« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
ВОЛОДЯ
Біздің үймен жапсарлас орналасқан пәтерге төрт-бес орыс көшіп келді. Біраз уақыт бос тұрған екі бөлмелі жай еді.
Бәрі де салт басты, сабау-қамшылы.
– Құрылысшылар екен, – деді әкем. (Сағат деген кісі. Үлкен әкем. Әулетімізбен «аға» деп атаймыз. Елу жастың жуан ортасындағы адам. Совхозда ұста. Шаруашылықтың басшылары жаңа көршілерді орналастырмас бұрын оған да мән-жайды айтып, алдын-ала келіссе керек).
Славян тектес ағайынның бәрін орыс дей береміз ғой; тіпті, араларында бір кәріс те жүр. Кейінірек білгенімдей, топтың басшысы Лысенко деген көрінеді. (Әуелгіде оның аты осылай ма деп ұқсам, бұл фамилиясы екен де, есімі Сан-саныч болып шықты). Ол да алпысты алқымдап қалған секілді. Аузынан темекі түспейтін бозбас шал. Іштеріндегі ең жасын осының ұлы деді. Аты – Володя. Жиырма төрт-жиырма бестерде...
Жаз айы еді. Бес жарым жасар кезім. Зыр жүгіріп, ойнап жүремін.
Ертеңіне бәрі жұмыстарына кетті де, үйде жалғыз қалған әлгі жігіт аула сыртында жер қазуға кірісті. Қарулы-ақ. Лездің арасында бұрқыратып, белуардан келетіндей жерді қопарып тастаған.
– А что ты копаешь? – дедім қасына барып.
– Да... Яму копаю для туалета...
Маңдайының терін сүртіп, ойланғандай кейіпте жауап берді.
Орыс дегенмен, қасы-көзі... қалың бұйра шашы да қоп-қоңыр. Күрегіне сүйеніп тұрып, кенет «осы боқмұрынмен несіне сөйлесіп тұрмын» дегендей, шекесінен сынай қараған.
– Откуда ты знаешь русский язык? – деді сосын қабағын кіржитіңкіреп.
– Ә-ә... Сам научился, – дей салдым.
Негізі, үйренгенім шамалы еді. Әркім-біркімнен естіген нәрселерім болса керек. Арасында орысы қалың поселкеге барып тұрамыз. Соның да ықпалы тиді ме екен...
Бір кезде түскі үзіліске шыққан құрылысшылар да келіп, есік алдындағы темір пешке от жағып, жұмыртқа, анау-мынау ас-ауқаттарын қуыруға кірісті. Іргедегі биік үстел шетіне жайғасқан сонау кәріс:
– Әй, бала, бері келші! – деді маған таза қазақ тілінде. Барып, қолын алып сәлем бергенімде, атымды сұрады. Одан кейінгі сауалы: – Оқисың ба? – болды.
– Жоқ-қ, ендігі жылы барамын мектепке...
– Әріп танисың ба өзің?
– Иә, танимын. Оқи аламын, тіпті. Жазу да білемін.
– Қой, рас па?
– Иә, рас. Бесінші класта оқитын апайымнан үйреніп алғанмын.
– Ой, жарайсың! Не деген жақсы бала! Ал есеп шығара аласың ба?
– Жоқ, – дедім шынымды айтып. – Ешкім үйреткен жоқ оны...
– Өй, бұл түк те қиын емес. Міне, мысалы, мектептен бес бала қайтып келе жатты, – деді сіріңке қорабының ішінен бес тал шырпы шығарып. – Осылардың үшеуі біртіндеп үйлеріне кіріп кетті. (Үш шырпыны қорапқа қайта тықты). – Сонда неше оқушы қалды жолда?
– Екеу...
– О, міне, міне, жарадың! Көрдің бе, ешқандай ауырлығы жоқ. Ал енді осыны азырақ қиындатайық...
Бұл аралықта ағам да түскі асқа келіп қалыпты. Біздің тірлігімізге шарбақ сыртынан күле қарап тұр екен, алдымен сәл-пәл аялдап, Лысенкомен орысшаласты да, келе мына кәрістің өзін тергеуге кіріскен:
– Өй, бауырым, қазақшаны қайдан үйреніп алғансың сен?..
Сөйтсек, бұл Қарағанды түбіндегі ауылдардың бірінде өсіп, қазақ мектебін бітіріпті. Жүз жасқа келген шешесінің бар екенін, бала-шағаны асырау қамымен Ресейден келген мына ағайындарға қосылып, құрылыс жұмысына жалданғанын баппен баяндап шықты.
– Е-е, жөн, жарқыным...
Осы кезде Володя да келіп, әкемнің қолын алды да, «Смышленный парень!» – деді менің басымнан сипап.
Кейінірек бұлармен жақсы араласып кеттік. Володя суретті жақсы салады екен. Маған қалт еткенінде қасқыр, ит, қоян, түлкі, сиыр, ат секілді жан-жануарлардың кескіндерін бейнелеуді үйрете бастады. Кейде өзенге де бірге ерте кетіп жүрді.
Қыс қарсаңында бәрі жатақханаға көшкен. Басшылар үйді жөндеуден өткізіп, әлдебір отбасына беруді ұйғарған секілді.
***
Осы жағдайлардан кейін арада, шамамен, жиырма бес жылдай өткенде ауылға келдім. Журналиспін. Белгілі басылымдардың бірінде жұмыс істеймін. 1990 жылдар қарсаңы.
Екі-үш күннен кейін төменгі ауылда тұратын Көшен кластасыма соғып, Ақшатау кенішіне апаратын жол түбінде көлік күтіп тұрсам, бір ересек адам әлгі үйдің қабырғасына сылақ жұмыстарын жүргізіп жатқанын көзім шалды. Ежелден өте таныс бейне секілденді. Бұрын осынау ағарған бұйра шаш иесін әлдеқайдан көргендеймін. Көз алдыма баяғы орысым оралған.
– Володя! – дедім дауыстап.
Жалт қарады. Дәл өзі. Тек недәуір қартайған екен.
– Кімнің баласысың?! – деді екі көзін сығырайта қарап, қатты аңтарылған, абдыраған кейіпте. Сәлден соң шырамытты. – Сағаттың ұлы емессің бе сен...
Сағат әкемді ұмытпағанына мен де таңырқап қалыппын. О кісі мен үшінші класта оқып жүргенде дүние салған еді.
Есікке қарай айнала жүгіріп, шарбақ сыртына атып шықты. Бас салып, қапсыра құшақтап, кеудесіне қысып жатыр.
– Бәлі, қалай өсіп кеткенсің?! Кішкентай кезіңде мәз болып жүгіріп жүруші ең... Асығыс емессің бе? – деп сұраған.
– Жоқ, аса асығыс емеспін.
– Жүр, онда маған барайық...
Совхоздың жатақханасына орналасыпты. Дастархан үстінде мән-жайынан біраз сыр ақтарды. Әкесі қайтыс болғалы талай болыпты. Өзі еліне барып тұрақтапты. Үй-жайы, әйелі, ержеткен екі ұлы бар көрінеді. «Тек осы ауылға үйренгенім соншалықты, сәті түскен бойда оралып соғып, құрылыста жұмыс істеп қайтуды әдет қылғанмын. Табыс та жаман емес» – деді.
Қоштасарда қояр да қоймай, қалтама жиырма сом ақша салып берген.
– Ой, мен студент емеспін! Айлығым жеткілікті. Мұның, тіпті, қисынсыз, – дегеніме де қарамады.
– Алмасаң ренжимін. Және біз сенің Сағат әкеңе қарыздармыз. Ол бізге жаңадан келгенімізде көп жәрдемдескен, – дейді.
Сөйтсем, әкем байғұс сонау жылы бұларға ерулік деп бір тоқтысын сойып берген екен ғой. Мына Володяға қазақ ондай көмектің қайтарымын сұрамайды дегенді ұқтыра алмадым.
Әйтеуір, екеуіміз түннің бір мезгіліне дейін әңгімелесіп едік. Көл-көсір әсермен аттандым.
Өмір-өзен дегеннің де, бәлкім, бір көрінісі осы...
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |