ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАН САРАЙЫ

Елбасы айтқандай, өткен тарихымызды зерделеп, бүгінгі барымызды бағалап, болашаққа бағдар жасап, ұлттық рух пен құндылықтарымызды биіктете білген асыл азаматтарымызды ардақтау өте маңызды мәселе екенін жұртшылық жақсы түсінеді.
Тәуелсіз еліне аянбай еңбек етіп, жас ұрпаққа мол әдеби мұра қалдырған, көркем кісілік келбеті мен тектілігін танытқан жазушы-аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев атамызды әрдайым мақтан тұтып, оның шығармаларын жұртқа насихаттау – біздер үшін үлкен міндет әрі парыз. Ол кісі Шаған ауылының тумасы, өте қарапайым әрі адал, биязы да ақкөңіл азамат еді. Осы кісіге арналып Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейдің 8-сынып оқушылары әдеби-танымдық кеш өткізді. Онда Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданының Құрметті азаматы, көзі тірісінде орыс классик жазушыларымен қатар араб, парсы, түркімен жазушыларының тамаша туындыларын қазақ тілінде тамылжыта аударған Әбілмәжін атамыз ұлтымыздың абыройын асқақтата білді. Әсіресе, халық қазақ оқырмандары осы кезге дейін М.Ридтің «Жұмбақ салт атты», А.Дюманың «Үш ноян» шығармаларын іздеп жүріп оқиды.
Әдеби-танымдық кешке қатысқан оқушылар жазушы-аудармашы аталарының өмір және еңбек жолдарын тартымды әңгімеледі. Отбасылық жеке фотосуреттерінен слайд жасап көрсетті. Әбілмәжін атамыздың қызмет еткен жылдарына, әсіресе, «Жазушы» баспасының директоры қызметінде жүргенде жас жазушыларға жанашырлық көрсеткенін, Мұқағали Мақатаев секілді ақынға демеу болғанын бейнелейтін сахналық көріністер қойды.
Әдеби кеште №37 мектеп-лицей директоры Ғалия Жаңабаева сөз сөйлеп, жазушы ағамызға арналған осындай игілікті іс-шараларды алдағы уақытта ауыл және аудан көлемінде ауқымды түрде өткізу, мектеп ішінен ағамызға арнап шағын мұражай ашу жөнінде пікір білдірді.
Жазушы-аудармашы атамыздың туған қарындасы Дүйсен апай Әбекеңнің жас кезінен білімге деген айрықша құштарлығын, мінезінің биязылығын, басқа да адамгершілік қасиеттерін әңгімелеп берді. Оқушыларды қазіргі рухани жаңғыру кезеңінде ұлтжандылық пен табандылық көрсетіп, білім алуға, елге қызмет етуге талпыныс жасауға шақырды.
Кеш қонағы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі журналист Мейрамбек Шілдебайұлы болмысы бөлек, білімі мен парасаты мол, адамгершілігі зор атамыздан үлгі-өнеге алу керектігін, сонымен қатар Әбілмәжін Жұмабаев ағамыздың атын мәңгі есте қалдыру мақсатында ол кісіге ауыл және аудан орталығынан көше атын беру, тіпті осы өзі білім алған №37 мектеп-лицейге атын беру де артық еместігін айтып, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Тағылымды шараның мәнді де мағыналы өтуіне атсалысқан кісілерге осы кешті ұйымдастырушы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнұр Досбай өз алғысын білдірді.

Аружан ИМАНҒАЛИЕВА, оқушы.
Сырдария ауданы, Шаған ауылы.
ӘДЕБИЕТ 27 қараша 2017 г. 1 349 0