малшылардың өрістерінде өтті. Мен сол еңбек торыларын ұлықтадым. Көргендерімді көңіліме түйе жүріп, кімдердің кім екенін оймен пайымдап, ақылмен сараладым. Кейіпкерлерім – өмірде болған адамдар. Кейіпкерлерімнің кісілік жаратылысы мен еңбек мерейін қысқа жанр ыңғайымен көркемдеп суреттегенім болмаса, жазғанымның жалғаны жоқ. Деректі туындының табиғатында бұра тарту деген болмайды. Кейіпкерлерімнің тағдыры заманында солай болған». Иә, Айжарық ағаның жазғандарының жалғандығы жоқ, қоспасы, жапсырмасы жоқ шынайы туындылар. Қазіргі күнге дейін тәрбиелік мәнін жоймаған еңбектер. «Адамды адам еткен – еңбек» дегендей еңбек тәрбиесінен артық қандай тақырып болуы мүмкін.
Кезінде Айжарықтың тұңғыш повесі – «Теңіз түкпірінде» жарық көргенде сыншы Зейнолла Серікқалиев «Бұл – парасатты жазушының қолтаңбасы» деп баға берген болатын. Иә, парасатты жазушының шығармашылығының бағасы мен беделі де осыдан көрінеді.Жазушылық пен журналистикаға сүбелі қалам сермеген Айжарық ағаның осы саладағы еңбегін шағын мақалада тізбелеу мүмкін емес.
Журналистің беделі мен қасиеті туралы Айжарық ағаның өзі облыстық басылымдардың біріне берген сұхбатында «журналистік кәсіп – кісілігің мен қабілетіңді, пайым-парасатыңды сынға салатын өнер. Бұл кейбіреулердің жеңіл ойлайтынындай оңай-оспақ машық емес. Журналистке азаматтық жауапкершілік, жинақылық пен ұқыптылық, қиялы ұшқыр алғырлық, қоғамдық құбылысқа сергек те байыпты ой жібере алатын қасиеттердің бәрі керек. Оларды парасат майданының жауынгерлері десе де болады» депті.
Айжарық Сәдібекұлы – «Дария жыры», «Көктемін күткен ару», «Аққұмның ақ түндері», «Бал айы», «Ашық мұхитқа шыққан алып», «Жұмыр жерде біз бармыз», «Парасат майданы», «Дарияның тұмасынан жыр боратқан» және т.б. кітаптардың авторы. Облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің өзінде ғана бақандай 25 жыл өмірін арнаған тарлан журналист. Тоқсаныншы жылдардың соңы мен екі мыңыншы жылдардың басында республикалық қоғамдық-саяси бағыттағы басылымдарда да жұмыс істеді.
Облыста 1992 жылы тұңғыш ұйымдастырылған «Жыл журналисі» аталымы бойынша «Облыстың үздік журналисі», 1997 жылы екінші рет «Облыстың үздік журналисі» атанған парасатты журналист-жазушыны сексен жылдық мерейлі күнімен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Шығармашылығыңыздың сабақтастығы үзілмесін, қаламыңыз мұқалмасын. Аллаһым сізге аяқталмай қалған шығармашылық дүниелеріңізді аяқтауға және басқа да туындыларды алып келуге күш-қуат берсін.
Бекмырза СЫРЫМБЕТҰЛЫ.
Алматы қаласы.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |