Жақсылықтың жаршысындай "Сыр бойы"

Жуырда Жаңақорғанда облыстық «Сыр бойы» газетінің 90 жылдығы аясында аталған басылымның Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик Нұрмахан Елтайдың оқырмандармен кездесу кеші өтті. Кеште басылымның тұрақты оқырманы Ардақ Қамақова мерейтойға және кеш иесіне арнап өлеңін оқыды. 
Жүректен шыққан жыр жолдарын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Сыр бойының жаңалығын жеткізген,
Оқырманды баурап, елең еткізген.
Тоқсан жылдық тарихы бар басылым,
Мұра болып қалған бізге текті ізден.

Қилы-қилы заманалар алмасқан,
Кешегі күн, бүгінгімен жалғасқан.
Ойы ұшқыр, өресі кең газеттің,
Тілі өткір қиып түсер алдаспан.

Талай-талай куә болған тарихқа,
Мақалалар шықты жиі жарыққа.
Ең сүйікті басылымға айналды,
Ұнаған соң бұқаралы халыққа.

Дөп басатын әр дәуірдің тамырын,
Қамтитұғын уақыттың ағымын.
Оқырманы сүйсінетін қол соғып,
Рухани мол алатұғын тағылым.

Сыр бойының жарық туған шолпаны,
Ойлағаны, толғағаны ел қамы.
Тоғысында тоқсан жылдық газеттің,
Мерейтойы құтты болсын торқалы.

Қаламгердің танытатын қарымын,
Ашатұғын бойындағы дарынын.
Саңлақтардың жолын ашқан бұл газет,
Нұрмахандай түлетіп ет дара ұлын.

Сатираның ұстап өткір қаламын,
Жазды талай мақаласын саналым.
Өзегі өткір мәселелер қозғады,
Журналистің берік ұстап талабын.

Талай ақын осы жерден түледі,
Туды талай мақалалар сүбелі.
Жақсылықтың жаршысындай "Сыр бойы",
Оқырманның соғып тұрған жүрегі!

Ардақ Қамақова
ӘДЕБИЕТ 18 сәуір 2019 г. 2 174 0