« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Соңғы кезде, қас қарая бастаса шошитын халге жеттім. Жұмыстан қалжырап, шаршап келесің. Кешкі асты ішкен соң, төсекке құлай кеткің келеді. Бірақ, мен бейбаққа ондай бақ бұйырмаған сыңайлы. Неге десеңіз, мені, екі көзі төрт болып, анадай жерде немерем тосып отырады. Себебі, оған жатар алдында ертегі айтып беруге тиіспін. Бір ертегіні - екінші рет қайталатқызбайды. Әр жолы жаңасын ғана айтуың керек. Осы күнге дейін есімде қалғанын, елден естігенім мен кітаптан оқығанымды тәмамдап, ақыры кітапханаға баруға мәжбүр болғам. Ежіктеп оны да бітірдік. Ара-тұра әжесіне сілтесем, оның әңгімесінен ат тонын ала қашады. Әжесінің ертегілері бір-бірін қайталап, ми палау болып кеткелі қашан.
- Ата, сіз, өте қызықты, жақсы айтасыз, - деп мені мақтап қояды көкешім. Амал нешік менің де жиған-тергенім түгесіліпті. Шындығына келгенде, осы кеште не айтарымды білмей, дал болдым. Тіпті тамақ ішіп отырғанда соны уайымдап, ішкен асым бойыма сіңбеген тәрізді.
- Саған не болған? Жұмысыңда бірдеңе бүлдірдің бе? – деп алаңдады кемпірім.
- Бәрі ойдағыдай, - дедім де, қашан дастарханнан тұрғанымды тағатсыз тосып отырған бес жасар немеремізді көз қиығыммен нұсқадым. Менің уайымымды ұққан ол, мырс етіп күлді.
- Ол, сені жақсы көреді! Ал менің дауысымды естігісі келмейді...
Мені емес, ол менің әңгімемді жақсы көретін шығар деп айта жаздадым да іркіліп қалдым. Қалай дегенмен де мен оның ыстық ықыласын жаулап алғаным рас-ау. Соны ойлағанда кәдімгідей көңілім көтеріліп қалды. Шашын келтелеу, қос бұрым қып өрген немеремді жетектеп, оның жатын бөлмесіне бет алдық.
- Ата, осы жолы сіз, өзіңіз ішінде болған ертегіні айтып беріңізші.
- Ондай ертегі болмайды, балам... Ертегі деген - сонау баяғы заманда болған, өтірік-шыны аралас әңгіме ғой.
- Осы күнге дейін маған шіли өтірік айтып келгенсіз бе?
- Ойбай, құдай сақтасын, айналайын! Елден естігенімді, кітаптан оқығанымды ғана айттым.
- Олай болса, бүгін маған өз ертегіңізді айтасыз.
- Қарғам, ертең сол өз ертегімді іздеп көрейін, тапсам айтып берем. Жұмыстан қатты шаршап келдім. Әзірше, әжең бірнәрсе оқып берсінші...
Аузымды жиып үлгергенше балақай ойбай-аттанға басып, есімнен тандыра жаздады. Келесі бөлмеден әжесі жүгіріп жетіп, екі жақтап жүріп, әрең уаттық. Сонымен өз ертегімді айтып беруге көндірді. Кенет, сонау бала кезім есіме орала кетті. Мен де ертегі тыңдағыш едім. Тура жатар алдында, үлкен кісілер: небір тұла-бойыңды түршіктіретін, қорқынышты хикаяларды жарыса айтушы еді. Артынан сол түсіңе кіріп, бет алды бақырып, шошып шығатынсың. Осындай тәсілмен олар мені түнге қарай ертегі тыңдаудан бас тартқызған сыңайлы. Сол ұтымды тәсілді мен де немереме қолданбақ боп бел будым.
- Сонау бір өткен жылдары, әкемнің ақ таяғын ұстап, қой баққан кезім еді, - деп әңгімені арыдан бастадым. – Ата, не қой бақтыңыз ба? Сіз, бастық емессіз бе? – деп немерем орта жолдан киіп кетті.
- Балам-ау, мен қолма-қол бастық бола салған жоқпын ғой! Сен өзің ертегі тыңдағың келе ме? – дедім оған, іштей айнып қалса екен деген үмітпен. Ол мақұлдап басын изеді де ары қарай сөзімді бөлген жоқ.
- Содан құз жиегінде қойымды жайып жүр едім, қалың талдың арасынан - адамға ұқсайтын бір албасты сияқты құбыжық атып шықты, - деп балам қайтер екен дегендей көз қиығымды тастадым. Ол басын көтеріп алып, көздері бақырайып, мені ыждағатпен тыңдай қалыпты.
- Бастапқыда ойыма ешқандай күдік келмей, әлгіні рас адам екен деп қалдым. Ал, ол болса, қолына түскен бір қойды бас сап ұстап алды да, өзі шыққан ну жынысқа қайта қойып кетті. Кейін естісем, бұл - осы өңірге талайдан бері ойран салып жүрген қара албастының өзі екен! Одан қорқыққан ел-жұрт бір-біріне айтуға дәті жетпей, іштен тынып жүріпті. Солар құсап менің де аузым буылды. Бір жағы: айдың ашық, күннің жарығында малдан айырылып қалғаныма намыстанып, ұяттан жерге кірдім. Мүмкін, өзгелер де мен құсап, намыстан жерге қарап жүрген шығар деп түйдім.
- Ата, сіз соғыста болған батыр емессіз бе?
- И-и, балам-ай, айтасың-ау... қайдағы батыр? Жарайды ары қарай жылжиық. Бір орайы түскен сәтті күні ауылда үлкен той бола қалды. Сол қалың жиында мен ел ортасына шығып: - Уа халайық! Мынау басымызға шығып, намысымызды таптап жүрген қара албастыны ұстап, жазасын берейік! Шыдамның шегі бар! – деп үндеу тастадым. Барша жұрт қолдау танытып, шу ете түсті. Көпті арасынан бір ақсақал ортаға шығып: - Елдің үмітін ақтайтын бір адам болса, ол - осы сенсің! Біз саған сенім артқалы тұрмыз. Құтқар, жұртыңды сол пәлекеттен! Дұрыс айтып тұрмын ба, халайық? – деп көпшілікке сауал салды. Халық қарияың сөзін қоштап, тағы да жабыла шу етіп, қолдау танытты.
- Ата, сіз кереметсіз ғой!. Дұшмандарды қырған, шын батыр екеніңіз өтірік емес қой?!
- Уақыт өте, бұрынғың- ел сенбейтін өтірікке айналады балам...
- Сонда бұрынғыға кеткеннің барлығы өтірік пе?
- Кейде солай, кейде олай емес... Қысқасы қалың ел мені көндірді. Көз шұқыса көрінбейтін бір қараңғы түнді жамылып, жорыққа шықтым. Мылтығымды алмадым. Оқ-дәрінің иісін сезіп қояр деп қауіптендім. Әкемнен қалған болат қанжарды ғана алдым.
- Ол атамда батыр болған ба?
- Иә, біздің ел түгелімен батыр тұқымынан тарайды.
- Мен де өздеріңіз секілді болғым келеді!
- Әрине, алтыным, боласың!.. Сонымен қап-қара түнек басқан, терең құздың түбіне қарай түсіп келемін.
- Көз шұқыса көрінбейтін бе?..
- Мені тыңдайсың ба? Әлде өстіп жағаласып отырасың ба?
- Тыңдаймын ғой, ата... қызықтырып барады да.
- Қорқып отырған жоқсың ба?
- Тинәмдай да қорыққам жоқ. Қасымда өзіңіз барсыз ғой.
Кімді қорқытпақ болғанымды енді ұғып, «Қап әттегенай-ай», деп санымды соға жаздадым.
- Қай тұстан тап береді екен деп, жан-жағыма алақтап келе жатырмын. Кенет бірдеңе сыбдыр ете түсті. Тұрған орнымда қазықша қаттым да қалдым. Жүрегім тарсылдап, аузыма келді. Жайлап, қанжарымды шығарып, шабуылды тойтаруға әзірлендім. Сөйтсем, салдырлатып жүрген - менен шошып ұшқан құс екен. Құздың табанына да жеттім. Ашық алаңқайға тап болдым. Сол жерге тізе бүгіп, аздап демімді алдым. Шөл қысып барады. Анадай жерде сарқырап, таудың асау өзені ағып жатыр. Суы тіс қақсатар, мұздай екен. Өзіммен бірге ыдыс ала шығуды ұмытып кетіппін. Алақанымды ожау етіп, шөл басуға тура келді. Суық судан соң және өзен жақтан ескен салқын лептен - денем тоңази бастады. От жақпаса болмайтын сықылды. Жалыны ойнақтап, шырт-шырт шоқ түкірген отқа емініп, бойымды жылыттым. Соның арасында қарын да шұрылдап, тамақ сұрай бастады. Біреу келе жатқандай, аяқ дыбысын құлағым шалып қалды. Қараңғылықты жыбырлатып, әлдене қозғалғандай болды. Мен қанжарымды жеңіме жасырып, таяп келе жатқан қауіпке қарсы тұруға қамдандым. Қара түнектен адамға ұқсас сұлба суырылып шықты. Үстіндегі киімі алба-жұлба. Қорқақтай келіп, менің қарсы алдыма шөке түсіп отыра кетті. Қобыраған шашы аяғына оралып жүр. Соған қарап, неде болса, бұл – албастының ішіндегі әйел заты болар деп жорамалдадым. Екі қолын қолтығына жасырып, көрсеткісі келмейді. Мылқау адамша жағын ашпады. Бірақ, отпен қоса жарқылдаған көздерінде - қарным аш дегендей сәуле ымдайды. Піскен етті шетінен кесіп, ұсындым. Ол қолын созған кезде саусақтарының орнындағы аюдың тұяғындай сояу-сояу - жез тырнақты байқадым. Төбе шашым тік тұрды. Әйел кейпіндегі - Жезртырнақ деген осы екен ғой! Ол туралы: сонау бала кезімде - ертек-аңыздардан талай естігенмін. Бірақ, тура осылай, бетпе-бет кездесем деу, үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Өзімнің үрейімді оған білдірмеуге тырыстым. Егер ол, менің қорқыныштан қалтырай бастағанымды байқаса: еш ойланбастан бас салып, жәркемдеп тастауға тайынбайтын еді. Ұсынған етті қомағайлана шайнап, арасында отпен шағылысқан аппақ өткір тістері - алмас қанжардың жүзіндей жалт-жұлт етеді. Ішімізге ел қонған соң, көңіл жайланып, екеуміз бір-бірімізге үнсіз қарап, біраз отырдық. Оның жуық арада кетер түрі жоқ. Мені ұйқы меңдеп барады. Қайта-қайта есінеуге көштім. Ол мені түсінгендей болды ма рахмет айтқан кісіше басын шұлғып, қараңғыға қайта сіңіп, жоқ болды. Оттан алыстау төсек жайып, жайнаған шоқтарды сөндірдім. Аяқ-асты жел көтеріліп кетсе, кім білсін, ар жағы не боларын... Шапанымды жамылып, сәлден соң, әдейі қор ете түстім. Байқаймын, әлгі пәлекет менің ұйқыма кедергі келтірмейін деп, әрменірек кеткен тәрізді. Сірә, шабуылды менің қалың ұйқыға кірген кезіме жобалап, соны тосуға ниеттенген тәрізді. Біраздан соң тың-тыңдасам, жақын маңда ешкім жоқ секілденді. Сол арадан кісі бойындай бір кеспек ағашты тауып алып, үстіне шапан жауып, өз орныма жатқыздым. Ал өзім - биік теректің басына өрмелеп шығып алдым. Көзім ілініп кетіпті. Төменде тысырлаған тосын дыбыс оятып жіберді. Байқаймын, аяғын аңдып басып, ұрланып келе жатқан әлгі албасты секілді. Ары қарай не боларын тостым. Сол кезде, аспанға қалықтап ай да көтерілді. Құз қаншалықты терең дегенмен, ай сәулесі табанына еркін жетіп тұр. Ағаш басында отырған маған, астымдағының бәрі, алақанға салғандай анық көрінеді. Әлгі неме жотасын күжірейтіп, екі қолын қанатша жайып, «ұйықтап жатқанның» үстіне төнді. Сосын аңша ырылдап, бас салды. Құшағындағы адам емес екенін білгенде ғана – ол, өзінің алданған білді. Оның жезтырнақтарының ағашқа кіріп кеткендігі соншалықты - қайта суырып алу мүмкін емес еді. Кеспекті құшақтап, жан дауыса шыға бажылдап, шыр көбелек айнала бастады. Аузы жеткен жердегі шапанның жағасын тісімен жыртып, жұлма-жұлмасын шығарды. Егер мен өстіп қолына түссем, түгімді қалтырмай жеп қоятынына күмән жоқ еді. Ағаш басынан асықпай, жерге түстім. Ананың жыны басылды-ау деген кезде, құшақтаған кеспелтегімен қоса екі қолын буып, арқанмен матадым. Сосын жуасыған албастыны есек секілді жетекке алдым. Үйге келген соң, иттердің тұсына байлап қойдым. Бөрбасарлар болса, одан шошып, ұлып, кейбірі тым-тырақай қаша жөнелді.
Таңертең біздің есік алдына ел жиналды. Бұзақылықты жасап жүрген пәлені көріп, жұрт жағаларын ұстады. Көп ұзамай, жоғары жақтан бастықтар да жетті. Ары кеңесіп, бері кеңесіп, әлгі албастыны қаладағы хайанаттар бағына тапсыруды ұйғардық. Ауыл мен қаланың балалары оны әлі күнге дейін тамашалап жүрген көрінеді. Бір сәті түскен күні, хайуанаттар бағына өзіңді де апарам. Атаңның ұстап алған әлгі құбыжығын сен де барып тамашалайсың, құлыным. Міне өстіп, ауыл жұртын бір пәлекеттен құтқарған едім. Кейін, әлгіге Жезтырнақ деп ат қойды.
Әңгімеге беріліп кеткендігім соншалықты, танауы пыс-пыс етіп, баяғыда тәтті ұйқыны сойып жатқан немеремді де байқамаппын. Амалсыздан, «Осымен, ертегі де тәмам» деп өзіме өзім айтуға тура келді.
Орыс тілінен аударған автор
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |