Ақ қар

Ақ қар, ақ қар...
Көңілде қалған дақ бар,
Ақтаршы бәрін, ақтар,
Қалмасын ешбір қатпар.
Жаңарып қайта көңіл,
Жайнасын ғалам – өмір,
Оранып нұрға бақтар,
Оралса екен
Сонау...
Алаңсыз, албырт шақтар!

Ақ қар, ақ қар...
Жер бетін түгел жапқан.
Маужырап мына дала,
Тұп-тұнық таза ауа,
Мамықтай ұлпа, мақпал.
Көңілдің күйін төгем,
Күтерсіз бәлкім, менен
Сағыныш толы хаттар?..

Ақ қар, ақ қар...
Арайлы таңдарымда
Ақ ұлпа арманым ба?
Аспаннан жауып жатқан.
Аралап сезім бағын,
Айналып жырға жаным,
Арманға қанат қаққан,
Ақ қар, ақ қар...
Оралса сол бір шақтар!..

 Ғазиза Әбілда
                                 13. 12. 2019 жыл
ӘДЕБИЕТ 14 желтоксан 2019 г. 1 041 0