АР АЛДЫНДАҒЫ АДАЛДЫҚ

Әлмәмбет Әлішев – қазақ әдебиеті тарихына ХХ ғасырдың 60-шы жылдары өзінің оқырмандар ыстық ықыласпен қабылдаған көркем шығармаларымен қосылған танымал жазушы. Талантты жазушы ХХ ғасырдың 70-90 жылдары және қазіргі ХХІ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті дамуының шығармашылық кезеңдерінде әңгімелерімен, повестерімен, романдарымен сөз өнерінің эстетикалық тағылымын оқырмандарына таныта білді. 
Жазушының «Үрмәш  Түктібаев», «Батыр болып тумайды», «Ат  тұяғын  тай  басар» повестері мен «Бәйтеректің  бұтағы», «Иірім» романдары және «Ой орамдары» әдеби-философиялық  толғаулары, эсселері қазіргі қазақ әдебиеті дамуындағы елеулі туындылардың қатарын  толықтырады. Қаламгердің  шығармаларында ел, діл, тіл, патриотизм, секілді күрделі психологиялық ойлар атойлап тұрады.
Жазушы шығармасының негізгі қозғаушы күші – оның жаратылыс-болмысына тән шабытты ойы, жаңалыққа құштарлығы, тіршілікті жақсылыққа толтыру жолындағы күрескерлік дүниетаным ұстанымы. Бұл жолда ол үлкен саясаткер.
Кез келген жазушы саясаттан тыс өмір сүре алмайды. «Өркениеттің ең маңызды міндеті – адамды ойлануға үйрету», – деп философ Эдисон Томас Алва айтқандай, ұлттық идеологияның ақыл мен жүрекке бірдей әсер ететін құдіретті саласы – жазушының парызы әлемге туған Отаныңның мүддесін танытудан тұратын болса керек. Осы  тұрғыда жазушының дүниетанымы көптеген азаматтарға үлгі боларлықтай.
Мемлекет  басшысы Нұрсұлтан  Назарбаев: «Қоғамымыздағы ой-сананы түбегейлі өзгерту қажет», – деген болатын. Бұл тұрғыда қалам қайраткерлеріне жүктелер міндеттер аз емес. Ұлы Жаратушы сыйлаған көркемсөздің құдіреті шексіз. Лион Фейхтвангердің сөзімен айтсақ: «Көркем әдебиет жас баланы саяси қайраткерлікке дейін тәрбиелейді». Ал, Лев Гумилов одан да асып түсіп: «Сөз қалаларды да қиратады, сөз күнді де тоқтатады» дейді. Қаламсыз ғалам да жоқ. Сөз жоғалса, әлем де жоғалады.
Кезінде Францияның жасанды өркениетінің масқарасын шығарған ақыл-ой таразысы Жан Жак Руссо мен өркениет ойшылы Джон Локк, белгілі әлемтанушы Карл Раймунд Поппер, сондай-ақ ағартушы, жазушы Шарль Луи Монтескье мен американың атақты публицист-жазушысы Бенжамин Франклиндер өз ұлтының мәдениеті мен дүниетанымын зерделей отырып, басқа елдермен терезесі тең боларлық рухани қор жинау жолында аласұрды. 
Жазушы Әлмәмбет Әлішев те тәуелсіздігіміздің елең-алаңында қоғамдық қызметі арқылы саясатқа шақыру алды.
Көркем әдебиет қашан да жазушыны саяси қайраткер дәрежесіне дейін тәрбиелеген. Ол жолдан дұрыс дәріс алған жазушы «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп еркін ойлы іс-әрекетімен деспотизмге жаны қарсы бола отырып, елінің ой-арманын бір сәтке де есінен шығармай, үнемі болашақ мұрат үшін күресе біледі. Жазушы Әлмәмбет Әлішевтің  шығармалар  жинағындағы өнер өрісі мен ой-толғаныстарын оқи отырып, оның өз ұлтының жапа шегіп жүргенін көзімен көріп, жүрген ортасында ол туралы ашық айтып, қандастарының өз бет-бітімін, болмысын сақтап қалуын, өзін-өзі билеп, ел болып қалыптасуын қалағанын байқайсың. Бұл орайда ол өз ойын ашық айта да білген, баспа жүзінде жаза да білген ұлт қайраткері. Жазушы өз туындыларында қоғамдық сананы жалған деректен тазалауға ден қояды. Қалам қайраткерінің Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаевтың даңқын шығарып, оның адал атын дәлелдеу жолында сан мәрте сонау Балтық елдеріне сапар шегуі азапты жылдардың жемісі еді. Бұл туралы кезінде Латвия Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы А.Э. Восстың өзі де айтқан  болатын. Батыр ерлігін дәріптеген «Үрмәш Түктібаев» кітабының сол тұста 12 мың тиражбен шығып, бүкіл республика көлемінде таратылуы патриотизм тақырыбының бастауы болды.
Жазушы Әлмәмбет Әлішев ұзақ уақытын комсомол, партия жұмысына арнап, нағыз шығармашылыққа  ден қоятын кезде, көп уақытын  өткізіп алды. Бірақ қалам құдіретіне адал жазушы бұл жолда да өзінің кәсіби біліміне ұлылықпен қарағанын байқаймыз. Бұл – жазушының екінші ерлігі.
Қазақ халқы ұлы болмаса, даналарымыздың, ғұламаларымыздың кіндіктері тереңде жатпаса, ғайыптан ештеңе өнбейді. Ұлыларымыз өзінің кең-байтақ даласынан, тамыры терең елінен тәлім-тәрбие алғандығынан, текті рухының алға бастауынан, қанына біткен намысшылдығынан халқымыздың даналарының қатарында мәңгілікке қалғаны анық. 
Жаншылып, езіліп, қараңғылықта қалған халықты ояту үшін оның тарихын ояту қажеттігін Алаш арыстары үнемі ұран етіп көтеріп келді. Ұлт қайраткерлерінің осы шақырулары ұлттың идентификациялық кодына айналды. Себебі, ұлт ісі үшін жанып тұратын ата-баба антына адалдық таныту қанымызда бар қасиет еді. Себебі, біз Римнің қайыс қақпасын ат үстінде тік тұрып, қамшының ұшымен қаққан Еділ патшаның, Кремльдің ағаш керегелерін отқа жағып, бойын жылытқан Тоқтамыс ханның, ежелгі Русь қосындарымен қатар тұрып, Наполеонды Парижге дейін түре қуып, шөліркеген атын Сена өзеніне суғарған байырғы ержүрек ұлттың ұрпағымыз. Осыны кім жеріне жеткізіп айтуы керек?! Егер осыны қазақтың байырғы тарихы мен әдебиетінің білгірі айтса, нанымды болар еді. Оған Әлекеңнің дарыны мен білім-бітімі толықтай жауап бере алды. Елбасымыздың халық жазушысының ой үдесінен шығатынына сенім білдіруіне тағы да таңғаласың! 
Бүгінгі жаңа ұрпақ «Біз қазақстандықпыз!» деген сөзді ұлттық ар-ұждан сезімі іспетті айтудан арланбауы тиіс. 
Еркін де өнегелі әңгімелеу өнері кейбіреуге басқа барлық жеті өнерге қарағанда көбірек пайдасын тигізеді. Бүгінде жазушылық істе публицистика алдыңғы қатардағы жауынгер жанрға айналған. Онсыз қоғам көшін ілгері апару мүмкін емес. Кісі бойынан осы екі қасиет табылған кезде ол кемелдікке кенеледі. Ынтасыз дарындылыққа қарағанда ыждағатты орташылдық көп нәрсеге қол жеткізеді. Даңқ құны еңбектің бағасымен өтеледі. Енжарлық пен селқостық елде әлі де басым. Тіл мәселесі әсіресе, атқарушы билік пен бұқараның арасында әлі де қайшылықтар тудырып отыр. Оған қарап отыруға бола ма?  Идеология – тіл. Идеология майданында кадр ұлтына қарап емес, іскерлік қабілетіне қарай таңдалуы керек. Тіл білмей тұрып, баға беріп, іс білмей тұрып, өнер басқаруда мәдениеттің көсегесін қалай көгертеміз? Осы тұрғыда жазушы алмастай тіліп түседі, одан құтылудың жолын көрсетеді. 
Тіл, мәдениет, дін мәселесі қазақ үшін қазір де өте күрделі болып тұр. Алайда мемлекет құрушы ұлт мемлекеттегі басқа ұлттардың тілімізге қарай бейімделетініне сенімді. Ал, мемлекеттік тілді меңгеру – қазақтарды айтпағанда, барлық диаспоралар мен этностық топтар өкілдерінің де парызы. Бұл – әлемдік тәжірибе. 
1985 жылғы 25 маусымда Алматыда, Қазақстан Жазушылар одағының қазақ әдебиеті тілі жөнінде өткен келелі жиында Социалистік Еңбек Ері, сөз өнерінің хас шебері, академик-жазушы Ғабит Мүсірепов қазақ әдебиетінің көрнекті жазушыларымен бірге тілге жауапкершілікпен қарайтын шебер қаламгерлер қатарында жазушы Әлмәмбет  Әлішевтің де есімін ерекше атап өтуі бекерден-бекер  болмаса керек.
Ұлттың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңдіруді жазушының тілден бастағаны оның мемлекетшілдігін көрсетеді. Дәл бүгін бізге Отан үшін жанпида әрекетіне баруды батыл насихаттай беру керек. «Бұл – Қазақ мемлекеті» деп ашық жазатын кез келді. Бүгінгі ұрпаққа Отан – өзі, өзі Отан екенін сіңіре бергенде ғана ұтарымыз хақ. Оларды киелі ойларға табындыру керек. Өз халқын сүюден патриотизм туындайды.       
Өмірдің негізгі саласындағы аса күрделі және маңызды мәселелерді аса білгірлікпен озық әрі пәрменді жүргізудің жолдарын көрсетуден таймағанда ғана біз ілгері басамыз.
Ал, ілгері басқан ісіміз бен қол жеткен табыстарымызды насихаттау қай басылымның болса да міндеті. Алайда, қит еткен шалыс кемшілікті плюрализмнің азуына салып беру ұтыс әкелмесі анық. Ұлылықты қорлау қылмысы нақты ажыратылмаған болса, бұның өзі басқарудың деспотизмге айналуына жеткілікті жағдай тудырады. 
Ертедегі Қытай заңдары императорға құрмет көрсетпеген кез келген адамды өлім жазасына кеседі екен. Заң құрмет көрсетпеудің неден тұратындығын  еш жерде анықтап бермейді, сондықтан да кез келген әрекет кез келген адамның өмірін қиып жіберуге немесе кез келген отбасын жоқ қылып жіберуге сылтау болып табылатын көрінеді. 
Бірде сарай газетін ұйымдастыру міндеті жүктелген екі адам  бір оқиғаның мазмұнын тәптіштеп хабарлау барысында жалған нәрселер қосып жіберген көрінеді. Сол үшін әлгі бейшаралар сарайға (билікке. авт.) арналған газетте өтірік айтты, демек, олар сарайға құрметпен қарамады деген айыппен өлім жазасына кесіліпті. 
Бізде ше? Мемлекеттің байыпты саясатын жүргізеді деген кейбір газеттердің өзі сан-қилы жағымсыз әрекеттерге баратынын жазушы бетке басып айтады. Аса дарынды адамдардың өздері өз заманына тәуелді болады. Көп адам өзіне лайық кезеңге тап келе алмайды, ал тап келгендердің көбі оның биігінен көріне алмайды. Бірақ даналықтың бір артықшылығы: ол – мәңгілік. Жоғарыда айтқанымыздай, жазушы біраз уақытын мемлекет істеріне арнады. Соған қарамастан, қаламының қалғып кетпеуін қадағалады. Қаламгердің бұл саладағы жазғандары жалпы адамзат тарихындағы нақты оқиғалар мысалымен де қолдауға тұрарлық. Жазушының Арал теңізі туралы жазған проблемалық мақалаларының өзектілігі әлі күнге дейін өз күшін жойған жоқ. Қазір сәл тыныштық орнағандай. Бірақ проблема сол күйінде. 
Әлмәмбет Әлішев – тәуелсіз елімізді нығайту жолында қарымды қаламымен, насихаттық-ұйымдастыру іс-шараларының да қалың ортасында болып келе жатқан нағыз ұлтжанды, Отаншыл, туған жерін сүйетін  қайраткер азамат.
Қазалы – ежелден ой қозғайтын ақылдың жері, сөз қозғайтын ақынның жері, берік оба, тас тұлға, сыралғы болған батырдың жері. Ежелгі Тұран ойпатының жүрегі саналатын бұл жер бүкіл Түркі жұртына Ана да болған, Ата да болған. Ол жерді сүймеу мүмкін емес. Алаш қайраткерінің қайсысы айтқаны есімде жоқ, мынадай бір тәмсіл бар. «Ауылды жақсы көремін,бірақ онда тұра алмаймын, қаланы жек көремін, бірақ онысыз күнім жоқ». 
Сол айтпақшы, Әлекең бір кездері Алматыда тұрып, өз дәрежесіне сай қызмет те атқарды. Бірақ туған жерден кіндігін үзбей, бар бақытын елден іздеді. Бұл  – оның үшінші ерлігі еді.
Қаламгер не жазса да, біреуді мұқату немесе біреуден өш алу үшін жазатын адам емес. Ол кісі бар болғаны логика ғылымындағы «терістікті теріске шығару» заңымен өмір сүреді, осы жолда  қалам тербейді. 
Ұлы гуманист Махатма Ганди: «...Адамзатқа жойқын залал келтіруі мүмкін жеті әлеуметтік күнәдан сақтандырыпты. Олар: принципсіз саясат, бейнетсіз байлық, арсыз рахат, ақиқатсыз білім, имансыз сауда, ізгіліксіз ғылым, құрбандықсыз құлшылық» деген. Осыдан сабақ алған жазушы дінге тым бас-көзі жоқ беріліп кетпей, ұлтының ғылымға, өнерге, өркениетке ұмтылу жағына көбірек көңіл бөлуін жақтайды әрі осы жолдағы ойын халықтың санасына жеткізуге тырысады. Бұл жерде халық жазушысының ең іргелі ұстанымдарының бірі – оның моральдық зияткерлігі (интеллектуализмі) болса керек. Моральдық зияткерлікке игілік пен даналықты теңестіру, яғни  барлық өнегелік қателер білімнің жетіспеуінен туындап жатыр дегенге саяды. 
Жер бетінде жұмақ орнату туралы ең жақсы сөздердің өзі жерді тозаққа айналдырып жіберуі мүмкін. Тіпті ол кейбір мемлекеттерді есінен адастыруда. Бұл әсіресе, дінге байланысты. Сондықтан оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Жазған мақалаларында, жиындарда сөйлеген сөздерінде қазақ ұлтына зиянды сыбайлас жемқорлықты, трайбализмді, шовинистік ұстанымдарды әшкерелеумен, айыптаумен келеді.
Тәуелсіздігімізді жариялаған тұста руханият жағынан құлазып қалған біздің өлкемізге де Америка мен Еуропадан, Үндістан мен Оңтүстік Кореядан түрлі бағыттағы миссионерлер ағылып келіп жатты. Әрбір саяси қоғамның басына Құдайды қоюдың бір өзінен қанша халық болса, сонша Құдай бар деген ұғым болған. Бір-біріне жат және ата жау екі халық бір қожайынды ұзақ уақыт мойындай алмауы әсерінен бір-бірімен ұрысқа түсуі жиі орын алу мысалдары көп кездесті. Осы ұлттық бөліністен көпқұдайлық, одан теологиялық және азаматтық төзімсіздік келіп шықты. Әлбетте, Құдай – біреу. Бірақ оған баратын жол әртүрлі.  Пұтқа табынушылық тұсында әрбір мемлекеттің өзіндік діні мен өз Құдайлары болған кезде ешқандай діни соғыстар болмаған. Себебі, әрбір мемлекет өзінің дініне, сондай-ақ өз басқаруына ие бола отырып, өз заңдарынан Құдайларын бөлген емес. 
«Қазақ–Құдайдың бірлігін әлдеқашан мойындаған халық. Ұлттық менталитеттен айрылғасын арғы жағы белгілі. Дінді уағыздай отырып, қоғамды рухани ірітуден сақтап қалудың қамын жедел қолға алмаса болмайды», – дейді жазушы. Одан асырып не айтуға болады? Демек, кез-келген дін өзін ұсынған мемлекеттің заңдарымен тығыз байланысты. Халықты өз дініне қарату үшін оны құлдыққа түсіруден басқа әдіс, жаулап алушылардан басқа миссия жоқ. Әлекең бұл бағытта ойшыл, өзіндік байламы бар. 
Қазалы ауданы – тарихы мол аудан. Кезінде ауданда бір-ақ газет шығатын. Тәуелсіздіктен соң оның саны бірнешеуге жетті. Қарашаңырақта Әлекең қалды. Кезінде өзімен бірге қызмет істеген тәжірибелі редакторлардың бәрі түрлі себептермен басқа өңірлерге қоныс аударғанда да, ол қарашаңырақта қалды. Мұны біз жазушының елді, жерді сүйетінінен деп ұқтық.  Қазіргі қалам тербеген журналистердің бәрі – Әлекеңнің шәкірттері. Олай болса, Әлекеңді бүгінгі «редакторлардың редакторы» десе де болады.
Әлмәмбет Әлішев – 1974 жылдан КСРО  және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазалы ауданының  Құрметті азаматы  атақтарының иегері. Ұзақ жылғы еңбектің өтеуі ретінде өңірінде «Құрмет белгісі» ордені мен онға жуық мерекелік медальдар жарқырайды.  Соның арасында Лев Толстой медалінің орны ерекше.
Жазушы қызметте де, отбасында да өнегелі азамат. Өмірдегі жолдасы – Нағима Омарова жоғары білімді мұғалім, қазір зейнет демалысында. Отбасында өсіп-өнген жеті ұл-қыздың бәрі де жоғары білімді жандар.
Бүгінгі таңда 75 жасқа келсе де, ақылы мен білімі, қажыр-қайраты қаламына қуат берген мұндай тұлғаларға тек алғыс айтуға тиіспіз.
Ермек ЗӘҢГІРОВ,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Халықаралық Ақпараттар Академиясының академигі.
Алматы қаласы.

ӘДЕБИЕТ 15 наурыз 2014 г. 1 827 0