« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
«Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдығы аясында өткізілген «Атыңнан айналайын, атамекен» атты облыстық жыр мүшәйрасында 1,2,3 бәйгені жеңіп алған ақындардың өлеңдерін оқырман назарына салуды жөн санадық.
Айдар САЙЛАУОВ, 1-орын иегері.
1996 жылы дүниеге келген.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4-курс студенті. «Баспалдақ» атты алғашқы жыр жинағы 20 жасында жарық көрген. Қазір «Әлімсақ» журналында еңбек етіп жүр.
КИЕ
Сыр-анам мынау,
Нар, боталары боздаған өлкем намыстың,
Жер бетінде емес, жеті қат көктен
әрі ұштың!
Тұран далада туырлық қалса
тоз-тоз боп,
Ұрандағанда «Алаш» деп айтар
арыс кім!?
Жыр арнағанда ішінде
жүрем ғарыштың...
Құндағы құнды,
Бойжеткеніңмен атой салады бозбала,
Бабамның бүгін базынасын,
бірақ қозғама.
Қобыздың үні тоқтаған емес бұл жерде,
Оғыздың ұлын жоқтағанменен боз дала!
Ей, қара жер, қоя тұр бүгін, боздама!
Меккедей мекен,
Өзіңде нағыз саңлақ болып туады ер.
Балиғаттан-ақ белінен ердің буады ел.
Аңыз даламда абыз бабалар күн кешкен,
Аттарын оның ұмытпайды ғой құба бел.
Соның бәріне мынау Сырдария куәгер!
Тәубе де тәубе,
Үміт ерттеген үзілмес енді үзеңгі,
Қамыс қалашық намысқа ұласып түзелді.
Түлкінің қырау құйрығын
шапсын қылышың,
Түркінің мынау Ақмешітінде бүк тізеңді.
Жылқының жалын желбіретпеспіз
біз енді!
Жердегі жәннат жұпарым,
Өзіңде аққан Сейхунның сыңғыр бұлағы,
Аралым арыс, Тұраным табыс тұмары.
Лайсаң суын сіміріп қалсам Сырымның,
Кенеземіздің қанбайды-ау
шіркін құмары.
О, ұлы жер...
Атырабыңда талабым биік тұнады,
Топырағыңа табаным күйіп тұрады.
О, қасиет қонған құт мекен,
Айналдың қазір қазығы қатты қадаға.
Қызылордам бұл –
Сексеуілдейін сирек шығатын далаға!
Бүкіл түркілер тұмарын келіп,
Қорқыт бабаға тағады, ә!
Сыр Алаштың анасы болған осылай,
Анасын іздеп келмегендерден садаға,
Баласы біз деп келмегендерден садаға!
Ержеңіс ӘБДІ,
2-орын иегері.
1985 жылы туған.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ды математика және информатика мамандығы бойынша бітірген.
Белгілі айтыскер ақын.
БІЗДІҢ АУЫЛ
Біздің ауыл теңіздің жағасында,
Қалып кеткен кемелер арасында.
Теңіз емес, кемені көрсетейін,
Жүрші, достым, менімен барасың ба?
Біздің ауыл теңіздің тірісінде,
Ойлап па екен қалам деп құм ішінде.
Құм кешкен ағайындар шат-шадыман,
Күн кешсе, басқасында жұмысым не?
Біздің ауыл күн көрді еспеменен,
Еспеге мен таң барып, кешке келем.
Иінғаш көтергенде тарыққам жоқ,
Ішетін судан басқа ештеңеден.
Біздің ауыл дейтіндей маған құтқар,
Бөгендіктер ғана емес, аралдықтар.
Қалай сүйсем оларды, оларда да,
Маған деген соншалық адалдық бар.
«Біздің ауыл» дегенде жаралымын,
Оларға айтар аз боп тұр жаңалығым.
Ауылыма ештеңе бере алмадым,
Қалды жалғыз ол жақта балалығым.
Балалығым теңіздің жағасында,
Қалып кеткен кемелер арасында.
Менің бала кезімді көрсетейін,
Жүрші достым, ауылға барасың ба?
Ғабит ҚАДІРБАЙ, 3-орын иегері.
1985 жылы туған.
Бірнеше жыр мүшәйраларының жеңімпазы.
Текей батыр атындағы колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
СЫР-АНАНЫҢ ЖҮРЕГІ
Дарияның далиған ар жағы анау –
Сәулеттеніп келесің, сол жағалау.
...Алғашында Ақмешіт сонда бопты,
Ораларын бір заман болжаған-ау...
Тереңінен тарихтың жинап ақпар,
Сияқтысың қазаққа сыйламақ дәл.
Құндылығын ұлтымның ұлықтайды,
Бойын түзген сендегі ғимараттар.
Сол жағалау,
Үмітім сенде менің,
Астанадан қалайша кем көремін?
Құшағыңды толтырсын деп тілеймін,
Сыр-Ананың емшегін емген елім.
Сол жағалау, сен деген – Сыр елі үшін,
Сән түзеген сұлулық реңісің.
Сыр – Алаштың анасы, сен ендеше,
Сол жағында Анамның жүрегісің!
Орнықпасын көңілге майда күмән,
Тайраңдамай төріңде бай-бағлан,
Қолжетімді баспана бол жалпыға,
Қызмет қыл, болса да қай жағынан.
Дүр сілкінген қалпыңды үлгі ұстадым,
Қатар ойлап, бір жағы, тұрмыс қамын.
Иемдендім жақында мен де сенің,
Құт дарыған төсіңнің бір пұшпағын.
Білмесем де қарарын бақтың қашан,
Көңілімнің қалауын таптым да сәл.
Ауылымның аурасын ала келгем,
Бауырыңа бас мені, жатсынбасаң.
Жаратқаннан қазаққа бақ-несіп көп,
Дос сүйініп, даңқыңды жат та есітпек...
Оң жағалау қайсақты Қазақ қылған,
Қайта түле, сен енді Ақмешіт боп!
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |