ШӨЛСТАНҒА ШАБУЫЛ

 Менің туған ауылым – Көкаралдың Аққұмы дария атырауының өкпе тұсында. Аспан ашық күндері дария­ның теңізге құярлығы сонау көктегі күн астында айнадай жарқырап жатады. Екі аралық асқанда 20 шақы­рымдай. Біздер, жалаңаяқ жорытқан ауыл балалары Сарытөбе деп аталатын теңіз жағалауындағы енапат құм төбенің басына шығып алып ойнайтынбыз. Сол төбе үстіртінен қарсы беттегі алып теңіздің айдынында жүз­ген тірі ноқаттың бәрі көрінеді. Сонау көз ұшында теңселген балықшы қайықтарын бұлың-даған сағым тол­қындары теңіз бетінен көтеріп әкетердей көрінетін. Бүгін көрген қызықтарымыз ертең қайталанбайтын ғажайып көріністер өзіне еріксіз еліктіреді, ұзын-сонар қиял әлеміне алып ұшады. Бір сәтте сол-сонау сиқырлы дүниенің тұтас шымылдығы арасынан сағым көтерген ұбақ-шұбақ ұзын көш – теңіз керуені көрінер еді бар салтанатымен. Біздер қанша аунағанымызда үстімізге қы­лау жұқпайтын Сарытөбенің асыл топырағына жапа-тармағай етпеттей жата-жата қалып, қос алақанымызбен жағымызды таянып жіберіп, сонау қиырдағы көш-керуеннің тіркемелерін санай бастаймыз. Біреу, екеу, үшеу... кейде 5-6, кейде 7-8 тіркеме болады, кейде он, тіпті он екіге дейін барады. Мәссаған-н деп шулаймыз. Көз ұшындағы сол ғажаптың қызығына тоймайтынбыз, көзіміз жасаурап тал­ғанша алыс қиырға ұзатып салудан жалықпайтынбыз.

Кейін білгеніміздей, ұлы теңіз қойнауларынан Арал портына қарай күні-түні тынымсыз өтіп жататын сол керуендер – сексеуілдің құж-құж кәрі томарлары тиелген баржалар екен. Оны сүйреп портқа жеткізетін қуаты күшті кемелер болады екен. Түтіні будақтаған алып кеме баяу жүзіп бара жатады. Арал аймағының сыңсыған қалың жынысты сексеуіл томарларын портқа жеткізгесін одан әрі жүк вагондарымен тірі табиғатымызды құныға жалмаған Қызыл империяның түкпір-түкпіріне жөнелтіп жатады екен. 1954-жылы Арал қаласының көшелеріне алғаш рет аяқ басқанымда өз көзіммен көрдім, әлгі алып баржалардағы сексеуіл томарларын вагондарға кранмен тиегеннің өзінде бірнеше тәулікте әрең түсіріп үлгіретін көрінеді. Алла-ай, сексеуіл болғанда қандай, әрбір томарының өзі алқа бел атан түйеге жүк болғандай! Сондай керемет ірі томарларды мен кешегі бергі заманда Қарақұмнан да, Арысқұмнан да, Қызылқұмнан да, тіпті Борсықтың ұлы құмдарынан да көре алмадым. Жаппай жабыла отаудан құрыған. Құрымай қайтеді, баяғы соғыс жылдарында шығыстан батысқа қызыл эшелондарды жеткізетін паро-воздардың көмірі таусылып қалғанда, сексеуіл мен жыңғылдың томарын, тіпті мұзқалада тоң болып қатып жатқан балықтарды да жағады екен. Паровоздың обыр оттығы соның бәрін жұтқан...

Енді бүгінде Арал портының орны иесіз, құлаққа ұрған танадай құлазып тұр. Заманында ен бай­лығын пайдаланған алағай да былағай дәурені зар желіп өткен. Тым-тырыс. Құрғап қалған теңіз табаны қаңсып бұл жатыр. Тұра түссең ашқылтым сасық иісі қолқаны кеулеп, тынысыңды тұншықтыра түседі. Баяғы толқыны тулаған Арал айдыны қайда, теңіз аңғарынан жан сарайыңды сілкіндіріп соғатын сау­мал сері самалы қайда? Оның енді бірі де жоқ. Бүгінгі талайсыз ұрпақты баяғыда, теңіздің қойын-қолтығында жабайы сексеуіл жынысы болған дегенге енді сендіріп көр; сол енапат байлықты кешегі құрдым империяның жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін отынға пайдаланып құртқанына иландырып көр. Арал атырабы сек­сеуілдерінің жабайы томарларымен теңізде кемелерді, жерде паровоздарды, заводтар мен фабрикаларды тынымсыз жүргізіп, тұрғын үйлерді жылытқаны енді ертегіге айналған заман басталды. Бүгінде баяғының бәрі бәлду-бәлду бәрі өтірік. Өйткені, Арал аймағында жайқалған сексеуіл орманы жоқ. Тырдай жалаңаштанған жердің құмы, тұзы, шаңы мидай араласып кеткен шөлстанның ұшы-қиыры көзіңді талдырады.

Орман шаруашылығы дейтін мекеме баяғыда бұл ауданда да болған. «Жұт жеті ағайынды» демекші, ұрымтал жерлерінен бұғалық түсіп арыны қайтқан Сырдариядан тамшы тамбай, теңіз емін-еркін тулай алмай тек солықтап жатқанда, бір білгіштер жоғарыдан тиесілі суын сұраудың орнына қайраткерлік ой-өрісінің жеткен жері: 1971-жылы әлгі орман шаруашылығы мекемесін қыс­қартуды қолайлаған. Онысын креслосы биіктегілер дұрыс көрген де, мекемені Қазалы ауданының қанжығасына қосақтай салған. Күні ертең не боларын кім ойлаған... Екі ұлы өзен  –  Әму мен Сырдың суын бей-берекет ысырапқа салған туа­сы тойымсыздардың кеудемсоқ ісі­не Табиғат анамыз қашанға дейін төзе берсін, бір күндері қаһарланып берсін. Оның салдары байтал тұрғай бас қайғы, талай жылдан бері өркен жайып, өрістей бастаған орман өсіру жұмысы ай далада аяқсыз қала берген.

Арада бос сергелдеңмен 19 жыл өтті. Ал, Арал орманшыларын қаңғыр-тып жіберу есебінен үнемделген қаржымен облыстың жыртығы бүтінделген жоқ. Керісінше жер аза берді, тұрмыс тоза түсті, денсаулық кеміді, өлім-жітім көбейді. Экология қыспағынан есеңгірей бастаған ел ғайыптан пайда болған қайта құру мен жариялылықтың арқасында ғана сілкіне бастады. Айтсам деген ауызға еркіндік тиді. Жариялылық желімен аудан басшылығына тағайындалған Биғали Қаюпов баяғы орман шаруашылығы мекемесін ізденіп жүріп қайтарып алған.

– Қазақ орман шаруашылығы министрлігінің 1990-жылғы 4-мамыр­дағы жетпісінші бұйрығымен Арал аудандық орман мелиоративтік стан­­сасы құрылды, – деп бастады бас орманшы Арыстан Игіліков әңгімесін. – Министріміздің сол бұйрығы негізінде облыстық орман шаруа­шылығы өндірістік бірлестігі бастығының берген бұйрығы (№111, 25.05.1990 ж.) қолымызға тиісімен «иә, сәт» деп жұмысымызға жедел кірісіп кеттік. Аудан орман қорының көлемі  – 725 мың 696 гектар, елуден аса жұмысшыларымыз бар. Елді мекендеріміз бір-бірінен жырақ, өте шалғайда. Сондықтан, жұмысты 4 бөлімше бойынша жүйелі жүргізуді ұйымдастыруға тура келді. Айталық, Арал бөлімшесі тоғай қорын күзетумен және тұрғындардан орман түсімін жинаумен, Арал қаласын көгалдандыру және айнала жасыл белдеу жасаумен айналысатын болады. (Ойпырмай, оңай деген...) Ал Аманөткел бөлімшесінде түрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Аққұлақ бөлімшесі дария бойындағы то-ғайлықтарды қорғаумен бірге қосалқы шаруашылығымызды жүргізеді. Қа­мыстыбастағы бөлімшеміз негізінен қамыс орып құрылыс материалдарын дайындайды.

Сонымен біздің әзірге бітіргеніміз соңғы екі жылдың көктемгі, күзгі мау­сымдарында 4500 гектарға жыңғыл, сексеуіл және сарыбарқын егіп үл-гірдік.

– Сарыбарқын?! Оның қандай қасиеті бар екен?

– Оның бар қасиеті құрғаған теңіз табанының удай ащы тұзына төтеп бергіш. Біздің бұл ісіміз тұз дауылына қарсы тұрудың әрекеті ғой. Осы сары-барқынды халық «сары сазан» дейді.

– Иә-ә, халық айта-а-ады... Шы­ғымы қалай екен?

– 1991-жылдың қазан-қараша айларында облыстық орман шаруашы-лығы бірлестігі алғашқы тәжірибе ретінде 16 мың гектарға сол сары­барқын тұқымын еккен болатын. Ал енді бұл бір ғажап! Өзі жеріміздің бұйырғын деген шөбіне ұқсайды. Қаулап өсуде.

Қаулап өсуде... айтуға оңай, бірақ қанша қаулап өскіш болса да, көл емес, көлшік емес, аумағына Еуропаның Белгиядай 4 мемлекеті еркін сыйып кететін теңіз табанын сарыбарқынмен тегістеп шығу мүмкін бе?!

Осы ойымды Арыстанға айтқа­нымда:

– Күдігіңіз орынды. Құрғаған теңіз табанын тегістеп шығуға біздің мекемені айтасыз, бүкіл облыс ор­маншыларының шамасы келмейді, –  деді.

– Сонда, не істеу керек?!

– Ең дұрысы бұған Қазақстандағы 19 облыстың бүкіл орманшылары нақты үлестерін қосуы керек. Арал қорына там-тұмдап тиын-тебен жинаумен және құр жанашыр сөзбен іс бітпейді. Онымен экологиялық дағдарыс жайлаған өңірді сауықтыра алмаймыз. Ең төтесі, әрбір облыс жалаңаштанып қалған теңіз ұлта­нын өзара бөліп алып, тез арада сарыбарқынды егіп тастаса – нақты көмек, тиянақты іс сол болар еді. Ондай атты күн туа қалса, бүкіл аудан байтағының тұзды шаңы біршама басылып, әжептәуір өңі кіріп қалар еді.

Бұл – оның жеке пікірі. Бірақ, мұндай зор ауқымды жұмысты жедел жүзеге асыра қою мүмкін бе, сірә? Оған қаржы қайда? Кейін ел ішін аралап, адамдармен сөйлесе келгенде білгенім: «Сарыбарқынға бола қаржы бөліп керегі не? Қаржыны оған бөлгенше ауданның әлеуметтік мұқтажына жұмсаған тиімді болар. Теңіздің ұлтанына өзінің ежелгі табиғи өсімдіктері орманшыларсыз-ақ өсе бермей ме?» деушілер де болды. Демек, біздің бұдан ұққанымыз: осылай әрі тарт та, бері тартпен жүргенде, апат аймағының ең-ең қиын проблемасы /кеңістікті зиянды тұзды шаңнан қорғау/ бұл тұста орайымен шешіле қояр ма екен. Әй, қайдам-ау...

Осылай ой жүгірте отырып ең негізгі сұрағымды Арыстанға тө­тесінен тағы қойдым:

– Айтуыңа қарағанда, аудан аймағын сауықтыру үшін жыңғыл, сексеуіл, сарыбарқын егіп, көшет және тұқым дайындайды екенсіздер. Мұның өзі қалай, ғылыми негізі бар жұмыс па, әлде...

– Бізде көзжұмбай жұмыс болмайды, – деді Арыстан. – Не істесек те «Казгипролесхоздың» негіздеп берген нұсқауымен қимылдаймыз. Көкшетаудың Шортанды қаласында орман ғылыми-зерттеу институты бар. Ондағылар теңіз ұлтанына қан­дай өсімдікті жерсіндіру керек­тігін шұғыл зерттеуде. Демек, сары­барқыннан да басқасын егуімізге ұсыныс келіп түсуі әбден мүмкін. Ал, ондай жұмысты маман орманшыларсыз қалай жүзеге асыруға бо-лады? Айталық, «Казгипролесхоз» 1990-жылдың тамызында 10 мың гектар жердің топырақ құрамын анықтап берсе, 1991-жылдың қыркүйек-қазан айларында да іздестіру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде біз Аралдың Бас жоспарына сай қаланың санитарлық-қорғау аймағын ғылыми негізде жасауға мүмкіндік алып отырмыз. Алғашқы жұмысымыз Ақтөбе-Қызылорда автокөлік жолының бойы­нан басталмақ. Әрине, көшкін құмның қоршауында қалған қаланы айналдыра жасыл белдеу жасау оңай емес. Анықталған алғашқы деректерге қарағанда, қаланың төңірегі толайым тұзды, сортанды жер болып шықты. Бұған көп күш, қажыр-қайрат жұмсауымыз керек болады.

Мен Арал қаласын бір емес, бірнеше рет аралап та, айналып та шыққан адаммын. Төбесінен күндіз де, түнде де ұшып өткенбіз. Сонда байқағаным: қаланың айналасы да, алыс маңайы да құм басқан құла тұз; көшелері қиыр-шиыр; үйлері қиқы-жиқы; әр жерден бір тұзы көпіршіген сордың ащы иісі аңқып тұрады. Қысқасы, қаланы ұлы шөл қамауға алған. Теңіз шегініп кеткендіктен қала көрер көзге айдалада адасып қал­ғандай. Қаланың тұрған жері де, маңайы да тұщы су шықпайтын арам жер. Орынбор-Ташкент темір жолының салынуына байланысты орныққан Арал стансасының айналасына кезінде жыпырлап қоныстанған ел орнығып қалған. Әйтпесе, бұл жер қала салатын жер емес. Нағыз шөлстан. Құммен алысқан қаланың жасыл белдеумен оңайлықпен көм­керіле қоятынына мен сене алар емеспін.

– Сонда-а... жасыл белдеудің көлемі қанша болмақ?

– Әзірге 620 гектар деп отырмыз.

Рас шығар... Бұл қаланың тұрғын­дары күні бүгінгі дейін ауыз судың өзіне бірде жарып, бірде жарымай келді. Қалада алаңсыз су болмай қалатын кездер әсіресе соңғы уақытта жиілеп кеткен. Толағайдағы жерасты теңізінен жеткізілген құбырды об­лыстың Морозов басқаратын құры­лысшылары сапасыз салған. Қыруар қаржыны жалмаған бұл құбырлардың ұзына бойында тесілмеген, жарылма­ған жері жоқ. Аралдан шығып Сек­сеуіл стансасына дейін машинамен жүріп отырғанымызда құбыр бойы дерлік батпаққа айналған. «То­лағайға жеткенше осылай ма?» деп сұрағанымызда: «Әр жер, әр жері осылай батпақтанып жатыр» деген жауап алғанбыз. Олай болса, қаланың қа-зіргі жағдайына қарап, Арыстан айтып отырған «жасыл белдеуді» қиял-шылдың хикаясы дегің келеді екен...

Дегенде, бірақ, кім біледі, жаңа басшылық, жаңа қоғамдық бағыт де-гендей, Аралдың ақ жарылқайтын күні алда шығар. Үмітімізді үзбейік...

***

Ой, заман-ай! Аралдың баяғы даңқы аспандап, айдыны шалқыған заманында ішпесіңді ішіп, жемесіңді жегендерден бүгінде әскерилерден басқаны емге іздеп таба алмайсыз. Туған жерін тойған жеріне айырбас­тап жүре беретіндер қаладан кетіп біткен. Нені көрсе де, жергілікті халық көріп жатқан. Құла түз, құба шөлде, алып түсер аңызақтың астында, алақаншық желдің өтінде шұрайынан шыр қалмаған жердің «ән салып тұратын» топырағын шайнай жүріп, тұз-тозаңын жұта жүріп малын бағады, шөбін шабады, отын-суын тасиды. Ал ауданның бірден-бір бас орманшысы мына Арыстан баста-ған табиғат тамыршылары жылы ұя, жұмсақ төсегінен безіп, жырақта талықси жүріп жер тырналайды; еріндері кезеріп жүріп көгеріш егеді, көшет дайындайды.

Арал орманшыларының кеңсесі Қамыстыбас темір жол стансасында, маман қызметкерлері де сонда, өздерінше бір ауыл. Есеп-қисаппен айналысатындарынан басқасын, әсіресе маусымдық жұмыстың қызған кезінде кеңседен таба алмайсыз. Мен Арыс­танмен алғаш жолыққанда-ақ оның шаршап жүргенін бірден аңғардым. Бас орманшы өте кеш жатып, ерте тұрады екен. Шаруашылығын арала­ғанда шөліркеп қалатын қаламшаларға су бере жүру үшін көкқасқа водовозына қаршығадай құниып отырып алады екен. Сол кеткеннен үйіне кейде кештетіп, кейде түнделетіп бір-ақ оралатын көрінеді. Келе алмай қалатын күндері де болып тұрады екен.

Бұл жолы екеуміз сапарлас болдық. Су толы көлігімізді Аман­өткел қайдасың деп зарлатып келеміз. Арыстан айтқан: «Біздің бір шеті Шалқар шекарасына, екінші шеті Қазалы жеріне дейін жайылып жатқан даламызды аралап үлгірмейсіз. Аманөткелде жұмысы 1991-жылдың көктемінде басталған питомнигіміз бар, соған алып барайын» – деп. Келістім. Үйткені, маған бұлардың питомнигі қандай болады екен дегендей де ой келді. Арыстан жол үстінде біраз жайға қанықтырды. Шығыс Қазақстандағы Лениногор орман шаруашылығы техникумын бітірген. 1976 жылдан бері осы саланың ыстық-суығынан бір мезет ажырамаған...

Аудан орталығында елдің, жер­­дің қамын ойлайды-ау деген бір­қатар кісілермен пікірлесіп көр­генімде, соңғы уақытта болып жат­қан өзгерістердің бұл аймаққа қатысы жоқ­тай күмілжігендеріне таң қалғаным бар. «И-и, солар, құдай біледі, жа­пырағымызды жайқалта қоймас...» – деп ыңыранады. Осыны есіткенде өзім ыңғайсызданып қалдым. Мен ауданда орман шаруашылығының қолға қайта алынғанына өзімше қуанып келсем, мына шойтықтар кер-солқы. Арал, Арал деп айдалада шыр-пыр болып жүрген мына біздер-ау деймін. Журналистерді айтамын. Мына мықтылардың дүниелері түгел көрінді. Арал жері өртеніп кетсе де, қайғыра қоятын пейілдері байқалмайды. Бұл шойтықтар қара халықтан баяғыда-ақ бөлектеніп алған-ды. Тұмсықтары әлі де аспанда екен. Еңкейе қоймапты. Өздерінше компан – бір шеңберден шықпайды: ауданның тәуірін киеді, жылы-жұм­сағын жейді, сол баяғы қыдыру, карта ойнау; қыл аяғы Толағайдың тәтті суын ит өлген жерден водовоз-дармен арнайы алдырып ішіп жаман үйренгендер, соған жуынып шомы-лады... Бұларға былайғы қара халық без теріп кетсе де, бәрібір...

Ал арса-арсасы шығып жатқан мынау өлі даладағы орманшылардың тыныс-тірлігі Аралдың күн тимес, жел тимес шойтықтарынан мүлде бөлек. Кабинетте отырғандардың басы қосыла қалса, әңгімені саясаттан бастайды, соңын өсекке айналдырады, кімнің қандай лауазымға кім арқылы көтерілгеніне дейін есептеп отырады. Шынтуайтына келгенде жалақысынан басқа ішім-жем есебін халықтың үстінен айыратындардың арқа-басы кең келеді. Қайда барамын, қайда қыдырамын, не істеймін десе де еріктері. Олардың тұрмыс салтын мына Арыстан сияқты қара сирақ орманшылардың тірлігімен әлбетте салыстыра алмайсыз.

Бұл ауданда айнала төңіректі көгалдандыру озалдан үрдісте жоқ. Себебі, бұл аймақта аяқсудың өзі жоқ. Ауызсу тапшы. Суландыру үрдісте жоқ болғандықтан «аборигендерге» қорықты қорғау, тоғайды шарлау, жасыл жапырақты бұта өсіру өнбес тірліктей көрінеді. Жалпы Арал орманшыларының бейнеті нулы-сулы аймақтағы орманшылар бейнетінен бөлек. Аптап қуырған шөлстанда орманшы болып көріңіз. Питомникті күту бір, көшет дайындау екі, кеуіп қалған теңіз табанына сарыбарқын егу үш, құмға сексеуіл өсіру төрт, ағаштардың санитарлық жұмысы бес, мал жайылымын қалпына келтіру алты, жасыл белдеу жасау жеті, тұқым және орман түсімін жинау сегіз, жануарлар дүниесін қорғау тоғыз, қолдан тұрмыстық заттар жасап, оны тұтынушыларға сату он, қосалқы шаруашылықты жүргізу он бір...

Бірақ бұл да бейнеттің шегі емес және осының бәрі көзге көрінбейтін нәзік те шетін жұмыстар. Оның қаншалықты қиындығын күйіп тұрған күн астында нәрестедей күтім тілейтін әрбір көгеріштің түбіне үңіліп, ертеден қара кешке дейін иіліп-бүгіліп жүретін жандар ғана біледі. Ал дайынға ие болатын былайғы пенделер үшін шөл кезген орманшы деген кім? Арқыраған айғыр машинасын азынатып келіп, тіркемелі тракторын селкілдетіп келіп, сексеуілдің сүйекті томарларын жуан троспен қас қағым сәтте қиратып отайтындар үшін орманшы деген кім? Қияметіне бақса, ерні кезеріп, көзі қарауытқан немені баябан шөлдің бір қалтарысына қисайта салуы да қиын емес...

Біз ертелетіп шыққанбыз. Ұлы сәскелік иектенгеннен-ақ дала жанып берген, машинаның тар кабинасы қапырық. Мына Арыстан ыстық пен суыққа әбден көндіккен, мыңқ ететін емес. Әңгіме тиегін ағытып келеді. Жұмыс жайы.

– ... Сол тоқсаныншы жылдың күзінде 500 гектардай сортаңды кебірге жыңғыл тұқымын тастағанбыз, – деді, ол жерлер сонау қиырда дегендей оң қолын алға сілтеп.

– Бұл жұмысты әуелгі бастаушылар Күншығар Жолақанов, Еділбек Төреев, Мешітқали Назарбаев, Фай­зулла Орынбасаров, Төлеміс Беріс­тенбаев болды. Қазан айының аяғы мен қарашаның бас кезінде еккен едік, сол жұмысты өткен тоқсан бірінші жылдың көктемінде одан әрі жалғастырып, «Маяк» деп аталатын жердің мың гектарына тағы да егіп тастадық. Енді бірер маусымды артымызға салып алсақ, бұл жұмыстың нәтижесі көзге көрініп те қалар, – деді Арыстан сенімді пейілде.

Мен сендім, үйткені кеше кешкілік ауыл іргесіндегі сайдың табанында енді-енді балапандап көгере бастаған сексеуіл шыбықтарына көзім түскен. Сұрастырғанымда, бұл көгеріштер орманшылардың Қамбашқа ірге тепкен алғашқы маусымда отырғызған тірлікалдысы екен. «Бұл Арал аймағының қойын-қолтығында, егер біз үлгіре алсақ, жыңғыл мен сексеуіл тұқымын тастай берсе, өсе береріне күмән жоқ, – деген сол күнгі кеште осы Арыстан. – Бірақ, не пайда, біз оның бәріне үлгіре алмаймыз. Тіпті, ертеңгі күніміздің қандай боларына да көзіміз жетпейді...»

Арыстанның мұңы мені де ойға қалдырды. Жыл өткен сайын шегініп бара жатқан теңіз жайын айтып тұр-ау деп түйдім. Құмнан қорғануды үркердей ғана орманшылардың мойы­нына тесіп іліп қоймай, бүкіл облыстағылардың төл ісіне айналдырар ма еді. Көгалдандыру, көркейту науқанын жылма-жыл көктемде және күзде өткізуге болады. Далада не көп, сай-сала көп. Көктемде сол сайларға су толады, ойпаңға сарқырап ағады. Ондай сай-саланы жаздай ыза теуіп жатады. Ойпаңдарда даланың жұпар иістілерінің түр-түрі қау болып өседі. Жыңғыл, сексеуіл өсіруге қолайлы  ұтырлы жерлер әрбір елді мекен төңірегінде баршылық. Шөл даланың бап, күтім тілемейтін ерекше жаралған бір қасиеттісі – жыңғыл мен сексеуілі. Әрине оны жаппай егу үшін орманшылар елді мекен тұрғындарын жеткілікті тұқыммен қамтамасыз етіп отыруы керек. Қысқасы құмға көмілген аудан аймағын жаппай көгалдандыруды бүкілхалықтық іске айналдырмай болмайды. Тұщы суы тапшы бұл өлкеде бір түп сексеуіл көлеңкесінің өзі неге тұрады... Ал жың­ғыл дегеніңіз түйе түлігінің де­ликатесі...

– Сонау қаңқиып тұрғанды көрдіңіз бе? – деді Арыстан тұсымыздан бұлдырап қарайғанды меңзеп.

Көргенде қандай! Ол – қыруар қаржыға алынған адымдағыш экскаватор. Оның сол тұрған жерінде мен бір емес, бірнеше рет болғанмын. Ғасырдың ғажайып машинасы күн жеп, жел мүжіп, қарға-құзғынның саңғырығына былғанып қор болып тұр. Басына барсаңыз, құм суырған сырғыма желден қаңқиған алып денесі тас төбеңізден азынайды, оның бүкіл құрылымынан мұң төгіліп тұрғандай сіздің де денеңіз түршігеді. Бұл алыпты құрастырып пайдаланбақ тұрғай дұрыс тікейте де алмаған. Әр торабы әр жерде апатқа ұшырап қираған кемелердей күйреп, шашылып жатыр. Есіл дүние-ай, қанша қаржыға алынды екен... Аралдық «аборигендердің» айналасынан айналсоқтап шықпай қойған бұл қандай қырсық?! Аяғыңды аттап бассаң берекесіздікке кезігесің. Сырдариядан жарма канал тартып, Арал қаласының иегі астындағы Сарышығанақты суға толтырмақшы болған пысықтардың суыққолды сұғанақтығына күйінесің. Қолға оңай­лықпен түспейтін анау алыптың ауыр салмақты денесін жинай алмай ошарылып жатуы – солардың ісі. Не канал қазылмаған, екі жылда екі-ақ шақырымның топырағын бульдозермен аударып, қалғанына адымдағышты салмақшы болғанда, оны құрастыра алмай тастап кеткен. Бұл бар ғой бұл, шама-шарқына қарамай, бұлардың, баяғыда Ғабит Мүсірепов айтқан «кішкентай бог­дыхандардың» мемлекеттік дәре­жедегі қайраткер болғысы келе­тіндерін қайтерсіз. Бұл қалай, біз өзі қандай кезеңге бет алдық?! Халықтың қаны мен терінен құралған қаржыны «Сарышығанақты суға толтыру» деген желеумен айла-шарғыларының жеткенінше пайдаланып рәсуә ет­кен­дердің жүздері жанбастан аман кетті. Мында шаңы бұрқырап, қоңы ырсиған жаралы жер қалды. Жарма ұлтанынан және өлі топырағы үйілген жоннан ұшқан құм бұл өңірді тегіс бүлдірген; жайылған мал құм шайнап, қаталай бастаған...

Осындай ой сорабымен Аманөт­келдің питомнигіне де келіп қалып­пыз. Міне, азамат! Жауырыны сәл еңкіш, қапсағай денелі, бойшаң жігіт­пен жүздескенде Арыстанның жолда айтқаны көңілімде тұрды: «Сол тоқсан бірінші жылдың мамырында Аманөткел учаскесін ашқанбыз. Соңыра кездескенде өзіңіз де байқар­сыз, ондағы еңбекқорларымыз нағыз ерінбейтіннен!» деген-ді. Питом­ник­тегілердің еріндері кезеріп, өңдері тотыққан. Көгеріштерді аралай жүріп әңгімелестік:

– Көріп тұрсыз ғой, бәрін жаңадан бастап жатырмыз, – деді ұзын бойлы жігіт айнала аумақты жанарымен шолып. – Қарауымда 8 жұмысшы, 2 орманшым, бір өрттен қорғайтын қарауылым бар. Жұмыс жетеді. Питомниктің жалпы көлемі 30 гектар. Біз бір маусымда 300 мың түп қара ағаштың, 40 мың түп теректің, ал 4 гектар сексеуілден 1 миллион 200 мың түп көшетін дайындаймыз. Үйеңкіні де өсіріп көрудеміз.

– Техника жағы қалай?

– Бір ДТ трактор, бір насос, бір мотоцикл.

– Су ше?

– Дариядан трубамен жеткізудеміз.

– Жұмыс қиын ғой, ә?

– Қайдан оңай болсын. Бұл жұмыстың ерекшелігі – шыдамды болу керек. Бүгін бастап, ертең тастап кетуге болмайды...

Жалпы осы жолғы сапарым сәтті болды. Мына Арыстан, құдай бере салған жігіт екен. Келіншегі Мәрия есейіп қалған Ертайын, Лаурасын, Салтанатын үкідей үлпілдетіп отыр, үстерінде кіршік жоқ. Аулада көкөніс және көлеңкелі ағаш түрлері желкілдеп өсіп тұр. Күтушісі Мәрия екен, «өз қолыммен отырғыздым» дейді. Үйдің ауласын құлазытып қоя­тын әйелдер осы Мәриядан үлгі алса ғой...

Арыстан екеуміз түнделетіп шаршап-шалдығып жеткенбіз. Салулы төсек, салқын үй – пейішке енгендей болдық. Азамат бақыты деген осы...

Адамның өзінен ойы озып кететіні рас. «Жақсы-жақсы жерлермен жүр-сең, жақсы-жақсы түс көрерсің» деген, сол түні, Арыстан, сен бір керемет түс көрдің. Түсіңде бүкіл аралдықтар болып тайлы-таяғы қалмай экологиялық апатпен айқасқа аттаныпты. Олар бұрынғыдай қара басына пайдасы жоқ гүпілдескен әңгіме-қауғадан тиылған: жастары бұрқыратып темекі шегіп, арақ ішуден жеріген; еркектері үйір-үйірімен карта соғуды қойған; қартына дейін жер шұқып, шыбық отырғызуға жұмыла кіріскен...

Сен, Арыстан, сол қаптаған ха­лықтың алғы шебінен орманшыла­рыңды түгел көрдің. Аралдағы Арал­­байды, Қарақұм беткейіндегі Қоңырбай мен Жақсылық, Жаңбыр­байды, Аманөткелдегі Махмұтты, Аққұлақтағы Алмасты, Қаратереңдегі Серіні, Көктемдегі Қасенді, Ескі­ұрадағы Баймағанбетті...

Бұл Арал жерінде не көп, бұйрат пен қырат көп; сол бұйрат-қырат-тарды қуалап мың тарау сай-сала кете барады; онымен көктемгі қарғында еріген телегей теңіз қар, төпелеген жауын суы лайсаңдатып ағып жатады. Шілденің ыстығында сол жерлерде қаулаған көк майса тұнып тұрар еді жұпар иісі аңқып. Иә, сәт, аудан тұрғындары шөлстанға шабуылды бас­тапты... 

Арыстан, сен сол түсіңнен қуанып тұрдың. Көргеніңді жақсылыққа жорыдың. Құдыреті күшті Тәңірден өздерің бастандырған игілік алдын бүкілхалықтық іске айналғай деп тіледің. Тіледің де, осы күнге аман-есен жеткізген тағдырыңа шүкіршілік еттің. Ал, мен болсам: Арыстанның жігіттері әзірге алапат апатпен арпалысу үстінде, үлкен айқас әлі алда... – деген оймен аттандым құттыхана төріңнен.


Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ
ӘДЕБИЕТ 07 сәуір 2019 г. 2 068 0