« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
1945 жылдың қоңыр күзі. «Мәскеу-Алматы» пойызының вагонында өңшең соғыстан оралған жауынгерлер. Вагон іші думан. Орал қаласына жақындағанда төрт-бес жайықтық жігіт түсті. Ағайын-туғандар, қыз-келіншектер қарсы алды. Қуанғаннан жылап-сықтағандар көп. Бұрымы желкесіне түскен қыз ағасын құшақтап өксігін баса алмай тұрды.
– Рахат, бұл қыздың қандай жақындығы бар? – деді қызылордалық Жүзбай.
– Жүзе, бұл менің туған қарындасым ғой. Әбден сағынған екен, – деді Рахат.
– Ә, бәсе солай болар.
Бойжеткеннің көзі ботаның көзіндей мөлдіреп тұр. Жүзбай үнсіз. Бойжеткен қараторы жігітке сырын алдырмады.
– Аға, ауылыңыз қай жерде? – деді Сәуле.
– Қызылорданың бір қиырындағы «Қоғалы» деген жер. Жиде мен жусаны мұрын жарады, жағалай көлі бар өңір.
– Тамаша екен!
– Ауылыңызды сіз де сағынып тұрсыз-ау?
– Сағынғанда қандай, айналайын. Туған жер ыстық қой. Әке-шешем қайтыс боп кеткен. Менің де өзіңдей бір қарындасым бар.
– Аты кім?
– Ажар.
– М-м, – деді Сәуле, – Мен сияқты екенсіз. Менің де әке-шешем бұдан бірер жыл бұрын дүниеден өткен. Ендігі арқа сүйерім – Рахат, үйленбеген.
Пойыз қозғалып суыт жүріп кетті. Әңгіме қызып, Жүзбай Сәуленің қасында ұзақ тұрып қалғанын сезбей қалды. Жүгіріп басып пойыз сатысына қарай жармасып еді, ұшып түсті. Сәуле жүгіре басып Жүзбайдың жерден басын көтерді.
– Еш жеріңіз сынған жоқ па, аға?
– Сынбаған секілді. Етім ауырып қалған болар. Пойыздан қалып қойғанымды қарашы. Ауылдағылар вокзалдан күтіп, әуреге түсетін болды-ау.
– Телеграмма береміз, аға. Ертең басқа пойызға шығарып саламыз. Бір күн Жайық жағасындағы біздің ауылда серуендеңіз, мауқыңызды басыңыз. Ат баспайтын жерін үш басады деген бар емес пе?
– Жарайды!
Сонымен, Жүзбай, Рахат, Сәуле үшеуі ат арбамен Жайық жағасындағы ауылға тартты. Жігіттің жүрегі алай-дүлей. «Пойыздан қалып қойғаным қызық болды-ау» дей берді.
Әуелінде бір күн ғана болуды ойлаған жоспары өзгеріп, бір апта Рахаттың ауылын қызықтады. Қонақжай екен. Жүзбайдың Сәулемен бірге жүруі осылайша жалғаса берді. Екі жас бір-біріне қимастық сезімін байқатты. Рахат та майдандас досын жібергісі жоқ.
Апта бойы бауыр басқан Жүзбай сол ауылдың бір баласына айналғандай болды.
– Мен осы ауылда қалғым бар, қалай қарайсың, Рахат? – деді. – Бұл жерден жұмыс табыла ма?
– Балық колхозында жұмыс жетерлік. Бір бригадаға балық аулаушы боласың, мен де сөйтем. Екеуміз қайықпен қоса балық аулаймыз.
– Келістік.
Жүзбай шағын балық колхозына жұмысқа тұрды. Сәуле мектепте кітапханашы. Екеуі оқта-текте уақыт тауып, кездесіп жүрді. Кездесу сыйластыққа, бірте-бірте отау құруға ұласты. Үйлену тойын өткізді. Жақсы тілектер айтылды. Сырдағы «Қоғалыдан» құда-жекжаттар шақырылды.
Жасынан еңбексүйгіш Жүзбай балықшылар ауылының қадірлі азаматының біріне айналды. Жұртты оның еңбекқорлығы сүйсінтті. Қала берді құралайды көзден тигізетін мерген екен. Бірер күнгі демалыс кезінде досы екеуі Жайық бойын шарлап, аң-құс аулап, сыр шертетін айнымас досқа айналды.
Жылдар жылжып өтіп жатты. Ерлі-зайыптылар ұл-қыз сүйді. Құда-жекжат өркен жайды. Жайықтың Сыр өңірімен байланысы жалғаса берді.
Бірде күн жадырап, аспан шайдай ашық еді. Достар аң-құс аулауға шықты. Қаз-үйрек, шағала мен аққудың шуылына қызығып, кешкілік ауылға қайтуға ыңғайланды. Олжалары мол. Кенет аспанда қалықтай ұшқан қос аққу әудем жердегі көл жиегіне қонды. Жүзбай қос аққуға мылтығын кезеді.
– Атпа, атпа! Аққуды атпас болар деген бұрынғылар. Киелі құс, атпа! – деп айтқанша болған жоқ, мылтық дауысы даланы жаңғыртып жіберді. Қос аққудың біреуі оққа ұшты. Екіншісі аспанда қалықтай ұшып, шырылдап жүріп алды. Сәлден соң ол да өзінен-өзі мерт болып, атылған аққудың жанынан әудем жерде жан тапсырды. Әріректе Жүзбай жатыр. О,құдірет жұлынған қол өзінен-өзі селкілдеп жатыр.
– Жүзбай не болды? – деп Рахат жүгіре басып қасына келді. Оң қолы иықтан жоқ. Рахат өксіп тұрып алды.
– Атпа! – дедім ғой. Бұл – киелі құс! Мылтық та жоқ. Олай-бұлай іздеп, таппады. Ұшып кеткен секілді. О, құдірет! Сәлден соң байқады, мерт болған қос аққудың жанында быт-шыты шыққан мылтық жатыр. Кешегі алпамсадай жауынгер қансырап жатыр. Оқта-текте:
– Иә, атпа деп едің, – дей берді. Сәлден соң есін жиды. Балық аулаған қайықшылар келіп, орталықтағы ауруханаға жатқызды. Рахат быт-шыты шыққан мылтық пен оң қолды шүберекке орап, ауыл шетіндегі қорымға жерледі.
Жүзбай ұзақ емделді. Арыстай азамат лезде жарымжан болып қалды. Жары азаматты бағып-күтті, сертіне берік болды. Ұл-қыз өсіріп, отау шаңырағын биіктете берді. Қамқор жандар отбасына қол созды.
Жүзбай ақыры әрі ойланып, бері ойланып Сыр өңіріндегі өзі туып-өскен «Қоғалыға» көшуге бел буды. Бүкіл ауыл қимай шығарып салды. Бұл Жүзбайдың он жеті жылдан соң елге оралуы еді.
Жауынгерді туған жерде көзкөргендер қарсы алды. Сәуле ауылдағы кітапханаға қызметке тұрды. Жүзбай қырманға күзетші болды. Қолы сәл босаса, іргедегі «Иіркөлге» барып, балық аулап қайтады. Көл жағалай ұшқан аң-құстың шуылына қызыға қарайды. Бойын тіктейді, баяғы мергендігі есіне түседі, Жайықтағы қос аққудың бірін атқанына жаны күйзеледі. «Неге аттым, жан досым Рахаттың сөзін тыңдамадым. Ай, жастықтың буы-ай!» деп кейде іштей күйзеледі. Күйзелісін ешкімге білдіргісі жоқ.
Баяғы жас жауынгер алпыстан асып барады. Үйреншікті «Иіркөлге» балық аулауға шықты. Иығында қармағы бар. Бала кезінде суға шомылған жері. Жиектегі өзінің үйреншікті орнына отырып, ауын құрып, қармағын сол қолымен құлаштай лақтырып, көл ортасына тастады. Байқап отыр, бүгін торға, қармаққа балық көп ілінетін түрі бар. Қазан майланғалы тұр.
Ауылға қайтуға ыңғайланып еді, көз ұшынан өзіне қарай суыт жүзген ақ құсты көзі шалып қалды. Қаз-үйрек болар, жоқ, шағала шығар. Қос құс жақындай түсті. О, құдірет, қос аққу! Жүзбай отырған жерден ұзамай жүзіп жүр. Сескенетін емес. Жақындап келді. Иә, аққу! Баяғы Жайықтың аққуы секілді. Дереу суға түсті, аққудың жанына жақындап еді, қасындағы аққу ұшпай, сыңары аспанға қалықтап, шыр айналды. Сыңары неге ұшпайды?! О, құдірет! Ұшпай қалған аққудың жанына барып еді бір қанаты жоқ. Арқасынан сипап, көзінен тамшылаған жасты бір қолымен сүртті.
– Сенің де мен сияқты бір қанатың жоқ екен-ау. Неден жазым болды? – деп күбірлей берді. Сәлден соң көктегі аққу сыңарының жанына келді. Сескенер түрі жоқ. Екеуі қосарлана жүзіп, шеттегі қалың қамысқа кіріп кетті. Жүзбай қалың қамысқа барып, екеуінің бауырындағы қос жұмыртқаны көрді! О, құдірет!
Майдангер балықшы «Иіркөлге» келген сайын жұбын жазбайтын қос аққуға жем шашатын. Күзге дейін сол маңда өмір сүрді. Кейін әлгі екі жұмыртқадан қос балапан шығып, төртеуі бірге серуендейтін болды. Осы оқиғаны көлден оралған сайын ауылдағыларға жыр етіп айтатын еді.
Жүзбай бір күні ауылға жабырқау оралды. Сәуле ерінің мұң басқан жүзіне таңырқай қарады.
Майдангер көл жиегіндегі баяғы үйреншікті жерге отыра бергені сол еді, іргесіндегі бұта түбінен ақ түсті қауырсынның желмен ұшып жатқанын көзі шалып қалды. Баяғы бір қанаты жоқ аққу өліп жатыр. Бұта түбін қазып, қанатсыз аққуды көмді. Суыт ауылға қайтты. Қанатсыз аққуды айтып, мұң шақты. Ертесіне сыңары көмілген жерден әріректе тағы бір аққу өліп жатыр. Иә, бұл қанаты бүтін аққу. Сыңарынан айырылғасын бұл да осы жерде жан тапсырғанын қарашы... Неткен мәрттік. Бұл тек аққуға ғана тән болар...
Жүзбай екінші аққуды да көмді.
Қарт жауынгер дүниеден өткенше осы қос аққуды көмген жеріне келіп тұрды. Ойы отыз бөлек. «Иіркөлден» қанаттанып ұшқан қос балапан қазір қай қиырда жүр екен?» деп, көгілдір аспанға көз тастаумен болды, – дейді сүйікті жары Сәуле.
Осы бір оқиғаны Жүзбай мен Сәуле әжей тамсана айтқанына куәгер болып едім. Сен де зер салып, ой жүгіртші, оқырман!
Қайырбек
МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |