Тіршілік тауқыметі

Қай кезде де көркемөнерге қатысты әңгіменің түп қазығы – көркемдік болатыны ақиқат. Бұған ешқандай шүбә келтіре алмаймыз және шүбәлануға болмайды, өйткені бұл – өнер заңы. Осы тұрғыдан келгенде кез келген көркем шығарма туралы айтылған пікір, ой, тұжырымның тірек нүктесі де көркемдік мәсе­лесі болатыны анық.

Ал шеберлік дегеніміздің қы­ры мен сыры мол, тылсым, құпиялы. «...Шеберлік шексіз, оның ұшы-қиырын табу қиын, өйткені, әр суреткер бар ғұмы­рын шеберлік жолына сарп етеді» – дейді орыстың белгілі жазушысы Константин Федин. Демек, жалпы көркемөнер туындылары және автор деген ұғымдар көркемдік пен шеберлік деген мәселеге келіп ат басын тірегенде, шеберлік жоқ жерде көркемдік болмайтыны да дәлелдеуді қажет етпейді.

Бұл ыңғайда жазушы Айжа­рық Сәдібекұлының шығар­ма­­­шы­лығына тән ерекше­лік – нақ­­тылыққа жақындық десек, қа­­телесе қоймаспыз. Жазушы­ның оқиғаға, образға қатысты шарт­ты деп алғандарының өзі нақты­лық ауылынан алыстап кетпейді, сондықтан болар, оның бұл шы­ғармалары өмірдің өзінен ойып алынғандай қалыпта. Бұл, бәлкім, қаламгердің ұзақ жыл­дар журналистикаға тер төк­ке­­нінен де болар. Оған дәлел: жа­­зушының бұл шығармала­рын­дағы кейіпкерін «апыр-ау, мы­на бір кісіні бір жерде кез­дес­тірген сияқтымын ғой» дегендей ойға қаласың. Бұл жақсы ма? Әрине, жақсы! Және әдебиет атты кепиетті өнерге қатысы бар кез келген жанның осылай дері хақ.

Роман оқиғасы Арал маңы ба­лықшыларының өткен ғасыр­да­ғы өмірін және кеңестік ке­зең қияметін суреттеуге ар­нал­­­­­­ға­нымен, авторлық баян тәу­­­­­ел­сіздіктен бергі тұстағы ке­­­лең­­сіздіктерді де ашып көр­се­­­­теді, оның негізі түп қазығы қы­зыл империяның құйтырқы сая­сатында жатқанын, адам са­на­сындағы қым-қуыт майданның алғашқы оғы сол тұста атыл­ға­нын, мәңгүрттенудің тамыры сол дәуірден жанданғанын мә­тін астарында ой мен оқиға бірлігінде жеткізеді.

Шығарманың тұтас жұлыны бас кейіпкер Бекет атаның әңгімесі арқылы оқырманды роман желісіне қызықтыра жетелей түседі. Бұл тұста жазушы дұрыс шешім қабылдап, қазақ прозасында бұрыннан қалыптасқан тә­сілді тиімді пайдаланған. Ал, Бекет ата әңгімесін тірек ет­кен шығарма көз алдыңа өт­кен дәуір суретін мөлдірете көр­сетіп, санаңда сансыз сауал туғызып, ойға қалдырады. Қа­лам­­гердің бұл тұста ұтқаны – елі­міз тәуелсіздік алғаннан бергі жыл­дар түйткілдерін Бекет ата бей­несі арқылы шебер кестелеген.

Шығармадағы өмір туралы толғаныстар, Арал теңізі, туған жер, атамекен туралы кейде қайшыласқан, кейде бірін-бірі толықтырған ойлардың пәлса­палық арнасы әр кейіпкер, харак­тердің бітім-болмысымен алуан реңкте көрінуі – автордың өзіндік қолтаңбаға ие, шығармашылық даралығы қалыптасқан қаламгер екендігін аңғартады.

Роман оқиғасы бас кейіпкер Бекет атаның әңгімесі бойын­ша өрбиді, тараулар да соған сай аталған. Бұл әдісті де бұ­рын­нан бар іздің жаңғыруы, дәс­түрдің жалғасуы, Бейімбет Май­лин салған жолдың бүгінгі көрінісі деп қараған жөн. «Ауылда», «Түрмеде», «Майданда», «Көктемде», «Сергелдеңде» деп аталған тараулардың басын про­лог бастаса, соңын эпилог түйіндейді. Бас кейіпкер Бекет Құлмановтың басынан өткен түрлі жағдайлар: балалық шақ, жасөспірім кезінде ұшан теңізге шығып, үлкендермен тізе қоса балық аулауы, сол тұстағы ел басындағы ауыртпалық, НКВД қызметкерінің темір қанат жас­өспірімнің өмірін күл-тал­қан етуі, түрме тұрмысы, соғыс жыл­дарындағы от пен оқ ара­сын­дағы жанкештілік, елге оралу оқиғалары адам және тағдыр құйылысында суреттеледі.

«... Жабағыны бұтарлап болып, жілікке кіргендерден пұлын қолма-қол жинай бергенімізде, бір милиционер жетті ентігіп. Айтқаны: Аққұм, Ауан, Ақбасты, Құланды ауылдарын қамтитын милиция бастығы «бір жілігін берсін» деп жұмсаған екен.

– Жақсы. Пұлын төлеңіз де алып кете беріңіз, – дедік. Әлгі түсі суық милиционер ожар неме екен:

– Не дейсің? – деп ақырды маған. – Тегін бересің. Бермесең сот­таласың! – деп зіркілдеп тұр» (22-бет). Міне, романдағы тар­тыстың басталар тұсы осы.

Жазушы бір ғана штрихпен заман ағысын аңғартып өткен. Романның тіл көркемдігіне кел­сек, әр кейіпкерді сөйлеген сө­зі­нен тайға таңба басқандай та­ни­сың. Олардың сөздері өзін­дік ұғым, бояу өрнектерімен ерекшеленеді. Қаламгер өмірде кездескен (түрмеде, майданда және т.с.с.) бірге болған жандардың сөйлеу қалпын бұз­байды, керісінше әр кейіпкерге тән  сөйлеу мәнеріне ерекше назар аударып, оны характерді ашуға, кейіпкер мінезін сомдауға пайдаланады.

Тағы бір жайт: кей ретте болмаса, автор кейіпкердің сырт сүгіретін (келбетін) сурет­темейді, яғни портретке көп бармайды: сөз (тіл) бар, мінез бар, тағдыр бар, ал тұлғаның бет-әлпетін, киімін, жүріс-тұрысын оқырманның түйсінуіне аманат еткен: өзің таны, сосын ой қорыт, міне, қаламгер ұстанымы – осы. Назары жіті, көркем туындыны тұшына оқитын замандас таны-мына тағы бір сенім, мұны да – тағы бір өзіндік тәсіл деп қараған дұрыс.

«Шығарманы оқу барысында біз қаламгердің жеке адамның қоғамдық-әлеуметтік кәсіби параметрлеріне жіті назар тіктегенін, жағдай мен сәттің арасындағы байланыстың өзгеру бағыттарын зерделеп, адам мен қоғам арасындағы қатынастардың тым күрделілігін, адамдар мінезіндегі түрлі қайшылықтардың молдығын ашуға ұмтылғанын аңғарамыз.

Сонымен бірге авторға айтарымыз да бар.

Бірінші: Жасөспірім Бекет пен милиционер арасындағы қақтығысты күшейте түсу керек. Сонда Бекеттің соғыстан келген кезде әйелді зорламақ бо-лып жатқан милиционерді тануы да көкейге қонар еді.

Екінші: Журналист пен әкім және Бекет арасы. Осыған әлде де назар аудару қажет. Бекеттің майданға бара жатқан жолда эшелон тоқтағанда көретін, май­дан даласында, Аустрия же­рінде, Германияда кездесетін түр­лі оқиғалары тұсында әкімнің эмо­циясын беріп отырса әкім бейнесі де ашыла түсер еді. 

Үшінші:  Майданда орыстар­дың азиялықтарға қысастық жа­са­ғаны туралы қазақ әдебиетінде шет қақпайлап, жұқалап қана жазылды, ал бұл шығармада біраз жәйт баяндалған, сондықтан осы мәселеге қатысты эпизодтарды күшейте, ширата түскен жөн.

Роман туралы ойды түйіндер болсақ, шығарма қаламгер мақ­сат еткен көркемдік дүниета­нымның қоғамдық-әлеуметтік мә­­селелеріне орнықты жауап бер­ген.

ӘЙЕЛ ҚҰДЫРЕТІ

ІІ.

Соңғы жылдары жазылған шығармалар ішінде шоқтығы биік, көркемдігі кемел дүниелер де бар. Солардың бірі, біздің ойымызша жазушы А.Сәдібек-ұлының «Сұрапыл» повесі үлкен жүк көтеріп тұрған шығарма. Бұл орайда әңгіме шығармадағы уақыт пен кеңістік мәселесінің ауқымына қатысты емес. Мәселе бұған дейін қазақ әдебиетіндегі көркем бейнелер сапында кез­деспейтін қаһарманның өмір­ге келуіне, сол арқылы өткен ға­сырда дүниені күркіретіп, жер жүзін тітірентіп, мыңдаған жанға қасірет тартқызған екінші жержүзілік соғыстың ауыр жүгін арқалаған аналардың хикаяда көркем кестеленуіне байланыс­ты болып отыр.

Иә, бұған дейінгі қазақ сөз өнерінде соғысқа кеткен ерінің орнын басып, ұшан теңізге шық­қан кеме штурвалында тұр­ған әйел-капитан бейнесі болған емес. Шығарма азаматтарын май­данға шығарып салып, ауылға қайтып келе жатқандарында «Чайка» кемесіндегілердің дау­ылға ұшыраған сұрапыл оқи-ғаларынан басталып, кеме капитаны Ақшабақтың жан алып, жан берген қарекетіне жалғасады.

«Құтырынған жал-жал тол­қындар өршелене соққылаған сайын тұмсығы көкке шапшып қайқаңдаған кеме тура теңіз тұңғиығына құлдилай жөнеледі. Сол сәтте тұмсығынан асып түсіп, үсті-үстіне өкіре құлаған ақбас толқындар палубаны жайпап өте шығады. Құдды кеме үстінде тау тасқыны сарылдап, сарқырап ағып жатқандай. Үйдей толқындар кемені тұмсығынан көтере соққанда, бауырын қа­ғындыра қақ айырып түсердей түсірлейді. Штурвальда еркекше киінген, белін буынған капитан тұр тастабандап. Көңілі көшкен бұлттай, самайынан суық тер сорғалайды...» (1-б.). Міне, теңізде жын-ойнақтай құтырына ұйтқыған жойқын толқындардың сұрапыл қоршауындағы кеме капитаны Ақшабақ бейнесі әрекет пен ой бірлігінде тұлғалана тү­седі.

Автордың қазақ әдебиетінде бұған дейін кездеспеген жаңа кейіпкерді әкелуін шығарма жа­ңалығы деуге де, қаламгер ізде­нісінің жемісі деуге де болады. Сонымен бұл орайдағы ойды жинақтап айтар болсақ, шығар­маның бірінші жетістігі ұлттық әдебиетімізде бұған дейін біз көрмеген көркем бейнені – кеме басқарған капитан-әйел бейнесін өмірге әкелуі.

Шығармада қым-қуыт шытырман оқиғалар, әдеттегідей ашық тартыс, текетірес жоқ, бі­рақ, бұған қарап бұл хикаяны тартыссыз екен деуге болмайды, өйткені мұндағы тартыс кейіпкер санасы арқылы көрінеді. Шағын ғана шығармасында жазушы ке­шегі сұрапыл соғыс жылда­ры елде тізе бүкпей еңбек еткен, бү­кіл жастығы мен қы­зықты дәу­ренінің тұтас бір ғұ­­мырға татырлық ауыр еңбек пен жоқшылық, қайғы-қасірет пен үміт күймесіне жеккен әйел­дердің жанкешті тірлігін Ақша­бақ бейнесіне жинақтайды. Шы­ғарма өрімінде жазушы кө­лемді роман көтерер жүкті аз ғана кейіпкерлері арқылы соғыс кезеңінің ащы шындығын шынайы жеткізеді. Мұны повестің екінші жетістігі деп есептейміз және бұл қаламгер шеберлігінің де көрінісі.

Бұған дейін де қазақ проза­сында балықшылар өмірі ту­­­ралы Ә.Нұрпейісовтің, С.Жұ­ба­тырұлының бірнеше шы­ғар­­малары барлығын білеміз, алайда, дәл осы кезең – соғыс жыл­дарындағы балықшы әйел­дер өмірі дәл осы шығармадағыдай ашылмаған болатын. Жазушы баянын екі бағытта: бірін нақты іс-әрекет, екіншісін бас кейіпкер Ақшабақтың ойы (елес және түсі) арқылы жеткізіп, айтпақ ойын мәтін астарында береді, адамдар арасындағы қатынастың күрделі сәттерінің шегіністер мен ішкі ой ұштасуы арқылы берілуі шы­ғарманы психологиялық дең­гейге көтерген.

Сөз өнерінде психологиялық бейнелеудің тура түрі – бұл кейіп­кердің жан дүниесін көркемдік таным тұрғысынан танып-білу (са­моанализ), ойша елестету, ішкі монологтың көркемдік сый­патын еске алу және елес­тету арқылы психологиялық тал­­дау жасау – адам жанының сырт көзге байқала бермей-тін ішкі «қоймаларын»,  құпия қал­тарыстарын, жұмбақ сырларын шынайы да сенімді бейнелеу Л.Н.Толстой шығар­ма­шы­лығында мол кездесетін іш­кі монологтың көркемдік жұр­­нақтарын А.Сәдібекұлы өз өрнегіне, өз соқпағына сала­ды, сөйтіп бір ғана кейіпкер ар­қылы (Ақшабақ) кезең шын­дығын көркем кестелеген. Иә, сұрапыл кезең тұңғиығына жұ­тылмай, ауыр тұрмыс тауқы-метіне үгітіліп кетпей, адамдық қалпын сақтаған әйелдер бейнесі осылайша өріледі. Бұл да қа­ламгер шеберлігінің, шығарма же­тістігінің көрінісі.

Хикаяда бар болғаны бір күн, бір түн, яки бір тәу­лік уақытта аласапыран толқын­дар арасында өмір үшін кү­рес­кен капитан Ақшабақ бас­қар­­ған шағын кемедегі жағдай баян­далғанымен, бас кейіп­кер­дің түсі мен ойы (елес) арқылы теңіз жағасын мекен еткен ба­лықшы ауылындағы тірші­лік біраз жылды қамтып, Ақша­бақтың жас жеткіншек қыз, одан соң бойжеткен, бұдан кейін ел мақтаған келіншек, соңында соғысқа кеткен ерінің орнын басқан ер ана қалпындағы ой, көзқарастарымен тұтасады. Өмір­дің тоқтаусыз ілгері жыл-жуы, адам тағдырының әр­қи­лылығы, адам баласының қи­­ын кезде ғана кім екені ашыла­тыны, тірі адам тіршілігін іс­тей­тіні және т.с.с. өмірлік пәл-сапаның өзі бас кейіпкердің әр тұстағы ойы, көзқарасы арқылы берілгенде ерекше өрнекке тү­сіп, көркем иірімге айналады. Міне, бұл – қаламгердің өзіндік қолтаңбасын аңғартумен қатар, жазушы шеберлігін айқындаған белгілер. 

«Бұл шығарма шағын повестің де роман атқарар міндетті жүзеге асыра алатынын, мәселе көлемде емес, көркемдік ізденісте екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. По­вестегі Ақшабақ образын, тіпті, сол соғыс жылдарындағы Арал балықшы әйелдерінің жиынтық бейнесі деп те қарауға болады. Автор бас кейіпкер бейнесі арқылы адам тағдыры әу бастан маңдайға жазулы ма, пешенеңе жазылғанын көресің деген шындық па, жер жаһан елдерінің көпшілігіне қайғы-қасірет әкел­ген сұрапыл соғыстың болуы да әу бастағы жазудан ба, пендеге қылдай қиянаты жоқ адамдардың зардап шегуі неден деген сауалдарға жауап іздейді. Сөйтеді де, осы бір тылсым сырлардың ше­шімін Ақшабақ ойы (елес) мен түсінен, іс-әрекеті мен мінезінен іздейді.

Ойымызды қорыта келгенде айтарымыз, бұл хикаяны ав­тордың қазақ сөз өнеріне олжа салған шығарма деп танимыз. 

ІІІ.

Жаратушымыз берген ана­лар­дың құдіретін мына фәни жал­ғандағы тіршілігімен тығыз байланыста алып суреттеген шы­ғарма – жазушы Айжарық Сә­дібекұлының «Сұрапылдың ақы­ры» хикаясы болса, бұл оның «Сұрапыл» хикаясымен өзектес туынды екен. Алайда мұны сол шығарманың тікелей жалғасы деп қарауға болмайды, оқиғалар жалғастығы, уақыт пен кеңістік мәселелері тоғысып жатқанымен екі шығарма бітімі жағынан екі бөлек туынды, екеуіндегі іш­кі ырғақ бөлек, екеуіндегі көр­кемдік шешім бөлек, сондықтан мұны ескерген артық болмайды.

Шығармада Арал балық­шы­лары өмірін тағдырдың сұра­пылына салған екінші жержа­һан­дық соғыстың қасіреті мен зардабы, тауқыметі мен жазыл-мас жарасы майданға кеткен азаматтардың елде қалған ке­ліншектері мен шешелерінің образдары арқылы ашылып, сол  дәуір шындығы соғысқа дейінгі, соғыс жылдарындағы және со­ғыстан кейінгі жағдай арқылы толқын-толқын, кезең-кезең бо­лып қос өрімде бейнеленеді. Бұл бір қарағанда байқалмауы да мүмкін, өйткені қаламгер ше­берлігі осы екі өрімді ас­қан талғаммен тұтастыра, іш­кі қос ырғақты бір қалыпқа тү­сі­ріп, айрықша иірім жасайды. Енді мұны тарата айтар болсақ, мұндағы бірінші иірім – шығар­маның негізгі кейіпкерлері Өр­сәрі арқылы өтсе, екінші иірімі шығарма оқиғасын баяндаушы, Өр-әженің немересі Елгезек ар­қылы өтеді.

Өрсәрі бейнесі «Сұрапыл» повесінде де бар, бірақ онда Өр-әже есімі тек бір ғана эпизодта көрінеді, біздің жоғарыда айтып өткен оқиғалар жалғастығы деп отырғанымыздың бір дәйегі осы бейнеге қатысты. Өрсәрінің бей-несі «Сұрапылда» Ақшабақтың ойы өзегінде, «Сұрапылдың ақырында» шығарма өзегінде көрінеді. «Қызық болғанда, Ел­ге­зек әжесінің есімін осы бе­ріде білген еді. Білмей келген себебі, ауылдың ноқта ұстар үл­кендері әжесін Өреке, жасы кішілері Өр-әже, Өр-апа дейді. Кәрима екеуі солардың айтуы-мен Өр-әже дейтін. Сөйтсе, әже­сінің шын есімі Өрсәрі екен...» («Сұ­рапылдың ақыры» 1-бет) – деп ойын баласы Елгезек баяны арқылы басталатын шығар-маның желісі бірде Өр-әже, бір­де Елгезек бейнесімен қос өрім­деліп көркем тұтасады. Өр-әже бейнесін (образын) немересі Елгезектің есейгендегі әңгіме-сімен сомдауы да, ал әженің өз өмірін немерелеріне ертегі қал­пында баяндап жеткізуі де ұтымды шыққан. Бүгінгі ертегі білмейтін әжелер заманында қа-ламгердің осылайша оқиғаны жеткізуге кілт іздеуі – ең алдымен көркемдік иірімдері болса, екіншіден кейінгі оқырманға кезең, мезгіл шындығын қаз-қалпында суреттеуі тағлымдық-тәлімдік ой айту екені анық.

Жазушының Өр-әже бейнесі арқылы сол тұстағы аналар өмі­рінің ащы шындығын көркем кестелеуде тағы бір ерекшелік бар, ол – шығармадағы оқиғаның шарықтау шегі деп атарлық бір­неше сәттердің барлығы. Бұл біз жоғарыда айтып өткен сюжеттік желідегі қос өрімге байланыс­ты және оларды көркем тұтас­тырған қаламгер бұл тұста да біздің пікірімізше хас шебер­ге тән өрнек салып, шебер қиыс­тырады.

Бірінші сәт Өр-әженің киноға келуі.

«... Құдай сақтасын, анау ақ матада алатопалаң соғыс басталып кетті. Айтулары «Сталинград майданы» деген кино екен... Ендігі бір мезетте арттағылар «Сталин! Сталин!» деп шу ете қалды. Балалардың ынтасы да экранда. Сталин бірдеңе-бірдеңе деп сөйлеп тұр... Қыбырсыз отыр­ған Қызай Елгезекті бүйірі­нен түртті.

– Не?

– Өр-әжем-м...

Елгезек артына жалт қарады. Иә, рас әжесі. Өмірінде кино, концерт дегендерге «намазым бұзылады» деп бармайтын әжесі осы жолы келіпті. Жайлап басып бері келе жатыр. Экранға әжесінің рабайсыз көлеңкесі түс­кенде кейінгі қатарда отырғандар гуілдеп шулап кетті:

– Өр-әже-е... қайда, қайда...

– Өр-апа-а...»

Шулаған дауысты елең қыл­ма­ған Өр-әже экранда Сталиннің алдына барып тұрады. Елгезек пен Кәрима жылап әжесінің ая­ғын құшақтайды. Міне, осы сәт шығарма тініндегі бір ши­рығу, оқиғаның шарықтау кезі еке­нін көреміз. Автор соғыс жыл­дарының адам төзгісіз қасіретін осы шағын эпизод арқылы ашып, «өйтіп еді, бүйтіп еді» деп ұзын сонар әңгімеге салмай-ақ мәтін астарында берген. Майдан даласында хабарсыз кеткен балаларын аңырай күткен аналардың зары арқылы жүрегінде түй­сігі бар пенденің санасын найза­ғай­дай осып өтетіндей көркем қа­лыпта сомдаған.

«О, құдырет, әжесі: – Сталин-ау, қарағым-ау, менің үш бірдей құлыным қайда жүр? – деп зарланып тұр екен. Бір аяғынан айрылып Төлеп пен Тойлыбай келді. Бір қолынан айрылып Мырзалы келді. Бір көзінен айрылып Қиуаш келді. Белінен зақымданып Қайыр келді. Үйіне еңбектеп жетсе де кебегені-мен келді. Ал менің үш бірдей қарашығымнан хабар жоқ. Сопа басым сорлап жалғыз қалдым. Сталин-ау, қарағым-ау, тым болмаса үшеуінің біреуін көзіме бір көрсетші, мына жалғаннан армансыз өтейін. Аттанып кеткен жағына қарай-қарай көзім суалды ғой...» – деп күңіреніп тұр... 

... Кәрима әжесін жетелеп бы­лай шыға бергенде ауылсовет Бәтима апай кейуананың алдынан тосып алып, егіл-тегіл жылап көрісті. Оған Шәрипа әже­нің «Ырзағазым-ау, сен ше, сен қайда жүрсің?» деп аңыраған дау­сы қосылды. Алашұбар жи­ын­ның әр-әр жерінен булығып шық­қан өксік үн далаға жамы­рап кетті. «Асаділдам-ау, құлы­ным-ау...» деген Зейнеп әженің, «Шарападинім-ау...» деп Бә­ти­ма әженің, «Індиаминім-ау...» деп Жоныс әженің кіл жалғыз­дарын жоқтаған зары ұласып, Көкаралдың түнгі аспаны күңі­реніп тұрды. Кино жайына қал­ды...» (6-бет).

Екінші сәт: Тағдыр тауқыметі төзімін қажағанда, ішіне запыраны сыймаған Өр-әженің қорымға барып, Ажығұл-Тасым әулетінің марқұм болғандарына дұға бағыштап күйеуінің, қайны­сының бейіті басында оларға мұң шағып, Сталинге арыз айт­қанын, үш ұлын кинодан көре алмағанын екі иығы селкілдей жеткізуі, санасын сарсылтқаны, жауабы жоқ  мұң мен қайғы, өт­кен күндер елестерінің еске тү­суі, шонтай толғанша шөп шабуы...

«Жасырары жоқ, Өр-әженің көктегі құдай Тәңірге, жердегі Сталинге өкпесі қара қазандай. Көрген қорлығы мен тартқан азабы сансыратқанда «қатын жы­ны» («өзінің айтатыны») ки­лігіп, мына адыра қалған дү­ниені қырып жібергісі келеді. Осы жолы шағырды отынсырап шапқан жоқ. Ұрынарға қара таппай «жынданып», кеудесін керген ызамен ашу шыдатпай шағырды қырып салды...

... Бұл не деген өрлік?! Мына таудай отынды енді арқалай ма? Қалай көтермек. Демеп жі­беретін де ешкімі жоқ. О, тоба, қылшылдаған жас емес, Өр-әже алпысында да баяғы тентек қыз кезіндегі өрлігіне басып отыр ма, шынымен?!

Бұл неғылғаны...

Өр-әжең зілтемір көтеретін кісідей:

–  Ап! Пірім-ау! –  деп орнынан шүйлігіп, теңселіп, ауытқый жаздап тұрды-ау. Сәл ырғалып тұрды да, шотының кетпен басын арқасындағы отынның үс­тіне тастап, ұзын сабын ұстап, теңселе жылжып жүріп кетті. Арқасында отын, сол отынмен бірге сансыраған ой арқалап келеді, бір Құдайға сиынып...»

Бұл суреттеуді біздің арнайы көрсетіп отырғанымыздың себебі – шығарма ерекшелігін таныту, өйткені оқиға қуып оқыған жағдайда шығарма желісінің шарықтау шегі сияқты болып көрінетін бірнеше тұстар бар, алайда автор негізгі салмақты осы екі тұсқа салады, сөйтеді де осы екі тұсқа повестің барлық идеясын, айтпақ ойын үйіре жи­нақтайды және онысы өте сәтті шығып, шығарманың ішкі ырғақтылығын күшейте түскен.

Повесте қаламгер кейіпкер ойына ерекше міндет жүктейді. Шығарманың көлемі шағын бол­ғандықтан мұнысы да өте сәтті шыққан, жазушы шеберлігінен хабар беретін бұл жәйт повестегі Өр-әже бейнесінің толық ашыл­уын қамтамасыз еткен. Елге­зектің, Өр-әженің әрекеті тығыз бірлікте, кейіпкер тілі мен іс-әрекеті шынайы, яғни, өмір шын­­­дығы көркем шындыққа ше­берлікпен көшкен. Ұрпақ үшін күрес, өмір жалғастығы, Ана­ның төзімділігі мен құдыреті шы­ғар­маның өне бойына қан жүгірткен. Мұны да қаламгер ерекшелігі деп білген жөн. Жал­пы «Сұрапылдың ақыры» көр­кемдік талаптарға толық жауап бере алатын шығарма болып шыққан.

Повесть екінші жержаһандық соғыс қасіретін, сол дәуір шын­дығын, біздің заманымызда Арал өңірі әйелдері өмірін көркем кес­телеген осындай қалыптағы ша­ғын проза үлгісі бұған дейін болмаған-ды. Сондықтан бұл еңбекті де жазушының қазақ әде­биеті қоржынына салған  олжасы деп тануға болады.

Повесті оқу барысында біз байқаған осындай ерекшелік­тер­дің барлығын тізбелеу көп көлем алатындықтан өз ойымызды бір­шама дәйектеуге үзіп-жұлып ал­ған мысалдар жарар деген ойдамыз. Жалпы, өзіндік үні, өзгеге ұқсамайтын бітімі бар, ерек тынысқа, өзіндік ырғаққа ие повесть қаламгер шеберлігін танытатын туынды екен.

Алдажар ӘБІЛОВ,

филология ғылымдарының кандидаты.

ӘДЕБИЕТ 03 мамыр 2019 г. 1 813 0