Кітап – менің бала күннен бергі серігім, жақсы досым. Талай ақылын алып, пайдама жаратқаным рас. Жақында қолыма Нидерланд жазушысы Луй-Пол Боонның (1912-1979) шығармалары түсіп, біраз әңгімелерін оқыдым. Шығарманы ширықтыра отырып оқырманын ойға салу Луй-Полдың тамаша шеберлігі екен. Оның себебі әрі жазушы, әрі суретші болғандығынан да шығар.
«Капеллекенс көшесі», «Тер-Мюрен жазы» секілді кітаптарында қоғам шындығын ашып айтқан жазушы билікке жақпаған сыңайлы. Өйткені 1953 жылы Нобель сыйлығына үміткер саналса да, оған бұл әлемдік марапат бұйырмапты.
Сөйтіп, мен өзімді қызықтырған жазушының мына бір әңгімесін орысшадан аударып, оны жалпы жұрттың да оқығанын қаладым.
Желтоқсан айының отызыншы жұлдызы, сенбі болатын.
Қар жауып тұрды.
Құтырған желдің үйіріп соққаны соншалық, қар жапалақтары ұйытқыған астан-кестеңінен қарға адым жерді көру мүмкін емес.
Осы маңдағы каналдардың бірінде жұмыс істейтін Вард Клейн шлюзге күркіреп құйып жатқан қара тұнық суға мұңлы көзбен қарап тұрды. Оның жасы отызда болатын. Осы бір тар, қорқынышты шлюздің жиегімен қаннен-қаперсіз бір адам келе жатты. Бұл адам Вардпен қатарласа бере сәл кідіріп, аяғының астындағы сарқырамаға қарады да ұсыныс жасады:
– Достым, бір-бір стақан арша арағынан тартсақ қайтеді?
Вардтың өзі де осыны қалап тұр еді. Бұлар «Өзеннің арғы беті» деп аталатын трактирдің ішіне кіріп ішті. Кенет әлгі бейтаныс трактир қожайынынан қалам мен қағаз сұрап алып, бірдеңелерді шимайлап жазды да, оны мұқият бүктеп Вардқа берді. Ал, бұл болса әріп танымайтын, бірақ онысын мойындағысы да келмейтін. Сондықтан бүктелген қағазды қалтасына сала салды. Трактир қожайыны ар жақтағы бөлмелердің біріне кіріп кеткен кезде бейтаныс былай деді:
– Міне, менің трубкамды алыңыз... Ал егер жұмыссыз болсаңыз, ертең мені табарсыз, тапқан болсаңыз екі франк аласыз.
Вард ештеңеге түсінбей оған қадала қарады, бірақ осы кезде қожайын келіп қалды да, босаған стақандарға қайтадан құйып іше бастады. Бейтаныс адам есеп айырысқысы келгендей қолын қалтасына салып, бірнеше монеталарды шығарып, санамастан үстел үстіне аудара салды. Сөйтті де шығып жүре берді. «Тым болмаса жаңа жылмен де құттықтамады» деді Вард ішінен.
– Бұл кім өзі, неғылған адам? – деп сұрады сосын қожайынына қарап. Ол жауап орнына иығын қиқаң еткізді. Оның білуінше, бұл адамның фамилиясы Поннет, бірақ не істейтінін, қай жерде тұратынын білмейтін болып шықты. Тағы бірдеңе демекші еді, осы кезде есік айқара ашылды да, ішке қар құйынымен қоса Аоде Спан кіріп келіп, үрейлі дауыспен айқай салды:
– Тезірек, жаңа ғана осында болған адам суға күмп берді!
... Мүрдені қар араласқан судан алу қиынға соқты. Вард Клейн өзінің кеуде тұсындағы қалтасынан бүктелген қағазды суырып алып, осы жерге шақырылған полицейге ұсынды.
Онда былай деп жазылыпты: «Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, менің суға кетіп өлуім керек!».
Орыс тілінен аударған:
Бақтияр МЫРЗАШ,
Сырдария ауданы.