КЕМЕЛ ЖАС, КЕМЕҢГЕРЛІК КЕЛБЕТ

Арқалы ақын, дарынды драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) 70 жасқа толуы қарсаңында «Сыр бойы» газеті ақын жайындағы әр кезеңде жазылған белгілі тұлғалардың пікірлерін, мақалаларын, арнауларын бұған дейін де жариялады.
Бүгін оқырманға жазушы Атабай Қылышбайұлының ақынның «Жыр әлемі» кітабы туралы жарық көрген ой-пікірін ұсынып отырмыз.

«ҚАЗАҚТАН БАСҚА ХАЛҚЫМ ЖОҚ...»

Ақын Иран-Ғайыптың «Жыр әлемі» аталатын кітабының сыртқы мұқабасына түркі әлемі табынатын көкбөрінің бас пішімі бейнеленген. Ол жаныңа жақын – Жебеушіңдей әсер етеді...
«Атамұра» баспасынан жарық көрген осы кітаптың көлемі – 20 баспа табақ, он бір мыңға жуық өлең жолдары бар.
...Осы ақынды жақтап-жарататын, қуаттап-қолдайтын шенді-шекпенді шенеунік кем ұшырасады. Затын былай қоя тұрып, атын естісе болды, үркініп – былайғыға беймағұлым беймаза-опық, кертартпа күй кешетін сыңайы бар сияқты.
Нахақ түйткіл аш сұрақтың нақты тоятты тоқ жауабын, ақынның аталмыш кітабын әбден сараптап, сүзіп оқып шыққаннан кейін ғана, анық тапқандаймыз.
Айдың-күннің аманында, көзбояу-пердесін жұлып ашып, құбылбетін ащы тырнап, ұяттың қыпқызыл шоғына шыжғырып – аймандап жатқанды – қай бекзада жарата қойсын?!

«...Жүрек дірдек қағады,
Тұсқа тап боп ең жаман:
Дөйді гөйге соғады –
Шен тағынған шер заман.

Тікенектей батады,
Бар жақының – жоқ сана –
Арын қоса сатады
Атақ пенен ақшаға»... – деп тап басып айтқанды бүгіннің түсі – күлік, ісі былық түлейлері сезбейді деймісіз?! Әлбетте, сезеді. Сезеді де – секіреді! Өйткені «Ұрының арты – қуыс!» Қуыста құбыла болмайды! Сондықтан да шығар, Елбасы өз халқына үндеу тастап, кеудесі қуыс, қалтасы толық жемқор-сыбайластарға ашық күрес жариялағаны.

«...Зордан қашып ығамын,
Қордан сасып бұғамын:
Қабынған қос өкпемді,
Құлағыма тығамын...» – дейді, ақын – мазасызданып, осы шаққа.

Тағы бір тарыққанында:
«…Туғанды биде иман жоқ,
Тура биде туған жоқ!» –
Суықтанып, сілкініп,
Қарамаңыз үркініп:

«Жабы шатыс қазанат,
Қайдан шыққан будан?!» – деп.
Шошымаңыз: «Бұ кім?!» – деп,
Шындықтан басқа түгім жоқ,

Арымнан басқа антым жоқ,
Қазақтан басқа халқым жоқ,
Өзіңнен басқа ханым жоқ –
Ақынын аяқ асты етсе,
Ханынан халқы түңілмек!» – деп, арзаланады…

Ақын да адам! Оның да ел қатарлы бейбіт ғұмыр кешкісі келеді. Соның үшін де ол өзінің өзгеге «содыр да сотқар» көрінетін өрелі өлеңіне:

«...Бетегеден биік те,
Боз жусаннан аласа,
Бейім бұралқы итке,
Бейне жетім балаша.

Қойдан-дағы қоңырлау,
Қотан-жайға үйлесу.
Түйеден де момындау,
Керектейін күй кешу?!
Іштен ғана тынайық.
Сырттай мойып нетесің?! – дейді.

Дей тұра, тағы да толас таппайды. Аласапыран заман, алмағайып қоғам ағымы – Жыр иесін тірлік тозағына сүйрелеп ақын жанын тамұқ отына қақтайды. Ол – ұдайы өзін ойлай алмайды! Әп-сәтте-ақ ұмытады! Өйткені бодандық қамытын тәрк етіп – тәуелсіздігін алып, тәй басқан халқын ойлайды! Бүгінгі беймәлім сол халқының ертегі сынды ертеңін ойлайды:

«Не көрсем
Бір көремін халқымменен,
Халқымсыз
Тартатындай салқын денем:
Халқымның қасиетті Қазақ аты –
Жазылған жүрегіме Алтынменен!» – Ертеңін ойлай отырып, Бүгініне қам жасайды. Тұйықтан алып шығар тосын сара жол іздейді:

«Ұлан-ғайыр Даламыз
Жындай қозсын демесек –
Қатын, бала-шағамыз.
Бордай тозсын демесек:

Бірімізді біріміз
Таяқтауды қоялық.
Өлі емеспіз, тіріміз
Тастөбесін оялық?!

Ағайынды үшеу ек,
Бір атаның баласы:
Тонап жатыр мүшелеп,
Оң-солына қарашы?!» – деп, бауыры таза, бүйрегі бүтін емес отандасқандастарын береке-бірлікке, ынтымақ-тірлікке үндейді. Халық үшін қасірет құшады:

«...Төр дегенің тұйықтай,
Өр дегенің иықтай.
Сана – өлі ұйқыда,
Ми – судан да сұйықтай:
Алауыздың Аждаһа
Аша түсіп аранын
Тартады кеп ұйықтай!» – құшқан қасіретін сейілтер деп, мұнсыз да мың сан шаруасымен жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Елбасына сөз салады. Онысы орынды. Өйткені, Елбасын халқынан бөліп қараған ақын – жардың жоғын түгендеп не жарытар?!

«...Тарылғандай өрісім,
Таусылғандай кенішім.
Қимылға көшіп күн бұрын,
Жамылып алды қорқаулар,
Құйқалы қойдың терісін –
Затсыз, тексіз, көргенсіз,
Дінсіз, ділсіз, көрмедік.
Тілсіздер жайлап барады,
Қаперсіз, қамсыз ел ішін» – деп, жанұшыра дабыл қағады.

...Иран-Ғайыптың «Жыр әлемі» кітабы, сөз жоқ, қазақ поэзиясының соңғы жылдардағы елеулі табысы. Кітапты толық талдап-тауысу бір мақаланың аясына тарлық етер, сондықтан да ол туралы айтылар әңгіме мұнымен түгесілмейді деп ойлаймыз.

Атабай ҚЫЛЫШБАЙҰЛЫ.
ӘДЕБИЕТ 07 қараша 2017 г. 1 214 0