Қазақ айтыс өнерінің қас шеберлерінің бірі, өткен ғасырдың 70-80 жылдардағы сахналық айтыстың саңлағы болған, ақын, жырау Замаддин Ибадуллаев есімі өнерсүйер барша жұртқа танымал. Биыл 75 жасқа толған абыз атаның жазба мұралары да жетерлік. Зәкеңнің пайғамбарлар өмірін, туған жердің қасиетті тарихын жырға қосқан толғауларымен көзіқарақты оқырман таныс болса керек. Біз Сыр ақындарының атасына айналып отырған Зәкеңді мерейлі жасымен құттықтай отырып, жасай беріңіз, жырлай беріңіз дейміз.
ЖЕТПІС БЕСТЕ
Тағдырдың артқан жүгін алып төске,
Мінекей, мен де келдім жетпіс беске.
Халқыммен не көрсем де бірге көрдім,
Ілесіп өмір жолы тартқан көшке.
Қуанса жырға қосып бір қуандым,
Қиналса жырмен демеп әр өрлеште.
Байқасам өмір шіркін өтіп барад,
Қалыпты күн еңкейіп, болып кеште.
Маңайым қалжың күлкі болушы ед,
Бұл күнде айналыппын үндемеске.
Yлкеннен үлгі аларлық сөз қалушы ед,
Біз-дағы емес пе едік сол лепесте.
Жануар көптен бері ойнақтасын,
Тұлпардың жібер Зәке, басын шеш те.
Құраннан көз көргенге дұға етейін,
Ерлердің есімдерін алып еске.
Өлілер іздегенге риза болар,
Тірінің ізгілік ісі сол емес пе?
Қуаныш, Сақтаған мен екі Асқар,
Жөнелген жыр қалдырып десте-десте.
Борап жыр борандатып Сейіл өтті,
Болушы ек жырға қарық жырын төксе.
Дәл сондай нөсер жырлар құйылушы ед,
Мүтәллап ақ домбыра гүмбірлетсе.
Арзулла, Көпбай менен Таушен, Манап,
Кезінде айырылыстық ұлы сәске.
Күндебай, Балқашбай мен Нартай ақын,
Олар да қалып кетті бір белесте.
Сұраған, Бекұзақ пен Өтеу Серік,
Лапылдап жанды, сөнді бір-ақ пәсте.
Жасындай жарқыраған жастар еді,
Тәнті ғой Алла ісіне адам әсте.
Қуандық, Алшынбек пен Шәмшат апа,
Бір жасап қалушы едік болған кеште.
Жақсы жыр жадыратып кетуші еді,
Қымыздай пісуі жеткен салқын месте.
Тыңдарлық таңнан таңға солар еді,
Жыраумын деп жүрген көп біздей бөспе.
Уа, ерлер рухыңа дұға оқыдым,
Рахман Рахым ойлап қабыл етсе.
Құлақтан Мақанбетқали қалды дейді,
Сөз тапқыш серігім еді әзілкеште.
Болмаса бір болмайтын осы деуші ем,
Маржан-ай, құрттың-ау сен жуанбөксе.
Әселхан шалы қайтты бара алмадым,
Ұйғарып мені жүр-ау жарым еске.
Бір көшкен керуендегі құрбым еді,
Лайық бола алмадым бек жүздеске.
Уа, дарих, осылайша өтермін бе?
Алладан болып пәрмән қаза жетсе.
Балашбек отбасынан шыға алмай жүр,
Арқасын сүйеп алып жылы пешке.
Ақынның мазасы да кетеді екен,
Қасынан суырылып кемпір кетсе.
Махмұтбай мен Адырбек жыр ферзасы,
Санда бар, сапада жоқ біз бір пешке.
Әскербек, Дүйсенбектің өлеңдері-ай,
Өрнектеп орамалға салған кесте.
Нұрмат пен Айдос, Мұхтар шәкірттерім,
Тіледім жарысса озып, қуса жетсе.
Өздері өзгені қайдам, өзіме ыстық,
Өзгеше исі аңқиды әңгелекше.
Мен жеткен асулардан өттіңіздер,
Шыға бер, шыңнан шыңға таймай өкше.
Рахмет жемістерін жегіздіңдер,
Соны орар деген анық нені ексе.
Далаға еңбегімнің кетпегені,
Айтқаным ой-үйіңнен орын тепсе.
Дұғада есімімді алсаң болар,
Ұстазың қайта оралмас сапар шексе.
Қол қойған Замаддиндей ағаларың,
Отырған жайнамазда алып дәспе.
Замаддин ИБАДУЛЛАЕВ.