БАЛАЛАР ЖАЗУШЫСЫ СЕЙТЖАН ОМАРОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Сейтжан Омаровтың туғанына 110 жыл толуына орай аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен тақырыптық конференция өтті. Мәдени іс-шараға кітапхананың оқырмандары, мектеп мұғалімдері, кітапханашылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында дарынды жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Балалар әдебиетінің бағбаны» тақырыбындағы кітап көрмесі таныстырылды. Аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Майра Балмағанбетова мәдени іс-шараның мақсаты жөнінде айтып, жазушының өмірбаяны туралы тың мәліметтермен бөлісті. Қаламгердің өскелең ұрпақты елжандылыққа, Отансүйгіштікке баулитын шығармаларынан нақты мысалдар келтірді. Өз кезегінде кітапханашы Гүлмайра Асанова балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Сейтжан Омаровтың бірқатар кітаптарын мазмұндық тұрғыда түсіндірді. Жас жеткіншектерге арналған туындыларының тілі жатық, оқуға жеңіл екенін айтты. Тағылымды іс-шарада балалар кітапханасының белсенді оқырмандары Асылжан Мусабеков, Камиля Іскендірова, Жантөре Жаппаров, Динара Майбасарова, Дидар Саматов, Ақжан Серікбайлар сөз сөйлеп, өз ойларын айтты. Жас жеткіншектер жазушының ертегілерін сүйіп оқитындарын жеткізді. Тақырыптық конференцияда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айсұлу Шағырова жазушының еңбектері туралы пайымды пікірін ортаға салып, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Ақтөре Ибрагимұлы.
Сырдария ауданы.
ӘДЕБИЕТ 31 қазан 2017 г. 1 283 0