Әдебиеттің әл сақасы

«Әл сақамды алайын, Ұшырайын манайын» бұл бала кезімде әжемнен естіген өлеңнің есімде қалған бір-екі жолы ғана. Асық ойнарда қайыра қайталағанымыздан болар, басқа жолдары ұмыт болса да ұран шақырарлықтай осы екі жол ұмытылмас дүниеге айналды. Тақыр жердің шаңын шығарып, асық ойнап жүрген шақта әл сақаның құдіретін танығанбыз. Иіріп атқанда, маңайды үйіріп түсіретін, шиырып тастағанда алшысынан тұратын әл сақалар сақа-ақ еді.
Әжем сақаның бәрі әл сақа емес, әл сақа рабайда ғана кездеседі, малдың асылында ғана болады, ертегідегі бәсі бөлек «Алтын сақа» соның растығы деп отыратын. Сүйегі берік асықтың әл сақа аталу сыры ойымызға сәулесін түсірді. Тоқсанның бесеуінде «Тәуелсіздігіміздің тұлғалары» туралы тәлімді ой толғап жүрген абыз жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов – әдебиеттің әл сақасы.    
Әбдіжәміл ағамен таныс­тығым телефонмен сөйлесуден басталды. Қажым Жұма­лиевтің есімін айтып мән-жайды түсіндірмек бол­ған бетім сол еді, «Қажекең қасиетті кісі ғой, Қажекең қасиетті кісі ғой» деген дауыс құлағыма жетті. Үнінде ағаға деген інілік құрмет, сағыныш анық аңғарылып тұр. Жолығатын уақытты келісіп, әңгімені аяқтар тұста «Мен тоқсаннан асқанмен үйде отырып қалған шал емеспін. Жолға шығардан бір апта бұрын тағы да бір немереммен хабарласып ал» деді. Мұның бәрі Қажекеңнің әруағына көрсетілген құрмет еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қажым Жұмалиев әдебиеттанудың төрінде отырған тұста қырыққа да толмаған «Қан мен тердің» авторы Әбдіжәміл «Қадірлі Қажеке! Інілік адал көңілдің бір айғағы болуға жарар деп, ілтипатпен ұсынамын. Әбдіжәміл. 23.ІІІ.1962 ж.» деп кітабын ұсынған екен. Автордың «Інілік адал көңілдің» деген сөзінің ақтығына, Қажекең көзден тайғанымен інісінің көңілінен таймағанына көзім жетіп бір марқайып қалдым.      
Қаңтардың 19-ы күні таңғы сағат онда ғылыми жетекшім, әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Зинел-Ғабден Бисенғали екеуміз келісілген уақытта Әбдіжәміл ағаның тау етегіндегі үйіне келдік. Зәулім екі қабат үйдің бірінші қабатындағы кіреберістен кейінгі кең бөлмеде диванның қақ ортасында алдында шағындау газет-журнал үстелі, басына ақ түсті матаны ертегілердегі ханзадалардай ерекше үлгімен орап киген, үстінде етек-жеңі зерленген қара мақпал шапаны бар қасына дейін аппақ әлде бір қағазды қарап отырған қарасұрлау кісіге Зекең «Ассалау­мағалейкүм, Әбдіжәміл аға! Күйлі-қуатты бармысыз?» деп амандасты. Амандық сұрасып, мән-жайды біліскеннен кейін  жанынан орын берді. Әңгіме барысын жазып алуға рұқсат сұрап едім, «әзірленіп келсең, несін сұрайсың» деген сынаймен үндемей қойды. Зекең құрылғыңды қоса бер дегендей иек қақты.  
Әбдіжәміл ағаға елден арнайы алып шыққан Қажым Жұмалиевтің «Жайсаң жан­дар» естелік әңгімелер жинағын сыйға тартқанымызда «Қажекеңдей қазаққа еңбегі сіңген ағаның кітабын жаңғыр­тып шығарғандарың үлкен іс болған екен» деді де кітап мазмұнын дауыстап оқыды. «Ұлық болсаң, кішік бол» Бейімбет Майлин жөнінде, сонау жылдары мен «Жұлдыз» журналында бір жыл, бес ай редактор болып жұмыс жасағанымда осы әңгімесін бастырғанмын» деді. Сосын Қажым ағасына құрметінің белгісіндей кітапты кеудесіне басты. «Қазір не көп, кітап көп. «Жайсаң жандардың» жөні бөлек қой. Қажекеңнің шаңырағынан кітаптың қолжазба нұсқасын таптым, біраз қысқартуға ұшыраған деп отырсың. Қысқартуға болмайды. Бұл – ақымақшылық. Кешегі кеңестік цензураның ісі ғой бұл. Қажекеңнің қолжазбасындағы кітапқа берілген атау «Жайсаңдары қазақтың» болса, онда сол атауды сақтап шығару керек. Толық нұсқасы кітап болып шыққасын маған біреуін жіберерсің» деді.
Зекең:
– Мынау, Азамат балаңыз Қажым Жұмалиевтің өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүр, Қажекең туралы білгеніңізді айта отырыңыз, – деп еді. Сәл үнсіздіктен кейін:
– Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы туған. 1965 жылы Атырауға Әбудің 60 жылдық то­йына Қажым Жұмалиев бастап барған делегацияның ішінде Зейнолла екеуміз бірге болдық, – деп қысқа қайырып, қара мақпал жеңіл шапанының ішінен киген сырмалы күртешесін ағытып, ішкі қалтасынан шағын екі құрылғыны құлағына тығындады.
– Дина, қонақтарға шайыңды беріп, батасын ал! – деді. Қозғалақтап қалған бізге «ме­йірлерің қанбай қалғанын байқап отырмын» деген сыңаймен бір барлап қарап алды да: – Қажекеңнің Карлаг түрмесіндегі оқиғаларын Қайым Мұхамедхановтан естуім бойынша жазғанмын. Екеуі бірге отырған ғой. Бірақ бұл басылмай қалды. Мұның барлығы Иманғали Тас­мағанбетов алпысқа толар алдында жазылған мақаламның ішінде бар болатын. Иманғали бұл күнге жалғыз жеткен жоқ, төңірегімен жетті. Отыз беттен тұратын мақаланы «Түркістан» газетіне бергенмін, Иманғали бастырмай алдырып тастады. Жақында Н.Назарбаевпен сөйлескенімде атауын «Тәуелсіздігіміздің тұлғалары» деп өзгерту туралы ұсыныс білдірді. Алдағы күндері жарияланады. Қазір сол мақаланың кейбір тұстарын толықтыру үстіндемін. Болғасын «Түркістан» газетіне, егер тыңдаса, «Алматы ақшамына» қоса бермекпін. «Алматы ақшамының» читателі бөлек, – деп бір тоқтады. Бүгінгі таңда Қажекеңнің ұрпақтарынан кімдер барын сұрады. Біз қарашаңырақта Қажекеңнің жасы сексеннен асқан ұлы Махамбет тұрып жатқанын, ғалымның жеке архивінде тыйым салынған әдебиет саналып жарияланбаған материалдар молдығын, сол бағыттағы жұмыстың барысын айттық. Бәрін мұқият тыңдап алған Әбдіжәміл аға:
– Жаңа «Орақ-Мамай» жыры бар дедің бе?, – деп қа­йыра сұрады.
– Маған, сол жырды теріп жібересің бе?, – деді.
– Әрине, аға. Ол «Әйгерім» деп дауыстады. Біз немересін шақырып жатыр ма деп қалғанбыз. «Нұрпейісова» деді де, ұялы телефонның нөмірін жатқа айтып, осы баламен байланысарсыңдар деді. Мені тоқсанның бесеуіне келіп отыр­ған, сүйегі асыл ағаның, жады мен рухани қазынаға құмар жаратылысы тәнті етті.      
 Сәл үзіліс орнап, үнсіздік пайда болған тұста:
– Аға, мен өзіңіздің «Қан мен тер» романыңызда сөз болатын «Тербенбес» деген елді мекенде туып өскенмін, – деп әңгімені шығармашылығына қарай бұруды ойлағанмын. Жүзі мейірленіп, бар денесімен бұрылып қарап, «қалай дедің?» деді. «Тербенбес» деп қайталадым.
– Жоқ, олай емес. Дұрысы – Тебіренбес. Арал ауданы мен Сексеуіл станциясы тақтайдай тегіс, құба далада орналасқан. Сондай жазық далада анадай таудың болуы құдірет. Ешкім оны орнынан қозғап жоқ қылып жібере алмайды, жел мен жаңбырына ол мүжіліп тоз­байды, ешнәрсеге тебіренбейтін Тебіренбес таулық атауына әбден лайық тау. Сондықтан да халық оны Тебіренбесім деп мақтан етеді деді.
Осыны айтқанда Әбдіжәміл аға бұрынғы салқынқанды қалпын бұзып, ерекше тебіреніспен сөйледі. Ішкі көңіл күй көрінісі, шамшырағы нұрланып сала берген жүзінен, алға ұмтыла түсіп, екі қолын көтере сөйлеген сөзінен анық аңғарылып тұрды. Іштей «туған жер, тоқсаннан асқан балаңды тебіренткен қасиетіңнен айналдым» дедім.  
Орыстың дыбысталу заңдылығына байланысты «Тербенбес» аталып кеткен туған ауылымның құтты атауы «Тебіренбес» екенін аузы дуа­лы абыз ақсақалдан естіп, ішкі түйсігімнің дұрыстығын сездім. Қаншама есімдер мен елді мекендер атауын кеңестік жүйе сақаудың сөз саптауындай бүлдірді. Тарихи жадымыз­дан өшірді.
Әбдіжәміл аға бізді бастап үйдің екінші қабатына көтерілді. Тау жақ беттегі төргі бөлмені ашып:
– Мына бөлмеге күн шық­қаннан батқанға дейін түседі. Әдейі солай жобалап салынған. Бұл балалардың бөлмесі. Бірақ жұмыстануға ыңғайлы болғасын осындамын. Кабинетім әр жақта. Кезінде Президенттің арнайы тапсыр­масымен салдырып берген үйі. Қаланың ішінде Төлебаев көшесінде этажда үйіміз тағы бар. Немерелерімізбен бір болайық деп тұрып жатқан мекеніміз осы, – деді. Ақсақалын ардақтаған Елбасы мен тірлікте бірлікті қалаған қазыналы қартымыздың ісіне көңіліміз өсіп қалды.  
Әбдіжәміл ағаның жеке жұмыс бөлмесі өмірінен сыр шерткендей екен. Суреттер де өмір белестерінің белгісіндей сөйлеп тұр. Кеңестік, әлемдік әдебиеттегі танымал тұлғалардың қазақ қаламгеріне көрсеткен құрметі де осында. Бірақ әңгімешіміздің сөзінен мақтан емес, керісінше, күрсініс сезілгендей ме? Абайсызда аузына кермек дәм түскендей жан дүниең бір тітіркеніп қалады. Өмірдің шамырқанған шындығы қызыл түлкі дүниенің терісін сыпырып алып алдына лақтырып тастағандай. Ойыма Әбіш Кекілбайдың «Осы бір қаламгер ылғи осылай жазады... Дәйім осылай қаймықтырып, қамықтырып тас­тайды. Жер астына тірілей бір түсіп шыққандай, желпіліңді әбден сап қылып, желігіңді мүлде басып тастайды. Әдейі аптығыңды басып, ақылыңды шашу үшін жазатындай. Бәлкім, сонысы дұрыс та шығар... Самарқау ақылыңды апшытып, тоғышар көңіліңді толқытып, семіре бастаған сезімді сергелдеңге түсіріп, даусыз ақиқат көріне бастаған даңғой ұғымдар мен дабыра гәптерге секем шақыртып, ойсырата ойланта алса, әбден жарағаны емес пе?!» деген сөзі түсті.
Сөйткен Әбішін сағынған Әбдіжәміл аға Кекілбаевтың қақ төбесінен сүйіп түскен суретіне қарап тұрып «Ізімді басып, соңымнан еріп келе жатқан арысым еді, сұм ажал арамыздан ерте алып кетті. Жазымыш солай болғасын не амал бар... Кемеңгер кеңесшім еді. «Соңғы парыздың» атауын өзгерткім келетінін айтып, Әбішке қолқа салғанмын. Бірнеше уақыт өткеннен кейін телефон соғып «Библияның бірінші кітабының бірінші тарауындағы «И назвал Бог свет днем, а тьму ночью. И был вечер, и было утро: день один» деген пайым көңіліңе қонымды ма деді? Ойласа келе, «Сондай да бір күн болған. Сондай да бір түн болған» деп алдық, «Соңғы парыздың» қазіргі атауы осылай деп аталады» деді.
Қоштасар сәтте көзімізді жеткізгісі келді ме «Сендерге ішінде манағы айтқан Қажым да бар, «Тәуелсіздігіміздің тұл­ғалары» деген отыз беттік мақаламның бірінші және соңғы екі бетін оқып берейін деп көзілдіріксіз баяу дауыспен бастады. Ағаның осы сәтін ұялы телефонның бейнежазбасына түсіріп отырып, ойы­ма Көтеш ақынның «Сексен түгіл тоқсанға болмас едім, Ұсақ турап ет берсең балбыратып» деген өлең жолдары есіме түсті. Алла сүйегін әл сақадай қуатты етіп жаратқан Әбдіжәміл аға-бабы мен бағының арқасында сексен түгіл тоқсанға болдыртпай жүрген жаратылысы бөлек кемел тұлға.
Әбдіжәміл ағаның жұмыс бөлмесінің қабырғасында ілулі тұрған табиғат суреті көз жазып қалған танысымдай ұшырасқандықтан ба көз алмай қарап қалғанмын. Соны аңғарса керек, қасыма келіп «Бұл – Арал теңізі келіп тірелген Бел-Аран жотасы, мына биік жотадан төңіректің бәрі көрінеді.  Анау биік жотаның үстіндегі қара ноқат нүкте салғызып қойған мәңгілік мекенім...» деп мән-жайды түсіндіріп болды да, бір қабырғаны тұтас дерлік алып тұрған Арал теңізі картасының жанындағы диванға отырды. Үлкен масштабпен түсірілген картада «Қан мен тер», «Соңғы парыз» кітаптарындағы елді мекен, өзен-көлдер авторымен тұтасып кең панорамаға айналып бара жатқандай. «Соңғы парыздағы» «Сонда қыран ұшар биіктен етекке көз жібергенде осынау жарық дүниені алып жатқан теңізді алқап аспан астына сыймай далиып кетер еді ғой!» деген Нұрпейісовтің шадыман көңілін енді ғана түсінгендейсің.      
Бұл жүздесуге де жылға жуық уақыт өтті. Кездесу барысындағы айтылған әңгімелер мақала болып жарияланады дегесін алға түсіп кетпей әдеп сақтап ақырына дейін күттік. Сөйтіп жүргенде өзі айтқан «Түркістан» газетінде емес, «Ана тілі» газетінің қараша айындағы екі санында көп күттірген «Тәуелсіздігіміздің тұлғалары» атты мақала жарияланды. Академик Қажым Жұмалиевке қатысты жаңа мәліметтермен танысып, бір олжалы болып қалдық. Көзбен көргеніміз бір интервалмен терілген отыз беттік мақала еді. Газеттің екі санында екі беттен артылмапты. Мүмкін...
Кеше мен бүгінді жалғап отырған көнекөз жазушының аталған мақаласы «Сондайда бір дәурен болған...» деп тұрғандай. Ғұмыры да, шығармасы да кең құлашты Әбдіжәміл Нұрпейісов – өмі­рімен де, өнерімен де ақи абыз­дыққа айналған ұлттық тұлға. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің ең жоғары наградасы – «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Еңбек Ері» атағы берілуінің өзі осының бір көрінісі.
Қазақ есімдерінің анықтамалығында Әбдіжәміл сөзі араб тілінде «Адамзат баласына шапағат, ізгілік әкелуші ер» дегенді білдіреді деп түсініктеме берілген. Тұлғалық болмысымен қазақ руханиятын нұрландырып жүрген абыз ақсақал атына заты сай қандай асыл жан. Ақадал пейілмен қойылған есімде бір тылсым бар-ау.  

Азамат МАМЫРОВ,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық
университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты.
ӘДЕБИЕТ 23 желтоксан 2019 г. 972 0