« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«ҚӘ» газетінің 39-ыншы саны шыққанда
«Тәуір ақын едің Қызылордада,
Сұм Алматы сондағыдай болмады, ә!
Мақалаңды оқып жүрміз газеттен,
Өлең жазбай кеттің, кінәң сол ғана».
…Кінә тағып, кінәсі жоқ ұлға бұл,
Ауыл жақтан хат келеді жылда бір.
Жаз десеңіз, ал жазайық өлеңді,
Бітпей жүрген шаруа еді бұл да бір.
Өлең жазбай не тындырып жүр дейді,
Дәл осы өкпе Алматыға жүрмейді.
Қарағашқа қонған қара қарғадай,
Алматыда бір мұң барын білмейді.
Түнгі Алматы шамын түгел сөндірген,
Түннің шашын төрт бұрым қып өрдім мен.
Төрт тарау жол жүрегімді түйрелеп,
Өлең жазып не рақат көрдім мен?!
Таң атқанша, түннің торы сетінеп,
Ал жазайын бір бет әлде екі бет.
…Ұлықбектей ағам сонау көктемде,
Өлеңіңді басамын деп кетіп ед.
Одан бері жаз да жиды желегін,
Күздің енді сұп-сұр өңін көремін.
Түсімде де тыраулайды тырнадай,
Ұлағама берген бір топ өлеңім.
Уақыт
Әлдилеген ананың,
Кең ғой, шіркін, құрсағы.
Қайда айдады заманым,
Келтірместен мұршаны?
Таусылды ма амалым,
Қанжар сүйген қайрақтай.
Қуырылды табаным,
«Саяламай, сай таппай».
Сарнай, сарнай жақ талған,
Қай бір тілек болғандай?
Тексіздікке тапталған,
Біздің маңдай – сор маңдай.
Шындықты ерттеп, ноқталап,
Жынды, жарым естеніп.
Жеті атадан боқтап ап,
Мінді Өтірік.
Не істедік?
Қара жаяу, қарын аш,
Қара жолдың үстінде,
Жұртым, сірә, жарымас,
Ақиқаты түскірге.
Өлді тағы бір күнім,
Қалған көңіл суыды.
Уақыт – қу түлкінің,
Жарылардай қуығы.
Қыңыр тірлік, сараң бақ,
Қиқар мезгіл, қыли күн,
Заманымды жамандап,
Қайда барып жылимын?
Ақыл айтып сандалма,
Уәжіңе иланбас.
Сыймай жүр ғой жалғанға,
Тақияға сыйған бас.
Жастық – мастық...
...Жұмысты жапырып істейтін Нұрекең жиын-тойда да «аттың басын» жіберетін...
Бауыржан Бабажанұлы, «Жаманның сандырағы...» мақаласынан
Жұтқыншаққа жүз грамм лақтырғасын,
Қалайша жібермейсің «аттың басын»?
«Аттың басын» мен талай жіберіппін,
Тапқан жерде құлқыным
таптырмасын.
Ішіп алып, көз алдым тұманданып,
Өтті-ау күндер сыраға тұрар барып.
Өмір, өмір, өмір деп өлең айтып,
Қайтқам сосын қан жылап,
құр алданып.
Ішіп алып, көздері сан аларған,
Ішуді мен үйренгем ағалардан.
Тағдыр, тағдыр, тағдыр деп,
тағдырға арнап,
Өлең жазып жүрегі жараланған.
Ағаларға еліктеп жараландым,
Тіршіліктен жетерлік сабақ алдым.
Өміріне өкпелеп ішетұғын,
Құрып қалсын қылығы ағалардың.
Ішкен кезде қайтейін ұнағанын,
Есімде ғой жер құшып құлағаным.
Бас жазуға бірақ та бес-он теңге,
Ано-оу ағам сияқты сұрамадым.
Бүгін бар да, ертең жоқ, қалтыраған,
Сұрамшақтың әманда арты қараң.
Сұрап ішкен ақынның күні құрсын,
Ішкім келсе, сұрамай тартып алам.
Көп жібердік, Баукем-ау,
«аттың басын»,
Жұтқыншаққа жүз грамм лақтырғасын.
Білместікпен бір тебе жаздаппыз-ау,
Қара басқа кеп тұрған бақтың басын.
Елубайға
Бұл саған Алладан келген сын,
Алла енді дертіңді ап, дем берсін.
Сілкініп орныңнан тұр қазір,
Сен емес дұшпаның сенделсін.
Жебедей жүрекке қадалған,
Мұң, зарды жұлып ал санаңнан.
Жаманға өкпелеп отырмай,
Еңбек қып наның тап адалдан.
Дейтұғын жанға жан, қанға қан,
Мықты ең ғой сен болат балғадан.
Тәуекел деп тағы белің бу,
Жүрекке күш тілеп Алладан!
...ге
Өне бойы өзің жайлы ой кештім,
Есім кетіп елу деген жасымда.
Аспандағы Аймен ғана сөйлестім,
«Ғашық болып қалдым ба, – деп, –
расында».
Көкте жүзіп бара жатты толған Ай,
Білем ғой деп, білем ғой деп барлығын.
– Білсең айтшы, барға куә болған Ай,
Не болады ашсам сезім сандығын?
– Адамды адам сүю деген ғанибет, –
деп тіл қатты Ай жарықтық алыстан.
Жүрегімді бір ғаламат қариды от,
Сенің демің сезілгендей ғарыштан.
– Жиырма бестің сезімінен таймаған,
мендей жанды ойлай ма? –
деп сұрадым.
– Сүйеді, – деп сыбырлады Ай маған, –
Өзің жаққа сап жүреді құлағын.
Сенемін ғой, Айға ғана сенемін,
Айдың тілін айтқызбай-ақ ұғамын.
Түсіне алмай сүюдің сыр, себебін,
Есім кетіп Айға қарап тұрамын.
Махаббатты шаттық емес, дейді мұң,
Сағынышты бесігіне тербеткен.
Сыбызғыдай сыңси берер кей күнім,
Соқпақтарға мойнын созып,
сен кеткен.
Тәтті мұңы кетпей қойған таңдайдан,
Ғашық жанды түсінеді Ай ғана.
Сағынышым жапырақтай сарғайған,
Аткөпір боп шашылады айнала.
Ай жүзеді жоны да аппақ, жолы да ақ...
Сүт сәулесін сараңсынбай себелеп.
Мен тұрамын жүрегімді қолыма ап,
Ұшып кете жаздап сынды ебелек.
Тысқа шығып көктегі Айға қарашы,
Ұғынарсың бәлкім мына жайды сен.
Меңдеді ғой жүрегімнің жарасы...
...Біліп қойса не дер екен бәйбішем?!
Мұң
Мойнын кенет бұрды кеп,
Гүл егуге Нұрлыбек.
Жазғандарын оқыса,
Басын алмай жүрді көп.
Шәмшия Жұбатова.
Бұл өмірден кейде шаршап, шалдығып,
Қалған кезде орта жолда қаңғырып.
Гүл егемін тереземнің алдына,
Су құямын шөліркесе қандырып.
Мұңымды айтам сосын барып
гүлдерге,
Не таптым деп мына өмірді сүргенде.
Аяғымды аттап бассам тұсау көп,
Армандарға жетемін деп жүргенде.
Гүлдеріме солай мұңым шағамын,
Құрсауында қалып қойып қаланың.
Апы кіріп, күбі шығып базар тұр,
Аш қасқырдай ашып тастап аранын.
Ақыл кірді, баяғыдай жоқ сезім,
Сағымдарға кетті кіріп от кезім.
Ойдағымды гүлден басқа кім ұғар,
Айта алмаймын, шаға алмаймын
көпке мұң.
Бұл пендеге әу бастан-ақ келте бақ,
Мынау жүріс жүріс емес, селтең-ақ.
Арманды да, ақшаны да тастай сап,
Көшіп кетем бақи жаққа ертең-ақ.
Деймін-дағы жауап күтем гүлдерден,
Гүл шіркіндер соқыр, мылқау түрге
енген.
Гүл дегенім жәй сылтау ғой, әйтпесе,
Сұрағыма жауап жоғын білгем мен.
Гүлге айтқаным өзіме айтқан сыңайым,
Әрине гүл бермес маған шырайын.
Өзіме айтам, өзіме айтам өлең қып,
Көңілімнің батпағы мен ылайын.
Аллама...
Біссімілла, Алла атымен бастадым...
Көрдім Күннің қызғылт нұрын
шашқанын.
Көрдім тағы аспан асты, жер үсті,
Тіршілікке қызу қадам басқанын.
Көрдім тағы... көрген көзге жас тұнды,
Тал бойымды толқын тепті тасқынды.
Тәубе қылдым, қаһарыңды танып мен,
Mысалы оның, асау тайлақ бас білді.
Шыға жаздап жатқан жанды санаттан,
Жетеледің жарығыңа, Жаратқан!
Қандай жақсы тамырыңда қан аққан,
Қандай жақсы аппақ болып таң атқан!
Бар екен ғой көретұғын жарығым,
Ризамын, Ақиқатым, Анығым!
Кеше ғана мүшкіл еді мертіккен,
Қылдырықтай құмырсқаның халі тым.
Өзің ғана құдіретсің, Асқағым,
Қылғың келген хикметің қас қағым!
Сипатыңа әсте тілім жетпейді –
Жерде жүрген ақылы кем қасқамын.
Дұғамды оқып, періштеме сыбырлап,
Жатсам-дағы құмырсқадай қыбырлап.
Тәңірімнің түрік қой деп құлағы,
Түнде тұрып жаздым өлең ырымдап.
Тажалыңды төндірмеші таянған,
Дәмелімін илаһи хақ саяңнан.
Саусағыңа қыстырылған жәндікпін,
Сол жәндікті сақтай тұршы, әй,
Аллам!
Қос жаһанның алтын тәжі, әлем мұқтаж сөзіңе...
Бисмилла! Мейірімді Алла атымен
бастадым!
Өзің ғана Құдіретсің, Ақиқатым,
Асқағым!
Адамзатқа ақыл беріп,
Ақыретті меңзедің,
Ал пенделер түсінбеді, тұман
басып көздерін.
Кербездік пен тәкаппарлық
көкірегін ластаған,
Итше қапты бірін-бірі, иманы жоқ
хас надан.
Нәпсіге ие бола алмаған, мысықтайын
мауыққан,
Жаһилия дәуірі еді, әділетке жауыққан.
Дүниелік ләззаттан шыға алмаған
батпақтап,
Жүректерін үрей буып, дүрсілдеген
атқақтап.
Кәпір өткен қасақана нәбилермен
таласқан,
Нөпір өткен сандаған жыл сансыраған,
адасқан.
Жүз жиырма төрт... мың пайғамбар
шыбын жанын қиса да,
Уахиға иланбапты пенде біткен
бишара.
Тас тұғырдан медет тілеп, өксіп-өксіп
жұбанбай,
Үрейі ұшып зар илепті өлім сырын
ұға алмай.
Басыр болған пенделерін тағы да бір
жарылқап,
Ең сүйікті пайғамбарын аттандырды
Лағыл Хақ!
Ең сүйікті пайғамбары – Хазіреті
Мұхаммед,
Мұхаммедтен есетұғын расулдық
жұпар леп.
Бір лап етер ләззаттан басқа ешбір
нұры жоқ,
Бейберекет шашып келген
шауһатының құлы боп.
Үмметтері ә дегенде қасарысып,
қырсығып,
Мүшіріктер топтанып кеп таяқтапты
құлшынып.
Қолға қылыш алдырардай қатулы еді
жаулары,
Ғазауатта қан жоса боп самайынан
саулады.
«...Адам деген бірін-бірі қуалаған
толқындар...
Әй, толқындар, Хақтың ғана
қаһарынан қорқыңдар!»
Деп талмастан жиырма үш жыл шегіп
жүріп бейнетті,
Ұлы Ахмед үмметіне бақыт жолын
үйретті.
Иә, Расулла, нұр боп келдің
жарқыратып әлемді,
Бүкіл әлем күйрер еді кешіккенде сәл
енді.
Өзің ғана дүниеге мән-мағына үстеген,
Көркем үгіт, хикметпен, керек десе
күшпенен.
Ажырамас пұттар менен ажыратып
адамды,
Санасына салып бердің халал менен
харамды.
Жүректерді сарқылмайтын суардың да
сеніммен,
Сәуле құйдың көкірекке, жадырады
егілген.
Адамзаттың барар жері еді жалғыз
жаһаннам,
Ізгілікке бастап елді құтқардың
Сен қаһардан.
Алла тартқан азабыңды зая қылмай,
жөнімен,
Орын берді мың, миллион жүректердің
төрінен.
Жапалақтай көзін алып қашса-дағы
жарықтан,
Тәуекелге жетеледің пенделерді
талыққан.
Алла басқа пайғамбарға уа, Хабибім
демепті,
Өзіңе айтты ардақ тұтып, биіксің
сол себепті.
Мейірімді, рақымды Хақ Тағала
атынан,
Дұға қылып тазаладың күпірліктің
татынан.
Қос жаһанның алтын тәжі, әлем
мұқтаж сөзіңе,
Ал әлемнің қан толып тұр, дәл қазір
қос көзіне.
Бірін-бірі қырып жатыр, үстін-үстін
бомбалап,
Жер дірдектеп теңселіп тұр, ағып қаны
сорғалап.
Зинақорлық, парақорлық, қорлық...
қорлық... қаптады,
Аманатқа қиянат қып, ар-намысты
таптады.
Букмекер мен казино көп ақша тіккен
құмарға,
Ақша тіккен жерде иман жалқы сәтке
тұрар ма?
Сенем! Бір күн асыл сөзің келген кезде
кезегі,
Мұнафықтар жерді басып
жүре алмайды, безеді.
Құдси хадис естілгенде жүректерді
баураған,
Кәпірлерге дайын тұрар тозақ оты
лаулаған.
Жезөкшенің үйлері мен казинолар
қирайды,
Ар-ождансыз шайтандарды тозақ оты
қинайды.
«Ассаламу алейкум» деп бір-біріне
мүміндер,
Қол ұсынып көктемдейін жадырап
бір күлімдер.
Шошқадайын шыңғырады әлсіздерді
жылатқан,
Сенем, сөйтіп ататынын әділетті
бір ақ таң!
Тауыса алман Пайғамбарым,
өзің жайлы баянды,
Өлең қылып өрсем деймін иллахи
хақ саяңды.
Мұратыма жетемін бе, жетпеймін бе...
көрермін,
Жете алмасам өкініш не, осы жолда
өлермін!
Жоқтау
Досым Базарбай Ормановтың рухына
Шыбын жанға шипа бер деп, әй,
Алла-ай!
Жатқан кезде келеге еш келе алмай.
Қайтпас жаққа кеткеніңді естіп мен,
Есеңгіреп, естен тандым сене алмай.
Сене алмадым, сене алмадым,
сенбедім,
Сендей жанды қияр дейсің жерге кім?
Азамат ең ел-жұртыңа ардақты,
Туған жерге сіңген адал еңбегің.
Естідім де еңіредім, езілдім,
Бұл жалғанның шын жалғанын
сезіндім.
Бұл жалғанның шын жалғанын
сезінсең,
Келеді екен бұл дүниеден безінгің.
Сол күнді ойлап түнімен көз ілмеймін,
Қалай ғана жазым бастық, білмеймін.
Бірге туған бауыр менен туысқа,
Базекем-ау, тастап кеттің зілдей мұң.
Зілдей мұңды тастап кеттің маған да,
Зілдей мұңды артып қағаз, қаламға.
Жоқтау жаздым күңіреніп, күйзеліп,
Жүрек пенен салмақ салып жанарға.
Жұлдыздайын бір жарқырап
жандың да,
Ерте сөндің, ұрынғандай жаңбырға.
Бұл тағдырға не деріңді білмейсің,
Білмеген соң не боларын алдыңда.
Базекем-ау, Базекем-ау, Базекем!
Бұл жалғанның рақаты аз екен.
Бұл жалғанды бес-ақ күнге теңеген,
Дана екен ғой бұрынғы өткен қазекем.
Базекем-ау, азамат ең ардақты,
Жарық қып ең жанған шамдай
жан-жақты.
Енді аһ ұрып еске аламыз өзіңді,
Тағдыр ерте салды ғой деп қармақты.
Бұл пәниде қала алмадың тұрақтап,
Бақи деген жәй ақ емес, шын әппақ!
Өлген жоқсың, өлген жоқсың
сен деген,
Ғарыш жаққа кетіп қалдың, жырақтап.
Беу, Базекем!!!
Өзімді қайрау
Көргенің Алланың сынағы,
Көтерер сынақты шын құлдар.
Тамұқтың сейіліп тұманы,
Басылар қиямет қырғындар.
Тек алға әрекет қыл аттап,
Тәңірдің қылғаны – бәрі ізгі.
Шырғалаң шақтарға шыдап бақ,
Мұхаммед пайғамбар тәрізді.
Жаныңды тәніңе қалдырды,
Жуықтап барсаң да ажалға.
Сені Алла жоқ емес, бар қылды,
Тәуекел, тұр енді, қажалма!
Бүгін сенің туған күнің тағы да...
Жыл дегенің жылжып кетіп барады,
Біртін-біртін алыстатып араны.
Бүгін сенің туған күнің тағы да,
Не дейін мен, мұң басады сананы.
Нөміріңді өшіргем жоқ, бар әлі,
Сағыныш боп сезімді еске салады.
Өзіңді іздеп таба алмаймын мен енді,
Тапса жалғыз қиял ғана табады.
Жан сырым ғой сағыныштан
сарғайған,
Қобыз болып күңіренсем шалғайдан,
Менің емес, Хақтың ісі қалайда,
Қиял қуып жазсам өлең әр қайдан.
Мына өмірге келген күн мен
кеткен күн,
Екі арасын сұлу етіп өткердің.
Көктем сайын жыл құсы боп оралып,
Көктем сайын жалбыз
болып көктерсің.
Деп өзімді жұбатамын, алдаймын,
Түсінбеймін, осы өзі мен қандаймын?
Бекер ме екен бұлдырық боп келмегің,
Мақпалкөлге енді қайтып бармаймын.
Кеткен күнің көкіректе болып мұң,
Орындалмас ойға тағы жолықтым.
Есіміңді жүрегіме қондырып,
Бақиға алып кетеді екем, соны ұқтым.
***
«Сіңлімнің баласы тасқа басымен құлап, ауыр халде жатыр. Өтінем, дұға етіңізші» деген Рахия Абуованың тілек-өтінішіне орай.
Уа, Алла Тағалам,
Дұға қып тұр бар адам!
Қаға берме тобықтан,
Ала берме жағадан.
Шипа берші балаға,
Сабыр берші анаға!
Қолы жаңа жетіп ет,
Бір жүгірмек – қараға.
Кеп тұр тауы шағылып,
Сұрап медет, жалынып,
Демеп жібер пендеңді,
Сарсаң болған, сабылып.
Сергелдеңге салмашы,
Зәре-құтын алмашы,
Құдіретті Тәңірім –
Бар ғаламның Алласы!
Ащы жасы дірдектеп,
Дидарыңа тұр беттеп.
Қолын жайып, тізерлеп,
Құдіретіңді құрметтеп.
Ащы жасы тамбасын,
Қайғы деген жанға сын.
Қиын емес қолдасаң,
Өйткені сен Алласың!
Ақиқатым – ұлы Алла!
(Сен кілтсің, біз – бұранда).
Өзің бұйрық қылмасаң,
Қурай басы сынар ма?
«Қолдай көрші құлды» деп,
Бір міскін жан бұрды бет.
Дұға қылып, қол жайған,
Саматұлы Нұрлыбек!
Сүйемін, сүйемін барлығын...
Ойыма оралып бала күн,
Көз алмай, елжіреп қарадым.
Өзіміз құмына аунаған,
Суретін салыпсың даланың.
Шоқ жыңғыл гүліне малынып,
Шеңгел тұр қоңырау тағынып.
Дертімді дәл бастың балшыдай,
Жүр едім жете алмай сағынып.
Көңілдің сол болып алаңы,
Көкірек от болып жанады.
Сүйемін анамды сүйгендей,
Жастық шақ өткен сол даланы,
Сүйемін даламның кеңдігін,
Мен сүймей сүйеді енді кім?
Жанымның қалауын дөп бастың,
Дөп бастың, дөп бастың, сен бүгін.
Сүйемін даламның шалғынын,
Сүйемін тап-таза таң нұрын.
Сүйемін шеңгелін, жыңғылын,
Сүйемін, сүйемін барлығын.
Жардағы ұясын айналып,
Көк қарға ұшатын байланып.
Арынды жастығым секілді,
Бозарық ағатын лайланып?
Иісі бұрқырап жиденің,
Адамды түсірер күйге мың.
Сабақтан шыға сап қашатын,
Сегізде оқитын сүйгенім.
Есімде, ұмытқам жоқ әлі,
Мақпалкөл көктемде толады.
Саусағын ұстатпас сол қыздай,
Шағала ұшатын жоғары.
Кілемдей құлпырған жыңғылдың,
Қадірін шет жүріп шын білдім.
Бозбала дәуренім қап қойған,
Даламды сағынып жыр қылдым.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |