« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Мен 1988 жылы Қызылорда педагогикалық институтының қазақ филологиясы және тарих факультетіне оқуға түстім. Сол кезде жасым 26-да, тоғыз жылдай жоғары мектепке жолай алмадым. Әке-шешемнен жастай қалғанмын, ауылдық жердің баласымын. Сонымен бұйрық болып, институт есігін аштым. Үйленгенмін. Бірақ жатақхана берілмеді. Сол кезде менің облыстық газетке 2-3 өлеңім басылды. Соның бірі: «Пәтер жыры» деген өлең болатын. Онда:
«Қалдош-ау, қайда барамыз,
Қаяқа жетер шамамыз.
Топылиыңнан сыз өтіп,
Тоңдырды-ау мына қара күз.
Не керек ойын, сайран бос,
Еңбегің менен пайдаң дос.
Деуші еді әжем жарықтық,
Пәтер іздейік, қой, Қалдош...», –деген шумақтар бар еді. Мен мұны «біреу көрсін, маған көмектессін» деген есеппен жазғаным жоқ. Өлең газетке шыққан соң екі-үш күн өткесін: «Сені проректор Досманбетов шақырып жатыр» деген хабар алдым. «Бірінші курстың студентін проректор неге шақырды?» – деп қорқасоқтап ағайдың кабинетіне имене кірдім. Ол кісі жылы амандасып, жағдайымды сұрады, өлеңімді оқығанын айтты.
– Жатақхана комендантына тапсырдым. Келіншегіңмен келіп тұра бер, – деді. Сол жатақханада бес жыл тұрдым.
Мен институт бітіргенде Бақберген ағай ректор еді. Тағы да шақыртты.
– Түркияға оқуға бар, ақшаңды өзім төлеймін. Журналистика факультетін ашамыз. Бітіріп келгесін, соған декан боласың, – деді ағай.
Сол кезде жасым отыз бірде. «Енді қай кезде қызмет істеп, ақша табамын» деген ой келді. Күмілжіп қалдым...
– Барғың келмей отыр ма? – деді ағайым. – Қашан жұмысқа орналасқанша жатақханада тұра бер, – деген еді сосын. Сөйттім. Облыстық газетке корректор болып жұмысқа тұрғанша ешкім көш деген жоқ.
Сенатор болып сайланып кетіп бара жатқанда ағай мені тағы шақырды. Ол кезде ағай – қала әкімі, мен – журналиспін.
– «Бидің айтқанын құл да айтады, аузының дуасы жоқ» деген, билік айтатын мінберден сөзімді өткізіп, елге, туған жерге бір пайдалы іс жасап, перзенттік парызымды өтесем бе дедім...
Ағайдың осы сөзі маған қатты ұнады. Бірақ қимадым. Сол күні ағаймен арадағы әңгімені «Мен сенатқа неге бара жатырмын?» деген тақырыппен облыстық газетке көлемді сұхбат етіп жарияладым.
Ағай шын мәнінде биік мінберден сөзін айтып, елге пайдалы іс істеуге қол жеткізді. Байқоңырдағы қазақ мектептерінің хал-жағдайы мен өңірдегі білім, мәдениет, денсаулық сақтау салалары жөнінде көптеген келелі мәселелердің шешілуіне атсалысты.
Бұл тумысы бөлек тұлға маған жоғары мектептегі сабақпен ғана емес, жүріс-тұрысымен, сөйлеу мәдениетімен, кең кеудесімен, жылы жүрегімен, қайырымды қолымен, өрге тартқан жолымен өнеге берген адам, ұлағатты ұстаз.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |