ШІЛТЕР ТЫС ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
1.Қоштасу
Әсемдеп тоқып шілтермен,
Жиегін көктеп көмкерген,
Көпшіктің тысын ұстатып,
Көз жасын төкті «көзкөрген».
«Анаңнан қалған бір белгі,
Нағашы жұртың берген-ді,
Кеудеңе басып, иіскеп,
Мауқыңды ботам, бас енді.
Анаң бекзат-көргенді,
Отызға жетпей жерге енді,
«Сарғасқа-жомарт» атанған,
Сөзге де шешен-мерген-ді.
Күттіріп жылдар перзентті,
Әулие кезіп-сенделтті.
Аянмен берген баланың,
Қызығын Тәңірі бермепті.
«ОГПУ»-дің таққан айыбы,
«Халық жауының» зайыбы.
Ақыры жұтып тынды оны,
Заманның жойқын «жайыны».
Тартып тұр тағдыр жетегін,
Қош айтып туған мекенім.
«Бас сауға еткен» жандармен,
Ілесіп мен де кетемін.
Өскейсің болып азамат,
Тұлпардан қалған қазанат,
Анаңа туыс, апаңмын,
Тапсырған шілтер-аманат.
... Айқастырып кірпігін,
Іздеді ізін күлкінің,
Бетіне басып қуанды,
Бедеріндегі бүртігін.
Маңдайын сүйіп күптінің,
Жанынан бір сәт үкті мұң.
Сол ару сәби жүректің,
Мекендеп қалды түкпірін.
Жадында қалды:
-Ғайып Ерен
Жебейді жаным, – дегені,
Анаңның исі-шілтерің,
Қорғайды жаным,– дегені,
Күрсінген демнің – тереңі,
Болмыстың бөлек – ерені,
Үйірілген ымыртта,
Жаққаны жүдеу білтені.
2.Жан сауға
Еді ол 32-нің қара күзі,
Қоштасқан жетім қозы, нала жүзі.
Амалы жоқ, жетектеп кете алмады,
Қуғында өзі, арқада азап жүгі.
Ұлттың қамын ойлаған асыл жары,
Азаматы Алаштың ғасырдағы.
«Жау» болып айдалғанда шетінеді,
Жалғыз тұяқ, үміті қасындағы.
Тәркіленген үйінде қара құлып,
Жан ауырды тәнінен таспа сылып.
«Кіріптарда» үзілген жар түймесін,
Алып кетіп барады тұмар қылып.
Басы ауып, ілесті бір қараға,
Сауға сұрап жатпады жан-дауаға.
Айлап жүріп ілінді құр сүлдері,
Адамы жат, көрмеген, бір қалаға.
3.Өмірдің соңғы белесі...
Анасынан қал қалған көз шетінде,
Әкенің парасаты – келбетінде.
«Халық жауы» баласы – сол Қалдыаян,
Жылдар өтіп жетілді жел өтінде.
«Детдомдағы» сәби шақ санасында,
Балалығы Әму, Сыр сағасында.
Жастық шағын қалдырып, елге оралды,
Пермьдегі Каманың жағасында.
Сақтамай-ақ бойына ыза, кекті,
Еңбегінің бақытқа жолы жетті.
Өзіндей «Халық жауының» жалғыз қызын,
Қырық бес жыл аялап, жары етті.
Жетпіс бір ғұмыр кешті, өсіп-өніп,
Шаңырақтың қалмады оты сөніп.
Шілтер берген жанкешті, аяулы ару,
Тұратын Қалдыаянның, түсіне еніп.
Қайран апа, дариға-ай, тіні текті,
Ел бұйырмай, сүйегі жатта кетті.
Өлерінде: «Өзіммен жерле», – депті,
Бір уыс топырақ пен иткөйлекті.
Тарих тартты ақиқат сыбағасын,
Тәуелсіздік қадірі санаға сын,
Әке де, жар да ақталды, бір өкініш...
Содан кейін көрмеді жан апасын.
Тарих тартты ақиқат сыбағасын,
Тәуелсіздік қадірі санаға сын,
Арыстардың арманы
Тұғырлы елде,
Сүргін көріп ешкім де жыламасын.
Балапан Даража Нәбиқызы.