ҒАЙЫП ЕРЕН ҚЫРЫҚ ШІЛТЕН

Он жасар Ғазалиді шешесі «қалаға барып сауда жасап кел», деп керуенге қосыпты. Оларды жолда қырық қарақшы торуылдап күтіп отырады. Кешке қарай қарақшылар керуенге лап қояды. Елдің бәрі алтын-күмісін тығып жанталасып жатқанда, Ғазали керісінше, барлық ақшасын шығарып, ұрылардың басшысына өзі әкеп береді. Ол:
- Сен неге алтыныңды жасырмадың? -дейді. Ғазали:
- Малым - жанымның садағасы. Алтын адамның жанынан қымбат емес, - дейді.
- Бірақ, алтынның да сұрауы бар ғой?- дейді қарақшы.
- Иә, бар. Бірақ алтын адамды таппайды. Адам алтынды табады. Басым аман болса, денім сау болса адал кәсіппен алтыннан да қымбат зат табам.
- Алтыннан артық зат болмайды, балақай!
- Алтыннан қымбат Алла бар! «Кім менің нұрымды тапса, екі дүниенің байлығын қоса табады. Кім менен ажыраса, екі дүние нығметін жоғалтады» - деген. Сондықтан Алланы табу үшін маған өмір қымбат, - дейді бала.
Ақжүрек баланың жауабы қарақшының жүрегін солқ еткізеді.
- Іздесек, сол Құдайды біз де таба аламызба? - дейді қарақшы.
- Ия, Ұлық Алла Құран Кәрімде: «Ісіне өкініп, шын тәубе еткендер Мені күмәнсіз табады. Сосын Мен оларды рахмет нұрына шомылдырамын» деп уәде еткен. Алланың сөзі екі болмайды.
Құранның осы аятын естігенде қарақшының қатып қалған жүрегі езіліп сала берді.
- Онда бізге дұға жаса, мына кәсіпті доғарып, екі дүниенің нығметін біз де қатар табалық, - дейді шын ниетпен. Ғазали қолын жайып бата береді. Сол кезде қырық қарақшы қырық шілтенге айналып кетіпті деседі. Қырық шілтен - қазақтың киелі дүниетанымына қатты әсер еткен мистикалық тұлғалар. Қазақтың барлық аңыз-әпсанасы мен бата-тілектерінде ол міндетті түрде еске алынады...
Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданындағы Ақбастау ауылының етегінде «Ғайып ерен қырық шілтен» деген құтты мекен бар. Ол жерде Адам ата мен Хауа ананың символы ретінде үлкендігі үйдей екі жалпақ тас қатар тұр. Осы екі тастың айналасында қазақтың дүниетанымында кездесетін барлық мистикалық тұлғалар әртүрлі тас бейнесінде сақталған. Бір сөзбен «әулиелі тастардың ансамблі» деп айтса да болады. Қазір де осы жерге зияратшылар жыл бойы толассыз келіп жатады.


«САЛТ-ДӘСТҮР СӨЙЛЕЙДІ» кітабынан.

ӘДЕБИЕТ 07 шілде 2019 г. 1 212 0