Жуырда "Сыр бойы" газетінің сайтында қызылордалық студент Рүстем Айболаттың "Күт мені, Қаратерең" эссесі жарық көрген еді. Автор сол туындысында Арал өңірі туралы журналист Дәуіржан Елубаевтың "Көкарал. Түнгі қонақ" жолжазбасынан оқығанын айтады. Оқырмандардың сұрауы бойынша 2011 жылдың тамыз айында "Сыр бойы" газетінде жарияланған туындыны сайтқа жарияламақпыз.
Елубаев Дәуіржан Айболатұлы 1969 жылы 16 желтоқсанда Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде дүниеге келген. 1987 жылы кент орталығындағы №216 орта мектепті бітірген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ді филология мамандығы бойынша тәмамдаған. 2000-2002 жылдар аралығында республикалық «Халық» газетінде, 2002-2005 жылдар аралығында облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында, 2005-2011 жылдары республикалық «Ақмешіт ақшамы» басылымында қызмет атқарды. Қазіргі таңда облыстық «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы. Отбасылы, 2 бала тәрбиелеп отыр.
* * *
«Қасқыр мен журналисті аяғы асырайды» деген екен жазушы әрі журналист Шерхан Мұртаза. Расымен де тілші қауымының баспайтын тауы, бармайтын жері жоқ. Іссапарға қызмет бабымен жиі-жиі шығатын мамандық иелерінің бірі осы - қолына қалам ұстаған қауым десек, қателесе қоймаспыз.
Әрине, іссапарлардың бәрі бірдей есте қала бермейді. Әйтсе де кейбіреуінің көкіректе жазулы хаттай сайрап тұратыны бар. Солардың бірі - Көкарал сапары. 2005 жылдың тамыз айының бесінші жұлдызы - адамзат тарихындағы айтулы күндердің бірі ретінде кәрі тарих бетіне жазылып қалды. Бұл, әсіресе, Әбдіжәміл Нұрпейісов жазған «Қан мен тер» романындағы балықшылар қауымының бүгінгі ұрпағы үшін алабөтен қуанышты күн болды.
Төртінші тамыз күні аймағымыздағы ақпарат құралдары өкілдерінің бір тобы (автокөлік жүргізушісімен қоса есептегенде барлығы 13 адам) Арал ауданы, Қаратерең ауылын бетке алып жолға шықтық. Сапар мақсаты - Солтүстік Арал теңізіне, яғни Кіші Аралға ғұмыр сыйлаған Көкарал тоспасының ашылу рәсіміне қатысып, сүйінші сұрауға тұрарлық жағымды жаңалықты жалпақ жұртқа жеткізу. Өлі теңізге есепсіз кетіп жатқан мол суды бөгеп, оны Кіші Аралға жіберетін ұзындығы 13 шақырымдық бөгеттің ашылуын көзбен көрудің өзі бір ғанибет емес пе? (Бұған дейін де аралдықтар өз күштерімен асарлатып бір мәрте бөгет соғып, алайда оның соңы қайғылы оқиғаға ұласқанын жұрт ұмыта қоймаған болар).
Журналистер жасағының бұл сапарын да әдеттегідей облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды. Сырда туғанымен арамызда Арал теңізін көрмегендер де бар екен. «О, көк теңізді өз көзімізбен көретін болдық!» деп қуанысып жатқан да солар. Ортамыздағы үлкендеріміз - Серік Пірназар («Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі меншікті тілшісі) мен «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Игорь Титенок. «Хабардан» Хадиша Әлімқызы мен Әлхайдар Тұрлыханов, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасынан Елубай Әуезов пен операторы Бауыржан Қожамұратов, «Қоғамдық теледидардан» марқұм бауырымыз Сахитжан Бермағанбетов пен операторы Қожақов Ғалымжан, облыстық «Сыр бойы» газетінен Нұрбек Әмиша, ішкі саясат басқармасынан оператор Еркебұлан және т. б. бар.
Қызылордадан кешкі сағат бестің шамасында шығып, Көкарал бөгетінің іргесіндегі балықшылар ауылы - Қаратереңге Қазалы ауданы, Жаңақұрылыс ауылының үстімен жүріп, түн жарымында жеттік.
- Егер «Шымкент-Самара» автотрассасы бойымен Қамбаш арқылы Қаратереңге бет алсақ, жол ұзарып кетеді. Мұндай уәжді айтқан көлік жүргізушіміз Алтынбек аға. Сонымен «Тойота хайс» маркалы көлігінің жүргізушісі әрі жолбасшымыз айтқан қысқа жолды таңдадық. Облыс орталығынан шығарда ұйымдастырушылар: «Сіздерді ауыл әкімі күтіп алады» деген. Алайда біз шалғайдағы елді мекенге жеткенде құм ортасындағы ауыл қалың ұйқы құшағына еніп те үлгеріпті. Ат басын әкімшілікке тіредік. Тірі пенде жоқ. Кіші әкімнің аяқ астынан аудан орталығына кеткенін әлдекімнен естігенде қабақ шіркін түсіп-ақ кетті.
«Әрі тарт, бері тартпен» біз Айдар есімді жас мұғалімнің үйіне түстік. Ауыл әкімшілігінің маманы солай шешіпті. (Ауылда қонақ үй қайдан болсын?)
Айдар жайдары мінезді жігіт екен. Самаурынға шай қоя жүріп сыртта таза ауа жұтып тұрған жігіттерге өзінің «Жас маманға - 1000 үй» бағдарламасының аясында жуырда ғана баспаналы болғанын, мұнда әлі толық көшіп келе қоймағанын жеткізді. Беймезгіл келген қонақтарды қалай күтемін деп қысылып тұрғаны жүзінен байқалып тұр. Кімге болса да жеті түнде сау етіп жетіп келген бір қора жанның жағдайын жасау оңай шаруа емес, әрине. Өзімізше ақылдасып алып Айдардан: - Ауылда дүкен бар ма? - деп сұрадық.
Үш-төрт жігіт қараңғыда дүкенді әзер таптық. Иттерді абалатып жүріп, дүкен иесін шырт ұйқысынан оятуға тура келді. Бір тәуірі, шағын қоржын тамға орналасқан дүкеннің иесі біздің мезгілсіз уақытта кел¬генімізге ренжи қоймады. Сірә, тұтынушының беймезгіл кел¬геніне үйреніп кеткен болса керек. Қара қарғаның миы айна¬латын 40 күн шілденің іші емес пе, түн жарымынан ауса да дүкеннің іші әлі аптап ыстық. Сауданы бастап та жібердік:
- Апа, нан қаншадан еді?
- 50 теңгеден.
- Неге қаладағыдан 2-3 есе қымбат?
- Біз нанды «Зарубежвод¬стройдың» жұмысшыларына тапсырыспен дайындап, осы бағамен сатамыз.
- Жарайды, 20 бөлкесін бере қойыңыз.
Қабырғадағы ағаш сөрелер әртүрлі тауарға толып тұрғанымен азқазанды жұбататын ештеңе көзге іліне қоймады. Әлхайдар:
«Қалбырдағы «кильки» балығын алайық» деп ұсынысын айтты. - 15 дана «кильки» бере қойыңыз, - дедім мен. Сатушы апам сұрағанымызды дереу беріп жатыр. «Әйтеуір «Чипси», «Кириешки» мен түрлі сусындардан өзге жейтін бірдеңе табылды-ау!» деп жігіттер қуанып-ақ қалған. Қуанбай қайт¬сін, он сағаттан астам (қараңғыда адасқанымыз бар) жолды артта қалдырып, қияндағы ауылға келіп тұрмыз. Күн жұма болатын. Бәріміз де жұмыстан шыға сала үйге соқпастан «Көкарал қайдасың?» деп тартып кеткенбіз. Асқазаннан да «белгі» түсіп жатыр. Және 15 дана қытай кеспесін алып, барлық азықтарды дорбаға салғалы жатқанбыз. Кенет қалбыр сыртындағы жа¬зуға көзім түсіп кеткені. «Мәссаған, безгелдек!» Біздің алып жатқан «килькиіміз» осыдан тура 4 жыл бұрын, яғни, 2001 жылы шығарылған екен. Сақталу мерзімі көрсетілмепті. Қоймада ұзақ жатып қалды ма, әлде шалғайдағы ауылда өз тұтынушысын таппаған ба, ол арасын болжап болмадық. Дереу:
- Апа, мынаның жарамдылық мерзімі өтіп кеткен екен. Ешкім уланып қалған жоқ па? - деп сыпайылап сұрап жатырмын.
- О не дегенің, балам. Осы ауылдың жүгермектері арақ алғанда «тіске басарға» үнемі осы «килькиді» алады. Бірақ әлі күнге уланып өлген ешкім жоқ. Ала беріңдер, ала беріңдер, - деп бәйек болып жатыр.
«Тәуекел» десіп, оның 15 дана қалбырын, қытай кеспесінің сонша данасын жол дорбамызға тоғытып, Айдардыкіне тарттық. Келсек, шай да дайын болыпты. Дастарқан басына ұйқылы-ояу әріптестер түгел бас қосты. Ойға алып қалғандықтан ба екен, қалбырдағы балыққа қарай ал¬май, асқазанды сексеуіл шоғы¬мен қайнаған қою күрең шаймен жұбатуға тура келді. Алыс жолдан шаршаған қыздар жағы бір-екі шыныаяқ шайдан соң тынығуға кетті.
...Үй егесі ертесіне құлқын сәріден тұрып, келіншегіне қазан көтергізіпті. Салт бойынша қазаққа қонақтан қадірлі ешкім жоқ. Өзге жұртта кездесе бермейтін қазақы қонақжайлық деген осы. Шақырылмаған бір қора жанға жатын орын дайындап, дастарқанын қабақ шытпай жаятын, бар болса қазан көтеретін бізден басқа дархан халық жұмыр жердің бетінде жоқ шығар, сірә?! (Өзіміздің бойымыздағы жақсы қасиетті, мақтаныш тұтқанның артығы жоқ шығар?!)
Ертесіне күн найза бойы көтерілген тұста Ұлы теңіз бен Кіші Аралды бөліп тұрған Көкарал бөгетінің ашылу рәсімі болды. Көз алдымызда – көк теңіздің бір бөлігі. Салтанатты шараға Көк¬аралға тікұшақпен жеткен Үкімет басшысы, аймақ басшысы мен Арал және Қазалы аудандарының әкімдері, іргелес жатқан қос ауданның ардагерлері мен балықшылар қатысты.
Әрине, бұл туралы кезінде барлық басылым жазды, телеарналар жедел ақпаратты сол күні кешкілік жарыса беріп жатты. Қалың қауымға қажетті ақпаратты жедел жеткізу үшін жеті тәуліктің бір айналып келетін жексенбісі күні де демалмай, тынымсыз жұмыс істейтін тілші қауым кейде бір-бір жарым тәулікте 600-800 шақырымды (біздегі елді мекендерге баратын автожолдардың қандай жағдайда екені өздеріңізге мәлім) жүріп өтеді. Сондағысы жағымды жаңалықты ел-жұртқа дер кезінде жеткізу. Журналист ағайынға жүктелетін жауапкершіліктің қаншалықты ауыр екенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Сонау 2002-2005 жылдары облыстық теледидарда еңбек еткен аз ғана уақытта редакторымыз Несібелі Рахметова: «Бұл жұмысты жақсы атқарсаң да, шала атқарсаң да еститінің бір атаңа нәлет. Телевидениенің «жаңалықтар қызметі» түсінген жанға жанып тұрған от қой, от» дейтін.....
Былайғы жұртқа оңай көрі¬нетін тілші қауымның қызығы мен қиындығы қатар жүретін өміріндегі осы бір еріксіз езу тарттыратын оқиғаны осымен тәмамдауға да болар еді. Тағы бір шағын хикаяның желісі еске түсе кеткені.
* * *
2006 жыл. Сәуірдің соңғы күндері болатын. Осы жылдың тамызында әйгілі Жиенбай жыраудың немересі Көшеней Рүстембекұлы егер көзі тірі болғанда 60 жасқа толған болар еді. Небәрі 27 жасында қыршын кеткен талантты жыраудың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында «Ақмешіт ақшамы» газетінде «Көшеней» атты арнайы бет ашып, сол бетті жүргізу маған жүктелген еді. Редакцияның тапсырмасымен Қармақшы ауда¬нының Ақжар, Тұрмағамбет ауылдарына барып, Көшеней жыраудың көзін көрген, жырын тыңдаған ауылдастарының әңгі¬месін жинағаным бар.
К.Рүстембекұлы Тұрмағамбет ауылында туған, Ақжарда мектепте мұғалім болып еңбек еткен. Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы дүниежүзілік әдебиет институты шығыстану бөлімінің аспирантурасына осы Ақжардан аттанады. Сондықтан сапарымды Ақжар ауылынан бастадым. Ауылдағы кітапханада 20 жылға жуық еңбек еткен Күләш Ақмаханованың жеке мұрағатынан Көшенейге қатысты біраз құжаттарды (түпнұсқа мен көшірмелері), суреттері мен хаттарын тауып, олардың көшірмелерін алдым. Орайы келгенде айта кетейік, Ақжар ауылының кітапханашысы Күләш Ақмаханова өз қолындағы бар дүниені 2006 жылы аудан орталығы - Жосалы кентінде ашылған Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйіндегі мұражай-кабинетке өткізді. Келер ұрпақ үшін құнды дүниелерді ұзақ жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтап, оны мұражайға өткізген Күләш апай¬дың еңбегі қандай құрметке болса да лайық. Мұны ескерусіз қалдыру әбестік болар еді.
Сол сапарда Ақжардан кейін Тұрмағамбет ауылына бардым. Шежірешіл қарт Запа Дәулетбаев ақсақалдан оның жақын інісі Қаппар деген кісіден Көшеней Рүстембеков, жырау Қуандық Бүрлібаев туралы қызықты әңгімелер тыңдадым. Сапарда жинаған дүниелерді басылым бетінде бірнеше ай бойы жариялап, жыраулық өнердің құты дарыған дара дарын туралы мақалалар сериясын ұсындық. Арнайылап іздеп шыққан жұмысыма қатысы болмаса да жүз жырау шыққан ауылда тұратын Майтан атты әжейдің мына бір әңгімесін жолжазба блокнотқа түсіріппін.
Майтан Маханбетова бүкіл саналы ғұмырын өскелең ұрпақтың тәрбиесіне арнаған жан. Ол ауылдағы іргетасы өткен ғасырдың 1925 жылдары қаланған №29 мектепте 40 жылға жуық ұстаздық еткен. (Кезінде мұнда майдангер-ақын Ә.Егізбаев балаларға сабақ берген. Осы сауат ашу мектебінде атақты шайыр Т.Ізтілеуовтің өзі мұғалім болыпты деген ауызша дерек бар). Сексен жастан асқан Майтан әжейден есте қалған қызықты бір оқиғаны айтып беруін өтіндім.
«Жастау кезіміз. Жұмыстан келген соң кешкілік сиыр сауып отырғанмын. Қарасан келгірдің малы тентектеу еді, теуіп жібергені.
Ашуланып: «Мал емес, шошқа екенсің!» - деппін. Мұны жақын жерде жүрген отағасы есітіп қойыпты. Шалым Пірімжар жасынан мұсыл¬ман¬шылық жолын берік ұстаған молда адам еді. Кеңестік дәуірдің өзінде жұрттан жасырып, күндіз терезені қараңғылап қойып намаз оқитын. Дереу «тәйт!» деп тыйып тастады. Қарасам жүзі қатулы екен. Ұрысар деп ойладым. Маған қарата: - Сиырдың бас жібін шешіп алып, көшеге алып шық! - деп бұйырды. Жазған құлда шаршау бар ма, айтқанын екі етпей орындадым. Сиырды жетекке алған мен алда, ол соңымызда, көшені жағалап, жеті үйді аралап шықтық. Сол жеті үйдегі ауылдастардан отағасының тапсырмасымен: «Мынау шошқа ма, әлде сиыр ма?» деп сұрап шықтым. Бұл іске таң-тамаша қалған көршілеріміз: - Әрине, сиыр, - деп жауап қатып жатты. Мұны қызық көрген ауыл¬дың бар баласы соңымызға еріп жүр. Сөйтіп көршілерден куәлік алып болған соң үйге оралдық. Сиырды үйреншікті орнына бай¬лап, сауып алдым. Осы оқиғадан соң өмірімде «шошқа» деген сөзді аузыма алған емеспін. Молда шалымның бұл тыйымы бүкіл ғұмырыма сабақ болды. Пірімжар молда әулие адам еді ғой, жарықтық», - деп аяқтады әжей әңгімесін.
Біз осы күні дүкендер мен сауда үйлерінен «Халал ет», «Халал шұжық» деп адал асты іздеп жүріп аламыз. Халал стандартын Оңтүстік Шығыс Азиядағы Малайзия мемлекеті тағамға ғана емес, білімге де, денсаулық саласына да, басқаға да баяғыда енгізіп қойыпты. Соның нәтижесінде бір кездері жолбарыс жортқан ну орманда тұратын малай халқы қазір әлемнің мықты дамып келе жатқан елдерінің бірінен саналады. Сол Малайзияның үлгісін енгіземіз деп жүрсек, мұсылманшылықтың жолын берік ұстанған кейбір аталарымыз оны бұрыннан өмірлік салтқа айналдырған екен деген ойға келдім.
Енді екі сапардың ерекшелігіне келер болсақ, әуелгісінде әкімшіліктің тапсырмасымен жүресің. Ондайда елмен де араласа алмайсың. Оған уақытың да болмайды. Билік бекітіп берген көліктен қалып қоймайын деп зыр жүгіріп жүргенің. Ал іссапарға өз бетіңмен шықсаң елмен емен-жарқын араласып, әңгімеге армансыз қанасың.
Бұрынғылар «Кен асылы - жерде, сөз асылы - елде» деуші еді. Сол рас сөз. Елде әлі де болса жиналмай жатқан ескі әңгімелер баршылық. Соларды ерінбей жинап, жүйелеп бір ізге түсіретін орталық болса шіркін, деп ойлайсың. Ал, елге шығу бір арман.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Қызылорда