Белгілі сатирик Көпен Әмірбек ағамыз ара-тұра басылымға бас сұғады. Ол кісі негізі көп жерде жұмыс істеген. Жазушылар одағы, «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Ара», «Білім және еңбек» басылымдары, тіпті Бас прокуратура, Жоғарғы сот, театр...
Бірақ соған қарамастан Шерағаңның кезінде өзі сатира бөлімін басқарған «Егеменіне» ат басын тірегенде көңілі шаттанып, алабөтен күйге енеді. Арғы-бергіні қозғап, тарихи тағдырлар туралы ағыл-тегіл толғағанда, бұрын-соңды естімеген небір керемет деректер алдыңызға көлбей қалықтап, сағатқа қарамай тыңдай бергіңіз келеді, тыңдай бергіңіз келеді. Сондайда сатирик ағамыз қозғаған мынадай бір тұшымды әңгімені көпшілікпен бөлісуді жөн көрдік. Қаламгердің айтуынша, жапондар біз сияқты бір кәсіпке өле-өлгенше жабысып өтетін халық емес екен. Оларда «анау мен туралы не айтады?», «мынау не деп қояды?» деп айналасындағы жұртқа жалтақтау, қалың нөпір пікіріне тәуелділік, болмаса жазатыны таусылып, сарқылып, халыққа беретін түгі қалмаса да өмірінің ақырына дейін ақын, жазушы атын жамылып жүре беру сияқты жадағай жағдайлар атымен жоқ көрінеді. Мұнда өзі туралы халықтың не ойлайтыны, не айтатыны маңызды емес. Сондықтан ол елде өмір сүретін адамдардың ішінде әртүрлі жастағы, әсіресе, 40-тан асқандардың арасында басқа кәсіпті меңгеру, мамандығын ауыстыру жиі кездесетін құбылыс, тіпті қоғамда қалыптасқан үйреншікті жайт саналады.
– Сондықтан бір мамандыққа тас кенеше қатып байланып қалған дұрыс емес. Бұл ретте жапондардан үлгі алуымыз керек, – дейді сықақшы. Жапондардың озық технологиясын бүкіл дүниежүзінің халқы мойындап отыр. Бұл халық неге мұншама өсіп кеткен? Өткенде ақпарат көздерінің бірінен Күншығыс елінде жастары 100-ден асқан адамдардың көптігін көзіміз шалып қалды. Сонда мұндағылардың ұзақ өмір сүруінің, ғасыр жасауының сыры неде? Және мұндай дерек жер бетіндегі басқа ешбір елде тіркелмеген. Кей ғалымдар ұзақ өмір сүрудің басты себебі олардың теңіз өнімдері мен балдырларды пайдалануынан деп ой қорытса, енді бір зерттеуші мамандар оның сыры жапондардың қалыптасқан менталитетіне келіп тіреледі деп есептейді, яғни бұл халық бірінші кезекте, бір-бірінің көңіл-күйін түсіретін жағымсыз әрекеттерге бой алдырмауға барынша тырысып бағады. Ал енді өз тарапымыздан олардың ұзақ ғұмыр кешуіне байланысты әңгімеге қосарымыз – жүз жасаудың тағы бір құпиясы бір кәсіппен шектеліп қалмай, өз мүмкіндігін өмір бойы іздеп табудан қашпауында, «жас кезімде жинаған атақ-даңқымның арқасында әрі қарай да тыныштықта өмір сүре беремін» деген масыл пиғылдан мүлдем аулақ болуында деп топшылауға толық негіз бар. Отыз бес-қырық жасқа дейін бір салаға адал тер төгіп, енді одан кейін басында мардымды тың ойлары қалмағанын, түбегейлі сарқылып біткенін мойындап, бұрынғы мансабын малданып өмір кеше беруден саналы түрде бас тартқан жұрт дүниежүзінің алдына технологиясымен, мәдениетімен озбағанда, енді басқаша сипатта өркендеуі мүмкін бе, әрине? Маған десеңіз небір жауһар туындылардың авторы болыңыз, айтулы жоғары марапаттарды иеленіңіз, тіпті атағыңыз жер жарып тұрса да халқыңызға мұнан әрі қарай пайдалы ешнәрсе жаза алмайтыныңызға анық көз жеткізсеңіз, онда бұл саланың есігі оған әрі қарай жабық. Және бұған заңмен шектеу қойып отырған ешкім жоқ екен. Яғни салиқалы қоғам салты солай құрылған.
Біздің қазақ үшін 40-50 жастағы адам қай жағынан алып қарағанда да өмірлік ұстанымы мен дүниетанымы әбден қалыптасып, белгілі бір деңгейге жетіп үлгерген тұлға болып саналады. Сондай жастағы шығармашылығы тоқырап, түк жазбай жүрген бір қаламгерге: «Енді сізге кәсібіңізді ауыстыруға тура келеді» деңізші, өліп бара жатса да ешкім мұндай көзсіз «ерлікке» бара қоймайды. Яғни ішімізге дәә-әу тежегіш орнатып алғанбыз. Өмірінде бір-ақ рет сәтті ойнаған бір рөлінің, болмаса жас кезінде жазған 2-3 кітабының буына ғұмырының соңына дейін масаттанып дүниеден өтіп кететін пенделердің біздің қоғамымыздан көбірек төбе көрсетіп қалып жататыны содан. Ал орта жастан асқанына қарамастан өмір жолын жазылмаған ақ парақтан бастап кетуден қаймықпайтын, өз бойынан беймәлім басқа қырларды ашып табудан талмайтын, мына теңіз өнімдерін көп тұтынатын елдің адамдары неткен қайсар еді? Ақындарының жыры таусылған тұстан жаңа қыры басталып кете баратын мұндай елде сосын қартайып, қайғы ойлауға уақыт жоқ-ау... Қазақ: «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөзді бекер айтпаған. Біз сол сан түрлі қырымыздың қаншауын таба алдық? Тұтынбағандықтан тұңғиықта тот басып тағы қаншасы бос тұр?..