Мұңайтпас атамыз өмір бойы мал бағып, егін еккен, шаруашылықтың озат еңбеккері атанып, ауыл-аймағына сыйы артқан адам. Туған жері, қазіргі Сырдария ауданының А.Тоқмағанбетов атындағы ауылдың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан кісі.
Атамыз жас кезінен-ақ өлең-жырға бейім болып, кейін бойындағы осы қабілетін ауылдастарының жақсысын асыруға арнап, еңбекшілерді қолдап отырған. Шаруашылықтың жиындары, мерекелік шаралар атамның екі ауыз сөзінсіз басталмаған. Ол кісі кезінде аудандық, облыстық газеттерге де мақалалар жазып, қоғамдағы ілгерілеушілікке қолдау танытып отырған. Іздеген адамға газеттердің сарғыш тартқан тігінділерінен Мұңайтпас Жүнісов деген есімді де кездестіруге болады.
Мен бүгін атамның бір-екі өлеңін көптің жадына түсіруді жөн көрдім.
Қазақпын
Мен – қазақпын,
Бірге жасап келемін, ата салты дәстүрмен,
Батырларша белді буғам жас күннен.
Ақылымда өсиеті бабаның,
Тақымымда тулаған тай бас білген.
Мен – қазақпын,
Майқы болып, Мөңке боп,
Келешекті болжап білген көреген.
Біржан салдай кең далаға еркелеп,
Сахараны ән мен жырға бөлеген.
Мен – қазақпын,
Қаһарманмын, хаспын мен,
Бауыржандай ар-намысын тас түйген.
Арамдыққа, аярлыққа қаспын мен,
Адалдыққа қол қусырып, басты игем.
Мен – қазақпын,
Сөз апшысын қуырған,
Ақиқаттан сөз семсерін суырған.
Қазақ деген атқа лайық боламын,
Жөргегінде қасиетпен жуынған.
Дайындаған Зәуре ӨКСІМБАЕВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенті.