Көкжиектен алтын арай күн шығып,
Нұрландырар бар маңды.
Осылайша басталады тіршілік,
Түрлендіріп жалғанды.
Көркем жүзі көз тартатын алыстан,
Сары алтынға малынып.
Келбетінде мың сан бояу жарысқан,
Күзді қаппын сағынып.
Егістікте сары бидай жайқалып,
Көздің жауын алады.
Күз нақышы әуеден де байқалып,
Құстар қайтып барады.
Тал қайыңдар желмен баяу ырғалар,
Басын төмен игізіп.
Алабұртқан жапырақтар нұрланар,
Күнге бетін сүйгізіп.
Ақша бұлттар жөңкіледі қым- қуыт,
Желдің көніп ырқына.
Бұл мезгілде күн қабағын суытып,
Мұз қатады мұртына.
Шатыр- шұтыр жасын ойнап аспанда,
Жаңбыр жауды сатырлап.
Нөсерден соң күн желегін ашқанда,
Жайнап кетті атырап.
Төркіндеген қызға ұқсап күз келіп,
Базарлығын таратуда уыстап.
Сары дала бір ғажайып күйге еніп,
Демін алды тыныстап.
Бозқырауда дүние есігін ашыппын,
Жомарттығын танытқанда күз айы.
Табиғатым мен өзіңе ғашықпын,
Бар мезгілің ұнайды.
Ардақты Камак,
Жаңақорған ауданы.