Мен ауылдың ұлымын

(Ой-жазба)

Біздің тұратынымыз сұлу Сыр­дың бойынан он-он бес шақырымдай жерде орналасқан Карл Маркс деп аталатын ауыл. Қай кезде екені есімде жоқ, сірә, Тәуелсіздік алғаннан кейін шығар, қаба сақал көсемнің бағы тайды да, ауылға Бекарыс­тан аты берілді. Бекарыстан заманында би болған деседі. Жанқожа, Ақтан батырмен үзеңгілес өмір кешкен  баба рухы ауылымызға қайта оралған тұс еді бұл. Түтін саны бес жүзге жетеқабыл бұл жер тұрғындарының кәсібі – күріш егіп, тары салатын. Балаларға бір мезгіл ермек болсын дей ме, қауын-қарбызды тіптен мол төгетін. Берекелі еді...

Облыс орталығында жұмыс істесем де ауылға жиі баруға тырысамын. Елге қарай бір иығың әуелден бұрып тұрғанда, қоңыр үнді белгілі әншінің туған ауыл жайлы айтқан әніне іштей «аһ» ұратын сәттер көп болатын. Шер тарқайтындай. Сағынышты басуға сол әннің өзі жетерлік пе?!

Жетегіне еріп жалғанның,

Қалаға жедел жетіппіз.

Артынан еріп арманның,

Ауылдан шығып кетіппіз...

Рас қой. Арманы жетектеген әр адам қалада жүр. Жеткені аз. Жетем деп тырбаңдағаны мұнан көп. Әйтеуір, ілдәлаған тірлік. Бірақ, жер-жерді араласаң да, кіндігің сол ауылмен бірге екенін іштей сезесің. Сезесің де сағыныш деген «сары ауруға» тап боларсың. «Әй, осы демалыста тартып кетпесем бе» деп іштей ант-су ішкенмен, қаладағы қобырсыған көп тірлік қолға байлау, аяққа тұсау. Бәрібір, ауылға бару керек қой. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді». Көңілден көшпейтіні де, өшпейтіні де рас еді. Ауылдағы ақкөңіл жұртты сіз де сағынған шығарсыз, құрметті оқырман?!  Ендеше, шалғай ауылда өсіп, қаланы әлі де тосырқай қарайтын ұлдың жазбасы еді бұл. Оқып көріңіз.


Апамның ерлігі


Мен ата-әженің етегіне оралып өскен баламын. Шыны керек, атамның бала күнімде «жоғалған түйесін» іздеуге аттанғаны ғана есімде. Ал апам мен мектеп бітіруге таяу уақытта қайтты. Оларды сағынамын. Әсіресе, апамды. Неге олай дейсіз ғой? Басынан баяндайын. Мен бұрын сағыныштың не екенін жөнді ұқпаушы едім. Сағыныш дегенің аптап ыстықта созылып жатқан сары құмнан да бетер сарғайтады екен. Апам дүниеден озғалы соны білгендеймін. Еске түссе, әлдене жоғалтып алғандай әбігерге түсем. Бала болып шалқып та, шапқылап та жүргенім сол апамның арқасы еді. Апам еске түссе...

Ауыл іргесін бойлай ағатын ені тар, бірақ түбі терең кішігірім канал бар. Жаздай құтырынып, өрекпіп ағып жататын бұл жарықтық қыста да сабасына түсе қоймайды. Ауыл адамдары «Қанды арық» деп бекер айтпаса керек-ті. Жайпауытының өзінен өтерде сиыр мен жылқы біраз тәлтіректейді. Ал қой мен ешкіні қас пен көздің арасында домалатып ала жөнелгенін көрсең. Көбісі пышаққа ілінеді. Сондықтан балаларға шомылмақ тұрмақ, жақындауға рұқсат етілмейді. Рас, шілдеде өзен біраз тартылыңқырап, ағысы баяулайды. Сонда ғана ересек балалар жайпауытқа барып бауырын төсеп, салқындайды. Алайда, ортасына сұғынып барудан өздері де тайсақтайтын.

– Қайта жуасығаны ғой. Бұрын бұдан қатты ағатын. Талай баланың басын жұтты ғой түге, құрғыр. Дегенмен, әлі де қауіпті. Жоламаңдар, –  деп сақтандырып отырады апам.

Жоламау қайда. Ұрланып барамыз ғой. Күн ыстықта салсаң аяғыңды су лақтырып тастайды. Өзі керемет мұздай, табаныңа тисе, маңдайыңнан шығады.

Өзеннің жарлауыт жағасы сыңсыған тал-дарақ. Оған ешкім қол тигізбейді. Жүгірген бала мен мал оқыстан түсіп кетпеуіне кедергі дегендегісі. Онысы дұрыс та шығар, әйтеуір қыздың жасауындай боп өзенге сән беріп тұрады.

Сол өзеннің жағасында есе­йіп, ержеттік. Балалық шағымды ойлағанда мына бір жайт естен кетпейді.

Қараша айының соңғы күндері болатын. Соңғы сабақ біткен. Күннің суықтығы мектеп ауласынан шыға бере білінді. Күн кешкіре бастаған кез. Қыстың қалың қары айналаны қымтап, ызғары беті-қолыңды қарып тұрған-ды. Өзеніміз мұз құрсанды. Бірақ мұз қалақтай жұқа, тіпті балықтың қабыршағындай болар. Аяғыңды бассаң қақ айырылып, суға күмп беруің бек мүмкін. Бетімді суық тілімен жалаған сары аязға дес бермей, үйге дейін әзер жеттім.

Алдымнан еркелей шыққан Саққұлақты бір теуіп қыңсылаттым да, есіктің алдында сүйеулі тұрған легенді қаңғыр-күңгір еткізіп, өзімнің келе жатқанымнан хабар бере бастадым. Күндегі әдетім осы. Апам мұндайда еркелетіп қарсы алатын. Бүгін мұндай жаныңды аялайтын жылы сөздер естілмеді. Не болғанын білмей аңырап қалыппын. Жез шамның көмескі жарығынан пештің жанында көрпені қалың жамылып, бүк түсіп жатқан апамды көзбен іздеп әрең таптым. Көзі жұмулы. Таңертең тың еді, ауырып қалғаннан сау ма? Маған кетерде:

– Мұздың үстімен жүрме, жарылып кетеді, – деп тапсыр­ған. Сол тапсырмасының орындалғанын айтсам деп едім, түрі мынау.

– Апа, сізге не болған? – деппін жанына жақын барып.

– Суықтап қалдым, қарағым. Кішкене жылынып, шай ішіп, терлесем, жөнделермін, – деп ол көзін жұмды. Мен не болғанын түсінбей, үйдегілерге сұрау­лы жүзбен жағалай қарайын.

– Апам мұз жарылып, суға түсіп кетіпті, – деді ағам. Бізді ылғи қорқытады, өзінің мұзда несі бар екен? Бәсе бір пәленің болғанын сезгендей екенмін өзім де.

Жеңгем болған жайтты суырт­пақтамай, көсілтіп айтып шықты, бар болғыр. Түс ауа апам жас қозыларды суықта қатып қалмасын деп жылы қораға кіргізу үшін тысқа шықпай ма. Есікті жабар-жаппас өзен жақтан балалардың шырқырап жылап, көмек сұраған даусын естиді. Бұл аласұрып, қалбалақтап жүгіріп жетіп барады. Сөйтсе, екі бала мұз шытынап опырылып, суға түсіп кетіпті. Жарылмаған мұздың ернеуінен ұстап әрең тұр. Аз болса жұмарланып мұздың астына кетпек. Екеуінің де даусы адам жанын шығара шырқырап жылайды. Апам көп ойланып тұрмай, мұзды сатыр-күтір сындыра-мындыра балаларға жетіп барады да, оларды жағаға шығарғанша жанұшырады. Киімдері малмандай су кішкентайларды үйі­не апарып тапсырады да, үйге жеткенше киімі қақайып қатып қалады. Міне, болғаны осы.

– Қанды арық кімді аяйды. Сол Құдай жарылқап мен шықпасам, қос балдырғаннан айырылып қалатын едік. Содан бері кеудем ептеп сырылдайтын болды. Оны қойшы, балалар аман қалды ғой, – дейтін кейі­нірек.

Осыдан-ақ менің апамның аса мейірімді адам екенін пайым­дай беріңіз. Апамның осы ерлігін іштей мақтан етумен келемін. «Қожаның қызы» деп төрін ұсынатын елдің алдында апам абыройлы еді. Өле-өлгенше сол атқа жаманат келтірмей өтті.

Бұл күнде «Қанды арық» бұрынғы арынынан айырылған. Апам бізден кеткелі солай. Жұрт әр жерінен бір байлап жырымдаған соң жылғаға айналып жылжитын болды. Арыққа барсам, апам еске түседі. Апамды сағынамын...

 


(Жалғасы бар)

Ержан ҚОЖАСОВ.

ӘДЕБИЕТ 24 желтоксан 2019 г. 857 0