Мен ауылдың ұлымын

(Ой-жазба)

(Басы өткен санда)

 

Диірмен

Білмеймін, не іздеге­німді, бірақ, көне сарай ішіндегі қоқырсыған көп зат арасынан осы дүние көз алдыма ыстық көрінгенін-ай! Диірмен! Апамның диірмені ғой бұл. Көне алашаға орап тастаған бұл қасиетті тастың бүгінде азамат болған мына бізді талай тойдырғанын қалай ұмытқанмын?! Жалғыз мен емес-ау, бүтіндей бір шаңырақтың кәдесіне жараған диірмен тастың енді елеусіз сарай бұрышында жатқаны тым әділетсіздік қой. Иесі кеткен соң ешкімге қажет болмаған бұның бағзы заманнан атқарған міндеті – ұн мен талқан тарту болса, жеудің жоспарын мына біз артығымен орындаппыз да. Ақ сұрлау, домалақ екі ауыр тас менің бала күнгі естелігімнің бір бөлігі еді.

Балалық шақ 90-шы жылдардағы тоқырауға тап келгендіктен шығар, ұн мен қанттың өте қат кезі. Ел әлінше тырбанып жатқан уақыт. Бүгінгідей «алыстағы аға­йыннан, жақындағы әкімиятты» жағалайтын кейбір пысықайлардан көрі, әркім өз халінше іс қылатын. Сондай қысталаң уақытта ауылда қол жайған ешкімді көрмеппін.

Атам диқан кісі болғандықтан ала жаздай бақша салатын. Көбіне-көп жүгері мен асқабақты мол төгетін. Одан бөлек, ала жаздай тары егеміз. Ооо, сіз тарының машақатын білесіз бе? Жерді жырту, тыр­малау, себу, суғару... Бәрінен бұрын ең қиыны – қору жұмысы. Тарыны торғайдан қору дегеніңіз, бұл кәдімгі бір ай ойынды ұмытып, үлкендерше еңбек ететін уақыт еді.

Торғай дегенің – күн шықпай егінге жаудай тиетін құс. Сенің алыстан «хай-хайлап» өңешің жыртылып, дау­сың қарлыққанша айқайлағаныңа бұл шіркіндер ыға қоймайды. Бұлттай қарауытып келіп, сабағы толы дәнге қонғанда бес минутта кешіксең, онда еңбегіңнің еш болғаны. Көз алдыңда жаңа ғана төмен иіліп тұрған дәнге толы тары қауызы лезде босап, басы «мені көрдің бе» дегендей көкке тік шаншылып шыға келеді. Сондықтан анадайдан қайырыла ұшқан торғайдың тобын қолыңдағы шиыршып атар кесек толы балақпанмен тыр­қырата қууға дайын болуың керек. Күн ұясына батып, қараңғылық орнағанша жағың да сембейді, қолыңда торғай үркітер кәнсербі қалбырлар жиылған ұзын таяғың тағы бар. Түн болысымен бақша басындағы қоста отырған апамның жанына қол тіремей сүрніге құлайтыным да әлі есімде.

Шынымен маған торғайдың сол кезде ең жауыз құстай көрінгені рас. Қайтсін енді? Олар да қу тамақтың әлегімен ұшады. Әйтпесе, тарыда несі бар?! Топтасып ұшып, дайын тамаққа ие болмаған бұлар басқа жоспарға ауысады.  Енді сонау жүз метрден әрі қонып, бері қарай асықпай секектеп не жорғалай бастайды. Мұндайда атыз жағалап, алдын орамасаң, жаздай еккен тарыңның түте-түтесі шықты дей бер...

Диірмен, шіркін, көз алдыма осындай естеліктер әкеліп жатты. Қол орақпен орып, Орынбасар көкемнің тракторымен бастырған тары сабандарын аударыстыра, қол елекпен кіші ағаларым елей бастайтын. Мұндайда сенің бар шаруаң тек ысқыру. Аузыңды үйрекше алға созып, жел шақыра бастайсың. Ал жел келсе, тары тез еленіп, оңай қапталады. Қапталған тарыны апам қайнатып, сөк пен талқан дайындаса, менің мектепке деген дайындығым мықты деген сөз.

Айтпақшы, мектеп демекші, оған сәл кешігіп барғаным есімде. Алты жасқа толып тұрсам да, бала саны толық болған соң ондағылар құлық танытпады ма, білмеймін, жұрттың баласы арық жиегіндегі жолды жағалап, сонадайдан төбесі көрінетін екіқабатты үйге шұбырғанда, мен шарбаққа сүйеніп қала беріппін. Әдетте, күнде бірге ойнайтын Шарханның, тақылдақ көрші қыз Жаңагүлдің мектеп формасымен әп-әсем боп бара жатқанын көретін мен мектеп жаққа көп елеңдейтінмін. Оқуға құмар болдым. Тіпті, қаладағы тәтем әперген, әріп таңбаланған «кубик» ойыншықтарды құрастырып, оқи алатын дәрежеде едім. Ақыры, ауыл сыйлайтын «қожаның қызы» апам бұған шыдамады, басшылармен сөйлесіп, мектеп табалдырығын 20 күннен соң бір-ақ аттадым. Сары кемпір «забыш» Елбосын жездемізге жетектеп апарып, ол бізді бастауыш деп аталатын  сыныпқа кіргізіп, бетінен жылуы төгілген, әуезді үнді ұстазға тапсырды.

– Айналайын, Бейбітгүл, бетінен қақпаған балам еді, барыңды бер осыған.

Апамның айтқаны осы ғана болды. Ұстаз менің арқамнан қағып, өзіме тиесілі партаға жайғас­тырған. Сары кемпір көзінің жасын орамал ұшымен сүртіп жөней берген...

Иә, диірмен маған көп көмектес­ті. Жаздай қорыған тарыны апам осы диірменмен тартып, талқанын түйіп, Қазалы базарына артынып кететін. Кейбір қатарластарым шүберектен тігілген сумка артынғанда, су жаңа портфельді апам иығыма асқан. Жаздай еккен егіннің арқасында апам сөк пен жүгеріден талқан тартып, тамақтан тарықтыр­мапты-ау. Одан қалды үш сиырдың құрт-ірімшігі, жаздай тілген қауынның қағы мен қазанда қайнаған қауынқұрт бізді ешкімге мұқтаж етпепті. Кісіге кіріптар болмауды апам еңбегімен үйреткен еді. Апамның көзіндей болған диірменнің арқасында қарнымның тоқ, көйлегімнің көк болуы бүгінде қанағаттан таймауға шақыратындай.

Ойдан ой туатыны белгілі. Әңгіме диірменнен шықты ғой. Бірде мынадай оқиға болды. Біздің Қызыл­ордадағы вокзал маңынан ауданға қатынайтын авто­бустарды білетін шығарсыз? Тіпті мына Арал-Қазалыдан бөлек, арғысы Ақтөбе, мына шеті Шымкент-Ташкент, бас орда – Нұр-Сұлтанға да автобус бар. Сол автобустардың сапасын қайдам, саны көп-ақ, әйтеуір сағат сайын, мезгіл сайын, күнара, дембіл-дембіл қатынап тұр.

Ауылға бармақшы едім. Пойыздан гөрі жылдам жеткізе қоятын автобусқа билет алмаққа вокзалға келдім. Мен мінетін «Икарустың» жүруіне әлі аттай бір сағат уақыт бар. Дәл соның алдында Бай­қоңыр­ға аттанбақшы боп дүңкиген автобусың ысқырынып тұр.  Оған баратын ел-жұрт жиналып орнына отыр­ды-ау, әне-міне жүреміз дегенде автобус ішінен сарнаған дауыс шықты.

– Ағуззу биллаһи мин-аш – шайтани...

Басында жылағандай болған ер не әйел екені белгісіз дыбыстың қандай үн екенін енді аңғардым. Жақындап қарағанымда, қырыққа таяп қалған қазақ жігіті екен. Шатып-бұтып, қасиетті Құранның «Фатиха» мен «Ықыласын» тез-тез оқыды да, көлік ішінде отыр­ған жұрттан алақан жайып, тиын жинауға кірісті. Сүрені сүреңсіз оқыса да, іштегі үлкендер ләм-мим демеді, қолға түскен бақырын әлгінің алақанына салып жатты. Аянышты түрге еніп алған әлгі жігіттің ұзын автобустың басынан аяғына дейін жағалап, тиын болса да, табыс тап­қандағысы. Табысының түрі сол, жол жүргелі тұрған автобустың алдыңғы қатарына тізесін бүгіп, жарым-жартылай, сауатсыз тілмен дұға-тілек оқып, бата жасау. Ақысына алақан жа­йып, ақша сұрау. Бір қызығы, сол «молдам» сәлден соң вокзалдағы көп дүңгіршектің бірінен жүз грамды шірене тартып жатты...

Біздің қаладан ілгеріде қайыршы қазақ көріп пе едіңіз?! Жо-жоқ, атамаңыз. Қайыршы болды, бірақ оның өзі өзге ұлттан еді. Тәжік пе, сыған ба, айыру қиын, базар маңында қаптап жүрмесе де, оқта-текте көріп қалушы едік қой. Сұмдығы сол, ескі базар мен вокзал маңы, «Универсам» аталатын шағын аудан тұсында қол жайған қаракөз қандастар көбейіп тұр. Олардың қатарында кім бар дейсіз бе? Жауырынды жас жігіттер мен қаусаған кәрің, бетін мұң торлаған әжім басқан кексе еркек пен әйел. Балаларды өз басым көрмедім, мұнысына да шүкір. Сонда, «бұдан да жаман күнде тойға барғанбыз» дегендей, 90-шы жылғы аласапыран кезеңде қайыр тілемеген біздің қызылордалықтар, жақсы күнде неге жаман болып жүр? Намыстың жоқтығы ма, әлде жеңілі осы – тілемсектеніп тамақ асырау болып па?

Бұл – шынымен рухани әлсіздік. Айтпақшы, бұл жерде он екі мүшесі сау, аяқ-қолы бүтін «қол жайғыштарды» ғана айтып отырмын. Оларға қарағанда мүмкіндігі шектеу­лі жандардың өмірге деген ұмтылысы куантады. Кембағалмын демей кәсібін істеп отырған кей жандарды осыдан кейін қалай құрметтемейсің?! Ал көшеде таразысымен салмақ өлшеп, тоқылған киім-кешегін, гүлін сатып, аз болса да ақша табатын әжелер жанында апталдай азаматтардың қай жері кем деп ойлайсың. «Шишаға» тиын сұрап жүрген қазақ жігіттерін талай көрдік. Аяқ-қолы балғадай бола тұра, жігер жоқтығынан тіленуге төселіп алғандар  қазақтың қаймағын бұзып жүргені анық нәрсе ғой.

Бір кездері Абайдан блогер жасамақшы болсақ та, айналып  келіп ұлы адамның ұлы сөзін айтамыз. «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». Абай осылай демеп пе еді?! Дөңгеленген диірмен дүниеде өзің қарекет қылмасаң, сен кімге керексің?

 

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы».

ӘДЕБИЕТ 26 желтоксан 2019 г. 735 0