Биболатпен таныстығыма көп бола қойған жоқ. Ол екеуміз біраздан бері бір мекемеде қызмет етеміз. Аға деп кішірейіп тұратынын білсем де, ақындығы барын білмеппін. Біраз уақыт өткен соң «өлең жазады екен» деген сөзді естіп қалдым да, жазғандарын сұрап алдым.... Ал, ол болса «айтары көп болған соң үндемей жүріпті». Шын мәнінде жасы жиырма төртке енді толған Арал топырағының тумасы Биболат ақынның таным таразысы салмақты, көңіл көкжиегі кең, ой саралауы сұлу. Сөз арасындағы күміс кәнизекті кездіктей қиып түсетін тұстары оның қазақ поэзиясының көшіне қоңыраулатып қосылатынына күмән тудырмайды.
Ендеше, өзін өлеңге арнап, өлеңді өзіне қаратқан өрнекті ақынмен таныс болыңыз, жырсүйер жақсылар.Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Қазақ
Мен – ор құмға біткен шағырмын!
Шыжында өскен шағылдың.
Қасіретімді танысаң,
Қасиетіңді танырмын.
Мен – ғайыптан келген ғаламға,
Ғаламат сыйы ғасырдың.
Көп күншілдерден күпінген,
Білігі бөлек бітіммен
Аруағымды асырдым.
Мен – қанағат атты қара ағаш,
Құнарсыз жерде көктеген.
(Жасыман деген жігіттің
Басынан нелер өтпеген?)
Мен – елімнің ерке ерені.
Ебі желдей екпінім,
Тұяғы едім тектінің,
Тіріде тізе бүкпеген!
Мен – шерге суарған кездік ем,
Сенім мен сертке сілтеген.
От сепкен оқтан озық ем,
Бұлқынып ұшқан білтеден.
Мұқалмас, маңғаз маңдай ем,
Жартасқа қанша тисе де.
Бурыл көбікті таңдай ем,
Жантақтай жырды күйсеген.
Тар көкіректерді піспеген,
Кеңдігімменен басып ем.
Наладан нышан түспеген,
Абадан мінез асыл ем.
Бұрқ етіп өзі тұтанған,
Боз даладағы боз едім.
Булығып шыққан сөз едім,
Өрге сүйреген өз елін.
Өрлігі басым атаның,
Артында қалған көз едім.
Өлең өртеген өзегін,
Сабылтып мұңлы кезеңдер,
Еркіндікті аңсап ежелден
Көп күткем тағдыр кезегін!
Ойханадағы әңгіме
Бұл өлеңнің
Қарапайым ырғағы –
Жүрегімнің
Баяу соғып тұрғаны.
Қаперіне алмаса да басқалар,
Тек ырғақта болмаса да жыр мәні –
Бұл өлеңнің қарапайым ырғағы.
Мін іздесең –
Табу оңай, мінсіз кім?!
Мән іздесең, мәнсіз күнім –
жырсыз күн.
Сен айтарың жоқ болған соң көпірдің,
Мен айтарым көп болған соң үнсізбін.
Есім түзу, тым ақылды емеспін,
Айтпайды ғой ақымақпын деп ешкім.
Сен де мендей жалғыздықтың
мұңысың,
Мен де сендей бір-ақ сәттік елеспін.
Бар еді ғой бәрімізге тең өлшем,
Бірақ маған жат көріндің неден сен?
Мұңыңды айтшы,
мұңдасуға қайлымын,
Шыныңды айтшы,
жылайсың ба, мен өлсем?..
Сырып тастап перделерін қайғының,
Сырласайық, сырым ғана байлығым!
Байқар дейсің тек біз білген
жайды кім?
Айтар дейсің тек бізде бар ойды кім?
Сыртымыздан айтылса да көп кесім,
Бұл ойымнан бар ма басқа нақ шешім?
Сырымыз жат, мұңымыз жат боп жүріп,
Бостан босқа өмір өтіп кетпесін.
***
Барлығын айтып үлгерер ме едім,
Жалғыз ғана жол жырменен.
Бейтаныс қызға гүл берер ме едім,
Кезігіп бұрын көрмеген.
Мұз кәмпиттерді тау қылып қалап,
Таратсам ба елге шетінен.
Тұрсам ба жұртқа аңқиып қарап,
Айнаның арғы бетінен.
Жанға айналсам ба есі жаңарған,
Танымастай боп өзгеріп.
Жоғалсам ба әлде, есік жабарда,
Қазір келем деп сөз беріп.
Ақтарыла бір айтсам ба бәрін,
Мезі болардай тыңдаған.
Мазалап жүрген жайт сонда, жаным,
Жан-жағым түгел шырғалаң.
Шырғалаң ойдан жауап табар ма ем,
Сұрағымды еске түсірсем.
Өлең жазбай-ақ тағат табар ма ем,
Өзімді өзім түсінсем.
Күтуден-дағы жалықтым, күнім,
Күнім ауысып түнменен.
Жан азабының ең ауыр түрі –
Не қыларыңды білмеген.
*** Бірер ақылман құптаса,
Бола қалмайсың бөстекі сөзбен
мықты аса.
Сырқат ойыңның «сөлін» ағызба
тіліңнен,
Басыңды бұзып шықпаса!
Байқампаз көпке бәдіктігім де
байқалмай,
Айтарымды да айта алмай.
Ешкімнің сөзін ұрламай,
Ешкімге сөз де қайтармай.
Өлгем жоқ әлі, өтсе де солай әр күнім,
Сөз деген – менің тағдырым!
Жан мұңын шайып, ар құнын ақыл
қалтаңа
толтырып берер.
Тек аялай біл, әрбірін!
Аз ғана сыйын Алла бұйыртқан
таланның,
Айтқан сөзімнен табармын.
Оң-солым толы қансырап жатқан
сорлы сөз,
Обалы кімге солардың?
Сөз ойнату да болса өнер,
Өлеңді өнер дегенге қалай ел сенер?
Жалғыз айтарым –
Сен үнсіз қалшы кеудеңде,
Жылт етер сәуле қалса егер.
Ұғымсыздығым саналса қанша
жарлылық,
Сөз ұғу сонша сорлылық!
Соның мысалы –
Не үшін жаздым осыны?
Соншама сөзді қор қылып...
Биболат СӘТЖАНОВ.