Келменбет батыр және 15 «Мәдениет»

XVII ғасырда Жайық бойын жаулаған қалмақтармен күресте ерлігімен ерекше көзге түскен ба­тыр­лардың бірі – Келменбет (Сары­қасқа) Келдібайұлы. Батыр атымен қоса айтылатын сарықасқа сөзі оның атының түсі. Ол сары қасқа тұлпары және қасына жиған қа­рулы жүз жігітімен қалмақ қама­лын қақырата бұзып, ерекше ерлік көрсеткен. Тұт­қиылдан жасалған осы шабуылдан жау жасағы ойсырата соққы алып, жеңіліс табады.

Қамал бұзған қаһарманнан тара­ған ұрпақтар өсіп-өніп 17 рулы елге айналды. Қазір олар Қызылорда об­лысының Жалағаш, Қармақшы аудандарында, Қызылорда, Нұр-Сұл­тан, Алматы қалаларында тұрып жатыр.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ел тарихында орны бар батыр, билерімізге, басқа да белгілі тұлғаларымызға көше, ауыл аттары көптеп беріле бастады. Бұл ретте ел тәуелсіздігі жолындағы күрестің аты аңызға айналған қаһарманы Келменбет батыр бабамыздың есі­мі ескерусіз қалып келеді деп ойлаймыз. Келменбет батыр атында Қызылорда қаласындағы Қор­қыт ата көшесінің темір жолмен түйіскен жерінде ұрпақтары күшімен жасал­ған шағын саябақ және батыр ескерт­кіші ғана бар.

Осыған орай, бірыңғай батыр баба ұрпақтары қоныстанған Жа­ла­­ғаш ауданындағы «Мәдениет» ауыл­­ының аты Келменбет батыр ауылы деп аталынса орынды болар еді.

Интернет мүмкіндігін пайдаланып, зерттегенімізде, республика көлемінде 15 «Мәдениет» ауылы бар екен. Олар Қызылорда облысының Жалағаш, Қазалы, Ақмола об­лысының Бурабай, Сандықтау, Алматы облысының Қарасай, Атырау облысының Қызылқоға, Шығыс Қазақстан облысының Аягөз, Солтүстік Қазақстан облысының Есіл, Тайынша, Ғабит Мүсірепов, Түркістан облысының Бәйдібек, Келес, Сарыағаш, Мақтарал, Ордабасы аудандарында.

Осы 15 «Мәдениет» ауылының бірін ел тәуелсіздігі үшін күресте ерекше ерлік көрсеткен әрі осы жолда жанын қиған қаһарман баба­­мыздың есімімен аталуын қалай­мыз. Әрі бұл ұсынысымызға Жалағаш ауданындағы «Мәдениет» ауылы тұрғындары қарсы болмас деп сенеміз.

 

Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,

Жазушылар одағының мүшесі, 

Қазақстанның құрметті журналисі.


Келменбет батыр

Білмеймін жердің қалай жаралғанын,

Таулардың қалай тастан қаланғанын.

Су, дала, орман қалай пайда болған,

Ғажайып құдіреті ғой бәрі Алланың.

Білемін он сегіз мың ғалам барын,

Жаһанға жалпақ жайлап таралғанын.

Бір тынбай тірлік етіп, өсіп жатыр,

Ғажайып құдіреті ғой бәрі Алланың.

Алғашқы Адам ата, Хауа анамыз,

Біздер де содан өсіп, жараламыз.

Алланың құдіреті, күшіменен,

Жан-жаққа ұрпақ жайып тараламыз.

Ғажайып болған алғаш өмір деген,

Көл-көсір бауырмалдық, мейір деген.

Ұядан бірге тұрып, бір өретін,

Жан едік ұлт, жүзге бөлінбеген.

Бөлініп кеттік кейін түрлі ұлттарға,

Түрлі ел, түрлі мекен, құрлықтарға.

Шашырап шартарапқа кете бардық,

Мәз болып мыңды беріп, бірді ұтқанға.

Демеймін тарихымызды танып

болдық,

Айқындап алдағыны анық көрдік.

Әйтеуір етек-жеңі жиылмаған,

Қам, мұңсыз қазақ деген халық

болдық.

Белгісіз нені ұғып, не білеміз,

Кейде алға, кейде кері шегінеміз.

Үш ғасыр бодандықта болсақтағы,

Үш жүзге әлі күнге бөлінеміз.

Біріксе бір-бірінен жоқ алысы,

Аға жүз ұлы жүзі Ақарысы.

Орнықты орта жүзі Жанарысы,

Жауынгер кіші жүзі Бекарысы.

Ұрпақпыз біз таралған Бекарыстан,

Шөмекей, Бозғұл содан болар ұшқан.

Олардың бір ұрпағы ер Келменбет,

Жарақты жауларымен көп алысқан.

Келменбет осы менің батыр бабам,

Жауына жауар бұлттай шатырлаған.

Сары қасқа астындағы тұлпарымен,

Жайпаған жау біткенді жақындаған.

Өмірі бабамыздың толған аңыз,

Кей кезде осы жайлы толғанамыз.

Естіген ескі аңыз, сөз бойынша,

Ер баба өмір жолын ойға аламыз.

                    ***

Алладан нені күтті, не тіледі,

Келменбет жастай қалған жетім еді.

Үсейін, Қожагелді ағасымен,

Үш байға мал бағуға кетіп еді.

Көп екен көрмегені көргенінен,

Төменгі теңелер ме төрдегімен.

Байлардың малын бағып, күнін көрді,

Үш жігіт адал, таза еңбегімен.

Келменбет жастайынан жылқы бақты,

Қарулы қарымдығын жұрт ұнатты.

Ұстайтын сан асауды тырп еткізбей,

Темірдей қолдарымен тым қуатты.

Көркіне қашан да көз тоятығұн,

Көңілге әрбір ісі қонатұғын.

Бермеген бір де шығын жылқышыға,

Сүйсініп бай да риза болатұғын.

Келменбет табыс сырын ұғынғандай,

Жылқыда жүрді әр кез тыным алмай.

Жайлауда кей түндері мал шетінде,

Күзетте жүрді көзден шырым да

алмай.

Бір күні таңда бие құлындады,

(Келменбет жақсылыққа ырымдады).

Сары қасқа құлын бірден жүріп кетті,

Жататын жерде жас төл бұрындары.

Сүйкімді жас төл сары қасқа құлын,

Ерекше өзі де аяқ басқанының.

Кәдімгі қалыптағы жай төлдерден,

Әр қимыл, қозғалысы басқа мұның.

Көңілде күдік те бар, бар да үміт,

Қалғандай құлын жайын бай да біліп.

Жылқыға болды жиі келетін де,

Аңсары бір көруге аңғарылып.

Ойлайтын қараулықсыз қанағатын,

Бір мін жоқ жылқышыға сала алатын.

Келменбет келіскендей еңбегіне,

Бір жылда екі тайды ала алатын.

Келменбет байға айтты жан қалауын,

- Ақыма тек осы енді тайды аламын.

Ренжіп сенімді жан кете ме деп,

Келісті беруге ол да таңдағанын.

Кеудеде көптен күткен жанды ма үміт,

Келменбет кеткендей-ақ тайды мініп.

Кезінде бірақ кейін көрерміз деп,

Көңілге бір жайды бай қалды бүгіп.

Уақыт желі тынбай есе берді,

Ай ауып, жылдар жылжып көше берді.

Жарысқан ақ сағыммен сары тай да,

Тұрпаты тұлғаланып өсе берді.

Сары тай сары қасқа құнан болды,

Көп жандар көруге оны құмар болды.

Тезірек оны алып кетейін деп,

Келменбет байдан рұқсат сұрай берді.

Екі жыл ештеңе алмай шыдағанды,

Екі тай орнына тек құнан алды.

Ойланып бай да берді рұқсатын,

Ішіне бүгіп қалып бір амалды.

Енді алған еңбегінің өтеуіне,

Құнанды алдыдағы жетегіне.

Келменбет сары қасқамен

шыға берді,

Жеріне межелеген жетеді ме.

Жетелеп байдан алған бір құнанды,

Белгісіз жолға шықты бұлдыр алды.

Жарар деп қажетіме түбіменен,

Қопарып тақымға зор жыңғыл алды.

Ауылдың шыққан да жоқ сыртына әлі,

Ел жаққа елеңдейді бір құлағы.

Самалға алдан соққан кеуде керіп,

Сары қасқа құнан алға жұлқынады.

Аз ғана артқа тастап құба белді,

Жазыққа жаңа шыққан бұлар енді.

Мүлгіген тыныштықты бұзып кенет,

Бір дүбір арт жағынан шыға берді.

Белгілі болды артында қуғын бары,

Сары қасқа құнан байды

тындырмады.

Құнанды жетектегі байлап тастап,

Белгілі болды ерте қимылдауы.

Қуғын да бірте-бірте жақындады,

Тыпыршып сары қасқа тұр атылғалы.

Келменбет қуғыншыға қарсы

ұмтылды,

Қолға ұстап зор жыңғылды тақымдағы.

Алапат күш бойында тасқан қаны,

Келменбет қарсы ұмтылды,

жасқанбады.

Жайпады жылдам шапшаң

зор сойылмен,

Тізеден қағып, ұрып бастандағы.

Бұла күш бастарына салды да ойнақ,

Сойылды он бес жігіт қалды жайрап.

Келменбет жолға түсіп жүре берді,

Қуғыншы аттарын сәл алды да айдап.

Сонан соң елге де көп оралмады,

Аз ғана әр ауылға аялдады.

Көбіне қақпан салып, тұзақ құрып,

Далада ұзақ жүріп, аң аулады.

Ауылдан іздемейді ешкім оны,

Көп жайды кеш аңғарып, кеш біледі.

Еріксіз Келменбетті елеңдетті,

Елеусіз бір ауылда естігені.

Қашанғы төзсін қалмақ қанауына,

Қалың ел қанша түсті талауына.

Жиылып хан жасағы жатыр екен,

Жасауға жорық қалмақ қамалына.

Қорғанып көп ісінен қашады ма,

Уақыттың талабынан асады ма.

Келменбет көп ойланбай кете берді.

Қосылып хан жинаған жасағына.

Сары қасқа бұл кездері бесті еді,

Алдынан шапса дауыл естіреді.

Дүсірі қара жерді солқылдатып,

Дүбірі алты қырдан естіледі.

Таңдантқан тұлпарымен күнде көпті,

Жорыққа ер Келменбет бірге кетті.

Бұрқырап бойындағы бұла күші,

Жанары жарқылдайды бірде отты.

Қамады жау қамалын хан жасағы,

Ала алмай апта бойы арбасады.

Қамалды бұзып ішке ене алмады,

Ширығып шабуылды сан жасады.

Кездері болған жоқ еш тыныш тапқан,

Бір жан да болмады еш қиыс тартқан.

Хан енді шабуылға көшпек болды,

Батыстан, қақпа және шығыс жақтан.

Жау күші осы үш жаққа шоғырланды,

Түнерді, қатер бұлты қоюланды.

Қараусыз аңдағанға қамал жақта,

Алаңсыз бақылаусыз орын қалды.

Келменбет осы жайды анық білді.

Оңтайлы осал тұсты танып білді.

Жанында жарақты ерген жүз сарбазы,

Қамалды сары қасқа атпен

жарып кірді.

Жау састы мына жайға алаңдады,

Серпілді кейін қалмай амалдары.

Осы сәт хан жасағы бұзып кірді,

Қақпаны босап қалған қамалдағы.

Басталды солай қырғын,

қанды майдан,

Қалмақтар бергісі жоқ барды қолдан.

Сары қасқа тұлпарымен астындағы,

Келменбет қалың жауға салды ойран.

Көк нөсер тоқтамайды сірә тынып,

Сары қасқа астындағы тұр атылып.

Келменбет тері тонды кесе берді,

Кедергі жасаған соң шұбатылып.

Сары қасқа астындағы атылады,

Бір тыншып бел жазған жоқ батыр әлі.

Жан-жақтан айқасуға анталаған,

Жау тобы қайта-қайта қақырады.

Аспаннан қара нөсер төгіп тұрды,

Батырлық бар сарбазды желіктірді.

Ақыры хан жасағы қан майданда,

Қаптаған қалың жауды жеңіп тынды.

Белгілі жау қамалы алынғаны,

Ордалы жауға ойран салынғаны.

Оралған мол олжамен хан жасағы,

Бір елге келіп жолда дамылдады.

Ғажайып  елде бейбіт таң атқаны,

Мүлгіп тұр бар тыныштық алаптағы.

Ертемен жинады хан бар сарбазын,

Кешегі мол олжаны таратқалы.

Жеңістің лебі есіп жанарынан,

Жиналған сарбаздарға қарады хан.

Ақ тонды сары қасқалы көрінбеді,

Дұшпанға қар жаудырған қабағынан.

Қаншаның таусылыпты татар дәмі,

Қаншасы бой түзеп тұр қатарда әлі.

Хан тағы қарай берді, көрінбеді,

Кешегі қамал бұзған қаһарманы.

Үстінде келте тоны болатынды,

Жауына жолбарыстай боп атылды.

Деді хан - сары қасқалы сарбаз келсін,

Білмедім, кешір мені, жөн-атыңды.

Хан сөзі қыздырғандай делебені,

Көп сарбаз кім жайлы сөз елемеді.

Астында сары қасқа аты барлар,

“Менмін” деп хан алдына келе берді.

Деді ме көп сарбаздан байқар нені,

Бәлкім мол сый-сияпат тартар деді.

Сары қасқа аты барлар жақындады,

Хан бірақ үнсіз басын шайқай берді.

Қоршаған сарбаздары айналдыра,

Айбыны асқан әрі айбары да.

Келменбет зор тұлғалы келте тонды,

Соңында ғана ханның барды алдына.

Таныды көргеннен-ақ хан да бірден,

Қаймықпай осы ер қалың жауға кірген.

Жапырған айналасын алаң етіп,

Қараған қайратына таңданумен.

Күн бойы түспей сары тоқымы аттан,

Байқатып, ерекше өзін бақылатқан.

Қарулы жүз жігітпен тосын келіп,

Осы еді жау қамалын қақыратқан.

Бар маңай тыныштыққа ұйып тұрды,

Назарын сарбаздар да бұрып күллі.

Қаһарлы хан алдында тұрған күтіп,

Келменбет үнсіз басын иіп тұрды.

Айбыны жетеді екен бір басына,

Жүзіне  жайың жоқ бас бұрмасыңа.

Еріксіз хан сүйсіне тұрды қарап,

Қапсағай жас жігіттің тұлғасына.

- Өзгеден артық екен бақ-талабың,

Деді хан - атыңды енді айт, қарағым.

Қысылма, мен әр кезде мақтан етем,

Жаужүрек сендей сарбаз сапта барын.

Қадамын басты да сәл бір ілгері,

- Келменбет, - деді сарбаз кідірмеді.

Сүйсіне қарап тағы сарбазына,

-Риза еттің, - деді - бүгін мені.

- Келменбет, ризамын келбетіңе,

Сендер ғой жүрер елдің жел бетіне.

Жау мысын кеше басып, тасып қайттық,

Қуаныш құшағында тербетіле.

Қарағым, жан екенсің жасын отты,

Көрсеттің талай жауға қасіретті.

Сілтеген сенің тынбай қылышыңнан,

Қырқылып талайының басы кетті.

Қысылма, айт бар қандай қалағаның,

Сен үшін бәрін бүгін таба аламын.

Келменбет деді-Рахмет, барлығы бар,

Және айтты осында екі аға барын.

Хан айтты – бар жайыңды шешіп

берем,

Жасадың ерлік елің есітпеген.

Олжаңа бүгін алар қолға түскен,

Және үш сұлуды да қосып берем.

Ілгері екі ағаң да талаптансын,

Көбейіп, өсіп-өнсін, қанаттансын.

Аймаңдай екі аруды ағаңа бер,

Жар сүйіп олар да тез аяқтансын.

Жүзінен хан мейірім шашып тұрды,

Келменбет мерейін де тасыттырды.

Мол олжа және үш ару иеленген,

Елге жол енді оны асықтырды.

Үш ару қос қыз, бір жас әйел еді,

Жарасқан бір-бірімен жан әлемі.

Ерекше үшеуі де сұлу екен,

Келменбет назар салып жаңа көрді.

Әлі де бозаң жігіт, бозаң өңді,

Қос аға Үсейін мен Қожагелді.

Олжалы көріп келген Келменбетке,

Қуанып қос қолдарын соза берді.

Дауы жоқ екеуімен таласы да,

Балайтын көзінің ақ, қарасына.

Жөн көрмей жас әйелді ұсынғанды,

Қос қызды берді екі ағасына.

Жатсынбай жас әйелді өзіне алды,

Шаттықтан қос ағаның көзі жанды.

«Келменбет, бәрекелді!» деген көптің,

Құлақта риза болған сөзі қалды.

Қос аға қуаныштан күлімдеді,

- Ризамыз, рахмет, інім, - деді.

Үш жігіт осылайша үш үй болып,

Қатарға үш шаңырақ ілінді енді.

 Қосылды үш үй елдің қатарына,

Аттары жайылды елге, атағы да.

Үшеуі өсіп, өніп ұрпақ жайып,

Өмірдің бірге аттанды сапарына.

Жас әйел Ханбибі ел қызы екен,

Пейілі, ниеті де түзу екен.

Шаруаға бейім, іскер, жайлылығы,

Жүзіктен өткендердің жүзіне тең.

Сабырлы, сырбаз мінез, салқын қанды,

Қажетті қай істен де тартынбады.

Осындай жары болып Келменбеттің,

Оты да ошағының шалқып жанды.

Секілді орындалған арман енді,

Жақсы боп отауына жар да келді.

Арада жыл өткенде Келменбеттің,

Тұңғышы туды өмірге Әлдеберді.

Белгілі майдандағы жайдың бәрі,

Келменбет ерлігімен таң қылғаны.

Осыдан кейін хан да  ер сарбазын,

Жанынан жорықтарда қалдырмады.

Жанына ер сарбазын алып жүрді,

Қаусатты, қанша жауды бағындырды.

Қашанда ер Келменбет қаһарымен,

Жау шебін бұзып, атой салып жүрді.

Қаламай елде тыныш таң атқанды,

Дамылсыз жау да тынбай жарақтанды.

Келменбет бірге ханның жасағымен,

Жорыққа дайындалып тағы аттанды.

Болғанмен көзде уайым, көңіл мұңды,

Көп жайға жары шыдап көніп жүрді.

Бұл жолы жас сәбиін орап алып,

Жарынан қалмай біраз еріп жүрді.

Әйелдің міндеті тек шыдау  ғана,

Болмайды жорық жайын сұрауға да.

-Тапсырдың, мені кімге, - деген еді,

-Тапсырдым, - деді ері - бір Аллаға.

Деді де ер Келменбет кете берді,

Қайтпас жол алға қарай жетеледі.

Ханбибі көзіне алғаш жасын алды,

Болаттай бұрын қатты бекем еді.

Қиынын сезгендей-ақ жол алдағы,

Сәбиін қыса түсті ораудағы.

Өзінің болжамындай болды бәрі,

Келменбет бұл жорықтан оралмады.

Жары да тек сәбиге бетін бұрды,

Көп жанды өзеуреген өкіндірді.

Жолатпай жат пиғылды жанына еш,

Жетектеп жеткіншегін жетілдірді.

Еңбекпен қарсы алып таң, батар күнді,

Есейтіп жас сәбиін қатарға ілді.

Әкеден құндағында қалған жасты,

Айтулы ер-азамат атандырды.

Жаужүрек жарқылдаған

жанары отты,

Жас болды Әлдеберді әлеуетті.

Ананың алып үлгі, өнегесін,

Жанына жақсылықты жалау етті.

Әлі де жастығына қарамастан,

Таудай боп өзгелерден талабы асқан.

Елеулі ер азамат болып өсті,

Ертерек ел ісіне араласқан.

Таңдантып талай ісі ел біткенді,

Жорықта жасады сан ерліктерді.

Ертерек үйлі болып, отау құрып,

Өзінің ұрпақтарын өрбітті енді.

Адамнан тек адалдық ұнайтыны,

Алладан медет, рахым сұрайтыны.

Көп күткен ұзамай-ақ келді өмірге,

Есбол, Метей, Өтебай, Құдайқұлы.

Талпынып жаңа өмірге талаптанып,

Төртеуі өсе берді қанаттанып.

Төртеуі өркен жайып төрт ел болды,

Жайылып жан-жағына жарақтанып.

Білімнен оқ бойы алға оза алатын,

Есболдан шықты атақты Ораз ахун.

Кең жайған имандылық ілімінен,

Ізгілік әр жүректе оянатын.

Би болды Аманбайдай абыройлы,

Жасынан жақсылардың жанына ерді.

Байыппен барлық жайды бағамдайтын,

Елінің басқа қонған бағы болды.

Шығарды Айқозы би Метей атын,

Сүрінбей сан қиыннан өте алатын.

Бұл елде көпке мәлім атағы бар,

Жыршылар және жүйрік жетеді ақын.

Молдахмет болды атақты

даңғыл ақын,

Жырласа тынбай таңды таңға ұратын.

Жазушы Нәсіраддин шырын сөзден,

Қашанда таңдантып бал тамдыратын.

Шығыпты Құдайқұлдан

Сарман батыр,

Ерлігі елге аңыз боп қалған батыр.

Өсіріп өнегелі ұл, қыздарын,

Ұрпағын жалпақ жұртқа

жайған батыр.

Атақты Қадырберлі батыр болды,

Жарасып жақсыларға жақын қонды.

Ден қойған діндарлыққа Тәйімбетке,

Ел, халық Сары ишан атын берді.

Көп аңыз жоқ әлі елге жете қойған,

Көңілден көп сөз де жоқ кете қойған.

Атақты Әлдеберлі бір баласы,     

Қозғайын енді әңгіме Өтебайдан.

Өтебай батыр әрі би де болған,

Алты ұлы ерте алты үй де болған.

Кейіннен өсіп-өніп алты ел болды,

Жайлауда қанат керіп бірге қонған.

Алты елдің таңы осында бір атыпты,

Өтебай әділдікті ұнатыпты.

Қалмақтың қолға түскен сыншысына,

Алты ұлын атын атап сынатыпты.

Алты ұлы бірінен кем бар ма бірі,

Оразай, Құба менен Жанғабылы.

Сұлтаны, Тойқожасы, Адамбайы,

Бірінің бірі туыс, жанбауыры.

Сұңғыла сыншы бәрін бағамдады,

Беймәлім еш нәрсе де қала алмады.

Алты ұлға қайта-қайта назар салып,

Байламын сәлден соң ақ баяндады.

Татулық, бірлік қана боп талабы,

Ұрпағы Оразайдың көп болады.

Екінші балаң Құба биің болар,

Билігі бәлкім көпке тоқтамауы.

Кәсіпте Жанғабылдың тұр ау бағы,

Көп болар төбеге де шығарлары.

Сұлтаның өсіп-өніп қанат жайып,

Мыңғырған бай, биі де тұрар бәрі.

Тойқожаң батыр екен бар жасағы,

Батырлық жеті атаға жалғасады.

Жандары Адамбайдың алғыр болып,

Атағы, абыройы дауда асады.

Көп жайды әке білді, әлде күтті,

Көп жайдан болды ма екен әлде үмітті.

Сұңғыла сыншының сол айтқандары,

Уақыт өте келе дәл келіпті.

Оразай ел болыпты өсіп-өнген,

Көп үйі қанат жайып көшіне ерген.

Жатыпты қуатталып, құпталып та,

Құбаның әділ, тура шешімі елден.

Қалдандай Жанғабылда батыр өткен,

Жайылып талай елге аты кеткен.

Сұлтанда бай мен билер көп шығыпты,

Қаншама қалың көпті қасына ерткен.

Тойқожа жаужүрек боп жарақтанды,

Ұрпағы батыр болып қанаттанды.

Атақты Адамбайдан Зарқұм шығып,

Аузына қалың елді қаратқанды.

                       ***

Келменбет ұлы бабам, батыр бабам,

Киелі, қасиетті атың маған.

Би болды ұрпақтарың, ер де болды,

Жауына жанған оттай лапылдаған.

Рахым, сыйыменен бір Алланың,

Ұрпағың өсіп, өнді, ұландарың.

Ел үшін ерлігіңді есіме алып,

Өзіңе бір азырақ жыр арнадым.

Қапалы, қайғы, мұңды, қасіретті,

Қаншама содан бері ғасыр өтті.

Жүр әлі асыл бейнең ел жадында,

Шапағын шашып нұрлы, қасиетті.

Әр ұрпақ содан жылу, шуақ табар,

Қатайып, қанаттанар, қуаттанар.

Бабаның бастар алға нұрлы жүзі,

Жарқырап жанған шырақ сияқтанар.

Аңсаған орындалып ұлы арманы,

Көбейіп өсер ұрпақ, ұландары.

Ерлігі ер бабамның ұмытылмай,

Жатталып жүректерде тұрар мәңгі.

Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ӘДЕБИЕТ 28 тамыз 2019 г. 1 445 0