Ақырғы алданыш

Тән мен жан екі түрлі нәрсені қалайды. Тән қозғалыс­ты сүйеді, жан еркіндікті, тыныштықты жақсы көреді. Жанымыз бізді өз болмысымыздан ауытқымауға үндейді. Жанның жаратпайтын, көңілдің қаламайтын әрекетіне бару ауру шақырады.

Үсен шал туралап келген ажалға дейін ауру-сырқауға бой алдырып, жанынан шуақ, бо­йынан қуат, көзінен нұр жоғалт­қан емес-ті. Ақ некелі сыңары, аяулы жарынан айырылған жылдан бастап торығуға бой алдырды. Жаны жалғыздықты сезінді. Өткінші дүние бізге де таяп келді-ау деген ой шырмауы оны бүк түсірді. Сондай бір күйзелісті шақта осы көшеге жақында көшіп келген үйден ерекше рух сипаты жүзінен төгіліп қара кемпір шыға келді! Таныстық-білістікте шал өзінен бес жас үлкен көрші кемпірдің шалының бақилық болғанын, марқұм ол кісінің өзімен рулас екенін білді.

– Е-е, қайным екенсің ғой, – деді қара кемпір.

– Жеңеше, әңгіме айтысатын жан таппай жүр едім, жақсы келдің.

– Әңгімені әрісінен соғайын ба, берісінен соғайын ба?

– Қайсысын болса да тыңдай берем, көңілім сусап қалған.

– Тегін әңгімені тыңдап кетіп қалатын біреу болып жүрме...

Кемпір мен шалдың арасындағы алғашқы сөз осындай болды. Қатарласқа ғана жарасатын жағымды әзілді екеуінің де естімегені қашан.

Қара кемпір сөзшең. Қазақ бәйбішесіне тән адуындық, суыртпақтатпай тіке сөйлеу, әңгімені әдіптеп айтып, жүрегінен ақпейілділік аңқып тұру – оған тән. Үй арасы жақын, екеуі күн сайын жолығысады. Көңілдің күншуағын төгіп, әңгіме шертеді. Бірінің он баласы, бірінің бес баласы бар. Көңілдері бай. Бірақ сол көңілдің бір бұрышындағы бос қуысты олардың бірі де толтыра алмайды.

Сондықтан болар, олар бір-бірінен ажырағысы келмейді. Екеуі кездескен сайын жан мен тәні, санасы қоса сауығып, өздерін жеңіл сезінеді. Егер адам өзін жеңіл сезінбесе, арқасында ауыр жүк тұрғандай болса, ішкі дүние қалауына сыртқы дүние сәйкес келмесе, бұл үйлесімсіздік ауру шақырады. Жан, тән, сана үндестігі сәйкес­тенбесе оны аурудың алды дей бер. «Денсаулық» пен «ауру» ұғымын қарама-қарсы, ғылым тілімен айтқанда омоним сөздер деп қарау қате. Денсаулықты нау­қастық белгілермен өлшемеу керек. Денсаулық – үйлесімділік. Жан, тән, сана үндестігінің ара қатынасы. Кемпір мен шалда осы үйлесімділік көрініс тапты. Сөйтіп сергектікпен алғы күндерге қарай жылжи берді. Екеуі тойға, ас-құдайыға бірге баратын болды. Шал мен кемпірдің осындай қарым-қатынастарына жұрт та үйреністі, жалғыз жолыққан бірінен екіншісін сұрасатын.

Құдайға ғана жарасқан жалғыздыққа мойынсұнбаған шал мен кемпір осылайша үш жыл бойы ауылүй арасында қатар жүрді. Төртінші жылға тағдыр төрелік жасады. «Кәрілік жапалаққа айналдыр­ды, бұлбұл ең даусы зарлы тұрған сайрап», – деп Әріп ақын айтқандай, кәрілік жеңген кемпір барыс жылы ауырып жатып қалды. Қаланың іргесіндегі «Киров» ауылында кемпірдің үлкен ұлы тұратын, ауырған соң сонда кетті. Жаңа жылда Үсеннің балалары шалдың сексен жасқа толғанын атап өтпекші болды. Алдыңғы қатардағылардың бірінен болып шақыру қағаз «Кировқа» жөнелтілді.

Бұл кезде кемпір төсекке біржола таңылып жатты. Үсекең тойдан бұрын кіші баласының жеңіл көлігімен кемпірдің көңілін сұрауға шықты. Құрдасы Қожанды қасына алып, екі келінін ертіп, төрт дөңгелекпен зырлап «Кировқа» келді. Үй айналасындағылар ойда жоқта көліктен түсіп жатқандардың кім екенін аман-саулық сұрасып, төрге шыққанша біле қоймады. Аналарына армысың дей келгендерін ғана болжаған. Кемпір төсектен көтеріліп, қунап қалғандай кейіпке келді. Шай дастарханы жайылды. Ешкім айтпай-ақ қазанға ет салынып жатты.

– Жақынырақ отыр, – деді кемпір қол тіреп көрпешеге жайғаса берген шалға.  – Барыс жылының төлімін ғой,  биыл жеті мүшелге жетіп отырмын, – әңгіме осылай басталып, өткен-кеткенге ауысты. Сол әңгіме үстінде буы танау жарып жамбас жілік салынған ақ табақ ортаға қойылды. Кемпірдің туыс­тарынан бірталай кісі жиылып қалыпты.

– Бұл етті өзім тұздағанмын, алып отырыңдар, – деп дастарханнан шеткері қалған кейуана қонақтарға бәйек болды. – Ертең мен өлсем, бұлар кім еді деп жүрмеңдер, – деді өз жағындағыларға қарап. Олар кемпірге қарады. Шынында бұлар кім деп отырғандары рас. Қазақ әдетінде қонаққа ондай сұрақтың қойылмайтынын бәрі де біледі. 

– Мен өлсем мына шал бес келінімен келеді. Бұл – менің Қызылордадағы қайным. Қаделі қонақ қылып, үстіне шапан жауып шығарып саласыңдар, – деп тапсыра сөйледі кемпір. Аяқ жақта отырғандар үн шығармастан бас изесті.

Ет желініп, сорпа ішіліп болған соң кемпір шалға дәс­орамал ұсынды.

– Көзімдей көріп, теріңді сүртіп жүрерсің, – деді.

Сосын тағы бір түйіншекті ашып, Үсекеңнің екі келінін жанына шақырды.

– Мыналар күмістен соғыл­ған қолтума заттар, – деп ысырып қойды. Білезік, сақина секілді әшекей бұйымдар екен. – Бір-біреуден тағып алыңдар, менің жыртысымда сендер ес­ке­рілмей қаларсыңдар...

Келіндер қолын соза қоймағасын біреуіне білезік, екіншісіне құсмұрын сақинаны өзі салып берді.

– Жағдайды көріп отырсың, тойыңа бара алмаймын, – деді сосын шалға. Келген шақыру қағазын қабырғаның қолы жететін тұсына іліп қойған екен. Соған мұңайып қарады. «Пәрмені күшті тағы бір шақыруды күтіп отырмын ғой» дегендей түр танытты. Кемпір осы күні көңілін сұрап келгендерді қайта көрмесін анық білгендей, олармен кешулескендей күйде еді.

Сөйтіп қаладан келгендер кемпір мен шал іргесін бекітіп берген тағы бір туыстық тауып, жарқыратып қабағын, бұрқыратып тамағын берген үйден атқа қайта қонды. Жол бойы Үсекең үнсіз отырды. Балалары әкесінің сақалына сырғып түскен тарам-тарам көз жасын көріп, үнсіздікті бұзған жоқ. Бір-екі әңгіме бастап жауап алмаған Қожан шал да артқы орындыққа шалқая түсті.

Осы оқиғаны естігенде шал­дың еркетотай қызы Айша әкесіне:

– Өз кемпіріңе көрсетпеген көз жасың қара кемпірге ағыл-тегіл болыпты ғой, – деген.

– Сендер не білесіңдер, – деді де қойды сонда Үсекең.

Қартайғанда қосағынан айырылған адам көп ішінде жалғыз қалады. Өз кемпіріне неге жыламасын. Күмісай ана Үдекеңнің қанаты емес пе, жанаты емес пе! Жанатын жоғалтып, қанатын қайырған жан жыламасын ба? Бірақ жасы жетпістің үстіне шыққанда балаларының ортасында жылап отырғаны жараса қоймас-ты. Қайта аналарын жоқтаған оларға бекемдік көрсетпес пе? Алайда, Үсекеңнің өзінен көп жылаған ешкім жоқ, ол ішінен жылады. Ішінен жылап жүргенде тұман ішінен Күмісайы адасып жүріп қайта оралғандай еді. Қара кемпірдің кескін-келбеті жарын жадына түсіріп, тамыр соғысы тереңдей бастаған жүрегінде ерекше бір сезім пайда болған.

Сексенге келгенде сезім семіп-қатады дегенді ешқайдан естімедік. Ұнату, жақсы көру, жақын тарту адам баласының бәріне ортақ. Бірақ Үсекең мен қара кемпірдің арасындағы өзара ұғысу тіпті басқаша болатын. Олар кешегі бір зұлмат дәуірді қатар көрді. Ашқұрсақ, қоңылтақ өсті. Соның бәрін ертегідей еске түсірген сәтіңде әрі жалғап әкететін біреудің жаныңда болғаны қандай ғанибет! Қарапайым әңгімеңді әлдекім мақұлдай қалса да құ­йымшағың бір көтеріліп түспей ме?! Ал, ғасырға жуық өміріңді қолдан өргендей ғып әсемдеп айтқанда қуанышыңды көбейтіп, қасіретіңді азайтып отыратын өзіңнің қатарласың ғана. «Байғыздың да аңсауы бар, бұлбұлдың да жемсауы бар» депті бір ақын. Қарттардың бақыты – қатарымен қабаттасып, жалғыз­дыққа жығылмай өмір сүру. «Бала-шағамның ортасында отырсам болды» дейтін жұбату сөзі. «Қатарың болмаса, тойға барма» дейтіні рас. Қайсыбір қарт та өз ортасын іздейді. «Сендер не білесіңдер» деген Үсекеңнің ойындағы осы нәрселерді, әрине, бала-шағасы қайдан білсін-оу?! 

Аз күн сыйластықпен қатар жүріп әзілі жарасқан қара кемпір шалдың жан жалғыздығын қолтықтан сүйеген ақырғы алданышы болатын...


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
"Сыр бойы".
ӘДЕБИЕТ 12 қыркүйек 2019 г. 2 364 0