СЫР ЖАСТАРЫНА

(З.Шүкіровке арнау)

Білесің бе, сен, білмеймін деуге хақың жоқ,

Келетін саған басқадан бұрын жақын боп.

Сен өскен осы киелі Сырдың жерінде,

Зейнолла сынды дарабоз туған ақын жоқ.

Оқысаң оның, зер салып әрбір өлеңін,

Сездіретіндей теңіздің ұлы екенін.

Жырынан оның байқаймын бейне бір күшті,

Жағаға соққан толқынның түрін көремін.

Көрсе де мынау тағдырдың қатал сынағын,

Өлеңнен тапқан өмірге деген құмарын.

Жүз жылда ғана келетін бір рет өмірге

Осындай болар өр мінез, асқақ, шын ақын.

Кей сәтте қалам жырына оның тамсанып,

Келді екен қайдан, осынау өлең, зор шабыт?!

Сыйлады ма екен ақынға сұлу сөздерді,

Теңіздің суы жататын әркез долданып.

Аралдың айдын шалқарын жырға бөлеген,

Жасаған жолын ізгілік атты кемеден.

Содан да болар есімін елі ескеріп,

Орыстың ұлы Корчагиніне теңеген.

Жазылар әлі Зейнолла жайлы талай жыр,

Ол жаққан шамға, құрдасым, сен де қарай жүр.

Бір жұлдыз болып қаланған Сырдың көгінде,

Тарала берер әрқашан одан арай, нұр.

Айнұр Үргенішбаева.

ӘДЕБИЕТ 19 шілде 2014 г. 1 396 0