Сыр елі, жыр елі – түркінің жүрегі

(Қызылордадағы «Парасатты поэзия» фестивалінен туған ой)


Сырдарияның жағасындағы аңыз қалаға аяғымыз алғаш рет 2005 жылы тиген-ді. Сонда «Сыр – Алаштың анасы» деген сөз көзге оттай басылып, арқаға аруақ қонғандай, алабұртып кеткенім әлі есімде... Сол жолы ата-жұрт, алтын бесігіме қайта оралып келіп тұрғанымды жан-жүрегіммен сезінгендей болып ем. Арада қаншама ғасыр, алақұйын заманалар өтіп кеткен.

Қазақ халқы – соңғы үш-төрт мың жылдың орамында орталық еуразия­лық кеңістікте барлық тайпалардың ара­лас-құраласуының қайнарынан қай­нап шыққан саф алтынның сынығы емес пе еді! Осынау киелі жұртты исі қазақ сонау Хас Сақ, Оғыз-Қыпшақ замандарынан жайлап келеді. Тірі жаннан беті қайтпай, алапат қаһарымен адамзаттың төбе шашын тік тұрғызған Ескендір Зұлқарнайдың өзі б.э.д. 329 жылдары осы Сырдың дариясынан өте алмай, өзегі өртенген деседі. Арғы-бергіні көктей шолсақ, қазақ халқының қаһармандық шежіресінің қайнары осы дарияның жағасында жатқанына көз жетеді.

Сыр елі, жыр елі – Түркінің жүрегі! Ел бірлігінің іргесін тұрғызып, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ойда айрықша орны бар философ, абыз Қорқыттың дәурен сүрген киелі мекені бұл! Желмаясына мініп, мәңгілік өмір – Мәңгілік Ел іздеген Қорқыттың арман-аңсары ХХ ғасырдың 90-жылдары аңыздан ақиқатқа айналып, Қазақстан егемен ел болды. Алла – алқады, аруақ – жебеді! Осы атырапта, ұлы Сейхун дариясы бойында Алаштың үш астанасы бой көтерген. Ежелгі Оғыз мемлекетінің бас қаласы – Жанкент. Қазақ хандығының басын қосқан – Сығанақ. Қырғыз АССР-нің 1925 жылы 19 сәуірде өткен бе­сінші құрылтайы Қазақстанның аста­насын Орынбордан Ақмешітке көшірер алдында бұған дейін қырғыз-қайсақ атанып жүрген бұратана ел­дің Қазақ екенін ресми құжатпен заң­дастырып алған көрінеді. Сонан соң, Қыр­ғыз АССР-нің орталығы Ақмешіт ша­һарын бұдан былай «Қызылорда» деп атау туралы қаулы шығарды. Қырғыз АССР-ін Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасы деп атайды.

Сол күннен бастап, баяғы Көкорда, Ақорда, Алтынордалардан бастау ал­ған Қызылорда атауы Алаш жұртына мәшһүр болды! Содан исі қазаққа Қызылордамен қоса қыдыр қонды! «Қызылорда» деген сөз Ленин мен Сталиннің аузынан шығатын сөз емес-ті. Шықса, Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рұс­қыловтардың аузынан шықты. Атам­ заманғы Көкорда, Алтынордасын ұмытпай, совет өкіметіне жаман аты шыға бастаған Алашордадан да айылын жимай, Ақмешітті Қызылорда атаған Алаш ардагерлерінің аруағы жебеп келеді бізді!.. Тұлғасы биік елдің тұрпаты да биік, асқақ болады. Осы Сыр бойында туған сонау Қорқыттан бүгінгі Есенғали Рау­шановтардың аралығында қаншама талантты тұлғалар бар?! Саусақпен санап шыға аламыз ба?! Қызыл қазан төңкерісі тұсында сол сәби Сәкен, Мағжандармен қатарласа, қапталдаса Әбділда Тәжібаев болып шырылдап дүниеге келді. Совет өкіметі кезінде күрішші Ыбырай Жақаев, 60-жылдары ол бала ақын емес, Асқар Жұмаділдаев – математик болып, Қызылорданың топырағынан туды!

Қармақшыдағы Қорқыт ата ес­керт­кішін тұрғызғандардың бірі һәм бі­регейі Қарқаралының тумасы, физик-математик Совет Исатаев. Қорқыт ата мазарынан соққан желге үн қосатын Ұлы қобыз сарыны Оғыз-Қыпшақ заманының дабылын бүгінгі ырысына ынтымағы жарасқан жасампаз Қазақстанға жеткізіп тұр. Сыр жерінде кіндігі қалған Қаздауысты Қазыбекке еріп, Арқаны жайлап қалған ел едік.

Мен Есенғалиды бозбала кезінен танушы едім. Екеуміз 1974 жылы абитуриент болып, КазГУ-ді де бірге дүбірлеткенбіз... Ол бүгінде қазақ әдебиетінің көзі тірі классиктерінің бірі һәм бірегейі! Бүгін сол Есенғалиға арнаған бір өлеңім есіме түсіп отыр.

Үзілген соң қажып бір сіңір еті,

Келмейтінін білген соң ғұмыр екі.

Есенғали деген бір ерке ақын бар,

Құсты сүйген,

Құдайдың құдіреті...

Өлсе ол осы құстардың

жолында өлед,

Жапалақ,

(не Жантықтың қолында өлед!).

Құсты сүйген, (әрине, сонан кейін,

Зеңгір көкті сүйетін болу керек?).

Таранғанда аққулар сүмбе қанат,

Көкке қарап, көктегі Күнге қарап.

Ғаламзатқа аң-таң ғап,

Адамзатпен,

Тілдесуден о шіркін, мүлде, қалад...

Соны байқап, біз де сан

таңданып ек,

Таңданып ек, кейде кезде

шамданып ек:

Ол  сүйеді Сұңқарды жаны қалмай,

(Онда неге қасында

Қарға* жүред?!).

Неге жүред жұртқа жат түс, реңі,

Құзғынменен?!

(О да оның құсы ма еді?).

Бұ-дағы бір Құдайдың құдіреті,

Түсінсе оны

Сол ғана түсінеді.

Құс  қой...

Құсты құр босқа мұңайтпайық,

Ұнатайық не оны ұнатпайық.

Тәңірінің алдына түсіп енді,

Есенғали қахында түк айтпайық.

Шаһизадамен (Әбдікәрімов)  бірге туғандай болып кетіп ем, Алматының сыраханалары мен көшелерінде оның да аты аңыз боп көшіп жүр әлі... ХХ ғасырдың 70-80- жылдары қара өлеңге өз өрнегімен келген Шаһизада ешкімге айтпай, ешкімді мазаламай, өлеңін әлі жазып жүр екен... Сол баяғы дарынды да арынды Шаһизада.

«Жаңа өлеңдеріңді «Қасым» журналына берсеңші? Сенен аяйтын түк те жоқ, қанша бет сұрасаң, соныңды берейік» – деп едім, әлі күнге дейін хабарсыз. Кемеліне келген ақын кейде өз өлеңін өзге түгілі өзінен де қызғанып кетеді!

Осы Қызылордада жыл сайын дүбірлеп өтетін «Парасатты поэзия» атты фестивальдің кіндік әкесі осы десе болады. Осы жігіт мына дүниеден әкім қаралармен тіл табыса алмай-ақ өтетін шығар деп жүруші ем, сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен арадағы жылы қатынасы мен бедел, бедерін көріп бір жасағандай болдым. «Парасатты поэзия» фестивалінің бі­тім-болмысы мүлде  бөлек екен,  алыс  шет жұрттан келген ақындардың да қарымына көңіл көншіді, аты-жөніне сырттай қанық Назгүл Бердіқожа сынды талантты жас ақындармен де жақын танысып, жанымыз жадырады. Қазақ жырына тағы бір асау толқын келе жатыр.

Осынау қасиетті жерде Фариза мен Жарасқанның аруағына бас иіп, бәріміздің де тұла бойымыз шымырлады. Фаризалар көктен түскен жоқ. Қазақ халқының тереңінен қайнап шықты да, дүниежүзілік поэзияның інжу-маржанын тұла бойына сіңіріп алып, кір жуып, кіндік кескен ата­жұртына қайта оралды. Мәселе осы қайта оралуда жатыр. Әлемдік руханият – түпсіз мұхит, ол адам баласын бауырына алтын басқан айдаһар сынды алдап, арбап тарта береді. Құнары мол, топырағы текті елдің тегеурінді тұлғасы ғана осынау ұлы мұхиттың тереңінен жүзіп ішіп, жағалаудағы ұлтарақтай жер – ұлтына қайтып оралады. Абайға қараңыз, Еуропаның есігін айқара ашып, алар қазынасын олжалап, Сахарасына қайтып келді. Пушкин мен Лермонтовтың, Гете мен Мицкеевичтердің көлеңкесінде қалып қойған жоқ. Қара үзіп шықты. Батысы Шығысына, Шығысы Батысына айналды. Туған ел, шыққан шаңырағына қайта орала алмай, із-түссіз жоғалып кеткендер, зым-зия құрып кетіп жат­қандар қаншама?!

Қазақтың жыры орыстың жырынан

тым бөлек,

Нұр да көп онда, самал жел,

жамал гүл де көп.

Есінен танып түнекте жүрген

Есенин,

Мағымұрланғанда Мағжан көкем –

Күнге кеп!    

Алашқа-дағы Анна Ахматова

керек бір,

Деген кім,  даусын кенеп бұл?

Әлемде күллі әйел ақынның

 ішінде

Фариза әпкем бәрінен де асқақ,

Бөлек тұр!

Ғаламда ерек Қазтуған сынды

данада ой,

Көз тоқтар, шіркін, қара ғой.

Дана,

Дара ғой: 

Абайды ешкім қазақша

оқи алмайды,

Оқитын оны

Алла мен Алаш қана ғой...

Жарасқанның орыны бізге әлі үңірейіп тұр. Оның талантты да, қанатты ұлы Рүстем де осында екен, оны да күрсіне еске алып, күңірене өлең оқыдық осы жерде.

Жарасқанның Муин Бсисуды тәр­жімалап жүрген кезі. 1980-жылдардың ортасы-ау деймін. «Аққу» кафесінде Муин Бсисудың өлеңдерін оқып, марқұм біраз шалқыды. «Шіркін-ай! – деді Жарасқан тебіреніп, – өлеңді арабша жазғанымда, Муин Бсисуден артық болмасам, кем болмас едім ғой?! Әттең, қазақша жаздым...»

Империяның ақыны болмай, бодан елдің ақыны болдым деген өкініші... Керемет ақын еді. Өзінің айтайын дегенін араб ақынының аузына сала салды ол...

Жарасқанның орысшадан тәржі­малағаны Муин Бсисудың арабшасынан артық болмаса, кем емес еді.

Қайда, шіркін, баяғы жас ақындар,

Ақ жүрегін айқара ашатындар?

Жас ақындар, шетінен мас ақындар.

Бәрі де ертең классик болатындай,

Халтураға қанымен қас ақындар?

Түсінбеген заманға, замандасқа,

Қасымдайын қайтадан оралмас па?

Жүрегінде маздаған махаббат бар,

(Түк жоқ еді-ау, оларда,

одан басқа!).

О да, әрине, заманын ода қылған,

Құтылсақ деп біреудің боданынан.

Қызғыш құстай,

(Қазағын қыздай көріп!),

Қызғанатын Советтер Одағынан!

Тартылып та, сарқылып ішкі қуат,

«Қаламгердің» ішінде түсті құлап...

Түгел болса егер төрт құбыласы,

Ішпеуші еді...

Құсадан ішті, бірақ!

Цензурасы қырағы.

Боданда елі!

(Шіркін, араб ақыны

болар ма еді?!)

Бсисуды қазақша  сөйлетті олар,

(Орысшасы осалдау одан гөрі!).

... Заманның да, адамның

мәні өзгерді,

Бізден бөлек, әдемі әуездері.

Қазір, мүлде, ішпейді жас шәйірлер,

(Ел-жұрты азат.

Коммерсант һәм өздері...).

Мүшәйраға кенедей болып өріп,

Мәз болады жүлде алса

жолы болып.

Ішінде оның Алаш жоқ,

Абай да жоқ!

(Ішіп кеткің келеді соны көріп?!).

Анда-санда құшақтаса табысатын, бүгінгі қазақ әдебиетінің мэтрі Мейірхан Ақдәулет те көзге жылы­ұшырай кетті. Ақтөбеден шыға­тын «Адырна» әдеби журна­лының редакторы, бір өзі бір-бір елде бірегей әдеби орта құрып отырған тұлға. Бүгінгі ұлттық әдебиетіміздің ары мен ұятын осылар сақтап тұр. Мекеңді көріп, құлазыған көңіл тыным тапқан сол күні туған «Біздің буын» деген өлеңді де назарларыңызға ұсына кетсем артық болмас.

Соғыстан соңғы уытты

ұландай болған,

Біз шықтық Қадыр, Жұмекен,

Тұманбайлардан.

Соғыстан туған ұрпақпыз,

Мұқағалиын,

Сұм заман жалмап соғыссыз!

Жұбанбай қалған...

Өмірі түгілі, өлеңінің басқа өрнегі,

Тауға өрледі бұл буын,

тасқа өрледі.

«Мүшәйра» болған бізде де

ақша бермеді...

«Классик» болуға... кезек те,

жас та келмеді!

Мұхаңа ерген біз де бір

мұзбалақ едік,

ГУЛАГ-тың темір шеңберін

бұзбақ-ақ едік!

«Facebook» деген болмады...

«Facebook» болса,

Фестиваль жасап жүретін

біз болар едік...

Аспанға кеткен Жұматай

жерге қонбады.

Ұлттық рухтан «Киіз Кітап»

кенде болмады.

Біздің буында Мейірхан Ақдәулет

болды,

Өлермен өңшең өлеңші...

пенде болмады.

Арулар болды, әрине,

Бэлла болмады...

Сылдырап ақтық,

бұлдырап... секілді бұлақ,

Біздің буын да бір тұрып жетілді,

құлап!

Өр жүрек болды біздерде,

пәк жүрек болды,

Ұлтабар деген болмаған секілді,

бірақ...

Мен сол күні Қызылордадан Жанна Елеусіз деген жас ақынды іздедім. «Ол қарындасыңыз анда-мұнда жүре бермейді ғой. Ақтөбенің өзінен қолымызға шырақ алып, әзер табамыз...»  – дейді Мекең күліп. «Адам бол деп айтпаңдаршы ақынға...»  – депті ғой, –  деймін Мекеңнен сыр тартып. «Е, ол айтатын қыз ғой...»

Сол түні мен тағы бір өлең жазғам. Таңертең соны оқып бергім кеп Мейірханды іздесем, ол түн жамылып, қайтып кетіпті...

Жанна жаным,

Сен – жаңа ақын,

(Мен – ескі ем),

Өткелектен өткен небір, белестен.

Бесігінен шығып, Алаш-анамның,

Есігінен әзер кірген емес пе ем?!

Өлең деген – өз ұлтыңның

болмысы.

Әлдиі сол, әні де сол, соңғысы.

Абай-Хакім адам болған әуелі,

Содан кейін ақын болған ол кісі.

Мен көрмеген не құқай жоқ

басымда,

Көк емес қой, көбі

Абайдың жасында.

Адам бола алмай тұрып, Алашқа,

Ақын болсам дейтін қу

көп қасымда.

Жанталасып түспей кеткен

тақымға,

Қаңқу аз ба Мұқағали қақында?

Аллаң естіп қойса ұят болады,

«Адам бол...» деп айтпау керек

ақынға...


рік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Қарағанды-Астана-Қызылорда-Астана-Қарағанды.

ӘДЕБИЕТ 12 қазан 2019 г. 1 516 0