« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Түнімен суырған суық жел құм бетіне кәрі кемпірдің бетіне түскен әжімдей сүреңсіз көп сызық салыпты. Ысқырына соққан долылық таң біліне тынған сияқты. Әйтеуір ештеңе болмағандай мүлгіген тыныштық. Көңіл құлазиды. Сырттан келер жолаушыға бұл ауылдың кейпі сірә, жалаңаш көрінер. Соққан жел, көшкен құмға тосқауыл болар тал-теректерді айтасың-ау, бұта атаулыны кім көрінген отындыққа балталап алғаны бірден білініп тұр. Әр жерден сидаңдап өскен бірді-екілі, жалғыз-жарым жыңғыл атаулы болмаса қаздиып өсер сұр сексеуілдің дәурені әлдеқашан өткен. Көктем келгелі көк атаулыдан бұл жақтың сәні тек жусан ғана.
Көзге көрінетін жұтаң көріністің бәрі үй сыртында тұрған жас жігіттің ойын мүлдем тоқыратып тастағандай. Қабақ түюлі. Көзінде ашу, жо-жоқ мұң бар сияқты. Өзіне ме, әлде өзгеге ме әйтеуір, көңілдің қалғаны анық. Есіне өткен күндер оралады.
Жарқынбек жасынан өлеңге жақын еді. Қазақ ақындарының барлығы болмаса да, біршамасын оқыған. Әсіресе, махаббат тақырыбына келгенде Мұқағали, Қадыр, Жарасқан, Мұхтар сынды ақындардың жырларын жатқа соғатын. Бір өзінің отырыстарды дөңгелетіп әкетіп, кез келген ортаны еліктіріп алатын өнері де бар. Былайынша айтқанда тамаданың төресі. Қатар-құрбының барлығы Жарқынбектің осы бір өнеріне риза. Көпшіл, аңқылдақ, жақсы мінезді жігітті жолдастары төбесіне көтеріп жүретіні де өтірік емес.
Жаздың басталғанына көп болған жоқ. Сондай бір отырыстың кезі. Оқудан оралғаны бар, ауылдағысы бар барлығы жиналып даңғырлаған музыка үніне билеп жатыр. Сыныптас қыздардың барлығы қаланың әсері ме, шетінен құлпырып кеткен. Ортада дөңгелене билейді. Жігіттер де қалысар емес. Кейбіреуі қос саусағын аузына тығып жіберіп, ысқырып жатса, енді біреуі қиқуланып шапалақ ұрады. Достық көңілі қашаннан кең Жарқынбек те осы қызықтың ортасында. Әзілге жүйрік жігіт жұртты дүр еткізіп күлдіріп те қояды. Мектепте сабақ берген ұстаздарының даусын айнытпай салса, енді келіп сыныптастарының бала күнгі қылықтарын сөз етеді. Жалғыз өзі кейде сөзге теңдік бермейтіні бар. Анда-санда екі көзі Айгерімге қарай ауады. Қыз қарай қалса, бұл жанарын қайта тайдырып әкетеді. Мысы басты ма, өз-өзінен қуыстанады. Айгерім бұдан бір сынып төмен оқыған. Ауылдағы ауқатты деген адамның қызы. Өзінің қалада оқитынын білетін. Көптен көрмегендігі ме, бүгін тіптен сұлуланып кетіпті. Ай, жігіттер, кейде осындай арулар көз алдымызда жүргенін байқамай да қаламыз. «Адам көркі-шүберек» деген рас шығар, киген көйлегі өзіне сұмдық жарасып тұр. Оқуға кеткеннің көбісі осылай сұлуланып кете ме? Көбісі шашын шолтитып қиып тастаушы еді. Айгерімнің ұзын шашы сол күйінде тура Қыз Жібек пе дерсің. Қандай құлпырып кеткен десеңші?! Жарқынбектің осы ойын дастарқанға отыруға шақырған достарының үні бұзды.
Дастарқан үстінде де оқтын-оқтын Айгерімге қарап қояды. Қыз күлімдеп отыр. Салқын тәтті судан ұрттағаны болмаса, басқа ештеңені түрткен жоқ. Алайда, өзін ортада еркін ұстайды. Жарқынбек өз міндетін жақсы атқарып отыр десе де болады. Тілектер үсті-үстіне айтылып, қызып қалған кейбіреуі қосылып ән айтуға шақырды.
.....Достар, достар жүрсің қайда,
Бірге еді ғой жанымыз...
Ән әуелей берді. Айгерім әнге қосылып отыр. Бағанадан бері Жарқынбектің өзіне қайта-қайта қарағыштап отырғанын сезсе де, сыр берер емес. Бір-екі әннің бетін қайырған соң сыныптастар өзара абыр-күбір әңгімеге көшіп, әзіл-қалжыңға ауысты. Бірі оқудың қиындығын айтса, енді бірі орысша сөйлеуден қысылып жүргенін жасырмады. Кейбір ұлдар жағы ересек адамдарша шаруашылық жайына көшкен. Әңгіменің ауаны трактор, шөп шабу, балық, егіс туралы жалғасып жатыр. Жарқынбек бұл кезде сыртқа салқындауға шыққан. Ішке қарай кіргені сол еді, достарының бірі тұрып:
– Жақа! Өлең оқышы!
– Иә,иә, оқы, - десті. Отырғандардың назары Жарқынбекке ауды.
Ерте көктем,
Ерке жел есті мұнда.
Есіңде ме?
Оранып кешкі нұрға.
Ауыл жатты...
«Ақсүйек» ойнадық біз
Айналыпты-ау ол кезде ескі жырға...
Барлығы Жарқынбектің аузына қарайды. Балаң жігіттің көзінен ұшқын атады.
Дүрсілі жүрегімнің басылмады,
Көп тұрдым кеткендей боп салы суға.
Ұялдым өзге жұрттан қасымдағы,
Өзіңе жақын барып танысуға.
Сағыныш өлкесіне қадам бастым,
Жауабын келер күндер өзі берсін.
Мүмкін, мен сені қайтып көре алмаспын,
Мүмкін, сен шаттығым боп кезігерсің.
Мүмкін..Мүмкін...Ғашық жүректің ғаламат сезім-жырларының өзіне арналып оқылғанын Айгерім де түсінді. Түсінді де, ақ жүзі қызара, алабұртып күлімсіреді. Иә, Жарқынбек жырға жүйрік екенін бұл жолы да танытты...
Сол кештен кейінгі жазды екеуі бір-бірінен ажырамай өткізді. Әр кездесу сайын екеуінің арасындағы сезім қорған биіктей берген. Каникул күндері де бітуге таяу. Билетке тапсырыс беріп, Айгерім де оқуға қайтуға дайындалды. Қайтар күні Жарқынбекпен кездескен. Қыз жүзінен қимастық қылаң береді. Көздері жасаурайды. Жарқынбектің де оңып тұрғаны шамалы. Бұрынғы кезде қоштасуды біліп көрмеген, күту дегенді бастан кешпеген жас жігітке бұл ауыр шығар. Келесіде қашан кездеседі. Амал жоқ, қимастық қанша қиын болса да, бір-біріне сенген жүректер уақытша айырылысуға тура келді. Айгерім енді ауылға Наурыз мерекесіне қарсы келетінін естіген Жарқынбек те оған дейін үзбей хабарласатынын айтып, құшақтары ажырамай, таңға жуық әзер дегенше үйіне шығарып салды. Ендігі көңілге медет- тек арадағы хаттар, телефонмен тілдесу ғана.
Ауылда қалған жас жігіттің көңілсіз жартыкеш күндері енді басталды. Айгерім екеуі бір-бірімен хат алысып, телефонмен сөйлескен сайын ғажап бақытқа бөленетін. Күндер де қырсыққандай бұлар үшін баяу өтіп жатқандай көрінетін.
Көктем шыға Айгерімнен хат келген. Қыс қаһары енді кетіп, наурыз айының бел ортасы болатын. Хатында биылғы диплом алатын тұста мемлекеттік практиканы ауылға алғанын жазыпты. Бұл хабарды естіген Жарқынбектің қуаныштан басы айналғандай болды. Әсіресе, көктем күндерінде онымен бірге болатынын ойлағанда. Қыз бұған көктем мезгілін жақсы көретінін ылғи айтатын.
Алайда Айгерім ауылға келгенде Жарқынбек мүлде басқа ойда жүр еді. Жылға жуық сағыныштың азабын тартқан жігіт бар ойы тек тезірек үйлену болды. Оған себеп екеуінің жақындығы мен Айгерімнің белгісіз біреудің баласына атастырылуы жайлы ел арасындағы өсек. Бірақ, көнбесе ше?
Сол түні бар сырын айтқан жігіт сөз соңында онысын да жасырмады. Айгерім бұны құшақтап тұрған. Не болар екен деп қобалжыған жігітті одан сайын құшақтай қысып, құлағына жай ғана сыбырлады:
– Қазір әкетсең де, қайда барсақ та мен сенімен біргемін, Жарқын! Жігіттің бойы толқып өтті. Қыздың көзінен, бетінен, ернінен сүйе берді. Арадағы өшпес бір ыстық сезім ақыры екеуін бір байламға әкелгендей. Екі күннен кейін кездесіп, көрші ауылдағы жездесінің үйіне тартып кетпекші. Айгерім де осыған келісті.
Бірақ.... Келіскен күнгі кездесудің сәті түспей, істің қиюы қашты. Айгерім де артында аңду барын сезбеген сияқты. Сол кездесетін түні ұсталып қалды. Байқауынша, жоқ тіпті анық білініп тұр, үйдегілер Айгерімнің осы жігітпен қол ұстасып жүруіне тіптен қарсы. Әсіресе, әкесі. Олардың ойы Жарқынбектің қарапайым жанұядан шыққандығы, яғни, олар бізге тең емес деген нәрсе болса, екіншісі қаладағы байшыкеш бизнесменнің баласына қоспақшы. Осылай деп елдің бәрі де бұрыннан шулайтын. Жарқынбек те бұрын осы нәрселерді сұраймын десе де, Айгерімнің көңіліне қаяу түсіріп алармын деп үндемейді. Сонда өз өзегін жарып шыққан баласын сүймеген адамға қосу қандай аяусыз нәрсе? Алдағы көрер жарығына қорқыныш пен сүреңсіз өмір сыйлайтын өз жақындарына Айгерім не үшін жақпаған? Сондағы олардың мүддесі не? Ата-бабаның салты ма, әлде көз тоймас дүниеқорлық па? Біліп болмайсың.
Осы оқиғадан кейін өткеннің бәрін ой елегінен өткізген Жарқынбек не істеп, не қоярын білмей үй сыртында көңілсіз күйінде әлі тұр. Айгеріммен бірге жүрген бақытқа, күлкіге толы қайғысыз күндер енді оралмастай көріне ме, қалай? Бұлай болары өңі түгілі түсіне кірмеген жігітке бұл ауыр салмақ болғалы тұр, шынымен көктем күндері оған мұң сыйлап та үлгерді.
Мына жақта Айгерімнің жағдайы тіптен ушығып тұр еді. Қатал әкенің кесімінен кейін жас қыздың жылай-жылай болған көздері ісіңкі. Жалына-жалына болмаған соң, бөлмесіне кіріп жатып қалды. Кешкі тамаққа шақырып еді, бармады. Жарқынбек не күйде екен? Алдағандай болдым-ау. Қыздың ойында осылар ғана бар. Жүзінде үлкен іске бекінгендік бар, ашудың, ызаның табы білінеді. Көкірегіндегі болмашы үміт сәулесіне сүйенген Айгерім әлі де келер күннен көмек боларын сезетін сияқты. Ол осы тәуекелмен жарықты өшіріп, бөлмесінен жылыстай, үйдегілерден жасырына шығып кетті. Қолындағы қол сөмкесін қыса ұстап, көшеге шыққан бойы, түн құшағына кіре бергені сол-ақ екен, тұла бойы діріл қақты. Қайда бет түзегенін білмейді. Әлдебір өз жанын арашалайтын жанға ма, әлде алыс туыстардың біреуіне ме?
Айгерім екпіндеген жүріспен әлі жүріп келеді. Міне, шеткі көшеге де шықты. Өзіне таныс үйді көргенде бастағы қиындықтар ұмытылып сала берді. Жағалай жүріп әлгі өзіне таныс көк қақпалы үйге қарай асықты. Өзі іздеген бақыты да, базары да осы үйде сияқтанды.
Жарқынбек өзін қаумалаған ойдан арыла алмай, ауыл сыртына шығып кеткен. Ел жатып қалған уақытта өз үйіне қарай беттеді. Желең кие салған киімнен көктемнің түнгі салқыны өтіп барады. Сыртқы есікті ашып, аулаға қарай беттегені сол еді, алдынан адам сұлбасы байқалғандай болды. Жақындай бере терезеден түскен электр жарығынан анық көрінді, Айгерім екен. Көзінде жас, бірақ өзіне жымия қарап тұр. Жарқынбектің бойы қуаныштан тасығандай болды. Алайда қызды өзі құтқара алмағанына намыстана ма, жақындай алмай тұр. Бір-екі аттаған еді, бойы тоқ ұрғандай, жүрісі мандымады. Ал сүйгенін іздеген қыз жігіттің құшағына келіп енді. Бұлар шынымен де бір-біріне шын берілген, шын сүйіскен жандар еді.
Келесі күні ауылдан той әуені мен беташардың дауылды жырлары анық естіліп тұрды.
Ержан Қожасов.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |