« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Жұманның жаңа қызмет орнындағы алғашқы жұмыс күні. Кабинетте Сержан екеуі. Олар бұрын іргелес шаруашылықтарда бас агроном міндеттерін бір-бірімен етене араласып, тізерлес атқарған. Көбінесе кеңес беруші Сержан. Бүгін біреуі басшы, екіншісі орынбасары. «Ойы бірдің жолы бір» демекші, бұларды о бастан жақындастырған көпшілік ісіне адалдық. Алдыңғысы өмір сабағын бойына мол сіңірген басалқылы, дүмді азамат, екіншісі білімді, шоқты, райлы сақа жігіт.
– Жұман, құттылық тілеймін жаңа жұмысыңа. Сені бүгін жұрт жоғары бағалады, сенім білдірді. «Бағаңды білген ерге басыңды бер» деген. Енді бұғып аянарың жоқ. Елге, азаматтар үшін күрделі қызмет етуге мүмкіншілік алдың. Әрдайым істерің оңды, мерейің үстем болуына көмегімді аямаспын, – деді бас агроном.
– Секе, разымын. Бұрыннан сізден мол тәлім алдым. Мен соны еш уақытта ұмытпаймын. Бұйырса, енді ауыр жүкті бірге көтереміз.
Содан бері екі жыл өтіпті. Кеңседе жылдық қорытынды қаралып жатыр. Бөлімше жетекшілері кезекпен есеп беруде. Біреуінің жұмысы көпшілік ойынан шықпады. Осыны арқау етіп бас есепші Түлкібай Жұманды сынға алды.
– Бөлімшенің нашар жұмысын меңгерушінің кінәсімен бірге басшының қателіктерінен көремін. Жұман мырза мықты ұйымдастырушы екенін көрсете алмады. Ол қарамағындағы азаматтарға бірдеңгейлі талап қоя алмай келеді. Сонымен қатар осы азаматтың іскерлігі де анау айтқандай жоғары емес деп санаймын. Сондықтан, осы түйінді мәселені біз бүгін түбегейлі талдап шешуіміз қажет, – деді ол салмақпен.
Әншейінде теп-тегіс дуалдың ой-дөңесін жаңа ғана шыққан күн сәулесінің әшкерелегеніндей бұл да басшының не бар, не жоқ олқылықтарын барынша кері ықпалмен молынан көрсетуге барлық өнерін салды-ай кеп. Тегеуріні қатты көрінді. Ойлағанына жеткен сияқты.
Отырғандар арасында күбір-күбір әңгіме басталды, алаңдаушылық туды. Бұл күтпеген оқыс жағдай еді. Шамасы, жас басшыға қарсы алдын ала ұйымдастырылған қилап әрекет болса керек. Осындай қолайсыз сыбыр бар екенін Сержан сезіп жүретін. Бірақ, тікелей ашық ұрынғаны осы. Ол шешуші кезең келгенін байқады. Өйткені, Жұманды сынағаны мұны да тезге салғаны. Екі жыл бұрын Сержан жұртқа ұғымды, мәністі сөз айтып, Жұманның ұжым басына келуіне мол еңбек сіңірген-тұғын.
Бұл екеуі төрт-бес жыл қатарлас шаруашылықтарда қызмет атқарып ағалы-інідей жақындасып, бір-бірімен ұғынысып кеткен еді. Со жылы көктемнің ауа райы қолайсыздау болып, егін дұрыс көтерілмей, Жұман Сержаннан кеңес сұраған. Ол іні өтінішін қалт жібермей дақылдар алқабын асықпай бірге аралап, егіншіліктің Жұман білмейтін қыры мен сырын ашып салған. Кейін де Сержан Жұманның егісіне соғып, ұлағатты сөзі мен маңызды ескертпелерін аяған жоқ. Қатар жатқан екі шаруашылық мамандары түгіл, екі көршінің бірі кейде іштей болса да қоңсының жетістігіне қызғаныш білдіретіні болады. «Табашымен көрші болсаң, қақпаң биік болсын» дейтіні содан шығар. Сержанда мұндай пендешіліктің алаңсыз жоқ екеніне Жұманның көзі сонда шүбәсіз жеткен. Ол әріптесінің терең біліміне тәнті болған. Шамасы, осы ағасына мол білімнің бұйыруы ол кісінің жоғары адамгершілігіне сай Алланың берген сыйы болар деп ойлаған Жұман.
Сол көмек аяқсыз қалған жоқ, ауа райы қолайлы жылдармен шамалас өнім алынды. Бұл Сержанның абыройын асырды, осыдан соң Жұман бұл кісіні әкесінен кейінгі ұстазым деп сыйлайтын болды. Сержанға Жұманның шыншылдығы ұнайтын. Екеуінің де әділдікке ұмтылысы жоғары. «Жақсыға жақсы үйір» дегендей, олардың бірін-бірі терең ұғынып тұшынуы соңында араларына қалтқысыз, қылаусыз сенімді сыналады. Жаңа айтылған уәж Сержанды жайбарақат қалдырмады. Ол орнынан тұрып, алға шықты.
– Уа, ағайын, ауылдастар, соңғы екі жылда бұл біздің бас қосып, ортақ ісіміз турасында ашық пікірлесіп отқанымыз. Жетістігіміз де, кемшілігіміз де бар. Үш бөлімшенің біреуі жақсы жұмыс атқара алмай жатқаны да рас. Бірақ, оның өз себептері бар. Соны ескеруіміз керек, мәселенің түбіне үңілуіміз қажет. Сонда ғана алға нық, сенімді адым жасауға мүмкіншілік туады, - деді бас агроном.
Содан кейін ол арттағы бөлімше кемшіліктерін талдап, басты себептерін түбегейлі ашып берді. Оған Жұманның қатысының жоқ екенін түсіндіріп көрсетті, кемеріне келтіріп, бұлтартпастай нақты дәлелдеді. Сөйтіп, Сержан жұрттың бетін алда тұрған мақсаттарға бұрды, біреулердің ұжымды басшыға қарсы қою әрекетіне тосқауыл қойып тоқтатты.
Осыдан соң бықсыған өсек-әңгіме басылды. Бірақ, оның түп-тамыры жалаңаштанып, суырылып, жойылып ұжым алаңсыз тазарды деп айтуға ерте еді. Қай жерде де, өзгенің оңды ісін көре алмайтын, тек өзіме болсын дейтін жандар кездесетіні белгілі. Осы үлкен ұжымда да сондай пендешілігі басым адамдар бар еді. Олар, әрине, пасық істерін бүктеп, ысырып, біржола жинап қоя салған жоқ.
Бас есепші Түлкібай сол топтың мәмілегері және дем берушісі. Жұман басшылыққа келгесін осыған дейін жасап келген еркін қимылдарын тоқтатуға мәжбүр болған. Бұл оның шымбайына қатты батты. Бұрыннан дәнігіп алған қосымша табыстың көзі жабылғаны оны барынша күйіндірді. Ол Жұманға өлердей ашулы еді. Сыртына шығармағанмен іші құйындай тулайтын. Уақыт өте келе ашуы басылған сыңайлы болғанымен, ол реті келгенде өзі көрінбей, қитықтан ситық шығарып, өзгелерді тасадан басшы соңына салып қоюға көшкен.
***
Жұман Әнуармен жұмыс жайлы пікірлесіп отыр. Осы азаматты жақын тұтып, бөлімше меңгерушілігіне жоғарылатқан өзі. Оның жасы біраз үлкен. Мол тәжірибесі бар, білігі де әжептәуір. Шаруашылықтың бір қапталын көтеріп жүрер деп үміт артқан. Тұтымындағы азаматтарды басқаруда оның ұшқарылығын байқап еді кейінгі кезде Жұман. Сол кемшіліктерін қолмен қойғандай көрсетті. Алайда, басшының осы ағасы жөнінде білмейтін сыры бар. Оның ішімдікке жақындығы. Бұл жағымсыз мінездің кімге де абырой кезіктірмейтіні белгілі. Жеме-жемге келгенде осы азаматтар салиқалықты ұстай алмай қалатын. Ащы судың шылауында жүргенде көңілі көтеріңкі, күйі жадыраңқы болғанымен, ілуде, рабайда орын алатын саналары таза сәттерде олардың сіркесі су көтермейтін.
Алдында Әнуар кемшіліктерін мойындаған кейіп білдірсе де, соңынан ұстамдылық шеңберінен ойысып, сыпайылықты ысыра сала, танауы делдиіп басшыға дүрсе қойды: «Осы сенікі не? Менің соңыма түсіп алдың ғой. Артық өткізгенің, қимайтының қызмет болса, оны қазір-ақ қайтып ала ғой!» деп, түлен түрткендей, ерін бауырына алып, ауыздығын шайнап аусарлық көрсетті. «Ашу барда арым жоқ» деген осы шығар. Бұндай одағай төтен жасы үлкен азаматтан шыққанда Жұман алғашында сасып не дерін білмей де қалды. Сәлден соң бойын жинап: «Қатты кеттіңіз ғой. Ойымда өндіріс мәселесі ғана болатын. Сіз осыны дұрыс түсінбей қалдыңыз білем. Артық айтсам, кешіріңіз» дегеніне де Әнуар ығып тоқтамады, біржола қарасын үзді.
Мұндайды Жұман бұрын көрмеген. «Жылқының аласы сыртында, адамның аласы ішінде» деген осындайдан шыққан болар. Шаруашылық бөлімін басқаратын маман түгіл жай қызметкерге лайық мінез емес. Көзге ұрар дөрекілік пен көңілге дақ салар шеккі бейауыздық. Жасы үлкен азаматтың кәмелетке толмаған жасқа ғана тән таяз шыдамсыздығы. Көңілде көлеңкелі түйткіл қалды. «Шөлдегі шұқанақ суға тоймас» дегендей, азаматтың осынша жасқа келгенше салмақтылық пен сабырға кенелмегеніне Жұман таңғалды.
***
Осы ауылға қызметке келген соң жар жылға жуық, басшыға арналған жаңа пәтер салынып біткенше, Жұман Алтынбектің үйінде тұрған. Алтынбек бөлімше механигі, жасы қатарлас, әйелі балабақша меңгерушісі. Обалы не керек, бұл азамат елгезек, ымырашыл, ақкөңіл ұшпа, өзгенің жайын тез табатын жақсы мінезі бар. Біреу көңіліңдегіңді тауып, басыңа жастық, астыңа төсек болып жатса, кімге ұнамасын?! Жұман оны кейін де ылғи көтермелеп, қолпаштап жүрді. Бірақ, Алла тағала барлығын үйіп-төгіп бір адамға сирек береді ғой, осы жігіт өз ісіне тайқақтау, жеңілтектеу, томақтау болатын. Мұны жұрт та, Сержан да білетін.
Адам әрқашан жоғары лауазымға ұмтылған ғой. Осы мінез биік қабілеттілерге қарағанда іскерлігі пәстеу азаматтарда басымырақ болады екен. Өйткені, олар өз мүмкіншілігін дұрыс, әділ бағалай алмайды, себебі білімі тосаң. Бұларды өмірден мол сыбаға алып қалу мақсаты ғана барынша баурап, орап алған. Солардың қатарында Алтынбек те бар еді. Онсыз да есіре көңілін кейде келіншегінің: «Қашанғы жәй маман болып жүре бересің жұмысқа салынып, сенің де ел қатарлы жұрттың алдына шығатын күнің туар ма екен?» деген сөзі оны елертіп, мүлгіп жатқан шеккі сезімін түртіп қытықтайтын.
Білімді азамат күнделікті атқарып жүрген қызметінен өзіне лайықты қаржылық нәпақасын һәм рухани үлесін алып отырғандықтан ба қызметтік дәрежені аса көп қуалай бермейді. Дегенмен, солардың осы сыпайылығы шамасы төмен адамдарға жол ашып беретінін қайтерсің!..
Содан не керек, бір күні кабинетінде Жұман Сержанмен кез болып пікірлесті. Жәй емес, Алтынбекті бас механик етуге келісімін сұрады. Басшы мұндай қолқа сала бермейтін. Дегенмен, осы пікірлесу Сержанға жеңіл тимеді. Әңгімені Жұман бастады.
– Өзіңіз білесіз, көп жұмыс машина, трактор, комбайндар арқылы бітеді. Бас механигіміз жақында зейнеткерлікке шығады. Ендеше, сол қызметке Алтынбекті қойсақ қалай көресіз? – деді ол.
Сержан күтпеген тосын сауал еді бұл. Әрине, осы қызметтің ұжымда шешуші орны бар екенін жақсы біледі. Алайда, оны салғаннан мазалағаны басшының сол лауазымға лайық емес адамды ұсынғаны. Осыған түсінбеді. Барлық болмысымен мұны қолдамады. Амал жоқ, сауалға жауап қайтару керек.
– Бұл жігіт әлі жас, тәжірибесі аздау ғой, – деді ол, көңілжықпастықпен.
– Жұмысқа кіріскесін тәжірибе келе жатпай ма? – деді Жұман сабырлы үнмен.
Осы мезетте Сержан жол айырықта қалғанын сезді. Бір жағында қораш көрінетін Алтынбек, оңында бағы өрлеген басшы. Шамасы, бұл шешімін қабылдап та қойған. Тек соны сыпайылықпен мақұлдатпақшы ғана. Тіпті оның ақылдаспай-ақ, Алтынбекті жоғары лауазымға қою мүмкіншілігі бар. Сонда не істеу керек? Бұған қалған не бар?.. Осы сәтте оқта-текте көрінетін Сержанның бірбеттігі ояна кетсін. Сол мінез ортақ іске деген жанашырлығы мен адалдығына тап казір орынды үйлесе қабаттасып, ұйқасым тауып, оның өжеттігін де көрсеткендей еді.
Мұны ол Жұманнан күткен жоқ еді. Бұрынғы Жұманнан. Сонда Жұманның өзгергені ме?.. «Алтын көрсе періште жолдан таяды»-ның кері ме бұл? Шын солай ма?.. Әлде, Жұман білместіктен қателесіп тұр ма? Біреулердің болмашыға алтын басын иіп жағымсыз іске үйір болатыны есіне түсті Сержанның. Жұманға іштей ренжіді. Мұны бірден айтып салуға інісіндей жақын азаматты аяды, көңілін қимады. Бірақ, Сержан әрдайым тура жолдан таймаған. Өйткені, әділдік оның өзгермейтін ұстанымы. Қайда жүрсе де содан алыстай алмайды. Қашықтау, қол үзу мүмкін емес. Ақыры, шегінер жол да қалмады.
– Жоқ, мен қарсымын! Мұндай маманға осы күрделі саланы сеніп тапсыру оны күйретумен тең. Адам тани білсем ертең айтқанымдай болады. Сонда салмақ кімге түседі? Сол ауыр жүк мынау тұрған дәл өзіңе түседі, Жұман!
Осы ашық сөзден кейін Жұманның түрі бұзылып кетті. Кісінің осалдыққа берілуінің бір жолы – алдын ала терең ойланбаған ұйғарымды өзінше дұрыс деп қабылдап, оны көптің талқысына салу. Мұндайда басшы жаңсақ ой мен түбегейлі емес келте шешімнің тұзағына түсіп, құрығына ілініп, жұрт алдында ұятқа қалуы ғажап емес. Жұман қазір дәл сондай осал, екіұшты халде еді. Бірақ, оның өзіне ұсынысы дұрыс көрінетін. Содан болар ол Сержанның уәжін түрпідей қабылдады.
– Сіз менің пікірімді неге теріс дейсіз?! Бұл азаматты мен жақсы білемін. Ұжымға азды-көпті сіңірген еңбегі бар. Оған уәде беріп қойғаным бар еді,-деп, байқамай түпкі ойын да білдіріп алды. Кескінінде реніш табы да жоқ емес.
– Олай болса ақылдасып нең бар еді! Өзің алдын ала кесіп-пішіп қойсаң, менің пайымымды несіне сұрадың? – деді, тағы да қатқылдау үнмен Сержан.
Осы кездесу бұрын бірі мен бірінің әрдайым қай жұмыс болса да ойлары мен түйсігі бір алаңда тоғысатын екі азаматтың көзқарастары мен ұғымдарын екі жаққа бұрып ажыратты, алыстатты. Мүмкін «Білгенің қайсы білмегенді кешірмесең» дегенді бұлар сол сәтте жадынан шығарып алды ма?! Біреуі болмаса, екіншісі сабырға бой алдыра тұруы керек еді. Немесе екеуі де шеккі қызулыққа берілді ме? Ойлары таза болғасын, менікі дұрыс деп бәсеңсімей кеуделеді ме?.. Қалай болғанда да, екі достың аралары қашықтай түсті. Орталарына салқындық кірді. Бұрынғыдай ежіл-қозыл ыстық әңгіме айтылмайтын болды, сұлу-сыпайылық басымдық алды. Неге екенін өзі біледі, Жұман Алтынбекті ақыры жаңа лауазымға қоймады.
***
Бас есепші кабинетінде отыр. Оңаша, ой үстінде. Өткен жиында оңбай ұтылғанын ұмытар емес. Содан бері ұжым алдындағы абыройына нұқсан келді. Енді соны қайтару керек, жөндеп жамау міндет. Оның жолы күресті үдете жалғастыруда. Бірақ, қалай? Ашықтан-ашық кетемін деп пайда таппады, жеңілді. Ендеше, әдісті өзгерту керек шығар.
Осы адам қабілетсіз емес, тыңғылықты білімі бар. Бірақ, сол білімді оң жолға салмайды. Мақсаты, көздегені – өзінің жеке пайдасы. Дәйім өзгені сынағыш, жұртқа мін таққыш. Адам мінезінің ой-шұқырын жақсы біледі. Содан болар, біреуді басқаға салып қоюға ұста. Жұмыс уақытының көбін соған арнайды. Бұл мінез оның студенттік кезінен-ақ басталыпты. Осыдан болар, сол уақытта оған жолдастары «Жантық» деп ат қойыпты.
Түлкібай тынбай бүгін тың жол ойлап тапты. Салмақты Сержанға аудару дұрыс деп шешті ол. Өйткені, Сержан – Жұманның қолдаушысы. Соның қарымды ықпалымен Жұман басшы орынтағын иелік еткен. Сондықтан, Түлкібай өзінің қас жауына оның түбегейлі сенген ең адуынды адамын қарсы қоюды жоспарлап, ойластыруда. Өйткені, Сержан тұрғанда өзгенің тісі Жұманға бата қоюы екіталай.
Бөлмеге Әнуар енді. Бұл екеуінің ым-жымы бір. Түлкібай әріден ойлайтын қақсал, аяр адам, ал Әнуар мәселенің байыбына тыңғылықты жете бермей, кейде үстірт кететін кеппе кеуделеу кісі. Түлкібай пасық ындынын іске асыра бастады. «Қудың көзі қысыңқы» демекші, қасындағының іші-бауырына кіріп, маймөңкелей жорғалады. «Әбеке, халіңіз қалай? Неге көңіліңіз пәс?-деді ол, жұмсақ үнмен жәдігөйленіп.
– Шаттық менен не боқ жесін. Анау менің соңыма түсіп алды ғой.
– Анауың кім?
– Бастықты айтам.
– Е, не бопты соншама?
– Болғаны сол, менің кемшілігім көп екен. Азаннан қара кешке далада жүрсем де, оңды іс бітірмейді екенмін.
– Солай деңіз. Онда басынайын дегені. Құдды барлық жұмысты өзі бітіріп жүргендей. Іске солайымен берілген сіздей маман бізде аз. Бұлай жалғаса берсе жағдай қиындайды. Мұны тоқтату керек!
– Қалай тоқтатасың?!
– Іздей білсек оның жолы көп. Соны бірге ойласайық. Әріптес ініңіз Нұрлан қандай жігіт? Ол азамат Жұманның ықпалында, соның айтқанынан шықпайды. Және оған басшы да сенеді.
– Білгенде қандай.
– Ендеше, сол азаматқа жол табуымыз керек. Әрдайым осы жадыңызда болсын!
Түлкібайдың есіне өткен бір жиында Жұманның бас агрономға айтқан ескертпесі оралды. Онда басшы бөлімше меңгерушілері мен мамандарға сіз көбірек көңіл бөліп, олардың кәсіби білігін көтеруге баса назар аударыңыз деп еді. Осы айтылған сөзді Түлкібай өзінше өзгертіп пайдаланғысы келді. Ондағысы, Жұманның сөзіне Сержанның қатуланып, ауырлағанын көрсету еді. Осы турасында ол Әнуар екеуі ұзақ сөйлесіп, шешімге келді.
Шамалы уақыт өте егіс басында Әнуар мен Нұрлан кез бола кетті. Екеуі жол жиегіндегі көгалға жайғасты. Әнуар көлігінің қалтасынан ешуақытта үзілмейтін жартылықты шығарды. Нұрлан сыпайылық көрсетіп шегіншектеп еді, жасы үлкен ағаның ырқына бәрібір көніп, қызу әңгіме арнасына түсіп кеткенін байқамай да қалды. Адам ағзасы мен санасын жібітіп, босаңсытатын ащы судың әсері қойсын ба, екеуі бір-біріне сырларын аша бастады. Шыныққан Әнуардай емес, Нұрлан бұрын ояға келді. Жігіттің мәреге жеткенін жіті бақылап отырған Әнуар дереу шабуылға көшті:
– Нұрлан, өмірде көрмегеніңе кезігеді екенсің. Бұл, адам дегенің алагүлік екен ғой.
– Е-е, Әбеке, мұны қайдан көріп, кімнен байқадыңыз?
– Соны айтамын ғой. Әншейінде ішіндегісін сыртына шығармай, мүләйімсіп жүретінін қайтерсің?
– Ендеше, ол адам біздің арамыздан емес шығар?
– Мен де бұрын сен сияқты ойда едім. Қателесіппін. Сондай адам қасымызда жүр.
– Әбеке, айтсаңызшы тез, күттірмей.
– Қоймадың ғой, ендеше айтайын. Бірақ, мұны сен ешкімге шашпа!
– Болды Әбеке, тісімнен шығарсам, кәне.
– Ендеше, тыңда. Сержан ағаң нағыз екі жүздінің өзі.
– Астапыралла!.. Сіз не дедіңіз, Әбеке!
– Айтқаным сол. Сол ағаң өте нашар адам.
– Мен бұған сенбеймін!
– Онда әрі тыңда...
Әнуар Түлкібай екеуі келіскендей Сержанды Жұманның нағыз жауы етіп көрсетті. Жеке отырыста ол сыртынан Жұманға қатты кіжініпті. «Бұл кірменің кім екенін есіне салу керек. Кімнің арқасында осынша абырой-атаққа иелік жасап жүргенін есіне түсіру қажет. Құдайын ұмытайын деген екен» деп шүйлігіпті. Сөйтіп, Түлкібай құрған тұзаққа Нұрлан ілігіп, шыға алмайтындай шатасты.
Әнуармен екеуара болған әңгіме Нұрланның ұнжырғасын түсіріп қатты әсер етті. Сол әңгіме жадынан шықпай-ақ қойды. Қалай шықсын, мұның өмірлік ұстанымын, өзгелер жөніндегі ой-пайымдарын, адамдар қарым-қатысының бұл білетін шама-шарқын тас-талқан етіп қиратып кетсе. Болған іс тіптен де нанымсыз! Сержан ағасының қалай осындай қадамға барғанын олай толғанып, былай ойлап түсінбей-ақ қойды. Тіптен сенімсіз дүние! Сенбейін десе, мұны айтып отырған сол Сержанмен қатарлас бұрыннан сыйлап келген Әнуар ағасы.
Нұрлан өмірдің ащы-тұщысына шомылмаған, мектепте оқығанымен күнделікті өмірін өз қатарларындай сүріп келе жатқан. Содан болар қасында қызметтес жүрген азаматтарға деген сенімі шілденің ыстығында салқын қамыс шошалада ұйыған, үлкен ағаш қасық салсаң төгілмей тек дірілдейтін ғана қою қатықтай болатын. Бүгін сол сенім ыдырап сұйыла бастағандай.
***
«Отыз екі тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» дегендей, Жұман мен Сержан арасындағы әңгіме Алтынбекке жетіпті. Ол Сержанға зіл қадапты. Түлкібаймен бірігіпті. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, осы азаматтың дәл қазір қолына іліккеніне Түлкібай іштей қатты қуанды. «Іздегенге – сұраған» осы болар. Түлкібайдың кеңесімен Жұман айтты деген сөз таратты ол. «Жақында бас агроном ауысады, орнына ауданнан жас, іскер маман келеді» деген лақап жайылды. Мұны Жұман білмейді. Есесіне бұл әңгіме Сержанға жеткен. «Адам құлағынан семірер» деп бекер айтпаған ғой, осы өсекке Сержан сенгісі келмесе де, елең етті. Бірақ, өсектің құдіреті бар. Адамның ойынан кетпей, тапжылып тұрып алатыны. Сөйтіп, оны бірте-бірте көндіретіні, қармағына ілетіні. Ойда-жоқта кез болған Алтынбектің одағай сөзі жадына орала кетті Сержанның. «Сізді жақыным деп жүрсем, өзгеден бетер маған теріс қарағаныңызға түсінбедім. Мені кеудемнен итерсеңіз, сізді де кемсітер адам табыла қоймас дейсіз бе?!», – деп еді сонда Алтынбек. Осылардың өзара байланысы бар сияқты. Сержан Жұманға тағы ренжіді. Мұның қарсы болғанын Алтынбекке, әрине, Жұман айтты деп ойлады ол. Бірақ, олай емес еді. Бұл сырды Жұман өз жұбайына ғана байқамай айтып қойған. Ал, ол Алтынбектің келіншегімен жақын құрбы. Одан арғысы түсінікті.
***
Алтынбек таратқан қолайсыз хабарды Сержанға Берік жеткізді. Ол ықтиятты жас бригадір. Өзге болса мұның мәнісін бірден Жұманнан сұрап білер еді. Бірақ, өзіне де, өзгеге де талапшыл Сержан емес. Осыған қоса оның аздаған шікәмшілдігі де бар еді. Ол күнде көріп жүрген Жұманнан жөн сұрамады. Күннің жылымығында жер үстіне жанай лақтырылған кесекке кеше жауған қардың қуана жабысып, жұмырлана түсетініндей, бұл екеуінің біріне деген іштей реніші мен өкпесі сол кезеңде дендеп те қалған еді. Мұндайда адам баласы түймедейді түйедей көреді екен. Келісу емес керісуге жақын тұрады. Бәлкім, осындайда азамат ақылынан гөрі жүрегіне сене ме, қалай?.. Осы жауапты сәтте кісіде ақыл сезімнен сәл пәстеу болады екен. Біреуі жылы емеурін білдіріп алға адым шықса ғой, мұны екіншісі лезде қағып алар еді. Сөйтіп, екі азамат қайта табысар еді. Өкінішке қарай, олай болмады. Достар арасы одан сайын салқындай түсті.
Ертеңіне Сержан Берікке тағы жолықты. «Достық бірінші келіспеушілікке дейін екен. Амал қанша. Онда бұл азаматты орнына қояйық», – деді ол.
– Кеше ғана оны өзіңіз қолдап жүр едіңіз ғой?
– Кеше қолдаған болсам, бүгін жағдай өзгеше. Өзінен көрсін!
– Ойыңызда не бар?
– Оны ауылына қайтармыз!
– Әлі де ойлансаңыз қайтеді?
– Мен осы іске әбден ойланып кірісіп отырмын. Берік, сен Нұрланды менің жағыма шығар. Саған нақты тапсырма осы. Өзгелермен сөйлесемін! Барлығын өзім ұйымдастырамын.
***
Екеуі кез бола кетті. «Нұрлан, күнделікті күйкі тірлікпен қатар ел жағдайын да ойлау керек шығар. Көп айт, аз айт Жұман осы жердікі емес. Сондықтан, осы ауылға оның жаны қатты ашиды деп айта алмаймын», – деді Берік.
– Қызық екен! Бұл қайдан шыққан әңгіме?-деді Нұрлан таңданыспен.
– Мұны біраз адам көтеріп жүр. Олардың ойы басшыны осы ауылдың азаматымен ауыстыру.
– Сержан аға біле ме?
– Білгенде қандай. Сол кісі осы істі қазір өз қолына алып отыр.
Бұрын Әнуардың айтқаны осыған дәлме-дәл келіп қалғанын қарашы. Нұрланда енді күмән қалмады. Ол Жұманға жетті. Ойындағысын солайымен ақтарып салды:
– «Сенген сиырым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын», – дегеннен басқа айтарың болмайды екен мұндайда. Сіздің Құдайдай сенген Сержан ағаңыз сыртыңыздан не айтып жүргенін білесіз бе? Ол кісі осы ауылдың азаматтарын сізге қарсы бағыттайды екен.
– Жоқ, мен сенбеймін. Ол кісі бұған бармайды.
– Ендеше барды. Әнеукүні жиналыста сынға алғаныңызды көтере алмапты. «Мынау кірме Құдайын ұмытайын деген екен. Енді бұрын кім болғанын есіне мықтап түсірейін», – деп кіжініпті сыртыңыздан. Ол ағаң арамза топ құрыпты. Соны сіздің соңыңызға салып қойыпты. Мен осыны өтірік айтпайтын сенімді азаматтан естідім.
***
Жұман өз ауылына бір күнге келіп көңілін жазып, ағайын-туысқандарымен араласып, әке аужайын бағып жүр. Ол – сексенді алқымдаған, көпті көрген, кінәз текті, өрісті кісі. Көп жылдар егін шаруашылығының қақ ортасында жауапкершілігі ұшан-теңіз бригадірлік қызметті атқарып, зейнетке шыққан. Өңірге, ауданға белгілі. Ауылда сыйлы, айтары мол, өнегесі биік. Мезгіл екінті әлеті. Әкесіне сәлем береміз, бұған жолығамыз деп келген ағайын қонақасын ішіп-жеп, ұзаған уақ. Баласының көңіл күйін бірден аңғаратын әке ұлының ойында түйткілді мәселе тұрғанын оны көргеннен-ақ аңғарған. Соны білудің сәті енді түсті.
– Балам, маған айтарың бар сияқты. Кәне, мәнзеліңді хабардар ет, бірге ойласайық, - деді ол.
– Ия, көке, қалай біліп қойдыңыз?
– Ертең сен мен сияқты өз ұлыңның жанында тұрсаң, сен де балаңның ойындағысын айтпай-ақ сезетін боласың.
– Маған осы қызметке себепші болған Сержан ағаны білесіз. Сол аға жөнінде Сізбен кеңесейін деп едім.
– Оны бұрыннан білем. Мен кісі болған шағымда оның аты ауданға тарай бастаған. Аңғарғаным өте әділ азамат. Білімі терең, адамгершілігі жоғары деп сыртынан қасындағы жұрт айтатын.
– Ол ағаның мен осы қызметке ауысардағы мол еңбегінен де хабардарсыз. Ендеше, соңғы уақытта сол кісі екеуміздің арамыз суып барады.
– Иә, сонда не боп қалды? Тысқары жүргенде айналаңдағы естияр азаматпен тіл табыспай не бітірмексің?!
– Мен тіл табыспайын деп жүргем жоқ. Бірақ, түсінбейтінім көп. Шатасып қалдым, көке.
– Қарадай, тектен-текке шатасып не болды саған?!
– Қателеспеудің жолын біраз іздедім. Бірақ, ұжымда өзге адамдар да бар ғой. Маған бір-екі адам сол ағаны жамандайды.
– Балам, сен ұсақ адамдардың құрған тұзағына түскенсің-ау, шамасы. Есіңде болсын, болымды, текті азаматтар пендешілікке, майдалыққа бармайды. Сержан сондай адам. Сені өзі қызметке қойған кісі саған зиян ойламайды. Қолын өзі кесе ме? Ақылға сыймайды!..
– Маған өзге адам жеткізіп отыр сол ағаның менен бетін теріс бұрып, ор қазғанын.
– Ендеше, сол ортадағы адамды тексер. Ол саған дос емес. Өз қатарың мен кішілер арасындағы қатысыңды өзің білесің. Бірақ, жасы үлкен азаматтарды қатты сыйла, ұлым. «Үлкенді сыйлаған» қазақпыз. «Үлкеннің әмірі – уәжіп» деп бекер айтылмаған. Өзіңнен үлкен азамат көп жасаған, сондықтан сенен гөрі мол көрген, өмірді кең біледі. Бір сырымды айтайын. Сендей, мүмкін сенен де жастау кезім. Қатардағы агрономмын. Алайда, менің көңілім «нан пісірердей». Бірде байырғы диқанмен келіспей қалдым. Мәселе егіс күтімінде еді. Мен кітаптан оқығанымды айнытпай орындау керек деп егіншілерге қысым көрсеттім. Ал, жаңағы кісі өзінің тәжірибесіне сүйене тыңайтқышты қазір емес, екі жеті өткесін беру керектігін дәлелдеп тұрып алды. Қайратым мол, тайынатыным жоқ, ақыры менің айтқаным болды. Бірақ, тыңайтқыш жетпей қалды. Оны әкелеміз дегенше он күн-екі жеті уақыт та өтіп кетті. Сөйтіп, қалған егісті жаңағы диқан айтқан мерзімде қоректендірдік. Қызығы, соңынан тыңайтқыш берілген жерден өнім анағұрлым мол түсті. Өзгелер осыны іштей білген шығар, мен жұрт алдында өз қатемді мойындауға батылым жетпеді, сол азаматтан оңашада кешірім сұрадым. Менің осыған ғана шамам келді. Саған айтар тәмсілім осы, балам!
– Сөйлескеніңіз жөн болған екен.
– Міне, осыдан соң мен жасы үлкен, көпті көрген азаматтардың алдында басымды әрдайым иіп жүрдім. Одан кем болған жоқпын. Біле білсең, үлкенді сыйлағаның – өз келешегіңді ойлағаның. Бұл, сөз жоқ, алдыңнан шығады. Сені тағы бір қателіктен сақтандырғым келеді. Адамның бәрі жақсы, үңіле білсең, түсінуге ұмсынсаң оларда жағымды қасиеттер табылады. Бірақ, жақсылардың да жақсысы болады. Сондай болымды азаматтармен қызметтес жүру – ғанибет, өмірлік мектеп. Өйткені, олардың көңілі дарқан, ойы кең, пейілі адал. Уәдеге берік. Сенімі қайырымды, таза. Меніңше, Сержан сондай адам. Осы есіңде болсын, ұлым!
***
Жұман оңаша қалып дегбірсіздене ойға шомды. Әзәзіл сықылықтап: «Сенбе ол ағаңа, ол да пенде. Оның да ойлайтыны өз қамы. Сені пайдаланғысы келеді. Қашық ұста одан өзіңді» десе, ақыл салмақпен: «Асықпа, ойлан. Түбіне, байыбына жет! Не нәрсені бүлдіру оңай, қалпына келтіру қиын» дейді.
Әкесінің осы азамат жағында екенін сезеді. Бірақ, ол бар шындықты білмейді. Сержан шектен шығып бара жатыр. Ол мұның ішкі жұмысына қол сұғып отыр ғой. Осыған қалай көніп шыдарсың?!..
Мұнда қоныс аударып көшіп бара жатқанда әкесінің: «Қиын уақта сабырға жол бер, балам!» дегені есіне түсе кетті. «Ата өсиеті түсінікті, қарапайым, орындалуы неткен ауыр еді» деп Жұман күрсінді. Әкенің өткір қарасы көз алдында тұрып алды кетпей. Ол амалының жоғынан сұрапыл тебіреніспен перзенттік міндетін оң етті. Райынан қайта бастады. Сөйтіп, сабыр таразы басты. Сезім ақылға жол берді...
Маған сонша игілік істеген текті азамат мұндай пендешілікке қалай барады? Барды ма, жоқ па? Олай болуы мүмкін емес!.. Онда бұл жалғанда адамға сенуді қою керек! Сонда «Адам күні адаммен» деп бабаларымыз бекер айтқан ба?! Жоқ! Бабалар ешуақытта қателеспеген!.. Өмірдің қысылтаяң кезеңдерінде солайымен беріліп, шынайы ақылдасар, сүйенер, көмек сұрар адамың болмаса, өмірдің бәсі не болмақ?!.. Есіне мұның отбасында Сержанның көпшілік алдында: «Мен әрдайым Жұман інімнің ісіне толық разымын. Ал, Жұманның маған көңілі тола ма, басқа ма, оны өзі біледі» дегені түсті. «Апырай-ә, сол мезетте осы сөздерді де Сержан аға өтірік айтқаны ма?»-деп Жұманның ойы зу етіп, іші мұздап кетті... «Жо, жоқ! Бұл мүмкін емес!..»
***
Осыны өз қолымен істеген Сержан қатты толқыныста. Ол Жұманның жастығын, албырттығын ескермепті. Жұман мұндай күрделі жағдайды әлі көрмеген ғой. Осы сыннан өтсе жақсы! Өте алмаса ше?!.. Онда мұның басшыға істегені зорлық! Бұрын да Берікке Сержан жорта, қасақана өтірік айтқан. Мақсаты Жұманды сынау ғана еді. Ал, Берік өзінше бірнәрсе бүлдіріп қойса ше?!.. Осыны ойлағанда Сержанның зәресі кетті. «Ойыннан от шығады» деген шақар сөз санасын жалындай шарпыды. Берікке айтылғанның ойын екенін тек өзі біледі. Бұл сынақ Жұманды қатерге ұрындыруы мүмкін екенін жаңа ғана түсінді Сержан. Сонда не істеу қажет?.. Жылдам Жұманмен жолығу керек!
Сержан сыртқа шығайын деп жиналып жатыр. Зайыбы Жұманның келгенін айтысымен артынша оның өзі де бұл отырған бөлмеге енді. Сержан қобалжыңқырап орнынан тұра берді. Жұман кірісімен ағасын құшағына алды. Әсте жіберер емес. Сержан да інісін қатты қысты бауырына. Құдды, бірін-бірі көптен көрмегендей. Әйтпесе, бұлар күнде жолығып жүр ғой. «Аға, мен келдім не деп, не айтсаңыз да! Қиналдым! Мүлде шаршадым! Бұдан былай шыдар емеспін!» деді дауысы дірілдеңкіреп Жұман.
– Жұман, сен кешір мені!
– Мұныңыз не, аға? Мен сізді не үшін кешіруім керек?!
– Менің қатем бар жіберген!
– Ол не аға? Мен түк түсінбедім ғой!..
Сержан болған істі айтып берді. Жұман таңдана тыңдап болды.
– Айтыңызшы, сіз жұрттың жеткізгеніндей іс жасаған жоқсыз ғой, аға?
– Әрине, істегем жоқ!
– Мені Құдай сақтаған екен! Мың да шүкір Аллаға! Сіздің адал екеніңізді жүрегім сезген!..
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |