ИРАНБЕК ТУРАЛЫ ЖЫР

Сен туған күн дүние дүркіреген,

Көк дүлей көк аспанда күркіреген...

Жамырап жаратылыс жыр тілеген,

Жөргекте шырылдаған шіркін өлең.

Қазекем қадірлеген қияқтысын,

Төлінің тұспалдаған қуат күшін.

Інім-ай,

Шырақпысың,

Пырақпысың?!

Өзіңе сеніп келген сияқтысың.

Дүниеге келген солай асау ақын,

Асау жыр жүрегінде жасалатын.

Арындап асулардан аса алатын,

Көкірегін көкігеннің баса алатын.

Өлең деп өршеленген мінезбенен,

Қара үзіп кеткен талай құр езбеден.

Талант бұл тартұғын сыр өзгеден,

Жыршы бұл жүректерден жыр іздеген.

Сырдағы сүлейлердің сырын ұқсақ,

Бақ құсы қырсыққанда қырын ұшпақ.

Қалғанда құлыным деп құрық ұстап,

Жаныңды жайландырдың жырыңды ұштап.

Күлгенің,

Күрсінгенің,

Жылағаның,

Пьесаға айналдырды жыр алаңын.

Көгерттің көсегесін драманың,

Алладан сол емес пе сұрағаның?!

Тұлпары түлей түсер туымдының,

Ұлыңның ұлы дала ұғын мұңын...

Шартарап айқара ашты шымылдығын,

Иранбек Шекспирі бүгінгінің.

Жетем деп жүргеніңде арманыңа,

Інім-ай,

Жетпіске кеп қалғаның ба?!

Нұр жаусын талантыңа,

Талғамыңа!

Қаһарман халқың куә қалғанына...

Кезіне келіп қалдық екіндінің,

Өмір ғой өтіп жатқан,

Өкінбе, інім...

Сен болсаң асау тұлпар секілдісің,

Мен болсам жуас жүйрік секілдімін.

Бұлдырап бұл күндердің тұрмасы анық,

Жағалап сұлу Сырды сырласалық.

Жетпісте жүрегіміз жүр жасарып,

Жүрек тулап тұрғанда жыр жасалық.

Қай жыршы қадірлемес қолдағысын,

Төрінде театрдың толғанысың...

...Орманнан күтіп жүрген олжалысын,

Аман бол, Сырдың соңғы жолбарысы...

Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ.

ӘДЕБИЕТ 21 қараша 2017 г. 1 025 0