Сағыныштарым бар талай, Оятып жүрер таңда кеп...

 Талантты ұлт ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Тексеру комиссиясының мүшесі және Басқарма мүшесі, жерлесіміз Бақытжан Ахметжанұлы Абызов Қызылорда облысы Шиелі ауданының Тартоғай ауылында 1959 жылдың 3 тамызында дүниеге келген. 1982 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын республикалық «Мектеп» баспасында бастап, біраз уақыт республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жемісті қызмет атқарды.

Ол 1980 жылы студенттердің Алматыда өткен республикалық «Жігер» поэзия фестиваліне қатысқан. Келесі 1981 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Темірқанат» студенттік өлеңдер жинағына,  сондай-ақ 1984 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан жас ақындардың «Қарлығаш» ұжым­дық жыр  жинағына  өлең­дері енген. 1985 жылы «Жалын» баспасы әзірлеген, Олжас Сүлейменовтің алғысөзімен  қазақ оқырмандарына жол тартқан авар халқының ақыны Магомед Әлиевтің «Қанат» аталатын поэзия кітабын әдебиетіміздің белгілі қаламгерлерімен бірге ана тілімізге шебер аударды. Көктем-көңілге күні кешегідей көрінетін қызықты думаны мол сол 80-ші жылдардағы кеуделері асқақ та сұлу арманға толы студент қыз-жігіттердің арасында, кездесу кештерінде оның «Алматының ауа райы» атты атақты романтикалық  лирикасы ауыздан ауызға тез тарап, лүпілдей соққан ғашық жүректердің сағыныш гимніне айналып сала бергендігі осы сөзіміздің айқын дәлелі десек, әсте артық айтқандық болмаса керек-ті.

Ақын осы жылдар аралығында беделді баспалардан бірнеше кітаптар шығарып, жыр әлеміндегі өзін­дік қолтаңбасын, бағыт-бағ­дарын айқындап та алды. Мә­де­ниет саласындағы қаламгер ретінде Б.Абызов шығармашылық зиялы қауымның ортасында жиі бола жүріп, көркем кино сценарийінің аудармасы ісімен де жемісті айналысты. Соның жарқын мысалы ретінде атақты неміс кинорежиссері Фолькер Шлендорф пен француз сценарийшісі Жан-Клод Карьер бірігіп түсірген «Ұлжан» француз-қазақ фильмін айтуға болады. Фильм Канн халықаралық кино фестивалінде арнайы көрсетіліп, күміс жүлдеге ие болды. Шынайы ақын ретінде құралып-қалыптасудың қиын да қызғылықты мектебінен өтіп, әріптес ағаларынан көп нәрсені үйренді, тұрғыластарымен тә­жірибе алмасты, өзіндік стиль-бағдарын айқындап алды.

2003 жылы ол Алматы қаласындағы республикаға белгілі «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясынан жарық көрген «Жанарымдағы жаңбырлар» өлеңдер жинағын,  2014 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шыққан «Уақыттың алуан түсі» көлемді поэзия кітабын жырсүйер қауымға ұсынды.  Бақытжан Абызов сонымен қатар 2006 жылы айтулы «Аруна» баспасынан «Қазақстан балалар энциклопедиясы» сериясымен әсем безендіріліп жарық көрген «Қазақ хандығы» (ІІ бөлім) томы 2-ші, 3-ші тарауларының көркем аудармасын мазмұнды жасады. Бұған қоса осы жылы «Адамар» баспасынан шыққан «Ұлы дала мемлекеттері» деп аталатын тарихи-танымдық еңбекті әдеби өңдеп әзірлеуге атсалысты және 2010 жылы «Аруна» баспасынан орыс тілінде жарық көрген «Культура Казахстана» атты энциклопедиялық анықтамалықтың әдеби өңделуін орындауға атсалысты. Ол – қазіргі заманғы әдебиет, өнер, поэзия мәселелеріне қатысты бірқатар  әдеби-көркем мақалалардың авторы.

Сондай-ақ 1981 жылдан бастап 90-шы жылдар аралығына дейінгі кезеңде М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма теат­ры кіші залының сахнасында КСРО халық әртісі Ә.Мәмбетовтің көркемдік жетекшілігімен қо­йылып келген, сол кездегі жас режиссер, өмірден ерте озған талант иесі Ерік Хафизұлы Асқаров ана тілімізде сахналаған грузин драматургі Лаша Табукашвилидің «Арманымның ақ құсы» («В поисках фантома») спектаклінде Бақытжан Абызовтың қойылымға арнайы іріктеліп алынған бірқатар өлеңдері негізгі поэтикалық арқау ретінде кейіпкерлердің жан толғаныстарының ішкі лирикалық сезімдері көрінісінде әрлене түсіп, айшықты өрілген. Оны сол уақытта тегеурінді талант, қазіргі Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов іспетті сахна саңлағы талғампаз көрерменнің назарына биік деңгейдегі көркемдік қырларымен жеткізе білген еді.

Кезінде Бақытжан Абызовтың төл шығармашылығы хақында көрнекті қазақ сыншысы З.Серікқалиев («Темірқанат», 1981), талантты жазушы әрі аудармашы Қ.Қараманұлы («Қанат», 1986) және қазірде көпшілікке танымал сазгер, ән өнерінің елге танымал зерттеушісі және поэзия сыншысы Т. Шапай («Жұлдыз» журналы, №8, 1986) өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, лайықты бағаларын  берді.

Облыстық «Сыр бойы» га­зеті аймақ басылымының бел­сенді авторы ақын Бақытжан Ахметжанұлын бүгінгі мерейтойымен қызу құттықтай келе, оған зор денсаулық, шалқар шабыт тілейді. Жас кезіңізде қалам ұштаған сүйікті газетіңіз өзінің ыстық лебізін арнай отырып, жазарыңыз көбейе берсін, қай кезде де туған жеріңіздің атақ-даңқын арттыра беріңіз деген ақжолтай тілегін білдіреді.


АЛМАТЫНЫҢ

АУА РАЙЫ


Құйын бақтан үзіп алма,

Тұман жұтты тау арайын.

Бүгін тағы бұзылар ма,

Алматының ауа райы.

Тұтасқан бұлт жауады ақыр,

Жаңбыр иісі сезіледі.

Бір бұлт тауға бара жатыр,

Тағдырына кезігеді.

Қоюланып кеш түнегі,

Аспан әлі тұр түнеріп.

Тұншығып бір естіледі,

Көңілді жұп күлкілері.

Ән айтамын баяу ғана,

Көңілім қиян жақта, алыста.

Өтіп кетті аялдамай,

Сен түсетін автобустар.

Көтеремін қолшатырды,

Жүзімді аяп тамшылардан.

Түн қойнына жол шақырды,

Көкірегімді жаншып арман.

Алау жұлдыз жақты ол ұшқын,

Нәр алды жер кезенесі.

Сенсіз келген автобустың,

Жылап кетті терезесі!


ЖОЛДА


Жалқын да жалқын кеш еді,

Келемін ағып пойызбен.

Қайыңдар батпақ кешеді,

Күйсеген күйлі өгізбен.

Бекеттер  тойлы, базарлы,

Соққанмен күздің дауылы.

Саудагер алар мазаны,

Тықпалап сарғыш қауынын.

Вагоннан жұрт та азайды,

Тауысып күрең сырасын.

Есіңе алып не жайды,

Дөңбекшіп ояу шығасың.

Өкпем жоқ менің ақ жолға,

Жетермін  аман  бір басым.

Сарғайған сары үй вокзалда,

Сары бала жүр-ау құрдасым...


БЕКЕТ


(Шыңғыс Айтматовқа)


Станция бойы ызғар,

Жол ашып тұр көк жарық.

Ағылып жатыр пойыздар,

Зу етіп, шамы көз қарып.

Будақтап шығып түтіні,

Барады тартып Мәскеуге.

Даланың көркі жұпыны,

Дауылы құмның көшкенде.

Мұндайда джинси ыңғайлы,

Шетелдік жезден үш түймең.

Париждің жырын тыңдаймын,

Қарлыққан Высоцкийден.

Пысқырмай түнгі ызғарға,

Тартады пойыз бар күйді.

Студент әнші қыздар да,

Купеде қамсыз қалғиды.

Жұлқитын тартып етектен,

Жел тынды. Аппақ дала қар.

Жоқ мұнда боран бекеттер,

Жоқ мұнда енді қара нар.

Жырымды сенде түлетем,

Аяулы мекен ақ жаны.

Жарқырап жайсаң түр екен,

Қызылорданың вокзалы!


ІҢІРДЕ.

КЕШКІ  АУЫЛДА


Бұрқырап исі жиденің,

Жусанды сайдың бойында.

Ағыттым-дағы түймені,

Толтырып самал қойынға.

Келемін жалғыз сүрлеумен,

Ауылдан шығып оңаша.

Жаяулап асып құм белден,

Жүгірем кейде балаша.

Тарқамай қойды құмарым,

Толғанбай қайтем мен енді.

Жұлдыздар жағып шырағын,

Аспан да шымқай көгерді.

Келемін үнсіз жақ ашпай,

Ойымды көк қып боядым.

Іңірде көзім адаспай,

Апарар  үйге  аяғым.


ОН  ҮЙЛІ  КӨШЕ  –

СОЛ  ҚЫСТАҚ…


(станстық  сарын)


Шіркін,  бір  барғым  келеді-ау,

Сағынып  сол  бір  қыстаққа…

Он   үйлі   көше   әдемі-ау,

Кетердей  сыйып  құшаққа.

Шақырусыз  барсам  қонаққа,

Күншілдік  жоқ  қой  о  жақта.    

Ыстық  қой  сол  үй,  сол  бір  жақ,

Қоштасқан  едім  қол  бұлғап… 

Көрдім.  Жабықтым.  Өткелден,

Дарияға  ұзақ  қарадым.

Алыста  сонау  бөктерден,

Іздерін  көрдім  баланың.

Арманшыл  бала – сол  бала,

Кәреней,  көсік  қазған  ұл.

Мен  едім…  Өмір  алдама,

Оралайықшы  жазға  бір!

                                                      

Сағыныштарым  бар  талай,

Оятып  жүрер  таңда  кеп.                                        

Осы  құм  –  ауылым  –  «Тартоғай»,

Айтар-ды  ел  «Ескі  ферма»  деп.

Армансыз,  шіркін,  бар  ма  адам?..

Келісесің  бе,  қалқам?  (Әрине!)

Бүгінде  тұлдыр  қалмаған,

Базары  қызған  он  үйден...

ӨЗІМЕ-ӨЗІМ…

Өзіме-өзім бек сендім,

Қорғамастан бетімді.

Өмір – қызба боксердің,

Жұдырығы секілді.

Тағдырымның талқысы,

Абайсызда құлатпа.

Команданың даңқы үшін,

Жүрген жоқпыз бірақ та.

Тіршілігің – ринг,

Не жетеді білгенге!

Пәтеріміз бір үйлік,

Шағын ғана бір бөлме.

Тимегенмен соққысы,

Бәрін бастан өткердік.

Бір бөлмеде көп кісі,

Қара ботқа жеп көрдік.

Көрдік бәрін, не айтасың,

Елден тиын үзілген.

Көңілсіздеу қайтасың,

Театрдан қызыңмен.

Қол көтеріп таксиге,

Тұратұғын жоқ серің.

Жерге қарап пәс күйде,

Мазасыз хал кешкенің.

Құлай кетіп төсекке,




Тыңдап күздің          жаңбырын.

Сұп-суық жел


өсек боп,

Көкірегімде     қалды мұң.

Ойлар – менің  тонымдай,

Жатам соған жылынып.

Өмір – қыздың қолындай,

Сүп-сүйкімді жұдырық!  


ШИЕЛІДЕГІ

АҚЫН ДОС


(Қуаныш Түменбаевқа)


Жүрегімнің жабырқау

мұң құрысын,

Әлденеден кетті менің тынышым.

Сосын көңіл – фужерімді көтердім,

Қуаныштың жыры үшін.

Ойға оралды еркін мінез

дос жыры,

Қонақ үйде жалғызбын

мен кешқұрым.

Ызыңдайды телеграф бағаны

Тартып қойған ішегіндей ешкінің.

Ызыңдасын, ол да жыр ғой өзінше,

Тынар кейін ызғырық жел көз ілсе.

Іздеп мені келе жатқан сен бе деп,

Елең етем тықыр дыбыс сезілсе.

Көзім қанша көңілді кір басатын,

Дос іздеймін жайып құшақ

ашатын.

Алматыда ақындар көп арқалы,

Сенің жөнің бөлек бірақ, жас ақын.

Жырыңды оқы, біздің

дулы қауымда,

Көше кезіп кетейікші жауында...

Жұмысыңнан шаршап

қайтып барасың,

Қысқы кеште өлеңдетіп ауылға.

Шиелінің қонақ үйі. Түн іші.

Әлденеден кетті менің тынышым.

Бір бейтаныс алғыс

айтты, қуандым,

Қуаныштың жыры үшін!


СЫРДЫҢ  БОЙЫ.

ЖАЗ. АПТАП.


Жаз ба екен мынау – сұрқай  күз,

Тартылған  өзен канал  боп.

Желектен  жасыл жұрдаймыз,

Айттың  не, айтпа – амал  жоқ.

Болса  да  Шілде  – тоңамын,

Осынау  ауыр ойлардан.

Дарияға  қаптап мол ағын,

Жөңкілсе,  шіркін, сайларға.

Тамар  ма ед  тамшы Аралға,

Тоқтар  ма  ед жауған  құм  көші.

Не десін  бұған адамдар?

Көріп  жүргені  – күнде  осы.

«Боран» да ұшты боратып,

Орнатып  жазда ызғарды.

Көрінбес шаңнан дала  түк,

Жайнаған  жаздан – күз  қалды.

Байқоңыр  жалда  – сор  аймақ,

Аспаннан  шаң-тұз  жаудырған.

Қарасаң  жұртқа абайлап,

Кепкен  балықтай  – ауру  жан.

Шекпеген  азап  жан аз  ба?

Дәрігер  білмес бұл  дерттен.

– Миллионер, король, князь да,

Қарасын  Сырға құрметпен!

Деп айқай салғың келеді,

Дүниеге  – дүлей-меңіреуге. 

Ақынның  жалғыз өлеңі,

Жетпейді-ау  елді емдеуге.    

Жартыкеш  өтемақылар,

Жарамас  ешбір ылауға.

Сондықтан  елдің хақы  бар,

Жанына  сауға сұрауға!

ӘДЕБИЕТ 03 тамыз 2019 г. 1 476 0