Кеңестік дәуірдегі әдебиет қазақ сөз өнерінің тарихындағы жемісті жылдарға жатады. Ұлт тарихындағы ең бір қиын да күрделі, әрі рухани мол дүние қалдырған тұлғалар еңбегі жоғары бағалауға лайық. Замана көшінен қалмай, мезгіл межесінен туындаған шығармалар қазіргі таңда ұлттық көзқарас тұрғысынан қайта қарастырылып, зерделеніп, ғылыми айналымға түсуде. Бұл орайда, қазақ әдебиетіне өңірлік қаламгерлер қосқан үлес те зор. Сондықтан, Сыр өңірі әдебиетінің тарихын тұтастай қазақ әдебиеті кезеңдеріне сай қарастыру, шығармалардың шынайы бағасын беру – бүгінгі уақыт қажеттігінен туындап отыр. Әдебиет ешқашан қоғамнан бөлек болған емес, ұлттың тіршілік-тынысын, рухани болмыс-бітімін, дүниетанымдық көзқарасын көркем шығармалар арқылы танитын болсақ, бұл мақсатты да жоғары деңгейде орындай білген қаламгерлер шығармашылығына жеке-жеке тоқталуымыздың себептері бар. Біріншіден, қазақ әдебиеті тарихындағы өңірлік әдебиеттің көрнекті өкілдерінің шығармашылығы кезең-кезеңімен қарастырылады. Екіншіден, дәуір тынысын бейнелеуде, образ сомдауда, уақыт шындығын көркемдік шындыққа ұластырған шын мәніндегі шеберлік қырлары айқындалады. Үшіншіден, Сыр өңірінен шыққан қаламгерлердің өзіндік ерекшеліктері мен қазақ әдебиетінің дамуына қосқан сүбелі үлесі сарапталады.
Әдебиет — сөз өнері, әлеуметтік мәні бар шығармалар жиынтығы. Әдебиет атауы көбінесе, көркем әдебиет мағынасында қолданылады. А.Байтұрсынұлы оған «бір нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері», «Сөз өнері» деп баға берген. Әдебиет — жалпы өнердің бір саласы. Бірақ ол қоғамдық сананың ерекше түрі есебінде шындықты логикалық ойлау жүйесімен емес, көркем тіл арқылы, сөз өнерінің күшімен суреттеп көрсетеді. Көркем бейненің сыртқы сұлбасымен бірге ішкі мазмұнын, сырын оқырман тұшынып сезіне алатындай етіп ашады, адамның жан дүниесі мен ішкі сезім байлығын көзге елестету арқылы қоғамдық санаға әсер етеді. Оның «өнер атаулының ең қиыны және күрделісі”»(Бальзак), «Өнердің ең жоғарғы түрі» (В.Белинский) болатыны да осыдан. Қазақ та «Өнер алды — қызыл тіл» деп тегін айтпаған.
Соғыстан кейінгі жылдардағы Сыр өңірі әдебиетінің өкілдері: Ә.Оңалбаев, Ә.Ахметов, Т.Шопашев, Р.Батырбаев, А.Хангелдин, С.Әлжіковтер дәстүрлі әдебиетті жалғастырушылар болып табылады. Есімі Сыр өңіріне мәшһүр ақын Әбдікәрім Оңалбаевтың «Сыр бойы»(1951), «Сыр диқаны»(1956), «Қырман тойы»(1960), «Таң алдында»(1963) жыр кітаптары оқырманның ыстық ықыласына бөленіп, ол кешегі кеңестік заман жетістіктерін асқақтата жырға қосты. Оның шығармаларынан сол заман идеологиясы – халықтар достығы, кеңестік патриотизм, социалистік жеңіс мен мұндалағандай болады. Шаруашылықты, оның қаһармандарын жырлау кеңестік кезең ақындарының үрдісіне айналғаны белгілі, одан Ә.Оңалбаев та қалыс қалған емес, оның шығармаларында диқан, малшы туралы жырлар жеткілікті. Ақын 1944 жылы өткен ақындар айтысында қазылар алқасының атынан өлеңмен баяндама жасайды. Оның бұдан бөлек «Мәскеу жолында», «Шөлдегі дария», «Далада боран ұлиды», «Жылқышы», «Жәудіркөз», «Таң алдында», «Райхан бауы» дастандары да бар.
Жаңғыру кезеңіндегі қазақ әдебиетінің дамуы алдыңғы дәуірлерге қарағанда біршама өзгергендігін айтуға болады. Бұл кезең 1956-1967 жылдарды қамтиды, бұл жылдары үкімет тарапынан қазақ әдебиетінің өмірмен біте қайнап дамуы мақсат етіліп, тапсырма берілді. Профессор С.Қирабаев: «Партия шешімдеріне сәйкес 1937 жылдары жазықсыз қараланған азаматтар ақталды. Қазақстанда С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Шәріпов, М.Дәулетбаев сияқты жазушылар есімі мен шығармалары әдебиет тарихынан қайта орын алды. Ө.Тұрманжанов, Х.Есенжанов, М.Қаратаев, С.Талжанов, З.Шашкин және тағы басқалар қайтып оралып, жазушылық жолын жалғастыруға мүмкіндік алады»,- деп жазады. Осы орайда М.Қаратаевтың ғалымдық, сыншылық ерекшеліктерін баса айтқымыз келеді.
Белгілі ғалым, сыншы М.Қаратаевтың «Көргендерім мен көңілдегім» атты еңбегінде қаламгердің өмірлік ізденістері мен ғылыми мақалалары, естеліктері, эсселері, портреттері берілген. Бұл кітап 1982 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрді. Кітаптың бірінші бөлімі «Көргендерім» деп аталып, естеліктері мен портреттері топтастырылған. Бұл естеліктері жайлы кезінде автор: «Мен өз басым сол екінші қатардағы жас буынға жататын болғандықтан, естеліктерімді әңгіме еткенде бәрімізге үлгі, өнеге боп табылған аға жазушы, ғалымдардан және қарым-қатынаста болған қатар құрбы адамдардан аттап кете алмаймын, әрине. Әдебиет пен ғылымның тұңғыш ту ұстаушыларынан алған тәлім-тәрбиенің мәні тек мен үшін емес, біздің барлық ұрпақтар үшін зор екені хақ»,- деп жазады. Демек, қаламгер ұлттық әдебиетіміздің кейбір мәселелері хақында көргені мен көңілге түйгенін өнеге ретінде ұсынып отыр. Балалық шақ пен жастықтың албырт кезеңін суреттейтін естеліктерінен замандастары Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев сынды белгілі ғалым, ақын-жазушылар жайлы, сондай-ақ, сол кездің солақай саясатының кесірінен қуғындалған ұлт мақтаныштарының тағдыры туралы мәліметтерге қанық боламыз. Сыншының «Қайран Жәкең», «Сәкен аға», «Биаға», «Дала жұлдызы», «Мұрат мұхиты», «Халық қалаулысы», «Ағайынды Жұбановтар» сынды портреттерінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығы мен шеберлік қырлары жайлы баяндалады.
Ұлттық драматургия тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын Қ.Мұхамеджановтың әдеби мұрасы әлі күнге өзінің мазмұндылығын жойған жоқ. Қазақ драматургиясының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан майталман қаламгердің «Жат елде», «Көктөбедегі кездесу», «Менің дертім», «Тың жыры» (либретто), «Қуырдақ дайын», «Осылай да кездесу болады» атты пьесалары өмірдің сан алуан тақырыбын сөз етеді. Драматургтің «Жат елде» атты деректі үш бөлімді драмасы – 1966 жылы драмалық шығармалардың жабық бәйгесінде сыйлық алған, өз заманы үшін шоқтығы биік шығармалардың бірі. Драма оқиғасы 1950 жылдардың аяқ шенінде Германияның Мюнхен қаласында өтеді. Шығармада автор өз заманындағы әлемдік саяси ахуалға кеңестік идеология тұрғысынан баға береді. Елінен жырақта жүрген жандардың тұрмыс-тіршілігін мінеп, олардың трагедиялық күйін береді.
Қ.Мұхамеджанов - жазушы, драматург қана емес, сол шығармалардың сахнада қойылуына, образдардың театр сахнасында сомдалуына, өзіне берілген рольдерді артистердің ойнай білуіне, режиссерлердің біліктілігі мен талғамына қатысты ой-пікірлерін айтып отырған ақылшы ұстаз, білікті маман. Оның әр жылдарда жазылған көптеген ой-тұжырымдары, сыни-пікірлері «Сахна сазы» деген атпен жарық көрді. Автордың айтқан, жазған ой-пікірлері бүгінгі күннің де кәдесіне жарап, жастардың игілігіне айналуда.
Оның әдебиет пен өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналған протреттері арнайы сөз етуді қажет етеді. Өнерде өзіндік орындары бар К.Байсейітова, С.Қожамқұлов, Қ.Жандарбеков, К.Қармысов, М.Әуезов, Ә.Әбішев, А.Тоқмағамбетов, Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов, К.Әзірбаев жайлы жазған дүниелері оның шынайы өнерге берген бағасы десек қателеспейміз. Сонымен бірге, Қ.Мұхамеджановтың публицистикалық мақалалары, әртүрлі жиындарда сөйлеген сөздері мен оқыған баяндамалары, хаттары, қаламгермен болған сұхбаттар да қазақ көсемсөз өнерінің тарихы мен тәжірибесіне қосылатын мол қазына.
Қазақ әдебиетінің жаңғыру жылдарындағы басты ерекшеліктердің бірі - «жазушылардың шығармашылық белсенділігінің артуы» деп атап көрсетеді С.Қирабаев. Осы бағытта Ә.Нұрпейісовтің шығармашылығына тоқталмасқа болмайды. «Қан мен тер» романында жазушы заман шындығын эпикалық кеңдікпен алып, тарихи оқиғалар сырына терең толғаныс жасайды. Роман Арал балықшыларының бұрынғы өмірі мен теңдік жолындағы күресін суреттеуге арналады. Қазақ ауылынан күн көріс қамымен теңіз бойын сағалауы, балықшылар өмірі ауыр да, ащы шындығымен көрінеді. Олардың және балықшыларды екі жақты қыспаққа алған орыс байы Федоров пен қазақ билеушілері Құдайменде, Тәңірбергендер тіршілігі роман оқиғаларының негізгі тартысын құрайды. Қыспақ өмірден құтылуға жол іздеп, кейде ел билеушілерімен қақтығысқа түсетін романның басты қаһарманы - Еламан бейнесі қызғылықты жасалған.
Балықшы ауылдың жүдеу тіршілігі, ондағы адамдар тағдыры романда боямасыз бейнеленген. Өмір соққысына қажымай келе жатқан ер жүрек, намысты Қален, ауылдың бас көтерер балықшылары Дос пен Мөңке, жастық сезімге малтыққан өр мінез Ақбала, қазақ қоғамның бар берекесіздігі мен жалқаулығын бойына жинаған Судыр Ахмет, тоң мінез, қатыгез бай Федоров пен Құдайменде, жымысқы, іш мерез, қу Тәңірберген – барлығы да қазақ даласында болған, оның әр алуан тіршілігі тудырған реалистік бейнелер. «Автор соңғы кітабында қазақ ауылының революция құшағына кіруін бүкіл Ресейлік оқиғалар легінде бейнелейді»,- деп жазады ғалым С.Қирабаев.
Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуірі жиырма жылдан астам уақытты қамтиды. Бұл кезең туралы: «Жеке адамға табыну саясаты сыналғанынан кейін қоғамдық ой-пікірде болған «жылымық» бұл тұста біраз тежеуге түсті де, идеология саласында партиялылық қайтадан бұрауын қатайтуға тырысты. Л.И. Брежнев тұсында бұл саясатты мойындамаушылар қуғынға ұшырап, әдебиет пен өнердің кейбір қайраткерлері шетелге кетуге мәжбүр болды.
Әдебиет бұл дәуірде осындай күрделі қоғам шындығын бастан кеше отырып дамыды»,- деп жазады С.Қирабаев. Бұл кезеңнің басында халық ақыны Манап Көкенов тұр. Өзінің барлық саналы ғұмырын «Қызыл отау меңгерушісі» деген атпен өткізіп, ауыл аралап, жайлау жағалап, үнемі жол үстінде өткізген ақынның жырлары айрықша азаматтық рухқа толы және жұртшылықтың жүрегіне мейлінше жақын. Осындай биік пафос, салтанатты ой-сезім «Ақындар елі», «Жерұйық жыры», «Алатаудың ақиығы», «байтақ өлкем», «Отаным-менің мақтаным», «Халқым саған», «Бақыт құсы», «Даланың ұлымын», «Көне күмбездер», «Ардағы болдым елімнің», «Жырлаймын», «Домбыра тарихы», «Жасай бер мәңгілік», «тілейміз тыныштықты», «Аса берсін Сыр даңқы», «Туған елге», «Ұрпаққа» және басқа өлеңдерінде айқын көрініс тапқан. Ақының термелері мен толғаулары салмақты ой, саналы сезімге, ұлағатқа, ғибратқа толы. Шабытты толғау жырлар қатарында «Жүйріктің бабын өрде көр», «Қаумалап жұртым келгенде», «Жорғаның сыны», «нақыл сөз», «Өзім жайлы», «Қасиет туралы өсиет», «Толғау сөз», «Күреңдікі бас бәйге» өлеңдерін атауға болады. Сондай-ақ оның аңызға құрылған «Ақбике» және «Баянды бақыт» дастандары да бар.
Қазақ балалар әдебиетіне зор үлес қосқан Нәсіреддин Сералиев шығармалары шынайылығымен, сюжеті мен композициясының ұтымды құрылуымен соны. Әдебиетке «Кішкене үйшілер», «Ұшталмаған қарындаш» атты әңгімелерімен келген Н.Сералиевтің әр жылдары жарық көрген «Намыс», «Ақ қайың», «Қанат», «Жаңбыр исі», «Құм адамдары», «Зеңгір аспан» кітаптары көпшілік көңілінен шығып, жастар мен мектеп оқушылары қызыға оқитын туындылар қатарына енді. Оның «Бор», «Түйме», «Райхан» атты әңгімелері балалық тәтті қиял мен құштарлық қорытпасы сияқты.
Қанапия Дәрібаев - қазақ әдебиетінің тарихында бірнеше жанрда: сонет, өлеңдер, баллада, аңыздар, дастандар және пьеса жазуда бағы жанған жазушы. Әр жылдары жарық көрген «Серт», «Шилі өзен», «Сыр перзенті», «Көк күмбез» және «Ана жүрек» атты жинақтары кезінде әдеби ортаны елең еткізген туындылар. Ақын өлеңдері тақырып жағынан алуан түрлі. Автор өлеңдері адами қасиеттер - жауыздық, мейірімділік, сараңдық, жомарттықтан бастап жан-жануар, бүкіл табиғаттың қадір-қасиетін, жақсысы мен жаманын оқырманның алдына жайып салатын философиялық терең ойларға толы.
Ақын өзінің дәстүрлі жырларында халықтық нұсқалардан онша алшақ та кетпей, тым ішіне сұғынып, мазмұн-мәніне бей-берекет өзгеріс те енгізбей өз нұсқасының әсерін беріп, сөз нұсқасын қиюластыра бекіткен. Екіншіден, ақынның бұдан бұрын көне кітаптардан теріп, бабаларымыздың баталарын жинақтап, «Ақ бата» атты көп таралымды кітапша шығарғандығы бізге мәлім, «Жоқтаулар» да негізгі халықтық әуенді сақтаған. Ұлы Отан соғысы кезіндегі күйзелген елдің тұрмысы мен қан майданда опат болған қосағының соңында қалған жарын жоқтауы, ажал құшқан азаматын анасы, жеңгесі, қарындасы тіпті келінінің жоқтауы сөз жоқ ақынның халықтық дәстүрді қашанда қастер тұтқанын білдірсе керек. Екінші жағынан ол бүгінгі таңда бірте-бірте жоғалып бара жатқан бұл сияқты бауырмалдық күрсіністің үнін, тілін ұмытпасын деген болса керек. Ақын ел аузында жүрген аңыз-әңгімелерді елеп-екшеп, өзіндік ойын қосып, бағасын беріп, құнарлы тілмен құлпыртып, оқырманға ұсынады. Ақын дастандарында адами қасиетерді арқау ете отырып, тәлім-тәрбиелік мәні зор тақырыптарды тұщымды тілмен жеткізеді.
КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы Әлмәмбет Әлішевтің «Үрмәш Түктібаев», «Батыр болып тумайды», «Ат тұяғын тай басар», «Бәйтеректің бұтағы» атты прозалық кітаптарын оқырман қауым жылы қабылдады. Жазушының «Иірім» романындағы оқиғалар еліміздің шалғайдағы ауданының бірінде өтеді, өткен ғасырдың келеңсіз құбылыстар кезеңі атанған 1970-80 жылдардағы елдің тыныс-тіршілігі, адамдар арсындағы жақсылық пен зұлымдықтың тартысы, ескі мен жаңаның күресі, ел-жұрттың жай-жапсары жан-жақты суреттеледі. Оның «Батыр болып тумайды» повесі 1971 жылы «Жазушы» баспасынан шықты, белгілі аудармашы Лена Қосмұхамедова повесті орыс тіліне аударды. Сол аударма 1972 жылы Рига қаласында «Лиесма» баспасынан Эрна Балоденің аударуымен латыш тілінде жарық көріп, әдеби ортада жоғары бағаланды. Бұл повесть 1981 жылы «Бәйтеректің бұтағы» жинағына енгізіліп, «Жалын» баспасынан 30 мың данамен басылды. «Батыр болып тумайды» повесі туралы Қазақстан жазушыларының пленумы мен сьезінде, республикалық газеттерде, одақтық «Литературная газета» (1973.11.06.), «Правда» (1972.19.04.) газеттерінде жақсы пікірлер айтылды.
Ә.Әлішевтің «Бәйтеректің бұтағы» романы 1981 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген. Романда белі бесіктен шықпай жатып жетім қалып, әке жүрегінің мейірімі мен аялы алақанының жылуын сезбей өскен бейкүнә ұрпақтың ауыр тағдыры, жиырмаға енді толғанда сүйікті жары соғыста опат болып, жесір әйел атанып, өмір атты қатал сынақтан бірі сүрінбей өтсе, екіншісі аяғын шалыс басқан сол бір сұрапыл жылдардың өксікке толы ащы шындығы көркем тілмен шебер суреттелген. Романның «Ой орамдары» атты әдеби-философиялық тарауында жазушының өмірде болған тарихи тұлғалар Райымбек баба, Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би туралы жазған эсселері, сол сияқты күнделікті өмір құбылыстарында кездесетін жақсылық пен жамандық, адалдық пен зұлымдық, атақ-даңқ, абырой сынды азамат бойынан табылатын қасиеттерді өзінше пайымдап, ақыл таразысына сала отырып, өзінше ой сүзгісінен өткізген. Нұрхан Жанаевтың «Назқоңыр» кітабы ең таңдаулы шығармаларынан тұрса, «Жас дәурен» - автордың алғашқы жыр жинағы. Ондағы өлеңдерден балаң жыршының туған жеріне, балалық шағы өткен мерейлі мекенге деген перзенттік сезім сырлары көрінеді, «Сырдария», «Туған жер», «Далада туған екенмін», «Жастық» атты туындылар да осындай сипатқа ие. Ақынның әр жинақ сайын айтары айқындала түседі және шеберлігінің де ширағаны айқын аңғарылады.«Құстар ұшып келеді», «Жанымның жазирасы» жыр кітаптарындағы өлеңдерінің өрісі кең.
Қазақстанның жаңа дәуір әдебиеті кезеңіндегі белгілі жазушы жерлестеріміз Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» дилогиясы, Д.Досжанның «Абақты», «Алаң», О.Сәрсенбайдың «Шамшырақ», «Шеңбер», С. Жұбатырұлының «Абыржы», Қ.Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны» романдары күллі қазақ әдебиетінің көрнекті табысы болды. Сол сияқты Д.Досжанның «Жібек жолы», «Отырар», «Фараби», «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын», «Жолбарыстың сүрлеуі», «Кісі ақысы», «Ақ Орда», «Құм кітап», Т.Нұрмағамбетовтің «Айқай», Қ.Түменбайдың «Қобыздың мұңы», С.Оспановтың «Сопының ғұмыры», С.Асылбекұлының «Прощальный бал», «Сағыныш», «Ата жұртта», «Түнгі қаланың әні», С.Балғабаевтың «Сыр мен Сарысу», «Ғажайып көктем», Ж.Дәуренбековтің «Күн ұясы», «Саяқ», А.Сәдібекұлының «Дария жыры», «Көктемін күткен ару», «Жүректегі жауһарлар», «Аққұмның ақ түндері», Р.Жанаевтың «Жанайқай», С.Жұбатырұлының «Отты өткел», «Бумеранг», Б.Кәрібозұлының «Ыждағат», «Ынсап», «Ераға», Ж.Рахматулланың «Алыстай берген аяулым». «Өмір самалы»,«Алақандағы ұя», Ә.Рақымбекұлының «Тұлпарлар тағдыры», «Ақ махаббат адастырмайды», М.Рүстемовтің «Созақ қасіреті», Т.Нұрмағанбетовтің «Балалық шақтың әндері» «Айқай», Б.Омаровтың «Аруана бауыр дүние», «Зар заман әдебиеті», С.Мұқтарұлының «Кәмпеске», Р.Бектібаевтың «Қайта оралған Қорқыт ата», М.Базарбаев, Ә.Жұмабаевтың аудармалары және т.б. жазушылардың туындылары - проза саласында қазақ әдебиетін үлкен биіктерге көтерді.
Қорыта келе жалпы Сыр бойындағы көркем әдебиет өкілдерінің шығармаларына жаңа көзқарас тұрғысынан баға беріп, зерттеу сол кездегі еліміздің рухани мәдени өмірін тура және терең түсінуге жол ашады.
Нұрлан Оспанұлов,
“Ақмешіт” музейінің
ғылыми қызметкері.