ҚЫРАН ШАЙЫР
(дастан)
«...Патшалық бопты бұл жер аумағы нән,
...Ақша бұлт қонақтаған тауларынан,
Аспан да аласа екен» деседі аңыз,
...Жер-Ана төмендегі пейішінен
О жақтың артық болған бау-бағынан.
...Ай аунап,
Күн күлімдеп осы арадан,
Қиялдар керуен-керуен көшеді алдан...
Айналып Ақиқатқа кетеді екен,
Бүр жарып бір-ақ күнде кешегі арман...
Аңыз-жыр болмағанды болдыратын,
Айды да алақанға қондыратын...
Ақыны Адамзаттың ең алғашқы,
Қашапты мәрмәр тасқа мәңгі хатын.
Басталып бұлт сүйген тау ақ қарынан,
Тас жарып, тарғыл шыңның қапталынан,
Жүгіріп, жамырасып жылға біткен,
Желпілдеп жерге қарай ақтарылған...
Арманға мүлгімейтін мұрат егіз,
...Аңыздар сонан қалған сірә, көп із.
Тасыпты тас бұлақтай бір-ақ түнде,
Алланың бұйрығымен мына теңіз...
Кеп-кеше түрген тақыр Тұран шөлін,
Бүгінгі ұлы теңіз ұғам шерін.
Айдынды көктей ұшқан құлағанша,
Арманың жоқ қой қайсар қыран, сенің.
Биіктік Тереңдікпен жараса алмай,
Қызғаныш, күндестікпен қарашы, Алла-ай!
Айналып ай тақырға айдын теңіз,
Аңыз тау қайтсін, шөгіп... аласармай...
Ал, аспан аласұрып... күрсініпті,
Көргенде көкшіл теңіз-тіршілікті.
Жанартау атқан таудан жасын ойнап,
Қан түбіт қыран ұшып,
Күн шығыпты...
Тағдырдың ісіне кім ара тұрған?!
Аспанның асқан кеше қабатынан,
Бейшара бала қыран құздан құлап,
Қап, әттең,
Қайырылды өстіп қанатынан...
Көз жазып қия шыңның қарасынан,
Жүрегі байғұс құстың аласұрған.
...Сақтай гөр самғап ұшқан сұңқарларды,
Тарғыл бет тасбақаның табасынан.
Тұйғыным түңілтті ме, түлкі-тағдыр,
Қара тас қайратыңды сілкі, жандыр!
Мұзарттан құлағанда мұзбалақ құс,
Түсті ме, мұң торына мүмкін ол бір?!
Қияға қона-тұғын қыраныма,
Аспансыз тірлік талақ сірә, мына.
...Жартастан тастап өзін жіберіпті,
Қыран құс Жер-Ананың тұрағына.
Керенау көз сап аспан кеңдігіне,
Қыран құс құсалықтан енді, міне.
Құлаған ту биікке қорқасоқтап,
Қайғырып қарап қапты ел бүгіле...
...Жан бар ма, жеткен айдай арманына?!
Жолымды оңғара гөр Алла мына.
Қарасам қайран ақын түседі ойға,
Аспанның шайдай ашық ар жағына...
...Мәңгілік мұзарт шыңды мекендеген,
Беу, қыран,
тағдырың бір Зекеңменен.
...Құлаймын қыран құстай көз жетпейтін,
Биікке бір күндері жетем де мен...
І
...Өткізген балалығын қайран Бөген,
Ешнәрсе ойламапты-ау, сайранменен.
...Жағада күтіп жаздай отыратын,
Уа, Муза!
Келеді деп қайдан кемең?!
...Теңіздің алай-дүлей ақ дауылы,
Ауылдың қайдан білсін көп қауымы.
Баланың жүрегінде тұтанғалы,
Жатқанын асау өлең от дауылы.
Бұйыртсын Алла ақынға бақ-талапты,
Өлеңнің асау тайын көп жаратты.
...Теңіздің үстіне кеп үйіріледі,
Шаңқылдап шағалалар ақ қанатты.
Қызығып Корчагиннің тағдырына,
Тағдырдың тұрды қарсы жаңбырына.
...Қарайды әуестеніп су түбінің,
Балығы... бақалшағы... балдырына...
...Тымықта ақ толқынның жалы майда,
Жыр болып түйінделер соңыра ойға.
Несібе-ырыс болып жатқан қайран,
Аралдың тартылуы...
Әлі қай-да-а-а?!
«Қош, айдынды Аралым,
Қош, мейірімі мол анам.
Қош, жәннаты жағаның,
Жөргегім боп ораған.
Қош, аяулы дауыл күн.
Қош, теңіздің ерке үні!
Мұңын жуған жанымның,
Қош бол, теңіз толқыны...
...Алда бақыт, шаттығым,
Алда өмірі қаланың.
Тосар ма екен бақ гүлім,
Тосырқамай дала әнін».
...Өткізген тағдырының сан дауылын,
Артында ата қоныс... қалды ауылы...
Облыс ортасына анасымен,
Келді ертіп Алпысбайдай жан бауырын.
Алатын жүрегінің нақ төрінен,
Алашы қауышты «Арал дәптерімен».
«Тоғысқан тағдырлары» іле-шала,
Жол тартты оқырманға сәттерімен.
Кешікпей көшеді ақын Сыр бойына,
Ұлының көнді анасы нұрлы ойына.
Ұсынды үй-жай ойып орталықтан,
Обкомы Исатайдай ыңғайына.
Иә, пірім,
Исатайдай аға барда,
Самғады сәйгүлік-жыр сара жолда.
Үнемі халін біліп,
Үкіметтен
Бөлгізді басыбайлы қара «Волга».
***
...О, Бөген!
Жарты әлемге танымал ел,
Тағдырдың төтеп берген бәріне де ол.
Теңіздің жағасында туып-өскен,
О бастан перзентіне дарыды өнер.
...Тарихы бұл ауылдың әріде тым,
Әттең-ай, сан дәуірдің кәрі бетін,
Ашатын аттылы күн туар ма екен,
Сәбидей соны ойласа жаны жетім.
...Тізеден қазсаң тарих құм қабатын,
Батысқа қаққан сақ пен ғұн қанатын.
Ордасы Орманбеттей ноғайлының,
осы жер...
бәйшешектер бүр жаратын.
Шынайы ертегім бұл шығар менің,
Мөлдіреп қос «Тұщыдай» тұнар көлім.
«Майтұздай» майса белде масайрап мен,
Құлдилап келем аңсап «Құмар» жолын.
Көргенде қалады адам жылауға шақ,
Бекіре қамалған жер мынау басат...
Тырналар ұшқан түбек тыраулап ап,
Арман не, ақ құмыңа бір аунасақ...
Әйтеуір ат шалдырған талайлары,
Мың аңыз «Маржан басат» маңайлары...
...Ақ орда... Көк орданың болған шығар,
Бұл жерде салтанатты сарайлары...
«...Жебе ысқырып, жанталас,
Қанды шайқас болған жер.
Жау қарамын алыстан,
Төлеш атам шолған жер.
Орманбет би бастаған,
Он сан ноғай қонған жер».
...Даланың ұйықтатпаған ұлып көгін,
Көк бөрі айнымаған Күліктерім.
Шарасыз тістейді тіл,
аты-шулы,
«Шайқасын Куликова» біліп көбі...
...Тап бүгін келем жүйткіп, көк тіреп мен,
Туған жер,
Мен өзіңе от жүрекпен.
Сипатып қолаң шашын сал-серіге,
Құртқадай құмырсқа бел өтті ме екен?!
Өткеннің шаң берсе ғой бір дерегі,
Өркендеп, түбектегі ел түрленеді.
Бөгеннің құралай көз қыздарының,
Тәп-тәтті бал шекерден тіл мен ерні...
Тарихы бар алуан біз естімеген,
Топырақ осы талай көш түнеген...
Осында «Қосуақ» пен «Батпақты көл»,
Қасында «Қарашалаң»... «Ескібөген»...
Жарқылдап жанарынан от шашатын,
Көбірек мұңайып,
аз шаттанатын.
...Аңсайтын балалығын ақ құмда өткен,
Жыр қуып Ақмешітке кеткен ақын.
ІІ
...Қалықтап қанат қақса еркін өлең,
Дүниенің қызыл-жасыл көркі дер ем.
Сол үшін Зейнолла ақын жастайынан,
Алысып келеді ауыр дертіменен.
Жанында жақсы ағалар, асыл іні,
Жырына Қасымдардың ғашық ұлы.
...Жақында тырнақалды берді жырын,
Аудандық «Соц. Аралдай» басылымы.
Алдынан үміт оты жарқырады,
Қиялы құс боп ұшып шарқ ұрады.
Жас талап ақ бұлақтай жазғытұрғы
Арындап көк теңізге талпынады...
Атанып «ақын бала» ағайынға,
Кеп-кеше таңғалдырған талайын да.
...Мінекей, тұңғыш «Менің достарымын»,
Сайд, Нәсір құттықтайды маңайында.
Бәйгеге бата беріп қосқан атын,
Айрықша ажарланды-ай, Асқар ақын.
...Көгіне поэзия қақты бүгін,
Тағы бір үкілі үміт жас қанатын...
...Жалт еткен жас таланттың жыр ұшқыны,
Әйтеуір жатқызбады тыныш мұны.
Әдеби басылымда Ілиястай
Мақтады Мәдениеттің министрі.
Шынайы тебіренткен «Теңіз жыры»,
«Болады түбінде ақын ең ізгі ұлы...»
Деп қосыпты тілегін М. Әлімбаев,
Дастанын бағыштаған негізгі ірі.
...Бүгінде көрген түстей көп іс ғайып,
Таланты теңіздегі ағысқа лайық.
Он беттік очеркін бағыштаған,
Толғанып кітабында Тоғысбаев.
Әкесі Әнәпия тамашалап,
Өз-өзін ел көзінен оңашалап,
Айттым ғой,
Біздің бала Абайға ұқсап,
Айшықтап қара өлеңнен қала соғад!
Озады болса түбі талапты кім?!
О бастан жоқ қартыңда тағат, тыным.
Кезінде қуғын-сүргін оншақты жыл,
Көжесін татып қайтқан абақтының.
Жырлары теңіз жайлы мөлдіреген,
Соны оқып Әнекең қарт елжіреген.
Шаттанып шай береді Набат апа,
Ұмытып мұңын бір сәт ол жүдеген.
Құлаған селдей таудың жарып шыңын,
Көзінен кейбірінің тамып шығы.
Жиналып күллі Бөген, асқақтатып,
Әкетті аласа үйін балықшының...
Зейнолла Шүкіровке не дейсіңдер?!
Қуанышың жапырақтай көбейсін, дер.
...Жанында жапырласып жүгіреді,
Еркелеп өскен бірге Ебейсіндер.
Төсекте төккен терін.
...Жазып айлар,
Жинақта жып-жинақы нәзік ойлар...
Жыр үшін тост көтерді ақ құмшықта,
Айнадин, Жалғас және Қазыбайлар...
***
...Жырының ақ тұнбасы ағытыла,
Жақсы аға шабыт қосып шабытына.
Ақылшы, ауық-ауық Асқар ақын,
Аянбай берер кеңес бағытына.
Бір сәттік бұл тіршілік...
болар ғайып,
Тақпаңдар тірілерге сонан да айып.
Бұрынғы обл. газет қызметкері,
Ағасы Әбдікәрім Оңалбаев.
Талабын тау-қияға, тасқа өрлеткен,
Қамқорлық кейде көзге жас кернеткен...
Үйіне үйірсектеу,
Күтеді үміт
Адырбек... Махмұтбай... Әскербектен...
Жыр ермек болмайтынын еріккенге,
Айтатын «шатпақтарын» көріп демде.
Жапырлап «Чехов-1»-ден қақты қанат,
Жанұзақ... Иран ғайып... Серіктер де...
Жұлдызбен жайнады жыр қараш, көгі,
Талантты иеленер, таласпа оны.
Бабында болатұғын өрімдей жас,
Балтабай... Молдахмет... Балашбегі...
Әу бастан әдебиетке жақын аға,
Темірше... Айжарық пен Әкім аға.
Жанпейіл жүретұғын жанына еріп,
Жарықтық, Ж.Түменбай жатыр о да...
«...Жас талап,
Жаз, жалықпа, алдың-айдын,
Сен енді тұтқынысың мәңгіге ойдың...»
Соңынан ерген сонда жас бала еді,
Қазиы қарақұмдық Соңғыбайдың...
Бәрінің апыл-тапыл қадамы ұнар,
Шәкірті Шүкіровтің жаңағылар.
Арқада Ахметов Өтенменен,
Айтпақшы, Алматыда Адамы бар...
Қасында қамқор болған қанша ағайлар,
Болатын бұрқылдаған сонша қайнар.
...Мап-майда М. Аяпов мәңгі ұйқыда,
Кешегі Зордандар мен Қомшабайлар...
Қаншама ізетті іні... қайратты аға,
Сыр жайлы сандуғаштай сайратты о да.
Алаштың анасы Сыр,
құшағында,
Асқақта, Қызылордам әйбат қала!
ІІІ
...Алматы.
Құрылтайда Одақтағы
Мұқанов Сәбит мұны мадақтады.
Сол, сол-ақ «Қаламгердің» босағасын,
Сағи мен Әнуарбек о да аттады...
...Құшағын үстелінен тұра жайып,
Қол созды Әбілмәжін Жұмабаев.
Кәдімгі Қабдікәрім Ыдырысов:
Зекеңнен жырдан басқа сұрамайық!
Деп күліп Ізтай досын мақұлдатты,
Жүрегін, тілегін де жақындатты.
...Аздан соң өңшең ақын «Қаламгерде»,
Өлеңнің от дауылын лапылдатты.
Жасқанбай жасын жырды жапыратын,
Осында Шәміл ақын... Ғафу ақын...
«Көрінбей кетті-ау, достар көп ішінде»,
...Мұңайып Зекең өстіп отыратын.
Кіршіксіз жан сарайы қыс қарындай,
Түгеспес ойға алса да тұстарын қай.
Әдебиет аспанында жатыр әне,
Соқпағы әрқайсының Құс жолындай...
Қалайша тебіреніп, тербелмейін,
Қаз ұшып... аққу қонған көлдердейін.
Жарықтық, ақындар ғой дүниеге,
Мұхаммед Пайғамбардан келген кейін...
...Артында бір қауым дос... тілекшілер,
Осындай тойды ақын жүрек тілер.
Зекеңді көтеруге алма-кезек,
Зұлқарнай.... Әнуарбек білек түрер...
Қапталдап ере шыққан дос-інісі,
Ақынға ұнаушы еді осынысы.
«Қандай бір құрметке де лайықты»,
Деп ойлар олар «түбі осы кісі....»
...Жетісу қонақ үйі, жайлы орыны,
Күлімкөз келеді ертіп әйда, бірі!
Ақынның сол қыздардан ұнатқаны,
Арқаның құралай көз Әйгерімі.
Боталап қарайды кеп қос жанары,
Қос жанар емес ол,
көл тостағаны...
Құшақтап аш белінен.
...күйіп-жанып,
Махаббат жайлы әңгіме басталады...
О, бәлкім,
Ол да ақынды дұрыс көрер,
Төңкеріп көзін «сүй» деп дыбыс берер.
Тұншығып өлсең де енді біржолата,
Арман жоқ,
Құшағында құмырсқа бел...
Басынан кешкен білер өртін оның,
Ақынның аласұрған дерті ме едің?!
Керілген ақ төсекте келіншектің,
Бір түндік ләззатын,
бер, тілегін!
...Бесіннің сәулесіндей бет көрігі...
Ынтық қып, еркелейді ептеп үні...
Шәрбат пен шекер мұның садағасы,
Бал шырын сүйсең тіпті тәтті еріні...
Дүние түгел бүгін білсін оны,
Әйгерім ару неге күрсінеді?!
...Жек көрсе жауар бұлттай жазғытұрғы,
Сүйсе ақын айнымайды,
Шын сүйеді!
«Мың бір түн» мысал емес әрідегі,
...Жалт етті жалаңаш тән сәрідегі.
Зекеңнің құшағына зер боп қонған,
Сол бір қыз сағынтады әлі мені...
Қыз жайлы қаншама айтты маған да ағам,
«Шығарып» шынымен де «сала алмаған»...
Табаны бір баса алмай топырағын,
Артына ақын еді ол алаңдаған...
Сонан да қабағы бұлт, күз күніндей,
Махаббат жыры Муза үздігіндей.
Ғашықтық жайлы жыры ғаламат-ау,
Әп-әсем жинап кеткен қыз жүгіндей.
...Сұп-суық сыртта желі әлі күздің,
Жым-жылас жігіттері,
бәрі қызғын.
Жетіқат көктен асқақ қыз жүрегі,
Тұңғиық теңізден де жаны қыздың...
Әдемі эх, Арқаның Әйгерімі!
Әуелден Қыз Жібекке сай келімі.
Бағына қондырмайды «сауысқанды»,
Жанына жолатпайды жай «бөріні».
Аңдыған періштедей ізін пері,
Ақырын бұрады айдай жүзін бері.
Жалдасаң жаның құрбан жанарына,
Аңдасаң аш белі тұр үзілгелі...
...Аш белге бүгін ақын жетті қолы,
Діңкесі құрып, ділгер тек тұр еді.
Ақ жайма ұйпа-тұйпа...
ақыныңның
Тандырды есін қыздың отты демі...
Аржағы екеуіне еді бұлдыр...
Тарқатып айта алмайды оны бұл жыр.
...Бұртиып ару тұрды... ашулы ақын,
Жасынан жабысқан дерт... белі құрғыр!
Арудың жазығы жоқ...
бәрі өзінен,
Үмітін құмарлықтан ол еді үзген.
...Тістеніп, түнереді байғұс ақын,
Бостан бос жиырма бес жыл неге сүрген?!
Жар сүйген... бала сүйген... зарықпайды,
Дерт меңдеп... қатарынан қалып қойды.
Талықсып қарайды ақын, қарайды ақын,
Тау жақтан түскен таңғы жарыққа ойлы...
Толыбай АБЫЛАЕВ.