Шіркін, әпке!

Қай халықтың да ер-азаматтарының өзімен бірге туған қыздарды қатты қадірлейтін ғұрпы әркімге белгілі. Әсіресе, «Қарындастан айрылған жаман екен, екі көзден мөлтілдеп жас келеді» деп жыр толғаған қазақ апа-қарындасын әлімсақтан айрықша қастерлейді. «Ауру астан, дау – қарындастан» дейтін де біздің халық.

Батыр Бауыржанның да Үбиан және Әлима деген әпкелерін бек сыйлағандығынан хабардармыз. Баукең «Ұшқан ұя» хикаятында өзінің бірге туған Үбіш, Сәлимадан бөлек осы екі туысқаны туралы бірталай айтқан. Оқырман қауым бұлардың ішінен Үбиан апамызды көбірек танитын шығар. Себебі, Бауыржан Момышұлы бұ кісі туралы «Музей-апа» аталатын арнайы әңгіме де жазған. Қамқор әпке, мейірбан ана болуымен бірге қажет жерінде есе жібермейтін аса адуынды, бетті кісі ретінде Үбиан апамыздың портретін шыңдай түскен. Сол арқылы бұ кісінің де қазақтың көпшілік әйелдеріндей өте есті, жан-жүрегі нұрлы және сонша әділетті жан екеніне көз жеткізгенбіз.
Тағы бір тоқталып айтатын жәйт, Үбекең әркім-біркімнің ақылына құлақ аса қоймайтын арыстандай айбарлы, батыр інісіне керек кезінде батырып айта білген және сөзі өткен адам. Оны Бауыржан ағамыздың өзі де талай мойындап, бас иген. Жастайымнан көре алмай қалған ана мейірімін осынау апамнан тапқандай едім деп, ардақты әпкесін кәдімгі көп інілердей керемет құрметтеген.

«Ұшқан ұя» повесінде: «– Өз үйімнің оң босағасында отырғанда сонша басынатын мен оның әйелі емеспін әлі. Егер ендігәрі қылжақтап осылай қылтиып келе берсе қалыңдығы болуға қарсымын. Солай айтыңдар деп Үбиан бетін басып отырып қалды. Үнемі салмақты, үні қатты шықпайтын байсал мінез әпкемнің дауыс көтере алатынын, бұлтартпай бұйыра алатынын мен тұңғыш рет сонда сездім... Әпкем әлдебіреу күшпен жетелей жөнелетіндей тартынып, сандыққа сүйеніп тұр. Оның шырайлы өңі сұрланып, жұқа еріндері дір-дір етеді» деген жолдар бар.
Сөйткен әпкесінің кейін күйеуі Аюбай мен жалпы Майлыбай әулетіне шын берілген адал жар, аяулы келін болғандығын Баукеңнің орыс тілінде жазылған әлгі «Музей-апа» әңгімесінен байқай түсеміз. (Туыстары Үбекеңді бүлдіршін Бақытжанның айтуы арқылы «Музей-апа» деп атап кетіпті).
Енді, бір жағынан, әзіл шақыратын, екіншіден, қазақ арасындағы кейбір қызықты туыстық, нағашылы-жиендік қатынастарды бейнелейтін сол әңгімеден үзінді келтіре кетейік:

– Музей-апаның біздің үйде тұратын ұлы Мартай кешкі ас үстінде үстелден қайта-қайта тұрып, дәлізге шыққыштай берді.

– Неменеге шошаңдап кеттің?! – дедім мен шыдай алмай.

– Ваннадағы су ысыды ма екен деп тексеріп жүрмін.

– Сен кеше ғана түсіп едің ғой суға.

– Жұмыстан кейін шайына салайын деп...

– Сенің атаң Майлыбай өмірінде екі-ақ мәрте жуынған кісі: туғанда бір және өлгенде бір. Немене, күнде-күнде шомылып, сол атаңның есесін қайтармақшысың ба сонда?!.

Мартайдың өзі де, үстел басында отырған басқалар да түгелдей мәз болып күліп жіберді.

– Бауыржан, мазақ қылма менің баламды, – деді шамданып қалған кемпір. – Сенің марқұм әкең келіп салып берген жоқ ваннаны, мемлекет салып берген. Мартай қанша жуынғысы келсе сонша жуынсын.

– Жиі-жиі жуына берудің не қажеті бар енді?

– Ал сенің мұның ата-бабасында не шаруаң бар!

– Енді, өтірік пе Майлыбайдың екі-ақ рет шомылғаны?! – деп мен де беріспедім. Аяғында балалардың қуанышына қарай Музей-апа да жадырады. Соңғы күндерде алғаш рет көңілі көтерілді...

Енді осы Үбиан апамыздың Бауыржан інісіне жазған көп хаттарының бір-екеуіне кезек берсек...

Бұл жазбалардан боямасыз тұрмыстық жәйттер, қым-қуыт өмір көріністерін аңдаймыз. Қарапайым адамдардың бір-біріне деген бүкпесіз ниеті, жан сыры аңғарылады. Тегінде, сонысымен де тартымды, әсерлі.
Кей сәттерде аты аңызға айналған қаһарман ағамыздың өмір жырындай тосын әңгіме, табиғи суреттерге кезігіп, толғанамыз... Осы ретте бір бір пысықтай кететін жәйт – Бауыржан аға соғыс аяқталғаннан кейін ұзақ уақыт Мәскеуде Әскери Академияда сабақ беріп, Алматыға келген соң алғашқы зайыбы Жамал апайдың жанында көп тұрақтамай, өзге бір әйелмен көңіл қосады. Осы жағдай қазақы салт-сананы берік ұстанған Үбиан апаға онша ұнай қоймаса керек. Бұл орайда біз көрнекті тұлғалардың жеке өмірінің қалтарыс-қырларын ақтаруға құмартпайтынымызды айтқымыз келеді. Алайда «Мен де адаммын жаралған сүйек-еттен» деп Бауыржан Момышұлының өзі де жазғанындай, көпшіліктің бір мезгіл ұлттың еңселі ұлдарының жеке ғұмырбаяндары беттерін парақтауға ынтығатыны да анық. Сондықтан халықтың белгілі перзенттері өмірінің құпия тұстарына көп тереңдей де бермей, сонымен қатар жауырды жаба тоқи да салмай, бір мезгіл шынайы деректерге жүгінуді лайық көреміз.
Олай болса хаттың өзі сөйлесін.

Қабарлас хат

– Жәннен артық көруші Бауыржан ініме Үбианнан сәлем. Қызметіңді ойнап-күліп атқарып жүрген боларсың. Сіздің солай болуыңызды мұндағы Үбиан әпкең тілек қосады. Және жиендерің де бақ үстіне бақ қосылсын деп шуылдап тілек қосып отыр. 21-декабрьде салған ақшаңды 25-декабрьде алдық. Келгенімде мың сом берді деп келіп едім және мың сом салды деп елім де рахмет айтып қалды. Оған екі елі төбем көкке жетпей отыр.
Ендігі сөз мынау: Үсенбай үйге келіп қалды. Есен барған екен. Үсенбайды Есенге қосып жіберіпті. Екеуі 1-ші Алматыға келсе Есен белетке ақшам жетпейді деп Үсенбайды қайтарып жіберіпті. Мұстафинаның ері барған екен, сонан Үсенбайды қосып жіберіпті. Бұйақтан справкасы да барған еді, нағып опшитқа орналастырмады? Мейлі, мен балам келді деп іренжіп отырғаным жоқ. Мен кетерімде-ақ осы істің боларын байқап едім.
Сонда да еш нәрсе айта алмай кеттім...

Жамал барғанымда айтушы еді, «менен жақсы келініңіз бар» деуші еді.
Мен айтушы ем, «Бақытымыз аман болса мұндай әңгіме істемейді» дедім. Сен келгеніңде (барғанымда) бұл қандай әңгіме деп сұрайын деп едім. Сен маған сырыңды айтқың келмеді. Мен сұрай алмадым. Жамал екеуіңнің ыңғайыңа қарап, еш нәрсе айта алмадым. Бұл қандай әңгіме?
Өзіңе жауап деп айтты деп Құрманбекті шақырып жылапты Жамал.
Жүдә жақсы болды, мен Бауыржанға қатырып хат салайын деп Мұстафинаның ері айтып келді.

Біреу жақсы дер, біреу жаман дер өзіңді-өзің білесің ғой, қарағым. Бақытты қайтпекшісің? Құрманбектің шешесі жолығып Бауыржан Жамалға жауап депті ғой рас па деді. Мен «қайдам, әпселең сөз шығар» дедім. Бұл быжықты жазыпсың деп ұрсарсың. Ұрыссаң да жазғым келді. Жазғаным әжептәуір сөз болған соң расын айта ма деп жазып отырмын. Ақылды ешкімнен сұрамайсың. Өз жайыңды өзің білерсің. Бірге туғанмын ғой деп жазып отырмын. Сөзімді айыптама. Менен басқа ешкім жазбайды. Қайыр-қош, қарағым. Аман бол. Қалай айтсаң да мен көңіліме ауыр алмаймын ғой. Хат салып тұр.

Шамалауымызша, хат 1952-53 жылдары жазылған. Үбиан апаның «Бұл быжықты жазыпсың деп ұрсарсың. Ұрыссаң да жазғым келді... Бірге туғанмын ғой деп жазып отырмын. Сөзімді айыптама. Менен басқа ешкім жазбайды. Қайыр-қош, қарағым. Аман бол. Қалай айтсаң да мен көңіліме ауыр алмаймын ғой» деуі көңіл толқытпай ма!

Кәдімгі әпкелердің інісіне деген жанашыр сөзі. Расында да, мұндай сөзді мінезі «қиын» бауырына туған әпкесінен өзге ешкім айта алмайтын да шығар. Айтқан күннің өзінде жарасуы да екіталай. Қамқор апаны бауырының тағдырынан да бұрын оның ұрпағының қамы көбірек алаңдатады. Бақытжанды қайтпекшісің дейді. Бұл жерден де қарапайым қазақ халқының терең даналығы көрінбей ме! Және Үбекең болмыс-бітімі күрделі, бірбеткей бауырының қозғалған тақырыпқа қатысты қандай қарсы сөзі болса да бәрін көтеруге дайын екенін мәлімдеп отыр.

Сөз арасында тоқтала кетуді жөн көреміз, Үбиан апаның тағы бір емеурініне қарағанда оның қалаға жұмысқа орналасуға барған баласы Үсенбай әлдеқалай жолы болмай ауылға қайтып келген. Тәтейді ол да біраз ренжіткендей. Бауыржан інісіне тікелей айтпаса да, соған неге көз қырыңды сала салмадың деген аздаған өкпесі де жоқ емес сияқты. Дегенмен, оны қойшы, реті табылар, бәрінен бұрын сенің өзіңнің істеп жүргенің не нәрсе, отбасылық жағдайың не болып барады дегенге салмақ көбірек салынады.
Хош. Енді сөзді көп созбай, екінші хатты оқиық. Осы тұста және ескерте кетейік, Баукеңнің бұл кезде басқа адамға қосылып алғанын аңдаймыз. Ендеше қайран жоқ. Үбекең інісінің бұл әрекетін лажсыз мойындайды. Бірақ әлі де болса, бауырының баянды отбасылық ғұмыры мен оның жалғыз ұлы Бақытжанның келешегі туралы ойлар қабырғасын қайыстырады.

Амандық хат!

Жәннен артық көруші Бауыржан көкемізге және жеңгемізге. Мұндағы Үбиан апаңыздан және Үсенбай, Июньбай, Мартай жиендеріңізден, Күнтай келініңізден сәлем. Қалай, көке, аман-есенсіздер ме? Аман-есендіктеріңізді біліп, өте қуанып қалдық. Ал енді ақ қағаз жүзімен апаңыз сөйлесін. Сөйлегенде ақ қағаздан апаңыздың мейірі қанбайды-ау, қанбаса да баруға апаңның шамасы жоқ. Келін құтты болсын. Ізі-құттарың жарассын. Мынандай іс істейін, бұл қалай болады деп ақылдасып жүрген сен емес...
Кішкентайыңнан далада өстің. Құдай өміріңді берсін дегеннен басқа еш нәрсе дей алмадық. Ендігі дейтінім, аударыспақ-төңкеріспегіңді тоқтат. Ағаш бір жерден көгереді. Бақыт адам болып қалды. Соны қасында жүріп тәрбиелеуің керек еді. Ал, мейлі, Бауыржанның ұлы дейді, өмір берсін. Өзіңнің де бір білгенің бар шығар.

Ал, келін шырағым, өз ісіңе өзің мықты бол, жаңа орнатқан мәуе ағаш екенсің. Мәуе ағаш бір жылда мәуе салады, мәуе қандай тәтті, адам да сондай. Менің ініме айтқан сөзімді көңіліңе ауыр алмассың. Құдай берсе орналасып, көгеруіңді, мейірманшылығыңды сұраймын. Шырағым, дідәрларыңды көруге асығамын. Жиендерің жас, үлкен жиенің әскерден келген соң, балалар өсіңкіреген соң аманат жаным аман болса бауырым қашпас. Суреттеріңді сал.

Бір қарағанда, жай ғана, қарапайым түрде айтылса да, осынау жолдардан қаншама тереңдік, қаншама өмір пәлсапасын түйсінеріңіз анық.
Одан соң ә дегеннен аңдаймыз, хатты Үбиан апаның балаларының бірі бастап жазып отыр. Онысы «Қалай көке, аман-есенсіздер ме?» деген сөз саптаудан білінеді. Бірақ көп ұзамай-ақ тағы да Үбиан апамыздың «қолтаңбасын» тани бастаймыз. Яғни, Үбекең баласына тікелей өз ойын жазғыза бастайды. Былайша айтқанда, «диктовать» етуге кіріседі.
«Ал енді ақ қағаз жүзімен апаңыз сөйлесін. Сөйлегенде ақ қағаздан апаңыздың мейірі қанбайды-ау, қанбаса да баруға апаңның шамасы жоқ. Келін құтты болсын. Ізі-құттарың жарассын. Мынандай іс істейін, бұл қалай болады деп ақылдасып жүрген сен емес»... Міне, бұл Үсенбайдың немесе Июньбайдың, яки Мартайдың аузынан шығатын уәж емес, анық Үбиан апаның сөзі. Сол секілді «Кішкентайыңнан далада өстің. Құдай өміріңді берсін дегеннен басқа еш нәрсе дей алмадық. Ендігі дейтінім, аударыспақ-төңкеріспегіңді тоқтат. Ағаш бір жерден көгереді. Бақыт адам болып қалды. Соны қасында жүріп тәрбиелеуің керек еді. Ал, мейлі, Бауыржанның ұлы дейді, өмір берсін. Өзіңнің де бір білгенің бар шығар» деген байламды да нағыз жанашыр әпке ғана айта алатын шығар.

«Ал, келін шырағым, өз ісіңе өзің мықты бол, жаңа орнатқан мәуе ағаш екенсің. Мәуе ағаш бір жылда мәуе салады, мәуе қандай тәтті, адам да сондай. Менің ініме айтқан сөзімді көңіліңе ауыр алмассың. Құдай берсе орналасып, көгеруіңді, мейірманшылығыңды сұраймын».

Мұнан да қайран қазақтың іс барысын тереңнен болжайтын сұңғылалығын, даналығын көріп тамсанасыз.
Одан соң хаттардың жазылу формасы да қызық. Ауыл адамдары сол кезеңдерде қалыптасқан халық ауыз әдебиеті мәнеріне келетін жазу пішіні арқылы аз сөбен-ақ көп жәйтті айқын ұғындырады. Әйтеуір, осынау шағын ғана екі хатта қаншалықты терең өмір драмасы жатқаны да анық қой.

Мұқаш Қ. "Ақ алмас". 

Бауыржан Момышұлы. "Өнегелі өмір"

Алматы: Қазақ университеті. 2016. Ш.70.- 315-б.


ӘДЕБИЕТ 24 қыркүйек 2019 г. 1 199 0