Кейде өзімді Қожа секілді елестетемін. Кәдімгі «Менің атым – Қожадағы» 5-сыныпта оқитын, досы «қара Көже» деп атайтын Қожаберген ше... Мен қазір 7-сыныптамын. Менің де сабақ үлгерімім жақсы болғанымен шәлкестеу мінезім баршылық. Қожа сияқты мұғалімнің сөмкесіне бақа салмасам да, анда-санда қыздардың шашынан тартқылап қоятыным бар. Бірақ менің құжат бойынша есімім – Бауыржан. Олай тек ұстаздарым мен сыныптастарым ғана атайды. Ал үйдегілер мен туыстарым, көрші-көлем үшін мен Қалдошпын.
Неге дейсіз бе?.. Сәби кезімде менде тостағандай қоңыр қошқыл қалым болған. Бір емес, екеу тіпті. Бірі – тас төбемде, екіншісі сол қолымның шынтақ тұсында. Сөйтіп, менің ырымдап қойылған екінші есімім Қалдош болыпты. Бірақ келе-келе қалдарым жойылып, қазір ізі де қалмаған. Тек суреттерден ғана көруге болады. Ал Қалдош деген атым маған мәңгіге енші болып қалды.
Бастауышты әлдеқашан бітірсем де, біреу-міреу Қалдош деп атай қалса, еркелеп кетуге дайын тұрамын. Қожадан бір ерекшелігім – осы есімімді жақсы көремін. Адамға куәлік бергенде неге негізгі есімі, екінші есімі деп бөлек-бөлек жазылмайды екен?
Менің мінезім де есімдеріме байланысты сияқты. Мектепте Бауыржан батыр секілді байсалды да тәртіпті болып жүрем де, үйде және көшеде Қалдош болып кетемін. Әлі де балалығым-шалалығым шығар... Соның пайдасы да болар – ережесіз жекпе-жек жарыстарынан жүлделі орындарға қол жеткізіп жүрмін.
Қожа секілді мен де кейде өз-өзімді сұрақ-жауаптың астына алып қияли болып кете жаздаймын. Құпия жиналыстарымның қорытындысы біреу-ақ: Бауыржан болсам да, Қалдош болсам да, ең бастысы, ата-анам мен мектебім мақтанатындай жақсы азамат болып өсуім керек!
Көкжиектен
не көрінеді?
Біздің ауылда тау да, төбе де жоқ. Тегіс дала ғой. Тіпті тал да сирек. Екі-үш оқып жүргенімде алысқа көз тігіп, көкжиектің артында не бар екен деп ойлайтынмын.
Ал қазір білемін (бақандай жетіншіде оқимын ғой). Көкжиектің арғы жағында басқа ауылдар, қалалар, одан да алысырақ жүрсең басқа мемлекеттер бар. Барлық ауылдар да, қалалар да, мемлекеттер мен құрлықтар, мұхиттар мен таулар да бір ғана жер шарында орналасқанын да білемін.
Ендігі ойым «Жердің сыртында не бар екен?» дегенге ауысты. Әрине, жер де өзге жеті ғаламшар секілді күнді айналып жүретінінен хабардармын. Мектепте ұстаздарымыз оқытқан. Сонда күн жүйесінің сыртында не бар, біздің галактикамызда, тіпті одан да тыс жерлерде не бар?
Мәссаған, осыны ойлаудың өзі басымды ауыртып жіберді. Не деген ауыр ойлар. Ғалымдардың бастары қалай жарылып кетпей жүр екен?
Одан да ойымды өзгертейін. Сыртында емес, ішінде не бар деп ойлап көрейінші. Мысалы, көз ұшындағы көкжиектің сыртында емес, ішінде не бар, яғни, өз ауылымда не бар, кімдер бар? Қала деп ресми аталса да, ауылым деп атап кеткен өзімнің туған мекенімде көрікті де көркем жерлер көп екен ғой. Атағы жер жарған азаматтар да жеткілікті екен. Тіпті өзімнің сүйікті мектебімнен қаншама ұлы тұлғалар түлеп ұшқан екен кезінде.
Байқап қарасам, ауылым жылдан-жылға қарыштап дамып, өсіп-өркендеп келеді. Бұл – енді үлкендерден естігенім. Олар шындықты айтады ғой. Көріп, куә болып та жүрміз.
Тіпті өз үйімнің ішінде де мені жақсы көретін, бұл ғаламда мен үшін ең қымбат жандар бар екен. Мұны ұға алғаныма шүкір. Өмір көкжиегінің сыртын тану үшін алдымен ішіндегі құндылықтарды біліп алу маңызды екенін түсіндім.
Бауыржан БЕКЕНҰЛЫ,
№13 орта мектеп оқушысы.
Арал қаласы.