Шерхан Мұртаза. Бір кем дүние

Көрнектi жазушы Шерхан Мұртазаның "Бiр кем дүние" атты кітабынан тұщымды ойларды тізбелеп көрдік. Бір кем дүние - мол кем дүние... Бірген оқиық!

 Дуананың жирен қасқасы

 Қасиетті қарт Қаратаудың қойнында Қарағай деген байдың тоқсан тоғыз (99) жирен қасқа тұлпарлары болыпты. Қан­ша дәулет бітсе де бай қуанар егізге де­ген­­­дей, байекем сол сәйгүлік жирен қас­қалар жүзге жетсе екен деп армандапты. Бірақ, Құдайдың құдыреті, биелері қайтып жирен қасқа құлын тумай қойыпты. Сондай күндердің бірінде бай ауы­лына ел кезген бір дуана келе қалады. Қараса, астындағы аты жирен қасқа! Бай жігіттерін жұмсап, дуананың атын тартып алады. Бұдан асқан қорлық, бұдан асқан сорақылық бола ма?! Сөйтсе, дуана – жай дуана емес, қы­зыр шалған әулие кісі екен, таудан ар­қы­рап аққан асау өзенді бөгеп тастап, жи­рен қасқасымен өрге шапшып, бай ау­ы­лын қарғап кетіпті. Бай дәулеттен айы­ры­­л­ып, қайтып мал-мүлік құтаймай қой­ыпты. Тоқсан тоғыз жирен қасқа хикаясы осылай аяқталған деседі. Біреуі-ақ жетпеген.

***

Арман

 Балалық шаққа Қайта алмайсың. Бір кем дүние. Құдайға сыйынған құстай ұшады, Адамға сыйынған мұрттай ұшады. *** Нысап Кедей – бай; бай – Құдай болсам дейді. Нысапсыздық жаман. Бір кем дүние. *** Құдырет Бидайын алып, сабанын қойған Құдай. Жақсысын алып, жаманын қойған Құдай… Бір кем дүние.

***

 Қайдан…

 Кедейді бай, азды көп қылған патша данышпан. Бір кем дүние. *** Асқанға – тосқан Толдым деген төгіледі, Жеттім деген жығылады. Бір кем дүние.

***

Құнықпа

 Алтын өзі тотықпайды, Адамдардың жанын тотықтырады. Бір кем дүние.

***

Өкінішті

Атадан алтау тусаң да бір жалғыздық. Бір кем дүние.

 ***

Тым… тым…

Патшаға тым жақындама, Тым алыстап та кетпе. Ол да от сияқты: Тым жақындасаң күйіп өлесің, Тым алыстасаң үсіп өлесің. Бір кем дүние.

***

Маймыл ғұрлы жоқсың ба? Жазушы Дидахмет Қалтайға: – Машина сатып алайын десем, айдай білмеймін. Правом жоқ, – дейді. Сонда Қалтай: – Ей, циркте маймыл да велосипед теуіп жүр ғой. Маймыл ғұрлы жоқсың ба?! – деген ғой.

***

 Дәнек

 Кейбір бастар ішінде дәнегі жоқ жаң­ғаққа ұқсайды. Ондайлар көп қой. Бір кем дүние.

***

 Ойшыл қарға Түнімен – жаңбыр. Таңертең – қар. Жалаңаш ағаш мүлгіп тұр. Төбесінде – қарға. Ойланып отыр. Не ойлайды? Қарғаның тілін білмеймін. Әйтпесе сұрар едім: – Оу, Қареке, ертең не болады? – деп. Ол көп біледі. Жүз жасаған ғой. Ол Мұсаның оқыстан өлетінін білген. Көп шуылдап, көп қарқылдаған. Оны біз түсінбедік. Бір кем дүние.

***

 Сарыала қаз

Жазушы Оралхан Бөкей: – Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз, Жайлаған алты ай жазға сарыла қаз. Шолпандай таң алдында туып батқан, Қайтейін, о дүние, ғұмырым аз, – деп ән салушы еді. Бір кем дүние екенін білген ғой.

 ***

Ұятсыз болма

Адамға бала жастан ең керегі – Ұят деген қасиет. Ол туа бітеді. Бірақ кейбіреуі өсе келе, үлкейе келе ұяттан жұрдай болады. Бір кем дүние.

***

Ай мен Күн туралы

Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен. Ол да біреуден естіген. Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды жазамыз. Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?! Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Сейпілмәлік – Жамал – қайсы бірін айтасың, бір-біріне қосыла алмай кеткен, шын ғашықтар ғой. Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді. Олар о басында ерлі-зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған. Әзәзіл ажыратқан. Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы.

ӘДЕБИЕТ 24 қазан 2018 г. 2 473 0