СЫРМЕН СЫРЛАСУ

«Сыр – Алаштың анасы».
Н.Назарбаев.
Сыр десем, сырғып шығар жүректен сөз,
Маған да бата беріп, түлеткен тез.
Алашым ақ ордасын саған тіккен,
Су кешіп маңдайынан күн өткен кез.
Сыр десем, еске түсер есіл ерлер,
Ерлігін шежіре ғып көшіре бер.
Сыр саған сырласа алсаң, сырын айтар,
Уақыттың ергің келсе көшіне егер.
Сыр десем, түрегеліп шах, әмірлер,
Бүгінгі ұрпағына бата тілер.
Ұшына найзасының намыс байлап,
Жаңқожа, Жалаңтөстей баһадүрлер.
Ажалмен айдаһардай алысқан мың,
Данагөй Қорқыт бабам данышпаным.
Әйтеке, Бұқарбай мен Ер Тоғанас,
Қаһары арыстандай арыстарым.
Атадан аса туған артық бәрі,
Төгілген Сыр бойына сарқып қаны.
О, бүгін тәу етіп тұр саған келіп,
Солардың сары алтындай сарқыттары.
Сыр десем, дариядай таса берем,
Батырдай жолға шыққан жасағымен.
Мен саған келген сайын басымды иіп,
Кетемін әр тасыңа қашап өлең.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

ӘДЕБИЕТ 25 ақпан 2014 г. 1 266 0