« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қырғыз жазушысы, адамзаттың Айтматовының даңқы дүркіреп тұрған кез. Жата-жастанып іздеп жүріп кітап оқитын кезіміз. «Қоғалыдағы» ауылда мектепте аға вожатыймын. Педучилищені бітірген соң үш жылдай уақытым ауылда өтті. Қазір бар-жоғын білмеймін, ол кезде мектепте бай кітапхана болатын. Әйтеуір айына бір кітапты оқып тауысу – мұрат. Алғаш рет Сансызбай Сарғасбаевтың пионерлер өмірінен жазылған «Достар» атты шағын кітабын оқығаным есімде. Қолтығымнан «Вожатый кітабы» деген оқулық түспейді. Директорымыз Мүсілім ағай пионер жұмысынан тапсырманы үйіп-төгіп береді. Әйтеуір, тынымсыз уақыт. Мойнымда қызыл галстук. Пионерлермен «Дружина» кеңесін жиі өткіземін. Мерекелер жақындағанда пионерлерге өлең-жыр, арнаулар үйретемін. Мектепке ерте барып, кешке сүріне үйге келемін.
Уақыт өтіп жатыр. Жоғары білім алсам деген арман бар. Бір-екі жылдай институттың тарих факультетіне емтихан тапсырып едім, конкурстан өтпей, бағым жанбады. Ендігі арман – КазГУ. Алматыға барсам, оқысам деймін. Әкемнің қартайып, анамның дүние салғаны маған қолбайлау болды. Білім алуды ұмытып, жалақы мен отбасын асыраудың күйбең тірлігі жалғаса берді. Қол босаса, ермегім – кітап оқу. Жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың «Мың бір түн» аудармасын бүкіл ауыл қолдан қолға тигізбей оқып жатқан кез. Алуаддин деген ағамыз кітапқұмар еді, «Абай жолын» отырған жерде жатқа соғады. «Мың бір түнді» Әлекең алдымен оқыды, сонан соң маған берді. «Ей, ұлы бақытты патшам» деп басталатын «Мың бір түнді» күнде кезектесіп, отбасымызда оқи бастаймыз. «Ботакөз» романын, «Сұлушаш» поэмасын оқу осы кезде басталды.
Уақыт, шіркін, әмірін жүргізеді ғой. Біз ауылда жүргенде Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесінің даңқы жер-жерде дүркіреп шығып жатты. «Жәмиланы» тамылжытып аударған жерлесіміз Қалжан Нұрмахановқа таңырқаймыз. Ұлы Мұхтар Әуезов жазушының дүниесіне тәнті болып, француз жазушысы Луи Арагонга хат жолдаған хабарын естідік. Содан «Жәмила» повесінің атағы одан сайын көтеріліп кетті. Махаббат дастаны атанған бұл кітапты да сүйсіне оқыдық.
Енді сол «Жәмиланы» жазған Айтматовты көрсек дейміз. Асылы, арман қиялға қонса, жеткізеді екен.
1964 жыл. Желтоқсан айы еді. Болашақ Жоғарғы Кеңестің депутаты Шыңғыс Айтматов Мәскеуден келе жатып, досы Қалтайдың туған жері Қызылордаға аялдады. Бірден Қалтайдың анасы Шәрипаға сәлем беруді мұрат тұтып, Қалтайдың туған ағасы Әбидің үйіне келді. Қаз-қатар ағайындар жиналды. Ортада Қалтай аға әзіл-қалжыңды төгілткен сайын жұрт күлкіге қарық болып қалды. Әби аға сол жылы мұрт пен сақал қойып еді, Қалекең ағасына қарап: «Әбеке, сақалыңызды сыпырғының басына ұқсатып қойыпсыз!» – деп көрімдікке «мына сақалыңызға стипендия» деп бір уыс ақша ұстатты. Әнуар дейтін ағамыз «мен де сақал қойған едім» деп ол да стипендияға қарқ болып қалды. Шыңғыс аға әзілдерге таңырқап, күлкіден езуін жия алмай отырды. Түс ауа жазушы «Сыр бойы» газетінде кездесу өткізді. Кездесуге Асқар ақын қатысты. Әңгіме-дүкен қызды. Айтматов жазушылық өмірі, балалық шағы, Қалтаймен құрдас-дос екенін толғаныспен айтты. Екеуінің де әкесі «Халық жауы» болып атылып кеткен, екеуін ажырамас дос еткен тағдырды көзінен жас төгілте баяндады. Кешкілік Әби ағаның үйінде басқосу одан әрі жалғасты. Бұл жолы Шыңғыс Айтматов Сырдың біртуар перзенті Аралбай Махамбетовпен өзара әңгіме-дүкен құрудан қолы босамады. Ә дегеннен ықыласы ауған жазушы Арекеңді бауырына тартып, «шөлімді қандырдың ғой» дегенде шынайы лебіз одан әрі ақтарыла берді. Шыңғыс Қалтайға бұрылып:
– Арекеңдей туысың, бөлең барын баяғыдан бері маған қалай айтпадың?! Бұл бір тұнып тұрған білімдар азамат қой, мына Аралбай. Партия қызметкерлерінің білімдарлығын бірінші рет көруім, – деп көзін айырмады, таңырқады.
– Бүгін сәті түсті, Шыңғыс! – деді Қалекең. – Енді Аралбаймен жиі кездестіруді мойныма аламын.
– Солай ет, шоң Қалтай!
Содан әрі қарай әңгіме өрбіді. Арекең шығыс, батыс әдебиетінен сөз қозғады. Су төгілмес Арекең Шыңғыс дүниелерін електен өткізіп тастады. «Жәмила», «Ақ кеме», «Қош бол, Гүлсары», тағы басқа туындыларын жатқа соқты. Сәлден соң «Манас» жырын алғаш жазбаға түсірген Шоқан, «Манасты» даудан арашалаған ұлы Мұхаңа – Мұхтар Әуезовке қарай ойысты.
– Шоқан 1856 жылы «Жоңғар очерктерінде» «Манасқа» айрықша тоқталған. Жыр құдіретін орыс ғалымдары В.Радлов, Г.Потанин де мойындаған. «Манас» эпосы үш бөлімнен тұрады. Біріншісі – «Манас», екіншісі – «Семетей», үшіншісі – «Сейтек». Әлем әдебиеті Абай, Манас арқылы екі елді қазақ пен қырғызды таныды ғой.
– Шыңғыс аға! – деді Аралбай. – Жыраулар «Манас» жырын алты ай бойы жырлағанда таусылмаған. «Манас» эпосын М.Әуезов 30 жыл бойы зерттеп, құнды ой-пікір жазғаны есіңізде ме, Шыңғыс Төреқұлович!
Бұдан әрі тарихшы, философтардың көзқарастарын қаз-қалпында тоғытты. Шыңғыс Арекеңді құшағына қысты. Сырдың мұндай шоң азаматын бірінші рет көруім, мені таңырқатты деп бойын тіктеді. Ертеңіне Қызылорда вокзалынан Шыңғыс Айтматовты Бішкекке аттандыру сәтінде тағы да Арекең болды.
Сол бір кездесуден соң, 1966 жылы Ыстықкөлдегі қырғыз жазушылары құрылтайында Қалтай мен Арекең Айтматовпен екінші рет кездесті. Бұл жолы да Арекеңнің бай білімдарлығына адамзаттың Айтматовы тағы да таңырқап, тамсанып, отбасына шақырды.
1967 жылы Қызылорда театрында драматург Қалтай Мұхамеджановтың «Жат елде» спектаклі қойылатын болды. Осы қойылымнан соң, Аралбайдың отбасына Қалтай аға бүкіл туыстарымен бас қосты. Кең жайылған дастарханда Арекең бұл жолы да Айтматовты мұхиттай білімдарлығымен тағы да тәнті етті. Бұдан соң Қалтайдың 50 жылдық мерейтойында Арекеңмен кездесіп, ұзақ сыр ағытқаны бар.
1972 жылдың қоңыр күзі. Қалтайдың «Фудзиямадағы кездесу» спектаклі «Современник» театрында қойылатын болды. Осынау талқылау жиында Мәскеу режиссері Галина Волчекті таңырқата ой-пікір білдірген Аралбай аға болды. Шыңғыс аға орнынан тұрып, спектакльдің бүкіл болмысына кәнігі сыншыдай ой бөліскен Аралбайды құшағынан босатпай тұрғанда көпшілік қол соғып тұрып алғаны бар.
Адамзаттың Айтматовы Аралбайды дүниеден өткенше аузынан тастамады. Әр телефонмен хабарласқан сайын Аралбай Махамбетовты сұраумен болды.
1973 жылдың жазында Шыңғыс аға Арекеңді Бішкекте қуана қарсы алды. Бұл жолы Тоқмақ ауданындағы дүнген емшісіне Арекеңді емдетті. Бірақ тура келген сырқаттан айығу мүмкін болмады. Арекең туған жерге оралып, айықпас дертпен арпалысты. Сүйікті жарына, бауырларына қоштасу өсиет-хатын жазумен болды. Ажалды жеңе алмай, көп ұзамай пәни дүниеге аттанып жүре берді.
Бұл суыт хабарды естіген бойда адамзаттың Айтматовы Махамбетовтердің ұлдарына «Шоң азамат болыңдар, әкелеріңдей болыңдар, еңбек етіңдер, өмірді әкелеріңдей сүйіңдер!» деп жеделхат жөнелтті.
Бар-жоғы 41 жыл ғұмыр кешкен, сүйікті жары Қанымжанмен тоғыз жыл ғана өмір сүрген Аралбай Махамбетовтің туғанына енді екі жылдан соң тоқсан, дүниеден өткеніне елу жылға жуықтайын деп тұр. Бұл ғұмырында бар-жоғы жиырма жылдан сәл ғана асатын уақытта Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, қалалық партия комитетінде, обкомда қызмет атқарып үлгерген азаматтың өмір жолы таңырқатады.
«Ат тұяғын тай басар» демекші, әулеттің тамырлары өркен жайып келеді. Соңынан ерген інілері Сұлтан, Кеңес, Барақтар бар. Аралбай ағаның төрт бірдей ұлы – Серік, Сәкен, Асқар, Еркін бір-бір шаңырақ. Қызылорда қаласындағы Сырдарияның жағасынан өтетін үлкен көше – Аралбай Махамбетов есімімен аталады.
Жуырда ғалым, профессор Қазыбай Құдайбергенов «Сыр сарабдалы Аралбай» атты 21 баспа табақтан тұратын естелік кітапты құрастырып шығарды. Міне, осы кітапта Аралбай ағаның бүкіл болмысы, азаматтығы мазмұнды баяндалғаны көрініп тұр. Көзкөргендер естелігін толғаныспен оқымау мүмкін емес. Шыңғыс Айтматовтың «Өмірді әкелеріңдей сүйіңдер!» деген естелігі кітаптың өнбойын толықтырып тұрғандай. Ал, сүйікті жарына, інілеріне жазған қоштасу хаттары жан тебірентеді.
Шындығында, Айтматов құшағы қандай ыстық еді! Иә, Айтматовтың ықыласы ауған, терең білімді азамат артына өшпес із қалдырды, сол іздің ұрпақпен жалғаса беретіні күмәнсіз.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |