« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Жазба әрі айтыскер ақын, сазгер Талғат Бұрханұлы Тілеулесовтің жақында жарық көрген «Жүрек сыры» жинағы қолымызға тиді. Бұл – оның әдебиет әлеміндегі алғашқы талпынысы емес, мұнан бұрын да «Сағындым сені» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Бүгінде қаламы төселген, өлең өлкесінде өзіндік орны бар, әрі шәкірт, әрі жерлес ұлдың кітабы жайлы пікір білдіргенді жөн санадым.
Шәкірт демекші... Талғат мектептің соңғы жылдарында өлең жазуға талап қылды. Елдің бәрі ақын бола бермейді, асылы бойындағы таланты тыншу бермесе керек. Ауылының орталықтан 4-5 шақырым қашықтығына қарамастан мектептен жаңа ғана қайтқан бала 2-3 сағаттан соң жаяулап келіп, «Ағай, мына бір өлеңді жазып едім, пікіріңізді білгім келеді» деп қиылатын. Мен де «ертең мектепке келгенде-ақ көрсетіп алмадың ба?» деп айта алмаймын, өйткені, өлең сөздің алдына салып айдап келгенін түсінетінмін.
Талғат өлеңдеріндегі басты тақырыптардың бірі – туған жерге деген сағыныш пен іңкәрлік. Ауылдан шығып кеткеніне 30 жылдан асып кетсе де, ұйқыға «ауылым» деп көз іліп, таңмен «ауылым» деп оянатыны бірден байқалады. «Жүрек сыры» жинағының алғашқы бетіне:
Жүректе іңкәр сағыныш –
Бір жүрген досқа бауырға.
Дәл қазір мені алып ұш,
Кіндігім кескен ауылға.
Топырақ шашпан көпке мен,
Бірлікті жаным қалады.
Кім болсын, мейлі,жек көрем
Ауылын сағынбағанды, – деп жүрегінің сырын төгіпті. «Жүрек сыры» деген сөздің екінші бір баламасы жан сыры ғой...
Талғат әкеден ерте айырылған, «құлыным» деген сөзді естуге асық болғанын сеземін:
Жүзімде менің тұрғанмен күлкім,
Іштегі көрер өртті кім?!
Жаныма қатты батады бұл күн,
Ортада, әке, жоқтығың.
Батса да ерте өлшеулі күнің,
Өзіңсің, әке, тау шыңы.
Естігім келді тағы да бүгін,
«Құлыным» деген даусыңды, – деп әкесіз өскендердің жан сырын тап басып айта, әдемі өрбіте білген.
«Сыйлық», «Дала заңы» өлеңдерінде әжесінің баласы болған талайдың басындағы ортақ заңдылықты:
Бүтінделе қоймаған кез жан-жағым,
Бір, екі, үш ай айлықты да алмадым.
Ақ әжемді сағындым да пойызбен,
Әлі есімде, сыйлық алмай барғаным, – дей отырып, әжесінің аузымен:
Өзгерте алмас ешкім тағдыр жазуын,
Көршіге айтқан назы есімде әлі күн:
«Сары балам бос келіпті, сірә, бұл –
Таусылғаны шығар, – депті, – азығым» деп сол жолы сыйлық ала барғанда тоқсан жастағы әжесін әлі өлместей көретін өкінішін өлеңмен әдемі келтіріпті. Әжесінің рухы алдында айбынып, анасын «анам» деп айта алмай жүрген талайлардың жан сырын:
Айта алмай «айым, күнім» деп,
Тартқанмен жақын жанына.
Не деген күшті құдірет,
Бағынған дала заңына!
Әжеме жалғыз сенем тек,
«Өгей» бір шешем секілді.
«Әжеме айтып берем», – деп,
Сүйгізбей қашқам бетімді.
Амалым іштей таусылды,
Көңілді өксік мекендеп.
«Мама»деп шыққан даусымды,
Естімей бір күн кетер деп. «Әжесінің балалары» сезімін көңілге көрікті етіп құя білген.
Жинақты оқып отырғанда автордың ауыл өмірін жақсы білетінін өлеңдерінің әр жолынан аңғарасың, өзгесін былай қойғанда:
Өмір жүгін артпаған кез арқаға,
Қызға жазған хат тұратын қалтада.
Сүйем деген сөзі айтуға батпаймыз,
Есімдерін жазып жүрдік партаға.
Кеш батқасын қыз үйіне барасың,
Сездірместен терезесін қағасың.
Ұнау үшін қызға жақын етене,
Амалсыздан жақсы көрдік ағасын.
Қыз дегенде арман қанат қағатын,
Кез ғой, шіркін, үміт отын жағатын.
Ауыл шағын болғасын ба, кім білсін,
Ертеңіне бәрі біліп қалатын... дей отырып, қызға хат арқылы көңілін білдіретін аға буынды жастық шағымен қайта қауыштырып, жасырын сыры болмайтын ауыл өмірінің бейнесін боямасыз берген.
Сезім, сүйіспеншілік мәселесінде уақыттың орнында тұрмайтынын, кешегі басыңнан өткізгеніңді бүгін балаң қайталайтынын бәрі білсе де:
Армандарын іздеген,
Жолықсақ деп қызбенен.
Түн қойнына тығылған,
Жігіт едік біз деген.
Бүгін міне қарашы,
Құшағында баласы.
Мен сүйген қыз үйімде,
Төрт баланың анасы.
Ойламаймын даланы,
Кезбеймін мен қаланы.
Мен қыдырған көшемен,
Балам кетіп барады. Осылай толғану – Талғатқа ғана тән тәрізді.
Жинақтың аты айтып тұрғандай, әркімде алғашқы махаббатқа, тұңғыш бүр жарған сүйіспеншілік сезіміне орай жүрек сыры болады. Алғашқы махаббатқа қолы жеткендер санаулы ғана, бірақ жүрек түкпірінен сол бір аяулы сезім өшпейді, мүмкін ол – сонысымен де аяулы, қымбат болар.
Талғатпен бұл тақырыпта емен-жарқын сырласпасақ та жүрегінің төрін мекендеген бір жанның барын байқайтынмын. «Алғашқы махаббат» өлеңіндегі:
Өлердей сонша ғашық боп,
Хат жаздым алғаш бір қызға.
Жеткенше соған асық боп,
Сырымды айттым жұлдызға.
Шалуын қырсық қарашы,
Ісіме қатты күйінем.
Сезіп қап бір күн анасы,
Шығармай қойды үйінен.
Еститін құлақ ел бар еді:
Ақ дидарыңа тамсанып;
Атыңды атап нем бар еді,
Айғайлап, сонша ән салып?!
Шекара тұрды алдым да,
Талпындым қанша жетем деп!
Өте алмай сонан қалдым да,
Шештім мен елден кетем деп.
Достарым айты қиылып:
«Еліңнен жырақ кетпе», –деп –
Қайтесің сонша күйініп,
Бір қызға бола өкпелеп!»
Қисық та қыңыр мінезім
Алып та кеткен қалаға.
Санамда мәңгі бір есім...
Өтсе де сан жыл арада.
Өмірдің солай шешімі
Қайтемін бүгін ақталып,
Аяулы жанның есімі
Жүректе қалды сақталып... Бұл алғашқы махаббатына қолы жетпегендердің ортақ ойы екендігі даусыз.
Ақын жүрек сырымен бірге заман жайлы да толғана біледі. Қайырымы мен мейірімі аздау мына заманда замандастарына айтар ескертпесі де бар. «Керзаман» өлеңінде:
Бұл оқиға болған ерте заманда,
Мейрімі жоқ кез болыпты адамға.
Қартайғанда қарттарын апарып,
Тастайды екен Барсакелмес аралға дей келіп:
Туған ұлы болғаннан соң сор, бағы,
Әке байғұс балапандай тордағы.
Тоқта, бауырым! Сенің туған балаң да
Ертең әкеп тастамаса болғаны, – деп түйіндейді.
Талғат қашан да көпшіл, достық өлкесінің заңын бұзбайды. «Мен ірі едім, санаулылардың бірі едім» деп, дүние-мүлік жимайды, қысылғанда да, дүние қуудан достық пейілдің сақталуын ортақ санайды.
Досыңның тойына неге келмедің,
Дүние ме есебің?!
Қазаныңды ортайтпайды бергенің,
Әй, ақылсыз «шешенім!».
Опасыздық жасай көрме досыңа-ай,
Сөгілмесін іргеңіз.
Көңіл қалу – «бір-ақ атым насыбай!»,
Жалғыз қалып жүрмеңіз.
Жүресің бе өмір бойы пайда деп,
Жетегінде қиялдың.
Көп ішінде сұрап қалды «қайда?» - деп,
Мен сен үшін ұялдым, – деп досқа назын, өзгелерге ескертпесін де әдемі бере біліпті.
Біздің Қаратерең ауылында 38 жылдан бері үзілмей келе жатқан дәстүрлі мектеп бітірушілердің кездесу кешіне бару, өз кездесулерінің ұйтқысы болу да Талғатқа тән, әр кездесу кешінің басында Талғаттың әні деп «Мектебім» әні шырқалады. Мектеп көрмегендер, мектеп бітірмегендер жоқтың қасы, бірақ соның бәрі «мектебім» деп елжірей бермейтіні де шындық. Ал Талғатқа өмір атты үлкен жолға қанат қақтырған мектебінің орны бөлек, сондықтан да:
Анамдай асыл мектебім,
Алғысым айтар көп менің.
Өзіңнен алып дәрісті,
Тұлпарын жырдың ерттедім.
Өтіп те келем жырадан.
Жерім жоқ әзір құлаған.
Бапкерің қайсы десе егер,
Алдымнан шығып бір адам.
Дер едім: «Бапкер – мектебім»
Көрсеткен өмір өткелін
Сондықтан оған қарызбын
Біткенше бойдан от-демім, – деп жырлайды.
Мен білерімде Талғат әркез өнер адамдарының тағдырына алаңдап жүреді, солардың рухы биіктеп, атағы аспандап жүруіне қызмет етіп келеді. Кезінде: «Аралдың табанынан су кеткенмен, Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ», – деген өлмес сөзді айта білген Бекұзақтың жыр кешін өткізуге, оның жырларын таспаға түсіріп, «Жыр-Ғұмыр» атты естелік кітап жазып, өзі демеуші болғанын білетіндер жетерлік. Өзі ұстаз тұтқан күйші Мұрат Сыдықовтың аудио таспасын, ұстазы Үкән Сағындықовтың кітабын өз қаражатына шығарып бергенін де айта кеткеніміз артық емес. Талғат ақшасын шаша алмай жүргендердің қатарында емес, алайда өнер сүйер жүрегі осындай игіліктерге жетелейтініне куә болғанбыз.
Мәдениет қайраткері, ардақты ағасы Оңталап Нұрмаханов жайлы:
Додаға салсаң жарып шығатын,
Айтысқа салсаң алып шығатын.
Көрермен болып театрға барсаң,
Кім екенін оның танып шығасың.
Аралға туған хал сұрап баратын,
Көзінен жасы тамшылап таматын.
Өйткені оның өскен жері сонда,
Намысын қайрап қамшылап алатын.
Талантты көрсе биіктететін,
Опасыздарға күйіп кететін.
Мінезі оның Бауыржан ба дерсің,
Көзіміз көріп жүр иікпегенін – деп азаматтың мінезін дәл бере біліпті.
Талғаттың жинақтағы барлық өлеңдеріне талдау жасау шарт емес.Ердің жасы 50-ге жақындаған, өмір көріп, ой түйген ақынның жүрек сырын – кітабындағы өлеңінен танисың.
Дәріқұл МАХАМБЕТТЕГІ.
Байқоңыр қаласы.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |