Ардагер теміржолшы, қарымды қаламгер Төлеген Жылкелдиевтің Астана қаласындағы "Профи медиа” бапасынан жарық көрген тың туындысы осылай аталады. Автордың Сыр өңірі теміржол саңлақтарының шежіресінен сыр шертетін бұл кітабында әріптестерінің ерен еңбегін дәріптеген мақалалары мен очерктері, сала саңлақтарына арнаған өлеңдері мен естеліктері, сондай-ақ қызылордалық болат жол иелерінің әр кезеңдегі тағылымды өмірін бейнелейтін суреттер топтастырылған.
Біз білетін Төлеген аға, айтары жоқ, өте тынымсыз жан. Қашан көрсең де қауырт істің басында жүргеніне куә боласың. Онымен ағалы-інілі сыйластықта болған отыз жылдан астам уақыттан бері жайбарақат кезін жолықтырмаппын. Міне, қолдарыңызға тиіп отырған жаңа кітап Төкеңнің осындай тынымсыз тірлігінен туған дүние екені ақиқат.
Теміржол тарихын білгісі келген кейінгі ұрпақ осы кітапты қолға алар. Мұндағы мол мағлұматтар теміржолды өмір жолымен байланыстырғысы келген әрбір жас маман үшін құнды дүние болары анық. Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.