Бір өзеннің арнасымыз, бір атаның баласымыз

 Біз сұрапыл соғысты көр­медік. Аналардың баласын жоқтаған зарлы мұңын есті­медік. «Қара қағаз» алып, азан-қазан болған ауылды да білмейміз.  Тек ата-бабаларымыз басынан өткерген зұлмат жылдармен жазушылардың еңбегінің арқасында таныспыз.

Нағи Ілиясовтің «Жауынгер жолы», Әлжаппар Әбішевтің «Жас түлектері» және Қасым Қайсеновтің «Жау тылында» аталатын туындысы қазіргі ұрпаққа бейбітшілік пен татулықтың қадіріне жету керектігін ұғындырды. Аталған жазушылар майдан даласында қасық қаны қалғанша қырқысып бір ерлік көрсетсе, көрген-білгенін жаңылмай кітапқа түсіріп екінші рет батырлық танытты. Ал, Мұхтар Мағауин қыршын ерлердің панасыз қалған ата-анасына қарап, жастайынан жетім болған баланы көріп, оқырман талғамынан шығатын туынды жазды. Ол   «Бір атаның балалары» деп аталады.

Автордың айтуынша, бұл – болған оқиға. Мұхтар Мағауин Жеңіс күні қарсаңында редактордан ерлік жөнінде көркем очерк жазуға тапсырма алады. Ол бұрын журналистер назарына ілінбеген адам болуы керек еді. Тапсырманы орындамақ ниетпен журналист Мұхтар қалалық госпитальға тарта жөнеледі. Сонда бас дәрігерге мән-жайды айтып, майдангер Тоғрылмен танысады. Тоғрыл соғыс кезінде «мың  өліп, мың  тірілген» қазақ. Мұхтар осы жауынгердің ерлігіне тәнті болып, сол туралы очерк дайындайды. Алайда, басшылық оның еңбегін ұнатпай, газет бетіне жариялауға қарсы шығады. Содан кейін Мұхтар Мағауиннің жолы тағы қалалық ауруханаға түседі. Осы жолы барғанда ол Тоғрылдың қасында қазақша сайрап тұрған бейтаныс жігітке көзі түседі. Әрі-бері ойланып, не орыс я болмаса татар екенін ажырата алмайды. Ақыры шыдамы таусылып Тоғрылдың өзінен сұрағанда, ол соғыс кезінде ата-анасынан айырылған бірнеше баланың алыстағы қазақ ауылына келіп, жаңадан туыс табуы туралы әңгімелеп береді. Осыдан кейін Мұхтар Мағауин сол ауылға табан тіреп, тұрғындармен өзі тілдескісі келеді. Бұл ойын жүзеге асырып, шығарманың болашақ кейіпкерлерімен жүзбе-жүз танысады. Міне, атал­ған туындының тарихы осы­­ған саяды. Әрине, автор кейіп­керлердің есімін өзгертіп бер­уі заңды. Әйтсе де, оқырманға айтар ойы мен берер тәлімі сол қалпында өзгермей сақталғаны жасырын емес.

«Бір атаның балалары» бір мезетте әралуан оқиғаны баян­дайды. Әңгіме әуелі аядай ауылға қазақтан өзге неміс, татар, орыс сынды ұлттың ұлдарын әкелуден басталады. Одан кейін неміс Зигфрид, ағайынды Нартай мен Ертай және ұлты белгісіз Яковқа жеке-жеке тоқталады.

Бірінші тармақта немістің тұқымы Зигфрид Вагнерді исі қазақтың жақтырмауы, оны тұрғындардың асырап алудан қашуы және өзекке теуіп, өгейлік көрсетуі сипатталады. Жау­дан жалығып, соғыстан зәразап болған халық бір жағынан немісті бауырына баспауды қалыпты жағдай санаса, екінші жағынан бейкүнә сәбиге аяушылық танытты. Оның жанарын жасқа толтырып, жетімдер үйіне апарып тастауға ары жібермеді. Бұл қазақтың қандай жағдай болса да, жүрегінде жылылық оты өшпегенінен хабар беріп тұрғандай ма, қалай? Жетімді жылатпаған ел емеспіз бе? Ақыры не керек, ауыл ішіндегі Ахмет ақсақал Зигфридті өз бауырына басып, бала етуге ниеттенеді. Көптің ішінен суырылып шығып, өзгелер «ата жау» санап тұрған баланы үйіне алып кетеді. Ертесіне дін мен дәстүрді байланыстырып, баланы сүндетке отырғызады және асықжілік ұстар тойын жасайды. Осылайша күнді Зигфрид болып батырған ол, таңды Зекен Ахметұлы деп атырады. Сол сәттен бастап Зекеннің өмірі қазақ ауылының тұрмысымен біте қайнасып кетеді. Алайда, ойын балалары Зекенді өзекке тебуін тоқтатпайды. Бірде қолындағысын тартып алса, келесі күні әбден мазаққа айналдырады. Ондай сәттерде асырап алған әкесі көмекке келіп, Зекенді құтқарып алушы еді.

Хакім Абай «Адамның бір қызығы – бала» демей ме? Үш баласын соғысқа берген Ахмет қартайған шағында Зекеннен бар қызықты көреді. Оны керек кезінде жұмсап, өзіне қолқабыс етеді. Бірақ жұртшылық Зекеннің ауыл тұрғыны болып жүргеніне көндіккенімен, оны өз жұртым деп қабылдай алмайды. Жаудың баласы деген оймен әр ісінен кінәрат тауып, оның ауылдан көшуін талап етті. Бұған бір балаға зар болып отырған әке көнсін бе? Үш баласынан өлідей, кейінгі ұлынан тірідей айырылғысы келмеген ол, Зекенмен бірге немістер көшіп келген аймақта тұруға мәжбүр болады. Зигфрид Ахметұлына арналған тарау осымен тәмамдалады.

Жер бетінде адамдар пайда болғанда тағыны тізгіндеді, асауды бұғалықтады, құла дүзді қан жайлау, меңіреу даланы елді мекен етті. Ол кезде ру аласы, ел таласы болған жоқ. Жұрт тегіс шат-шадыман тұрмыс кешті. Өйткені, барлығы Адам ата мен Хауа ананың ұрпағы еді. Олар өздерін «бір атаның баласымыз»  деп түсініп, жанжалдасуды білмейтін. Неміс, орыс, қазақ деп бөлу Пайғамбарға шет, Аллаға жат саналатын.  Міне, бастапқы бөлімдегі оқиға оқырманға осындай ой тастайды.

Кітаптың келесі тармағында ағайынды Нартай мен Ертай туралы жазылады. Ондағы қос бауырдың бір-бірінен ажырап, туған ата-анасын үнсіз сағынуы, асырап алған отбасына бауыр баса алмауын оқыған жан әр күйлі сезімді бастан өткереді. Кейде бауырлар арасындағы сүйіспеншілікке сүйсінсе, енді бірде ересектеу Нартайдың алғырлығына тәнті болады. Ал жүзіне жымия қараған жанды жақын тартатын Ертай бала көңілдің кіршіксіз таза болатынынан хабар беріп тұрған сыңайлы. Сондай-ақ, екі баланың орындалмаған арманы мен жүзеге аспаған жоспары кез келген адамды бейжай қалдырмайды.

Нартай мен Ертайдың арасы екі жас. Әуелгісі – сегізде, екіншісі – алтыда. Жастары кіші демесеңіз, екеуі де алғыр, тілалғыш. Бұған туған әкесінің жатпай, тұрмай кітап оқуы әсер еткен шығар, бәлкім? Бала көргенін қайталайды емес пе? Нартай жаңа үйіне келгенде ең бірінші кітаптар сөресін іздейді. Оны таппаған бойда өзінің туған үйі емес екенін сезіп, асырап алған ата-анасына жақын тартуы одан сайын қиындайды. Бір жағынан інісі Ертайды сағынуы құлазып жүрген жанына тағы бір жүк болады. Осыны оқыған оқыр­ман бауырларды бір-бірінен бөлмеу керек еді деген пайымға келуі мүмкін. Бірақ оны ешкім әдейі жасамағанын естен шығармау керек. Қай жан болмасын артынан тұяқ қалып, шаңырағының оты өшпегенін қалайды емес пе? Сол себепті ауыл адамдары балапандай үрпиісіп тұрған балаларды қалай болса да қамқорлығына алғысы келді. Оларға ізін басып, ісін жалғастырады деп сенім артты. Ұрпақ жалғастығы қазақ ұлты үшін айрықша мәнге ие. Жаугершілік заманда баласы өлген ата-ана ұлым шейіт болды деп емес, артынан ұрпақ қалмады деп жылаған көрінеді. Нартай мен Ертайды екі отбасына берудегі негізгі себеп осы дер едім. Тым құрыса екі үйдің түтіні тоқтамасын деген ниет болған барлығында. Алайда, балалардың туған қаласына деген аңсары басылмады. Ес кірген сайын, жаңа ауылға үйренісе ме десе, керісінше жастары ұлғайған сайын Алматыны армандап жүретін жайтқа жетті. Ақыры Алматыға апарар жолда бауырлар жан тапсырады. Қылышын сүйреткен қыс оларды бір-бірін құшақтаған күйі о дүниелік етеді. Иә, әр оқырман бұл жағдайдан соң жанында шат-шадыман жүрген бауырының, маңдайына күн, самайына жел тигізбей, беттен қақпай өсіріп отырған ата-анасының бағасына жетер,  бәлкім?

Туындының соңғы бөлімінде ұлты белгісіз Яков жөнінде баяндалады. Ол да басқалар сияқты бөтен ауылға бірден үйреніспейді, әрине. Алғашқы күндері тұ­йықталып, тасбауыр болуға шақ қалады. Айтпақшы,  Яковқа да ата-анасы Жақып деп қазақша есім береді. Бұл оның қазақ балаларына біртабан жақын болуына сеп болады. Жақып соғыс салдарынан, дәл жанынан атылған жарылғыштың дүмпуінен саңырау болып қалған. Сондай-ақ, сол сәтте ата-анасынан айырылып, жығылған үстіне жұдырық болып жетім атанады. Періштесі қақты ма қайдам, әйтеуір Жақып өзіне өгейлік танытпайтын Сақып пен Көбегеннің шаңырағына келеді. Көбеген – көпті көрген кісі. Баланы әртүрлі ертегімен елітіп, өзіне баурап алады. Кейін Жақыптың қазақшасы жақсы жаққа өзгеріп,  өзі де бір үйдің арқасүйер әкесіне айналады.

Осылайша аталған туынды бір заманда туып, бір дәуірде ер жеткен жасөспірімдердің әртүрлі тағдырын бейнелейді. Кітапта кейіпкерлердің балалық шағы ғана емес, кейінгі өмірінен де мәлімет берілген. Мәселен, Зиг­фрид совхоздың бас зоотехнигі болған, ал Яковтың бес баласы бар әрі ол бұрынғыдай мылқау да, саңырау да емес. Қазақ жұрты Нартай мен Ертайды да естен шығармаған. Олар үшін арнайы мола қазып, құлпытасына «Ағайынды Нартай және Ертай Арыстанбековтер» деп жазған.

Мұхтар Мағауин «Бір атаның балалары» кітабының нүктесін «Көкейімдегі суреттерді ептеп тұздықтап, повесть пе, әңгімелер циклы ма, әлде  тіпті, роман ба, әйтеуір бірдеңе жазып тастадым. Журналист шықпады, бәлкім жазушы болып кетермін» деп қояды. Байқасаңыз, автор шығарманың оқырманның көңілінен шығатынына толыққанды сенім білдірмейді. Әйтсе де, мен аталған туынды талай жанның жүрегіне жылылық, махаббат, бауырмалдық, елжандылық се­зімін ұялатады деп айтар едім. Ең бастысы, осы туындыны парақтаған жан жұмырбасты пендені нәсіліне, дініне, түрі мен тегіне бөлмеу керектігін ұғынатындығы анық. Одан қалды барлығымыздың бір өзеннің арнасы, бір атаның баласы екенімізге көзі жетуі де ғажап емес.

Маржан 

ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

журналист.

ӘДЕБИЕТ 12 қыркүйек 2019 г. 2 104 0