« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Дильназдың сарғыш тартқан сағыныш пен аласапыран ойлар жетегінде отырғанына біраз болды. Бұл кезде қошқылтым түннің ызғары терезеден есіп, бұл да жас арудың ойын сан-саққа жүгіртеді. Сынаптай сырғыған сағат тілі таңның атар уақытын білдірсе де жұп-жұмсақ ойыншығын құшақтап жатқан оның кірпігі айқасар емес. Қызық... Біресе ұялы телефонына, енді бірде жазу үстелінде жатқан қаламы мен қағазына көз жүгіртеді. Анасы мен әкесі бөлменің жарығы жанып тұрғанын байқап бір рет келіп кеткен. Баласының жағдайын бес саусағындай білетін олар қызғалдақтай қыздарының түн ауа шығармашылықпен айналысатынынан хабардар. Сондықтан беймезгіл мазаламайды.
Бірақ, бүгін Дильназды шығармашылық шабыт емес, махаббат машақаты сарсаңға салып отыр. Өйткені, ол кешкілік уақытта алғашқы махаббатынан мәңгілік күдер үзгенін түсінген еді. Ақыл ауылынан қашықтап, сезім өрті лапылдап отырған оны әлеуметтік желіде жарияланған Арман Сқабылұлының сөзі одан сайын ойландырып тастады. «Әр адам – өз тағдырының ең негізгі шешуші сәттерінде дұрыс шешім жасай білсе, қажет кезінде батыл болып, қажет кезінде кешірімді бола білсе, махаббатта сіздің жүрегіңізден кетуге асықпайды. Мен білемін, сізді де сүйетін бір жүрек бар. Тек оны өкпелетіп алмаңыз. Маңдайдағы жазуды Жаратқан жазғанымен, қатесін сіз ғана түзейсіз». Міне, осы сөздерді оқып Дильназ өзінің батыл әрі кешірімді бола алмағанын түсінді. Әрі Арнұр екеуінің қателікті өз қолдарымен жасағанын енді ұғынды.
Дильназ бен Арнұрдың бір-біріне деген ыстық ықыластары сөзбен айтылмаса да, қараған адам бірден ұғынатындай еді. Екеуінің бір-біріне үнсіз, көз қиықтарымен қарайтыны, жандарына өзге жан жақындай қалса өп-өтірік ұрыса жөнелетіні, бірінің сөзі екіншісі түсінбейтіндей һәм тыңдамайтындай кейіп танытуы екеуінің де балалықтың бал күндерінен аса алмай жүргенін білдіретін еді. Мектеп табалдырығында жүріп жүрек түкпіріндегі нәзік сезімді махаббат деп емес, ұят деп қабылдап еді екеуі де. Бірақ, уақыт өте келе Дильназ бойжетіп, Арнұр ержетті. Бірі – бұрымы беліне жетіп, ақылы көркіне сай бойжеткенге айналса, Арнұр жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, жеті өнерді бойына сіңірген жігіт болды. Екеуін қатар көрсең көз тойып, көңілін қуанар еді. Бір – бірін толықтырып тұрғанын аңғару да қиын емес. Алайда, мұны сырт көз байқағанымен бозбала мен бойжеткен бір-біріне сезімдерін ашып айтқан жоқ. Мектептегі соңғы жылдары болса да, бұдан кейін екеуінің жолы екі жаққа кететінін білсе де екеуі де ләм-мим демеді. Тек үнсіз қызғанып, іштей тынып, жан адамға сездірмей сезім сергелдеңіне түсті. Түлектердің соңғы жылдары жан ұшыра ҰБТ-ға дайындалып, бір жағынан қоштасу кешіне алаңдайтын әдеті емес пе? Осындай қарбаластан Дильназдың ойы бөлініп, Арнұрды ұмыта бастады. Бар ойы оқу орнына түсіп, ата-анасының абыройын асқақтату. Арнұрда да осы тіршілік. Бірақ, сырт көзге ғана. Жан дүниесі Дильназбен қол ұстасып жүретін күнді асыға күтуде еді.
Әдеттегідей барлық мектеп бітіруші талапкерлер кешкі салқынмен дайындықтан қайтып келеді. Арнұр мен Дильназдың үйі көшенің соңында болатын. Екеуі сыныптастарын шығарып салып, үндемей аяңдады. Қыздың айтар әңгімесі аян. ҰБТ, сабақ, оқу. Ал, Арнұр үнсіз. Дильназ тыныштықты бұзғысы келіп:
- Арнұр, неге үндемейсің? Мені тыңдап келесің бе? – деп серіктесіне бұрылды. Жігіт:
-Иә, - деп селқос жауап қатып, басын изей салды. Кенет сабыры сарқылды ма, «Дильназ, мен сені бұрыннан ұнатамын. Екеуміз жұп болып, армандарымызды бір арнаға тоғыстырсақ қалай қарайсың?», - деп діріл қағып тұрған Дильназдың ып-ыстық, салалы саусақтарынан ұстай алды. Арнұрдың алақаны Дильназдың қолына жеткенде екі жүрек кеудеге сыймай, дүрсілдеп кеткені сонша, екеуі бір-бірінен қаралай ыңғайсызданды. Арнұр қыздың осынша қобалжығанына қарап сезімін жауапсыз қалдырмайтынын білді. Бірақ барлығы ол ойлағандай болмады. Дильназ қолын дереу тартып алып:
- Жоқ, енді бұлай айтушы болма! – деп үйіне қарай шапшаң жүгірді. «Неге? Неге ол менің сезімімнен бірден бас тартты? Достарым Дильназдың менде көңілі бар екенін соншалықты сеніп айтып еді ғой» деп дегбірі қашқан күйі Арнұр көшенің ортасында қала берді. Қысқа қайырылған осы әңгімеден кейін қыз да, жігіт те бұл тақырыпқа оралмады. Бірақ, өзара қарым-қатынастарын үзбеді. Бұрынғыша дос болып, сыныптас ретінде араласып жүрді.
Адам жаратылысы қызық. Бақты қонғанында емес, көзден ғайып болып ұшып кеткенінде аңғарады екен. Дильназдың Арнұрға деген сезімі бірте-бірте ояна бастады. Бірақ, «тілімдегінің бәрі түрімде» деп тіс жармады. Үнсіз ғана Арнұрды бақылады. Кейде қызғанып қояды, кейде қызғандырады. Арнұрды қызғандырған Дильназға қатты ұнайтын. Өйткені, оның басқаша көңілге бөленіп, ашуға булығатынын білетін. Арнұрдың ашуы Дильназдың жанын жадырататыны сонша ол тым шектен шығып әр күні әр жігіттің атын атаумен болды. Арнұрдың да еті үйренді ме, әлде олда қарымтасын қайтарғысы келді ме, оның да қыздарға қырғидай тиісетін әдеті пайда болды. Өзгені қызғандырамын деп жүріп, қызғаныштың қызыл итіне қалай таланғанын Дильназ аңғармай да қалды. Осылай бір – бірін делсал күйге салып, үнсіз жүргенде үш жыл зырғып өте шықты. Екеуін енді байланыстыратын тек әлеуметтік желі, түнімен жазысқан хаттар, бір-бірінің жансыз фотосына тоқтаусыз басылған лүпілдер. Бір қаланың ауасын бірге тыныстап жүрсе де, жүздесулері сирек. Бәлкім, балалық шақтағы ұяңдықтыңтан болар. Кейде сыныптастарымен жинала қалса олар бұрынғы әуеніне басып, «жас жұбайлар» не «біздің сыныптың Қозысы мен Баяны» деп әзілдей жөнелетін. Арнұр мен Дильназ сырт көзге қабақ шытқанымен іштей мәз болысатын бұл әңгімелерге.
Адамды тануға қанша уақыт керек? Болмаса бір-біріне деген сезімнің шынайылығы қанша уақытта білінеді? Бұл әркім әртүрлі жауап беретін сауалдар. Бірі адам тану үшін өз ғұмырың да жеткіліксіз деуі мүмкін, ал бірі сол жанмен кездескенде-ақ ойын жайып сала алады. Дильназ бен Арнұрдың 4 жылдан бері үзілмеген қарым-қатынасына қарап бір-біріне деген сезім өшпейді, адал деуге болатын шығар. Дильназ да солай ойлаған. Бірақ, 13 тамыз күні бұл ойының қате екеніне көзі жетті.
13 тамыз – ерекше күн. Жан жүрегімен жақсы көретін жігіті Арнұрдың туған күні. Бұл күнді ол өз туған күнінен де артық күтеді. Міне, биыл да Арнұр Дильназдың есік алдына келіп, қолынан жетектеп, қаладағы кафелердің біріне әкелді. Көптен көрмеген сыныптастарының арасында жадырап отырған Дильназдың көз алдына кеш аяқталысымен Арнұр екеуінің қол ұстасып шығып бара жатқаны елестей берді. Өйткені, Арнұр бүгін басқаша. Киім киісі, өзін-өзі ұстауы, Дильназға қуыстана қарап, ұяла-қызара сөйлеуі. Бәрі басқаша. Даңғырлаған музыка, улап-шулаған достар әңгімесін, Дильназдың ақ бұлттардың арасында қалықтап жүрген қиялын Арнұрдың өзі бұзды:
-Достар, сендер сәл отыра тұрыңдар. Мен қазір бір жерге барып келейін. Тез келемін, сендерге тосын сыйым бар, - деп көпшіліктен тысқа шығуға рұқсат сұрады. Ал, Дильназ болса тосын сыйдың өзіне арналғанын сезгендей, одан сайын жүзіне қуаныш үйірілді. Арада бірнеше уақыт өткен соң Арнұр есіктен жадырай кіріп, музыканы өшіруді сұрады. Осы сәтте Дильназдан басқалары «О, жарайсың! Құтты болсын!» деп қол соғып, қуанышты дауыстарымен айқайлай бастады. Тек Дильназ қуана алмады. Жанарына жиналған жасты жасырып, ернін үнсіз тістелеумен болды. Арнұрдың қол ұстасып келген қызына қандай сезіммен қарап тұрғанын түсіне алмады. Не жек көрерін, не дос деп қабылдарын білмей дал болды. Арнұрға дауыстап айтпаса да, «сені соншалық сүйетін жүрегімді сезбегенің бе?» деген сұраулы жанарымен үнсіз қарап тұрды. Өзінің 4 жыл бұрын дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алмағанын түсінді. Қателікке бой алдырып, Арнұрдан айырылғанын аңдады. Соны түсінгеннен кейін, 13-тамыз да өз мәнін жоғалтты. Күнтізбеде бұрынғыдай қызыл қаламммен қоршалып тұрмайтын болды. Махаббатқа толы жанарымен қараған сәттер сағымға айналды. Дильназдың ойында тек «Бәлкім, мүмкін» деген сөздер ғана қалды.
Мүмкін сол сәтте бетін қайтармағанда қазір бәрі басқаша болар ма еді?...
Бәлкім біз осы кезде 13-тамызды бірге тойлар ма едік?...
Бәлкім ол мені қызғандыру үшін әдейі осылай жасаған шығар?...
Сан сауал, бірақ жауабы жоқ. Ол әлі көз ілмеді...
Аружан МАХМУД
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |