Жиенбай жырау

 Жиенбай жырау 1864 жылы сол кездегі Қазалы уезі, Қармақшы ауданы, Қуаңдария болысы, №2 ауылда, «Ақтайлақ-кезең» деген жерде жалғанның жарығына келіп, ата-анасын қуанышқа бөлеген екен. Әкесі Дүзбембет елге сыйлы, сөзі уәлі, аузы дуалы жан болса керек. Анасы белгілі шайыр Шораяқтың Омары апасы екенін көп адам біле бермеуі де мүмкін.

Нағашы ағасы Омардың қа­сында көп болып, ақындық қабілетті бойына сіңірген Жи­енбайдың жыраулық өнері елге тез таныла бастайды. Өзінің «Бастау әнінде» өз жайын тө­мендегіше білдіреді.
Сөйлеші тілім, сөйлеші,
Жан шіркіннің сауында-ай.
Дауысым бірден жүрмейді,
Төгіліп терім арылмай.
Бүгежектеп жатырмын,
Әлі де болса жазылмай.
Сонда да тілім, сөйлеші,
Төлеп мінген дөнендей,
Аузыңды ашып арылдай, – деп бастайды да:
(Жыраулар бұл бастаудың, осы бөлігін айта бермейді).

Қаумалап келген аға-інім,
Барын базар етуге.
Тербеліп жорғаң ағылды-ай,
Қарақшыдан бір-ақ шық,
Көрсетпей артқа
шаңыңды-ай,
Қуантып және жылатып,
Жұрт көзінен жас алғыз.
Алқалап қызған
шағыңда-ай.
Тыңдаған жұртты
таң қалдыр,
Артыңда өлмес сөз қалдыр,
Дүзбенбет ұлы Жиенбай, – деп аяқталады.
Жиенбай жырау өз жама­ғайыны Орынбай молдадан ес­­кіше сауат ашып, жыр-қис­саларды оқып, жаттайды. На­ға­шысы Омардың  сөздерін көп жаттап, насихаттаған. Сыр бойы ақындары Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Ерімбет, Шегебай жыр­ларын насихаттап елге та­ратқан жырау. Өзі әнші, жырау, дауысы Балқашбай жы­рау­дың сөзімен айтқанда, «Ол кісінің дауысы казіргі паро­воздың дауысындай еді». Сыр өңірінде Жиенбай секілді жы­раудың болуын елдің құты деп бағалаған ел-жұрт сол елде өнердің сарқылмайтын баға жетпес мол қоры жатқанын се­зеді. Жиенбай жырау ауқатты болмаған секілді. Оған дәлел Тұрымбетпен айтысында:    
«Тыныштықпен отбасында отырғызбай,  
Жоқшылық ел кездіріп тентіретті»,
– деп өз жайын алдына тартқан секілді.
Жиенбайдың алғашқы әйелі Балшаш – Сыр сүлейлерінің бірі Даңмұрын Кенжебекұлының туған апасы.
Балалары көп тұрмаған соң Балшаш шешеміз Жиенбайға өзі таңдап қыз алып берген. Осы жерде мына жағдайды еске сала кеткен жөн секілді. Оның таңдағаны Аманжол деген кісінің қызы Ұлжан еді.
Қызын жас, Жиенбайды ере­сек көрген Аманжол қызды бергісі келмейді. Олардың үй­ленуіне қыздың өзі (Ұлжан) себеп болады. Он төрт жасар Ұлжан әкесіне: «Мені атақты Жиенбайға бермегенде, кімге береді екен? Мен Жиенбайды таңдадым» – деген соң барып Аманжол Жиенбайға ұзатқан екен.
Осы Ұлжаннан 4 перзент көреді. Үлкені Рүстембек, онан кейін Марқыма, Алқыма, Дас­танбек. Рүстембек Балшаш шешесінің тәрбиесінде болған. Балшаш шешеміздің айрықша ықыласымен Рүстембекті бауырына салғанда, емшегінен сүт көрінген екен. Жиенбайдың жыраулығы Рүстембек пен Дас­танбекке дарыған. Жиырмаға енді шыққан Дастанбек 1941 жылы Отан қорғауға аттанып, 1942 жылы Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапты. Ақын Рахмет Батырбаев «Сыр ұлына» деген поэмасында:
Сайыста Сырдың ұлына,
Сыр түгіл етті қыр елең.
Дастанбек дүрдің ұрпағы,
Шабыты Сырша шіреген.
Әкесі ақын Жиенбай,
Гауһарын жырдың күреген.
Рүстембек еді ағасы,
Пырақ жырау, пірі өлең,
Дастанбек те дейді екен,
Қолтығым кеппес күрең ем,
–  деген жолдар арқылы Дас­тан­бектің де жыраулықта те­гіне тартқан ұл екендігі анық бай­­қалады. Марқымадан туған Ібән Аралбаев – республикаға танымал жырау.  
Жиенбай жыраудың ізін өшір­мей, халыққа рухани қыз­мет еткен ұрпағының бірі және бірегейі – Рүстембек жырау. Оның ең бірінші жырау ретінде елдің есінде қалғаны 1917 жылы атақты, тарихта қалған Шоңайдың асы болды. Осы аста Жиенбай баласы 12-13-тегі Рүстембекке өлең айтқызады. «Бала жырау» атанған Рүстембек көзі жұмылғанша осы биіктіктен түскен жоқ. Бір жырлағанда апталап, айлап кететін күндері болған. Ол фольклор зерттеуші Мардан Байділдаевқа өмірінің соңғы кезінде,  ауырып жүрсе де, бірнеше баға жетпес дауыс үлгісін қалдырды. Ал, Жиенбай атамыз жайлы ақын-жыраулардың лебіздері аз емес. Шораяқтың Омары шайыр:
«Дүзбенбет ұлы Жиенбай,
Ақ домбыра қолға алып,
Ұшатын құстай қомданар.
Ерегіскен ер болса,
Екі талай жер болса,
Аянбай шауып,
жолды алар...»

Тұрмағанбет ақын былай бағалайды:
«Есенжан, Жүсіп, Жиенбай,
Жүйріктері заманның.
Отарбадай әр жерден,
Көрінетін бар-ақ
бұрқылы...»

Ақын Қуаныш қожа Бай­мағанбетұлы былай деп жырлайды:
«Жиенбай жыр дүлдүлі
Кетедегі,
Шәкірт қып көп шайырды
жетеледі.
Баласы Рүстембек о да
жүйрік,
Демейді Жиенбайдан бөтен
еді...»

Белгілі түркітанушы Әуел­бек Қоңыратбаев «Қырық құ­был­тып, ән салған, шіркін Рүс­тембекке кім жетсін?!» – деп таңғалған екен. Ақын Әлиакбар Жұматаев былай дәріптейді:
Жиенбай жырау жүлде
алған,
Аптаны қойып, күнді алған.
Алтындай таза, асыл сөз,
Шын шеберден шыңдалған.
Хан менен қара келсе де,
Қалтқысыз сөзі тыңдалған.
Белгілі жазушы Адам Мекебаев: «Рүстембек жаратылысында ақындығы да бар. Қажет жағдайда керги басып, халыққа кесірі тиіп жүретін  тоғышарды табан астында өлең шығарып оңдырмай сын садағына алатын танымал және көптеген жұмырбасты пенде болып, жаратылған тіршілік иесінен гөрі құдіреті күшті Тәңірінің жердегі өз өкіліне ұқсайтын қасиеті бар кісі болатын...» – деп қастерлейді. Рүстембек ән шығаратын композитор да болған, оның «Ақ-толғай», «Жа­ным Моншан» әндері сахнадан түскен жоқ.
Рүстекең кезінде (1937-1938) қоғам қайраткері Сү­лей­мен Ес­қараевтың туысы деген желеумен қауіптенгеннен кейін өзінің нағашы жұрты Ке­рейт­терге қоныс аударады. Олар­дың жақсылығын ұмытпау мақ­­сатында балаларына сол керейт тайпаларының аттарын қояды. Ыдық, Ерші, Көшеней, Бидас, Керейт, Андақұл, тіп­ті Көшенейдің ең алғашқы ұлы­ның атын Арбалы деп қойып кеткен екен Рүстекең. Оның әйелі Әнапия (1910-1978) Болаш деген бақсының қызы, шешесі Дәрі – Құлыс Кете Бекет Бидің қызы. Әнапия 10 бала көтеріп, одан соғысқа дейін Ыдық пен Ерші ғана қалады. Бала тұрмағандықтан Рүстекең Ыдықты «Жанымпида», Ер­шіні «Жаншүкір» дейді екен. Соғыстан кейін дүниеге келген Көшенейді «Жантәубе», ал Бидасты «Алланың сый­лығы» деп атапты.
Қазақта тұқым қуалаушы­лық үрдісі қалыптасқан тыл­сым күш бар деп айтады. Осы ұрпақ сабақтастығы әлі үзілмей келе жатыр. Бұл кешегі біздің ата-бабаларымыз қасиет тұтқан өнер сабақтастығы деп білеміз.
Көшеней, Бидас туған мекен – «Сыр сүлейлері» деген атақты жер-жерге таратқан қасиетті топырақ. Ешнияз сал, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Тұрмағанбет шайыр, Шораяқтың Омары, Жүсіпұлы Мұзарап, Бектасұлы Шегебай, Есенжол, Аманжол, олардың ізін басқан Әлиакбар Жұматаев, Разақ Мыңжанов, Ками Романов, Запа Дәулетбаев, Сабыт Жүсіпов және оларға тағы ертең ескерткіш орнатылатын жырауларды қосыңыз. Осындай орта Көшенейді, Бидасты, Арнұрды жырау, ақын етпей қоя ма?!

Ж.АҚҚҰЛОВ,
ҚР мәдениет қайраткері,                                                            
ҚР білім беру ісінің құрметті  қызметкері,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы.  
ӘДЕБИЕТ 22 тамыз 2019 г. 1 589 0