«Алтын тобылғы» әдеби байқауына өтінім қабылдау басталды

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры 2019 жылғы 1 шілдеден бастап дәстүрлі «Алтын Тобылғы» әдеби байқауына өтінімдер қабылдауды бастайды. Сыйақының жалпы қоры - 5,5 миллион теңге, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осымен бесінші рет өткізілгелі тұрған байқау Жастар жылына арналады.  Шығармалар «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік балаларға арналған шығарма» номинациялары бойынша қабылданады. Әр  жеңімпазға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындалады.  Жастар жылына арналған арнайы номинация «Ұлы даланың жасампаз ұрпағы» тақырыбында жазылған «Ең үздік шығарма» деп аталады. Сыйақы көлемі 1,5 миллион теңгені құрайды. Байқауға еліміздің 18-35 жас аралығындағы жас дарындар қатыса алады және бұдан бұрын еш жерде жарияланбаған туындылар at2019@fpp.kz сілтемесі бойынша қабылданады», - деп атап өтілген ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының мәліметінде.
Шығармаларды еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистерден құралған Қазылар алқасы сараптайды. Байқауға ұсынылған жұмыстар жанрға сәйкестік, ойлау дербестігі, авторлық ұстаным, баяндау реттілігі мен мағыналылығы, идея ерекшелігі, әдеби-көркем құндылығы, көркемдік қиял мен шығармашылық көзқарас, эстетикалық әсер тереңдігі сияқты өлшемдер бойынша бағаланады. Байқауға ұсынылған туындыларды бағалау әділдігі барынша жетілдірілген. Шығарма лақап атпен қабылданып, сараптау кезінде қазылар алқасы шығарма авторларының есімдерін алдын ала білмейді.тінімдер 2019 жылғы 1 шілде мен 1 қараша аралығында қабылданады. Жеңімпаздар есімі (сыйлық лауреаттары) 2019 ж. желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде жарияланады. Толық ақпаратпен  www.fpp.kz  сайтынан танысуға болады. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры «Алтын Тобылғы» әдеби байқауын  талантты жас авторларды анықтау және қолдау мақсатымен 2015 жылы тағайындады. Байқау әріптесі - Мемлекеттік тілді дамыту қоры.


ӘДЕБИЕТ 02 шілде 2019 г. 875 0